Долгов және Герн бастаған елшіліктердің Кенесары ордасына келуі
Кенесарымен болған соғыстың ұзаққа созылуы патша үкіметіне елеулі шығын келтірді. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы Кенесары ханға Долгов және Герн бастағанелшілік жіберуді қажет деп тапты. Олар Кенесарыны патша үкіметінің талабын орындауға көндіруге тиіс болды. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізуді де көздеді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің қай жерлерде қаншалықты мөлшерде орналасқанын дәл білуі тиіс болды, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында тағы қандай бекініс салуға болатынын анықтап қайту еді. Патша үкіметі мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатуды көздеді. 1845 жылы Долгов пен Герн бастаған елшілік ханның ордасына жетті. Кенесарыға оның әйелі Күнімжан қайтарылды.
Жүргізілген келіссөздер барысында Кенесарыға қабылдауға болмайтын шарт қойылды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде ғана көшіп жүруге рұқсат берілді. Кенесарының Ресейге толық бағынуы және соғыс қимылдарын біржолата тоқтатуы тиіс болды. Орынбор ведомствосына қарайтын қазақтардың барлығы да Ресей империясының азаматтары ретінде әрбір үйдің 1 сом 50 тиын мөлшерінде түтін салығын төлеп тұруы тиіс екендігі, ханның Орынбор қазақтарынан зекет алуына тыйым салынатындығы айтылды. Кенесарының қылмысты істерді қарауына рұқсат етілмейтіні ескертілді. Ханның қашқын орыс пен татар және башқұрттарды жасырын ұстауына тыйым салынатыны, оларды Ресейге қайтаруы тиіс екені туралы сөз болды. Кенесарының Ресейге «ұнамайтын» шет мемлекеттермен және жеке тұлғалармен қарым-қатынастар жасауына рұқсат етілмейтіні де ескертілді.
Кенесары Долгов пен Герн елшілігінің қойған шарттарының түпкі мақсаты оның хан лауазымын иеленуге құқығы жоқтығын тұспалмен түсіндіру екенін оп-оңай ұқты.
Хан патша үкіметі қойған бұл талаптардың бірде-біреуін қабыл алған жоқ. Келіссөздер тұйыққа тірелді. Патша үкіметінің елшілігі көздеген мақсатына жете алмады. Елшілер кеткеннен кейін хан әскери кеңес шақырып, енді Жетісу аумағына қарай көшуге шешім қабылдады.
Патша үкіметі содан кейін-ақ Ырғыз өзені бойында Орал, ал Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті.
Кенесары Қасымұлының Қоқан хандығымен күресі
Кенесары мен Қоқан хандығы қарым-қатынасының шиеленісіп кетуінің өзіндік себебі де бар еді. Өйткені Қоқан хандығының билеушілері 1836 жылы оның бірге туған бауыры Саржан сұлтанды, 1840 жылы әкесі Қасым төрені өлтірген болатын. Мұның өзі оның Қоқан хандығының билеушілеріне деген ыза-кегін өршіте түсті. Қоқан хандығына қарсы күресте Кенесары Жанқожа Нұрмұхамедұлыбатырдың көмегіне сүйенді. 1845 жылы Кенесары хан Қоқан хандығының Жаңақорған, Жүлек және Созақ сияқты бекіністерін тартып алды. 1846 жылы Қоқанның және бір мықты бекінісі Меркіні де қолға қаратты. Содан бастап Қоқан хандығының қазақтарға озбырлық жасауы уақытша болса да тыйылды. Бірақ Кенесары өзіне Қоқан мемлекеті сияқты және бір қатерлі дұшпан тауып алды.
Кенесары әскерлерінің Ұлы жүз аумағына қарай шегінуі
Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбор өлкесінен қалай да ығыстырып шығаруға ұмтылды. Соның салдарынан Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу жеріне қарай ауыстыруға мәжбүр болды. Сібірдегі өкімет билігі Омбыдан генерал Винневский басқарған елеулі әскер күшін зеңбіректерімен қоса Жетісуға жедел түрде жіберді. Азық-түліктің тапшылығы Кенесарыныегіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Күші басым патша үкіметінің қысым жасауымен Кенесары Іле өзенінід оң жақ бетіне өтіп, одан әрі Алатаудың етегіне көшіп барды. Ал патша үкіметі оған Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетін жолды кесіп тастады. Ұлы жүздің Сұраншы, Байсейіт, Тайшыбек сияқты батырлары Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуip күшейтті.
Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлады. Бірақ оның бұл әрекетін Қытай үкіметі қолдамады. Ресей империясымен қарым-қатынасымызды бүлдіріп аламыз деген қауіппен Кенесарының өтінішін қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Қазақтардың арасында беделі күшті әрі жауынгер ханды қабылдаудың ешқандай да қажеті жоқ деп ойлады. Оның үстіне, бұл кезде Қытайдың өзі де қазақтармен діні бір ұйғыр және дүңгендердің көтерілістерінен мазасы кетіп, қатты аландаулы болатын.
Көтерілісшілердің Қырғызстан аумағындағы қимылдары
Көтерілісшілер қырғыз жеріне жақын келді. Бұл кезде қырғыздар Қоқан хандығының ықпалында болатын. Хан солтүстік қырғыз рулары білеуші манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Бұл талаптар патша үкіметімен және Қоқан хандығымен одан әрі күрес жүргізу үшін күш біріктіру қажеттігінен туған еді. Хан қырғыздарға арнаған үндеуінде былай деп жазды: «Менің мұнда келгенімніңмақсаты, сендермен жауласу, қан төгісу емес, қайта қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, оларды күшейту, Қоқанның қол астынан бөліп алу, қоқандықтардың қысымынан құтқару болып табылады».
Қырғыздарда Шыңғысхан ұрпақтарына бағыну дәстүрі қалыптаспаған еді. Сондықтан да олардың ханға бағынуы, сөйтіп өздерінің тәуелсіздігінен айырылуы, әрине, қырғыз ақсүйектерінің ойына кіріп те шықпағаны әбден табиғи нәрсе еді. Оның үстіне, қырғыздар Абылай ханның қырғыз аумағына жасаған жорықтарын да ұмыта қойған жоқ болатын. Қырғыздар патша үкіметінің Сібір әкімшілігі тарапынан едәуір қолдау табатынын да сезді. Вишневский қырғыздарды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауға ашықтан-ашық айдап салды. Алатау қырғыздары Қоқан хандығының қолдауына сүйенді. Қырғыз манаптары ірі тайпа өкілдерін құрылтай жиналысына шақырды. Ықпалы күшті манап Орман барлық қырғыздардың билеушісі болып тағайындалды. Құрылтайға жиналған манаптар Кенесары ханның ұсынысын қабылдаудан ашықтан-ашық бас тартты. Кенесары ханның қырғыздарға қарсы аттанған екі мың сарбазы жеңіліс тапты. Оның бір мыңы қырғынға ұшырады, екінші жартысы аш-жалаңаш, қару-жарақсыз, жаяу-жалпылап кері қайтты. Қазақ сарбаздарының бірқатары тұтқынға алынды. Мұның өзі қырғыздар тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген батылдық пен қатыгездік болып шықты. Қырғыздар жағы қолға түскен тұтқындар үшін орасан зор көлемде төлем талап етті. Кейінірек қырғыздар тарапынан келісім жасауға арнайы адамдар келді. Қазақтар мен қырғыздар арасында бейбіт келісім жасалды. Тұтқындар алмастырылды. Екі жақта бұдан былай бір-бірімен бейбіт көршілікте, тату-тәтті достықта тұруға серттесті. Бірақ қырғыздар көп ұзамай-ақ бұл келісімді бұзды, Кенесары ханның жақын серіктерінің бірі Саурық батырдың ауылына шабуыл жасады. Олардың бұл шабуылы қырғыз батыры Жаманқараның өлімі үшін кек алу мақсатымен ұйымдастырылған еді. Қырғыздар қазақтардың 700-ге жуық жылқысын айдап әкетті, Саурық батырды өлтіріп кетті. 1847 жылғы сәуірде Кенесары он мындай қолмен Қырғызстанныңжеріне басып кірді. Қырғыздармен шайқас Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауында өтті.
Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің жеңілу себептері мен салдары. Көтерілістің тарихи маңызы
Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады.
Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұлтаныменжәне аз ғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады.
Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулікбойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнешесұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты».
Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871) «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.
Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады.
Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта — патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты.Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды.
Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.
Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметтеп қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді.
Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызметі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерінің бірнеше ұрпағы мен XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысыныңжетекшілері одан үлгі алып өсті. Кенесары Қасымұлының Астана қаласында тамаша ескерткіші, оның есімімен аталатын үлкен көше бар.
Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерілісі табысқа жетпесе де, оның ұлы істері халық есінде мәңгі сақталады.[1]
Қозғалыстың алғышарттары
XIX ғасырдың 20-жылдарында бұрынғы Бөкей хан мен Уәли ханның иеліктерін біріктіріп, Қарқаралы округін құру едәуір саяси-әкімшілік жаңалықтар енгізді. Мұның өзі патша өкіметіне Орта және Ұлы жүз арасындағы жерлерді тездетіп отарлауға, оның қазақ даласындағы иеліктерін нығайта түсуге мүмкіндік берді. Патша өкіметінің бұл шаралары қазақ халқының мүддесіне қайшы келетінін, бара-бара қазақ мемлекеттілігінің жойылатынын қазақ халқының көреген қайраткерлері болжай білді.
Уәли хан өлгеннен кейін ханның жесірі, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі ақылды, көреген, өз заманына лайықты сауаты бар Айғаным патша үкіметінің Сыртқы істер министрлігінің Сібіркомитетімен және Азия департаментінің шенеуніктерімен жиі хатхабар алысып тұрды. Бірақ Айғаным қанша қабілетті болғанымен, халықтың патша өкіметіне деген қарулы наразылығына басшылық ете алмайтын еді. Осындай күрделі де қиын міндет Абылайдың отыз ұлының ең кішісі Қасым сұлтанға жүктелді. Оның бел балалары — Саржан, Есенгелді, Ағатай, Бопай, Құшақ және Кенесары бәйбішеден, ал Наурызбай тоқалдан туған еді. Бұлар патша өкіметінің Қазақстанды отарлауына қарсы жиырма жыл бойы жүргізілген ауыр да қиын күрестің белсенді қатысушылары, ал Саржан, Есенгелді, Кенесары сол күрестің ұйымдастырушысы әрі басшылары ретінде тарихта қалды. Осы ұлт-азаттық қозғалыстар патша өкіметінің режіміне аса зор моральдық-саяси апат әкелді.
Патша өкіметінің округтік тірек пункттер құру туралы шешіміне ашық қарсы шығып, Көкшетау өлкесіне беделімен белгілі болған Қасым сұлтан еді. Ол өзінің 1825 жылы 14 маусымда Орынбор генерал-губернаторына және басқа да жоғары биліктегі шенеуніктеріне жазған хаттарында патша өкіметінің, оның Омбыда отырған облыстық бастығының қазақ жерінде қазақтарды отарлау үшін салдырып жатқан тірек пункттерін жоюды талап етті. Мұндай өзгерістер жасау үшін, Абылай заманынан бері сақталып келе жатқан тәртіп бойынша, сол өлкенің сұлтандарының, старшындарының келісімін алу керек деп көрсетті. Хаттың соңында патша ағзамнан қазақтар мен оның болыстарына бұрынғыша, Абылай заманындағыдай, өз салт-дәстүрімен тыныштықта өмір сүруіне мүмкіндік беруін сұрады. Орынбор губернаторының бұл хатқа теріс жауап беруі Қасым сұлтанды алған бетінен қайтара алмады. Ол бұдан кейін де патша губернаторларына хат жазып, казак отрядтарын қазақ даласына жіберіп, әскери-тірек базалар салуды тоқтатуды талап етті. 1826 жылғы 18 сәуірдегі хатында жазалаушы отрядтың бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, халыққа көп зардап шектіргенін жазады. Орталық және Солтүстік Қазақстанды қамтыған көтерілістің кең етек алуына сұлтандар Ғұбайдолла мен Саржан себепкер болды. Бірақ Ғұбайдулланы патшаның өкімшілік орындары қолға түсіріп, Сібірдегі бір алыс қалашыққа жер аударады. Мұның өзі бүкіл Орта жүзді қамти бастаған қозғалысты бәсеңдете алмады. Ал Қарқаралы округінің ауылдарында қозғалыс күшейе түсті, бұған әсер еткен Қарпық болысындағы көтерілістің өршуі еді. Бұл болыс Саржан сұлтанның иелігінде болатын. Саржан жасақтарының арасында жас сұлтан Кенесары да бар еді. Ол сол кездің өзінде-ақ бостандық туралы ойларымен көзге түсті, кейін Орталық Азиядағы түркі халықтарының «тәуелсіздік жолындағы күрескері» болды.
Саржан сұлтан бөлек-бөлек әрекет етіп жүрген жасақтарды біріктіріп, патша өкіметінің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы белсене күресті. Жазалаушы отрядтың қысымынан ығысып, әрі Қоқан бектерінің Ресей отарлаушыларына қарсы бірігіп күресеміз дегеніне сеніп, ол өзін қолдаушылармен бірге Қоқан хандығының иелігіне барып қоныстанады. Алайда Қоқан бектері бұрын берген уәделерінен тайып, әрі патша өкіметіне жақсы көріну үшін, 1836 жылы Саржан сұлтан мен оның қасындағыларын жауыздықпен өлтіреді. 1840 жылы сол Қоқан билеушілерінің арандатуынан Қасым сұлтан мен оның жақындары қаза табады. Алайда Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа қарсы бытыраңқы сипатта жүргізген күресі тоқтап қалмады. Қайта оны әлдеқайда ұйымдасқан сипатта әрі кең көлемде Кенесары (1802—1847 жж.) сұлтан жалғастырды.
Ұлт-азаттық қозғалысының мақсаты, себептері, сипаты, қозғаушы күштері Көтерілістің негізгі мақсаты
Қазақстанның Абылай хан кезіндегі аумақтық тұтастығын қалпына келтіру әрі Ресейдің құрамына кірмеген жерлерді сақтап қалу.
Көтерілістің басты себептері
Патша өкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясаты, Орта жүзде хандық билікті жойып, ресейлік әкімшілік басқарудың жүзеге асырыла бастауы, осылардың салдарынан қазақ халқының, әсіресе шаруалардың жағдайының нашарлай түсуі.
Көтерілістің ұлт-азаттық сипаты
Қазақ жерін әскери отарлаудан, яғни Ресей бодандығынан, Қоқан бектерінің озбырлығынан құтқаруға бағытталған азаттық жолындағы күрес болды.
Көтерілістің қозғауыш күштері
Қазақ шаруалары. Сонымен қатар тәуелсіздікті қалпына келтіру жолындағы күреске қатартағы егіншілер де, старшындар да, сұлтандар да ат салысты. Әрине, оған қатысқан үстем тап өкілдерінің мақсаттары бірыңғай емес еді. Жасақшыларға қолбасшылық еткендер арасында Ағыбай, Иман (Амангелді Имановтың атасы), Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сураншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшиев, Бұқарбай сияқты әйгілі халық батырлары болды. Көтеріліске қатысқандар арасында орыстар, өзбектер, қырғыздар, башқұрттар, татарлар да кездесетін.
Кенесары Қасымұлы —ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы
Кенесары Қасымұлы тарих сахнасына Абылай ханның ісін жалғастырушы болып енді. Патша өкіметінің отарлау саясатында 1822—1824 жылдардағы Сібір, Орынбор қазақтары туралы Жарғылар қабылданғаннан кейін, Қазақстанның қалған аудандарына қауіп төнген болатын. Сондықтан ұлт-азаттық қозғалысын басқаруға талап қылған Кенесары сұлтан қазақтың қалған жерін отарлаудан сақтап қалуға әрекет жасады. Бірақ ол бұл әрекетін әуелі бейбіт жолмен шешуді көздеді.
Үкімет әскерінің өздерінің ауылдарына бірнеше рет шабуыл жасағанына қарамастан, Кенесары патша үкіметінің Қазақстаңдағы өкілдеріне бірнеше рет хат жазып, өздеріне қоныстарын қайтаруды сұрайды.
«Біздің ата-бабамыз, — деп жазды Кенесары, — бізге мұра етіп қалдырған Есіл, Нұра, Ақтау, Өртау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоғызақ төңірегі жәнеЖайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында бізден тартып алынып, оларға әскери бекіністер салынды. Енді біздің жерімізді күн сайын басып алып, оған бекіністер орнатып жатыр. Бұл әрекет халықты барынша ашындырып отыр. Мұның өзі біздің болашағымызға ғана емес, қазіргі тіршілігімізге де зор қауіп туғызып отыр». Бірақ бұған патша да, оның Қазақстандағы әкімдері де құлақ аспай, қайта отаршылдықты үдете түседі.
Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттарында: «Мен өзімнің қазақтарым егін егу, аң аулау жөне басқа да бейбіт кәсіптермен шұғылданған кезде ғана тыныш өмір сүре аламын» десе, енді бір хатында патша әкімдерін достық-татулық қатынаста болуға шақырады: «Біз достық пен ынтымақта өмір сүрсек, қандай жақсы болар еді», — дейді.
Кенесары Қасымұлы патша өкіметімен келісу әрекетінен еш нәтиже шықпағаннан кейін, қару алып күресуге бел байлайды. Бұл туралы патшаның өкімет орындарына жазған соңғы хаттарының бірінде: «1825 жылдан 1840 жылға дейін патша өкіметінің әскерлері біздің ауылдарымызды он бес рет шауып кетті. Сондықтан біздер, қазақтар, мұндай қысымға, талан-таражға, кісі өлтірушілікке шыдай алмай, лажсыздан басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақ олар сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті де мен — Кенесары Қасымұлы, қаруланып алып, ұлы күресті бастауға аттандым», — дейді.
Азаттық жолындағы қозғалыстың жеңілу себептері мен тарихи маңызы
Сол тарихи кезеңде Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономиқалық жағдайда бұл ұлт-азаттық қоғалыстың да түпкілікті жеңіске жетуі мүмкін емес еді. Ресей империясыныңқуатты, тұрақты әскери күші бар екенін былай қойғанда, жеңілудің басқа да себептері болды. Көтеріліске қатысқан үстем тап өкілдері арасында ауызбіршілік болмады. Өзін қолдамаған туыстарымен, қазақтың ауқатты топтарымен, Қоқан хандығымен, ақырында қырғыз ағайындармен күресіп, Кенесары өз күшін әлсіретті. Жікке бөлінген қазақ рулары көтерілісті көбіне өз аймақтарында қолдап, басқа аймақтарға ауысқанда, әсіресе Қоқан және Қырғыз жеріне басып кіргенде, оған қосылмады. Өзін қолдамаған ауылдарды қатаң жазалауы да көтерілісті әлсіретті.
Бұл ұлт-азаттық қозғалыстың маңызы зор, ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихында өшпес із қалдырды, кейінгілердің азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресіне үлгі-өнеге әрі тарихи сабақ болды. Кенесарының күресі, оның өзінің халықтың мақсат-мүддесіне шын берілгендігі, қолбасшылық өнері, ақылды саясаткер ретіндегі сирек кездесетін қасиеті XIX ғасырдың өзінде-ақ халық тарапынан қадірлеушілік туғызды. Патша өкіметі тұсында бұл қозғалыстың мүлде сөз болмауы, ал бола қойса, оны бұрмалап теріс түсіндіру себептері белгілі. Кеңес өкіметі түсында да бұл қозғалыс кертартпа, хандық-феодалдық мемлекетті көксеушілік деп теріс түсіндірілді. Оны тарихи шындық тұрғысынан дұрыс бағалаған ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс өзінің шын бағасына ие болды. Осы қозғалыстың басы-қасында болған Кенесары хан мен оның басқа да қаруластарының есімдері тарихтан лайықты орнын алуда.
Достарыңызбен бөлісу: |