Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!



бет2/3
Дата15.04.2018
өлшемі0,56 Mb.
1   2   3

Сонда Қобылан сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Ер дарыған бай едің,

Үш наурызды бергенім.

Үш жыл өтіп кеткен соң,

Уағдаға келгенім.

Соған дейін Ер Сайын,

Жау-жарағын сайласын!

Мінер атын байласын!

Шыныменен ер болса,

Уағдадан таймасын!»



ІІІ.
Мың кісі дулай қайтады.

Тілегін алып қуанып,

Бай үйінде жатады,

Үш наурызға жұбанып.

Бір күндері болғанда,

Бәйбіше тұрып ойлады.

Ойламасқа болмады,

Байды еркіне қоймады:

«Толып жатқан малың бар,

Екі-үш наурыз өткенде,

Сайын кетер жорыққа.

Тағы біздің басымыз,

Түсер сонда қорлыққа.

Тоғай толған малың бар,

Бөліп қалың берсейші!

Үш шарбақты қыдырып,

Лайық қыз көрсейші!

Келін де болса сүйеніп,

Аз ғана күн тұрмаққа.

Бермегенмен бұ малың,

Алып шықпас ұшбаққа».

Мұны есітіп Бозмұнай,

Бозжорғаға ер салды.

Үш шарбақты ноғайдың,

Қыздарына көз салды.

Лайық қыз таппады,

Көрген қыздар жақпады.

«Мен бармаған ел бар ма?

Ер Сайынға тең бар ма?»

Ноғайлы жұрты кеңесті;

Кеңескенде, не десті?

«Қамбар жайлап шет қонған,

Дұшманына бет қонған.

Өзі жауға айбарлы,

Көбікті деген бай бар-ды.

Езу тартып күлмеген,

Бөтен үйге кірмеген,

Аюбике сұлу нар,

Беті жерге тимеген.

Қиғаш қара қасы бар,

Қолаң қара шашы бар.

Сырты сұлу, сымбатты,

Кер құландай керілген;

Ішкен асы сұлудың,

Тамағынан көрінген.

Қорықпай соған барсаңыз,

Шамаң келіп алсаңыз.

Бермей қалар деймісіз,

Барып хабар салсаңыз».
Соған кетті Бозмұнай,

Судың бойын көбелеп.

Қартайғанша бозжорға,

Өзі мінген жебелеп.

Көбіктінің сарайы,

Көтерілген талайы.

Есігінің қасында,

Қақпасының басында,

Тұрады екен күзетіп,

Екі бірдей малайы.

Екі тісі кетілген,

Бір танауы сетілген,

Бозмұнайды біледі;

Иіліп сәлем береді.

Тілдесуге келеді:

«Ауыр дәулет тұсында,

Қара басың хан едің.

Сайын сынды ұлың бар;

Енді неге зар едің?

Атың жаман терлепті.

Таң сәрінен жүресің,

Ашуланған адамдай,

Қабағыңды түйесің.

Жолың болсын, Бозмұнай!

Не есітіп білесің?»

Бозмұнай тұрып сөйледі:

«Байың есен саулық па?

Қатты сөйлеп даурықпа!

Айтқан сөзім тыңдаса,

Көп қарсылық қылмаса,

Қызын алып қайтамын;

Жүргенім жоқ жаулыққа.

Лайық болса балама,

Менен малды ала ма?

Шауырғанға келмесе,

Балама қызын бермесе,

Бозжорға аттан түспей-ақ,

Елге таман қайтамын.

Тентек туған Сайынға,

Бара сала айтамын».

Қайран қалды Сетік құл,

Бозмұнайдың сөзіне.

Бара сала айтады,

Көбіктінің өзіне:

«Әзірейіл ме? Дажал ма?

Мұнан жаның қалар ма?!

Ықтиярсыз біреудің,

Қызын тартып алар ма?!

Сарайының қасында,

Көбікті қызын берсін деп,

Бозмұнай бай келіп тұр.

Бермесіне қойман деп,

Ер Сайынға сеніп тұр».



Көбікті тұрып бұрсанды,

Мұздай темір құрсанды:

«Шауып алса, мал да көп;

Тартып алса, қыз д көп;

Ноғайлының ішінде

Сайындай тентек ұл да көп.

Қызымды оған бермеймін;

Бозмұнайды көрмеймін;

Мықты болса, жиылып,

Тартып алсын мұнда кеп.

Қанша кісі келсе де,

Ұрысуға даярмын.

Жалғыз қыздың тұсында,

Не жанымды аярмын.

Адам екен демеңіз!

Түсіріп саумал бермеңіз!

Қайтып кетсін еліне,

Бірің шығып тұрмаңыз!?

Бозмұнай құлдан сұрады;

Атының басын бұрады;

Көбіктінің сөзіне,

Жаман ашу қылады:

«Осынан елге бармасам!

Айғай сүрен салмасам!

Үш шарбақтың адамын,

Мінгізіп атқа алмасам!

Ер Сайынды жіберіп,

Бәріңді де қырмасам!

Айттырса бермес қызыңды,

Ат саурына салмасам!

Бозмұнай болып жүрмейін,

Бозжорғаға мінбейін!»

Мықтылығын айтады,

Елге таман қайтады.

Бір бүліктің боларын,

Көбікті жұрты байқады.
Бозмұнай қатып кеткен соң,

Елге хабар жеткен соң,

Көбіктінің үйіне,

Алтын тақты хан келді;

Қимылдаған жан келді:

«Көбікті бай, қызыңды,

Сайынға неге бермедің?

Сол секілді батырды,

Нағып күйеу көрмедің?

Бозмұнай өзі келген соң,

Мұнша неге кернедің?

Бет-бетімен тозармыз,

Бұл қызыңды бермесең.

Жұртымызды бүлдірер,

Аттанып Сайын келген соң».

Көбікті бай ойланды,

Төрде отырып толғанды.

Бозмұнайға шаптырды,

Бермесем де болмас деп.

Бермегенмен бұл қызым,

Қанша маған жолдас деп.

Сетік құлға бұйырды:

Қос ат алып шап! – деді,

Бозмұнайды тап! – деді.

Сұраған қызын береміз,

Қайтсын мұнда, айт! – деді.


Қос атпен құл шабады;

Бозмұнайды табады.

Құл жақындап жеткенде,

Бозмұнай кейін қарады.

«Атыңның басын бұра тұр!

Ашуланбай тұра тұр!

Сен жөнеліп кеткенде,

Жұрт қамалға кірді ғой!

Хан, қарасы жиылып,

Көбіктіге келді ғой!

Не ғылса да Көбікті

Саған қызын берді ғой!»



Бозмұнай бай ақырды;

Аруағын судай сапырды:

«Шақырса да, бармаймын;

Бұл сөзіңе нанбаймын;

Малға берсе сол қызды,

Бір тайға да алмаймын».

Сетік құл тұрып зарлайды:

«Сенен малды алмайды,

Мал алуға еліңе,

Бір кісі де бармайды.

Бозмұнай бай, өзің біл!

Шақырғанға бармасаң,

Асы болар Аллаға,

Берген қызды алмасаң».

Бозмұнай тоқтай қалады,

Құлды ерітіп алады.

Бозжорғаны теңселтіп,

Көбіктіге барады.

Хан, қарасы жиылып,

Алдынан күтіп тұрады.

Талай малын қырады,

Жиын, тойын қылады.

Ашуланбай табысты,

Қалаған қызын алысты.

Төрт-бес кісі жолдаспен,

Еліне қайтып барысты.


Үш шарбақты ноғайдан,

Сегіз зергер орнатты.

Сайын сынды батырдың,

Ат тұрманын оңдатты.

Таңдап алып үш кенттен,

Отыз жігіт жолдасты.

Тойын қылып болған соң,

Сұлуға таман түн қатты.

Сайын келді деген соң,

Қимылдаған жан келді.

Жұрт жақсысы жиылып,

Алдыменен хан келді.

Көрген жұрттың бәрі де,

Жас баланы таң көрді.

Қыз бен жігіт дуласып,

Көреміз деп шуласып,

Ұлы жиын қылады,

Кең сарайға орнасып.

Сол сықылды батырға,

Қылған тойы мінәсіп.

Жұрт жиылды тойына,

Отыз күндей ойынға.

Ақ некесін қиған соң,

Күйеу кірді қойынға.

Ақордаға салғанда,

Ойнап ойыны қанғанда,

Қатты бір ұйықтап қалғанда,

Таң белгісі болғанда,

Аян берді атасы,

Сөзінде жоқ хатасы.


Жетіп келді тұсына

Бабай өмір бабасы:

«Құлағың сал сөзіме,

Сайын батыр сен болсаң.

Бата беріп кетейін,

Сәтті күні кез болсаң».

Сайын сынды батырың,

Ұшып тұра келеді.

Жар бола көр, бабам! – деп,

Қолын жая береді.

Сонда пірі сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Аюбике сұлудан,

Екі бала көрерсің.

Қысылған жерде бабаңды,

Есіңе алып жүрерсің.

Бірінің аты Бөкембай,

Бірінің аты Киікбай;

Сол Киікбай туғанда,

Дұшманға салар бүлікті-ай.

Алмаған жауын қоймайды,

Аруағы сенен биік-ті-ай!»
Пірінің сөзі жеткен соң,

Ғайып болып кеткен соң,

Жазғы қудай ыңырантып,

Жарылған мұздай күңірентіп,

Тал шыбықтай бұралтып,

Тотықұстай таранып,

Патшалардай найқалтып,

Қаса байдай шайқалтып,

Түйесіне күң беріп,

Ат ерттеуге құл беріп,

Ұзатт қызын жөнелтіп,

Байшешектей түлентіп.

Сұлу елге келген соң,

Тамам жұрты көрген соң,

Тағы халқын шақыртып,

Мырзалығын берген соң,

Аюбике сұлудың,

Ай күніне маң болды;

Қыздай жүкті келді деп,

Әлемдерге таң болды.

Жүкті келді келін деп,

Қыз, келіншек күледі.

Бір Алланың бергенін,

Жалғыз Сайын біледі.

Уағдасы толғанда,

Сәті күні болғанда,

Аюбике толғанды,

Қыз-келіншек орнатты;

Ақ жарылып, күн туып,

Екі бірдей ұл тапты.

Арқаннан ат алдырып,

Малға қарай бай шапты:

«Мұнан немді аярмын,

Уысымды жаярмын.

Бүгін өліп кетсем де,

Аманатқа даярмын.

Үлкен бір той қылайын,

Аямай мал қырайын.

Қос немере сүйгізіп,

Есіркеді құдайым!»



IV.
Тойын қылып болған соң,

Жұрттың көңілі толған соң,

Бөкембай мен Киікбай

Баланың атын қойған соң,

Бір жасына толған соң,

Сонда келді Қобыланды.

Сайынға айтқан үш жылдың

Уағдасы болғанда.

Ел шетіне келеді,

Сайынға хабар береді.

Үш шарбақты ноғайдан,

Қырық жігіт таңдап алады;

Қобыландыға қосылып,

Аттанып кетіп барады.

Құлан жүрмес жерлерде,

Адам аспас шөлдерде.

Ат мойнына жал кетті:

Он екі күн дегенде,

Қара ағаштай қалмақтың,

Еңсесіне қол жетті.

Аттың ерін алысты;

Түсте тисе қалысты;

Қалмақ жақын екен деп,

Батырға хабар салысты.

Жағалбайлы атасы,

Сөзінде жоқ хатасы,

Қара түсті Жаурыншы,

Жаурын жағып қарады.

Қауіп-қатер бар ма? – деп,

Ер Қобыланды сұрады.



Жаурыншы сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Ер Сайын мен Қобыланды!

Бұл жауыңа бармаймын.

Жылқы жолда жатса да,

Көзімнің қырын салмаймын.

Малға бола бұл қолдың,

Обалына қалмаймын.

Алар болсаң тілімді,

Жау тосқыны білінді.

Елге қарай қайтамын,

Аман-есен күнімде.

Тілімді алған мұсылман,

Бәріңе де айтамын!

Бірің тілімді алмасаң,

Өзім жалғыз қайтамын».

Алпыс кісі алады,

Елге қарай салады.
Сонда тұрып Қобыланды,

Ер Сайынға барады.

«Сайын сынды батырым,

Бұзылмасын ақылың!

Кел, аманда қайталық –

Екпінің күшті, жарқыным!

Алар болсақ, мал да көп,

Соғысарға жау да көп.

Жау тосқыны бар дейді:

Қайталық, жан сауға деп».
Сайын сонда сөйлейді:

«Хабар алып сайтаннан,

Бұ жолымнан қайта алман!

Алғанымның қойнында,

Күлкі болып жата алман!

Айғыр-дайын алыспай,

Ақсүңгіні салыспай,

Қалмақпенен алыспай.

Қара қанға батыспай,

Ақылыңды ала алман!

Елге қайтып бара алман!»
Бұлайша Сайын айтады,

Ноғайлының мың кісісі,

Елге қарай қайтады.

Қырық жігіт пен Ер Сайын,

Жауға таман тартады.

Батыр Сайын келгенін,

Қалмақ есітіп біледі.

Қобыландының қайтқаны,

Құлағына тиеді.

Келе жатыр қырық жігіт,

Қарағайды қақ жарып;

Ер Сайынның ісіне,

Бәрі бірдей таң қалып.

Көп қалмақты көрген соң,

Үрейі ұшып сандалып.

Сонда Сайын толғанды:

(Қайт! – дегенге болмайды)

«Қорқа бермең, қырық жігіт,

Сендер кейін қалмаңдар!

Жалғыз өзім кіремін,

Таса жерге барыңдар!

Көре алғандай күн болса,

Бұ заманды ұмытпан!

Жазатайым іс болса,

Аман-есен болыңдар!

Мұсылманның ұлында

Мен шіріген жұмыртқа».


Сайын шапты қалаға,

Қамшы басты алаға.

Айқай салған дауысы,

Қарағай жарып барады.

Көп қалмақтың ішінде,

Екі батыр бар еді;

Бірінің аты Еламан,

Бірінің аты Жоламан.

Қобыланды мен Сайынның,

Соғысына жарған.

Бір мезгілде Ер Сайын,

Күреңді жылқы алады;

Қырық жігіт қалған жеріне,

Қуып кетіп барады.

Қалмақ жатыр уылдап,

Атын жиып шуылдап;

Бір-біріне жарсамып,

Мәстегіне тармасып;

Қашан қалған шашылып,

Ер-тоқымнан адасып.

Келе жатыр көп қалмақ,

Жаман дауыс салысып.

Жердің жүзі қайысып,

Атының шаңы бұрқылдап,

Қылыштары сыртылдап.

Ақтөбеде Сайын тұр,

Ашуланып, қылшылдап.

Қарала атты борбайлап,

Ұмтылды батыр айғайлап,

Тұс-тұсынан ат қойды,

Көп қалмақтар анталап.

Жалғыз өзі Ер Сайын,

Соғысқа кірді Аллалап.

Бөлек-бөлек қылып жүр,

Бөлген қойдай қырып жүр.

Еламан мен Жоламан,

Тау тасалап қашып жүр.

Көрінер күнің бар ма деп,

Азуын Сайын басып жүр.

Кешке таман болғанда,

Көбін қырып салғанда,

Қайратына мас болып,

Алланы еске алмады.

Бабасына сыйынып,

Жалбарына қалмады.

Пірі үстіне қонбады,

Баяғы қайрат болмады;

Оймақ құрам сау жері,

Тал бойында қалмады.

Тұс-тұсынан оқ тиіп,

Жарадан батыр жаурады.

Әр жерінен аққан қан,

Су секілді саулады.

Ерден қуат кеткен соң,

Жығылар мезгіл жеткен соң,

Атының басын бұрмалап,

Жөнелді батыр Аллалап.

Егесіп тұрған көп қалмақ,

Соңына түсті ынтығып.

Қырық мың кісі қуса да,

Жеткізбей кетті құтылып.

Ертең кеткен қырық жігіт,

Қарасын Сайын көреді;

Қарала атпен тезірек,

Қуып жетіп келеді:

«Тезірек отын қалаңыз!

Жарам нешеу, санаңыз!

Омыртқада он жара,

Қабырғада қырық жара,

Қалай адам боламын,

Қақ жүректе бір жара?!

Жалаң аяқ жүрмеген,

Бісмилләні білмеген,

Салып еді бір қалмақ,

Сырлаған қайың найзамен,

Қабыртқаның [қабырғаның] түбінен,

Омыртқаның жігінен.

Сол найзаның орнынан,

Қан зырқырап тиылмас.

Қырық жігіт сенен болмаса,

Ноғайлының елінен,

Топырақ маған бұйырмас.


Қарағай түбі қара өлең,

Қазан атым [Қазатыным] жер ме екен!

Араннан келді бір әуез,

О да мендей тарығып,

Зарлы болған ер ме екен.

Артымда қалған көп қалмақ,

Сайын сынды батырың,

Қашып кетті дер ме екен!

Қырық жігіт, сені ерітіп ап,

Ергенде Қобылан соңынан.

Мен шықпаған екенмін,

Жұлдызымның оңынан.

Мен дұшманға мерт болдым,

Қобыланды ердің жоғынан.

Жаурын мен сөйлеген,

Түсші балы бар еді;

Қалмаққа тимей қайтайық,

Деген Қобылан шал еді.

Жын тілі деп нанбадым,

Қайт! - дегенге болмадым.

Қас әулие сол екен,

Тілін алмай жаурадым.

Аттанған жерім сұрасаң,

Әуелменен қиылды.

Қарсы алдымнан қалмақтар,

Бірі қалмай жиылды.

Қырық жігіт сенен болмаса,

Жұрт көруім қиын-ды.

Күлдір-күлдір кісінеген,

Күреңді мінер күн қайда?!

Көрнекті бұзып жыоқы алып,

Күймені бұзып қыз алып,

Қара арғымақ қатырып,

Қарсыласқан дұшманға,

Жүректен найза батырып,

Мынау жатқан қалмаққа,

Ат жүгіртер күн қайда?!

Әй, қырық жігіт, қырық жігіт!

Маған бола өлмеңдер!

Сендер бейнет көрмеңдер!

Қарағайдан табытым,

Бекем қылып сайлаңдар!

Таңдап мінген Қарала,

Басыма мықтап байлаңдар!

Шүберек киім кигізбе!

Қанды етіме тигізбе!

Жібекке орап қойыңдар!

Ел шетіне барғанда,

Қырық жігіт, сені көргенде,
Атам шығар аңқылдап,

Анам шығар еңкілдеп,

Сайыным қайда? – дегенде,

Не деп жауап берерсіз?

Ел шетіне жау келсе,

Кедергі болды дегейсіз!

Сол сөзбенен жұбансын,

Бір күн де болса қуансын.

Ақырында бейшара,

Естіген соң шуласын.

Таптан таңдап алғаным,

Белден төсек салғаным,

Арманда болып, көре алмай,

Құла түзде қалғаным,

Аюбике сұлуға,

Доғай сәлем дегейсіз!

Таң сәрінен түрінсін!

Қынай белін буынсын!

Бедерлеген бес тырнақ,

Бетіне жара салмасын!

Жамандыққа үйретер,

Дұшманның тілін алмасын!

Мен кеткенде жүрмеген,

Дүниені жүріп көрмеген,

Киікбай мен Бөкембай,

Айрылып сонан қалмасын!

Қара қыпшақ Қобыланды,

Алып жауға бармасын.

Өзімнен қалған жақсыны,

Жат көрмесін! Өз көрсін!

Қайта алмадым жорықтан,

Бұл дүниеде жолықпан,

Құдайы қосқан қосағым,

Ахыретте кез болсын!

Ашып кетші бетімді!

Салқын соқсын етімді.

Қимылдарға шарам жоқ,

Құлазыған қу түзде.

Қазам жетер секілді.

Сендер тастап кеткен соң,

Қалмақ келіп жеткен соң,

Мұсылманнан көре алман,

Қаңғып жүрген жетімді!»
Қарағайдан табытын,

Бекем етіп сайласып,

Таңдап мінген Қарала ат,

Басына мықтап байласып,

Қалмақ көрмес орынға,

Ер айынды жайласып,

Қырық жігіт кетті сай асып.

Еңіреп қимай жыласып.


V.
Олар елге келместен,

Жұрты хабар білместен,

Аюбике сол сұлу

Түнде жатып түс көрді;

Қатты шошып оянды,

Түсінде жаман іс көрді.

Таң сәрінен тұрады,

Беті-қолын жуады.

Енесіне келді де

Түсінің жайын сұрады:

«Мен бір бүгін түс көрдім.

Жаурыным толған қара шаш.

Жайылыңқы көрінді.

Бедерленген бес тырнақ,

Білектен шыққан қос бармақ,

Қызыл қанға, ене-еке,

Малыныңқы көрінді.

Шешем берген боқшасы,

Шашылыңқы көрінді.

Қолындағы ақсүңгі,

Балдағы алтын ой болат,

Ортасынан, ене-еке,

Үзіліңкі көрінді».



Сонда енесі қорықты.

Қорықса да былай жорыды:

«Ертеменен қой өрер,

Жайылғанын жұрт көрер.

Жайылғаны шашыңның,

Соған, балам, көрінсін!

Бедерленген бес тырнақ,

Қызыл қанға, келінім,

Малыныңқы көрінсе,

Таңда тал түс болғанда,

Қызыл ойран бұйырсын!

Қолы, бетің қызарып,

Соны бояп қоярсың!

Қызыл қаның-а, балам,

О да соған көрінсін!

Жауда жүрген баламның,

Желжақтағы панамның,

Астындағы Қарала,

Құйрығы келте көрінсе,

Жау қарасын көргенде,

Ат құйрығын сүзгенде,

Жанындағы жамандар,

Жанынан күдер үзген-ді.

Қолындағы ақсүңгі,

Үзіліңкі көрінсе,

Жүрген шығар, шырағым,

Қалмақтың белін сындырып.

Келеді екен, жалғызым,

Барған ісін тындырып.

Қырық жігіті жанында,

Мың сан жылқы қудырып».

Келе жатыр қырық жігіт,

Иығынан су кетіп,

Маңдайынан күн өтіп,

Жылауменен күнелтіп.

Жолдасын жауда қалдырып,

Жүзіне қара шалдырып.

Ел шетіне келген соң,

Байға хабар берген соң,

Бозмұнай бай келеді,

Бұлар келді деген соң:

«Есендік пен? Саулық па?

Азамат аман, барлық па?

Кәрілік мұрдар ұрмаса,

Көзім жасқа толмаса,

Сайын сынды жалғызым,

Көрінбейді көзіме!»

Қырық жігіт жылай береді,

Жауап айтпай сөзіне.

Айтпасына болмады,

Ақыл, айла қалмады,

Сайын қалды деген соң,

Тамам жұрты зарлады.

Қырық жігіттер сөйлейді:

«Бара сала Ер сайын,

Қалмақтан үйіп жылқы алды;

Толып жатқан қалмаққа,

Бір бүлікті ол салды.

Жер қайысқан көп жылқы,

Айдап бері кеткенде,

Мұсылманның жерінің,

Шетіне келіп жеткенде,

Айдаған жылқы шалдығып,

Аттан медеу кеткенде,

Қалмақ жетті соңынан.

Ат бұруға күтпеді.

Қырып жойып кетерге,

Жалғыздың әлі жетпеді.

Алдыңғы жеткен қалмаққа,

Кедергі бола келеді;

Қарала аты арыды:

Оттай алмай келеді.

Ақ кіреуке сөгілді,

Сыптай алмай келеді».

Бозмұнай кетті үйіне,

Сау дегенге қуанып,

Жасы жеткен кәрі шал,

Өтірік сөзге жұбанып.

Қайдан білсін, бейшара?

Қалғанын бүйтіп суалып.

Қырық жігіт келді деген соң,

Атасы хабар берген соң,

Аюбике сол сұлу,

Тұра алмады кідіріп.

Қырық жігіттің алдына,

Жетіп келді жүгіріп.

«Әй, қырық жігіт, қырық жігіт!

Неге бүйтіп жаурайсың?

Ақсақалды атамды,

Өтірік сөзбен алдайсың!

Келе жатыр дегенде,

Жан берсең де нанбаймын.

Сайын өлді десең де,

Біріңді ұстап қалмаймын».
Қырық жігіт тұрып ойласты:

«Айтпасқа болмасты.

Жанып келген жас бейбақ,

Еркімізге қоймас-ты:

«Сайын сынды батырың,

Сан қалмақпен соғысты.

Сайын жалғыз, қалмақ көп,

Ерікпей қылды тоғысты.

Көпке шама келмеді:

Қалмаққа құдай болысты.

Оймақ құрам сау жері

Тал бойында қалмады.

Тұс-тұсынан оқ өтіп,

Жарадан батыр жаурады.

Қалмақтан шығып кеткенде,

Жығылар мезгіл жеткенде,

Қарағайдан табытын,

Бекем қылып сайлатты.

Таңдап мінген қарала ат,

Басына мықтап байлатты.

Қалмақ көрмес орынға,

Өзін орап жайлатты.

Бас көтерер күн болса,

Ер кетіріп мінермін,

Қозғалмастай күн болса,

Күнін де бір көрермін.

Қазам жетпей тірілсем,

Елге мініп келермін..., ...».

Аюбике сол сұлу,

Екі бетін алады,

Қара шашын жаяды.

Үйге кетті жұлқынып,

Жын ұрғандай бұлқынып.

Дауыс қылды отырып.
Соңы.

«ЕР САЙЫННЫҢ» АЯҒЫ.*
І.
Сайын сүйтіп қалған соң,

Оны сұлу білген соң,

Екі бетін алады,

Қара шашын жаяды;

Үйге кетті жұлқынып,

Жын қаққандай құтырып;

Сұрып салды отырып.

Батырды сұлу жоқтады:

«Беліңдегі бес қару,

Тал бойыңа жарасқан.

Сендей теңім табылмас,

Жеті алашты қыдырсам.

Сендей теңім еш болмас,

Алашта мұңды мен болдым.

Мен ханшадай күнімде,

Ер қасқамнан адастым.

Қарағай найза өңгерген,

Өзінің жұртын меңгерген,

Азды көпке теңгерген,

Аттанған жаудан келмеген.

Алты қанат ақ орда,

Қасқам ішіне келмеген.

Мендей мұңды бар ма екен?

Ойнар, күлер шағымда,

Еркін ойнап күлмеген.

Өзім тірі жүргенде,

Кеудеме еркек мінгізбен,

Алмадай болған қызыл бет,

Қиғаш ерінге сүйгізбен.

Берен төсек, құс жастық,

Маңайыңа бойдақ жүргізбен.

Маңдайың құлаш Ер Сайын,

Қылығың еске түскенде,

Жанымды нағып күйгізбен.

Ауызым тола қан болса,

Дұшпаныма білгізбен.


Сен кеткелі он бес жыл,

Бөтен елге бармадым,

Езу тартып күлмедім.

Мен сарғайып жатқанда,

Неден көңілің қалдырам?

- - - - - - -- - - - - - - - - -

* В.В.Радловтан.

Бұл заманда жоқпын деп,

Түсіме нешік кірмедің?

Ерте қылған даусымды,

Түсте келіп қоярмын.

Кешке қылған даусымды,

Күн батқанда қоярмын.

Мөлдіреген екі көз,

Жылауменен оярмын.

Ел шетіне жау келсе,

Қара қабат сықылды,

Кімді алдыңа қоярмын!»

Жылап-жылап оянды,

Беті-қолын жуынды.


Киікбай мен Бөкембай,

Оқ атысып жүр екен.

Екеуі келді жүгіріп.

Анасы отыр бүлініп.

Екеуі есінен адасып,

Адаса тұрып екеуі,

Бір жүгенге таласты:

«Үйде жатқан әкемде

Неге әкеткен алысқа?

Сонша жерге бастасып,

Жау жеріне тастасып.

Бұл барғаннан бармасам,

Екі бірдей көкала,

Арғымаққа мінбесем,

Өңшең темір кимесем,

Қобыланды, саған қылмасам,

Біткеніңді қырмасам,

Сайын ерден тумайын!»

Жылқыға кетті жүгіріп,

Тұрмады үйде кідіріп.


Сұлу үйден барады,

Енесінің қасына.

Енесі, бейбақ, жылады:

«Құдайдың берген жалғызы,

Таласып емшек еміскен,

Құнан, тайдай тебіскен.

Беліңдегі бес қару,

Тал бойыңа келіскен.

Атаң қалды кеңестен,

Шешең қалды өрістен.

Жауға айғайлап кеткенде,

Оң итіңе қонбады.

Төрт мұқырар періште».

«Ай, сорлы, енем-ай!

Жылағанмен өнбеді-ай!

Дауыстағанмен келмеді-ай!

Сайын сынды балаңды,

Маңдайы құлаш ер деді.

Мен тұл үйіңде тұра алман,

Күнде дауыс қыла алман.

Жер жүзінде бар болса,

Өзім іздеп табармын.

Жаралы болса, бағармын.

Дүниенің төрт бұрышын,

Тексеріп қағармын.

Сол сықылды батырды,

Іздемей нағып тұрармын?

Сайын сынды сол батыр,

Отыз екі ерден өт алған.

Біріне-бірі ем екен.

Шешем берген үйімде,

Аюдың бар ақ дәрісі,

Жарасына ем бе екен?

Шешем берген үйімде,

Сол дәрісі бар ма екен?

Іздеместей ер ме екен?

Жылқы-дағы Қос күрең,

Жылқышыға алдыршы!

Жыламай тоқым салдыршы!»


Каталог: kk-KZ -> 2010
2010 -> Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды
2010 -> Әлихан бөкейханның публицистикасы мен бүркеніш есімдері турасында
2010 -> Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!
kk-KZ -> Еуразиялық экономикалық комиссия кеңес шешім
kk-KZ -> №30 Мәскеу қаласы Тарифтік емес реттеу шаралары туралы
kk-KZ -> Еуразиялық экономикалық комиссия алқА Ө к І м 2015 жылғы «06» қазан №109
kk-KZ -> Еуразиялық экономикалық комиссия алқА Өкім


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет