Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сан есім – зат есім мен сын есім сияқты өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы. Алайда сан есім де сын есім сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Үй саны елу-алпысқа жетеді. Бұл – сан есімнің заттануымен байланысты. Сан есім де – зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы. Оның да субстантивтенуінің екі себебі бар. Бірі – сөйлем құрамындағы сан есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы, Бесті үшке көбейт. Екіншісімен қатал сөйлесу керек. Мұнда да түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сан есімдер енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болған. Екіншіден, жинақтық сан есімдер – таза заттық мағынаға ие сөздер. Өйткені жинақтық мағыналы -ау, -еу жұрнағы сан есімге заттық мағына үстейді. Атап айтқанда, жинақтық сан есім қандай да бір заттардың жиынтығын атайды. Алтау ала болса, аспандағыны алдырар, түртеу түгел болса, төбенегіні түсірер.