Сын есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сын есімдер заттың сындық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, сын есімнің негізгі синтаксистік қызметі – анықтауыш болу. Өйткені олар заттың сынын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сындық белгілердің әр түрлі реңкін білдіретін шырай тұлғаларының сөз бен сөзді (сын есім мен зат есімді) байланыстыруға да, сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.
Сын есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сын есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сын есім де зат есім сияқты лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сын есім –адвербиалдануға бейім сөз табы. Сын есімдер лексикалық мағынадағы өзгерістер арқылы (ауыспалы мағынада жұмсалу арқылы) заттың сындық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы, Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады. Бетті бастым, қатты састым.
Достарыңызбен бөлісу: |