Тілдегі фонетикалық бірліктердің (дыбыстар мен буындардың) сөйлеу барысында біркелкі үйлесімге келіп айтылуын үндестік заңы дейміз. Қазақ тілінде үндестік заңының екі түрі кездеседі: буын үндестігі және дыбыс үндестігі.
Буын үндестігі (сингармонизм) – сөздегі буындардың біркелкі айтылуы. Буын үндестігін сөздегі дауысты дыбыстардың үндестігі деп те қарауға болады. Өйткені буын – сөздегі тек дауыстылардың қатысуы арқылы жіктелетін бөлшек. Қазақ тілінде буын үндестігінің екі түрі бар: тіл үндестігі және ерін үндестігі. Тіл үндестігі – сөздегі дауысты дыбыстардың, сол арқылы буындардың не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке болып үйлесімге келуі. Бұл құбылыстың тіл үндестігі болатын себебі – дауыстылар жуан-жіңішке болып тілдің қалпына қарай бөлінеді. Ерін үндестігі – сөздің алғашқы буынында келген еріндік дауыстының өзінен кейінгілерге (езулік дауыстыларға) ықпал етіп, сөйлеу кезінде оларды еріндікке айналдыру құбылысы. Мысалы, үйдің шатыры орфоэпиялық норма бойынша үйдүң шатыры түрінде айтылады. Үй сөзіне қосылған қосымшаның дауыстысы осы сөздің құрамындағы дауыстының жіңішке болуына қарай онымен жіңішке болып үйлескен (бұл – тіл үндестігі) және сөздің құрамындағы дауысты еріндік болғандықтан, қосымшадағы дауысты да еріндік дауысты түрінде айтылған «бұл –ерін үндестігі). Қазақ тіліндегі ерін үндестігі әлсіз дамыған. Сондықтан олар екінші-үшінші буындардан әрі аспайды. Қазақ тілінің қосымшаларында еріндік дауыстылар болмайды.
Қазақ тіліндегі буын үндестігі (оның ішінде тіл үндестігі) үш түрлі жағдайда сақталмауы мүмкін:
Жазба тіл арқылы енген кірме сөздерде. Мысалы, декан, факультет, беймаза, кіріптар, қасиет, кітап, т.б.
Түбірінде әрқилы (жуан-жіңішке) дауыстылар кездесетін біріккен сөздерде: шекара, Ботакөз, Айгүл, т.б.
Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар қосылғанда: баланікі, отпен, арбакеш. әзілқой, жемқор, емхана,т.б..
Дыбыс үндестігі – сөйлеу барысында сөз бен сөздің жігіндегі (сөз арасындағы), түбір мен қосымшаның жігіндегі (сөз ішіндегі) іргелес келген екі дыбыстың бір-біріне әсер етіп, өзіне ұқсату құбылысы. Дыбыс үндестігі заңы бойынша түбір мен қосымшаның жігінде және бір деммен айтылатын екі сөздің жігінде табиғаты әр басқа дыбыстар (мысалығ дауысты мен қатаң дауыссыз) қатар орналаса алмайды. Орналаса қалса, бірі екіншісін өзгертіп, өзіне ұқсатады (табиғаты алшақ дыбыстың орнына біршама жақын дыбысты қабылдайды). Мысалы, ақ ешкі, балалар, барған, жұлдызша, т.б..
Дыбыс үндестігінің үш түрі бар: ілгерінді ықпал – іргелес келген алдыңғы дыбыстың соңғыға әсер етуі. Мысалы, келген, қойлар, әркім, әлдеқалай,т.б. Кейінді ықпал – іргелес келген соңғы дыбыстың алдыңғыа әсер етуі. Мысалы, он бес, айтып бер, жазығы, добым, теуіп, т.б. Тоғыспалы ықпал – іргелес екі дыбыста ілгерінді және кейінді ықпалдарыдң қатар орын алуы. Мысалы, Есжан, түнгі, Асан қайғы, т.б.
Ілгерінді ықпал заңы бойынша сөздің соңғы дыбысы өз табиғатына қарай жалғанатын қосымшалар да дауыссыз дыбыстан басталатын болса, үндіден басталатын нұсқаны, ұяңнан басталатын нұсқаны, немесе қатаңнан басталатын нұсқаны таңдап алады. Кейбір қосымшаларда үндіден, ұяңнан басталатын нұсқалар болмаса, мұндай қосымшалар дыбыс үндестігіне бағынбайтын қосымшалар деп танылады. Мысалы, сәнқой, баласы, келсін, т.б.
Қазақ тіл білімінде екпіннің екі түрі көрсетіліп жүр: сөз екпіні және ой екпіні. Екпін дегеніміз сөйлеу барысында сөздің бір буынының немесе сөйлемнің бір сөзінің өзгелермен салыстырғанда көтеріңкі айтылуы. Сөз екпіні сөздегі бір буынға түседі. Қазақ тіліндегі екпін жылжымалы деп есептеледі. Тілімізде екпін түспейтін қосымшалар да кезедеседі. Ой екпіні сөйлемдегі бір сөзге түседі. Ол сөз сөйлемде үнемі баяндауыш мүшенің алдынан орналасады.
Достарыңызбен бөлісу: |