Ортақ етіс жұрнағы – салттылық-сабақтылық категориясына бейтарап қосымша. Ортақ етіспен тұлғаланған етістіктер салттан сабақтыға, сабақтыдан салтқа өзгермейді, негіз етістіктегі салттылық, не сабақтылық мағыналарын сақтап қалады. Мысалы, жинасты, сөйлесті, барысты, тұрысты, т.б..
Ортақ етіс жұрнағының келесі бір ерекшелігі – қимылдың атауын білдіруге бейімдігі. Соның негізінде тілімізде айтыс, соғыс, жүріс, т.б. с.с. зат есімдер қалыптасқан.
Болымды-болымсыздық категориясы. Болымды-болымсыздық категориясы етістіктің болымды және болымсыз мағыналарынан тұрады. Қазақ тілінде болымды мағынаның көрсеткіші болатын грамматикалық тұлға жоқ, болымды мағына семантикалық тәсіл арқылы беріледі, яғни кез келген етістіктің негізі болымды мағынаны да білдіреді. Ал болымсыздық мағына етістіктің негізін түрлендіру арқылы алынады.
Болымсыздық мағына екі түрлі жолмен беріледі::
Етістіктің негізіне: түбір немесе туынды тұлғалы етістікке, күрделі етістіктерге (не оның етіс тұлғаларына, сондай-ақ аналитикалық формаларына) –ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтарын қосу арқылы беріледі. Мысалы, келмеді, сартылдамады, қызмет қылмады, жүргізбеді, бармай қойды, бара қоймады, т.б.;
Етістіктің есімше тұлғалы түрлеріне жоқ және емес (емен) көмекші сөздерінің бірі тіркесу арқылы беріледі. Мысалы, айтқан жоқ, айтқан емес, беретін емес, келер емес, тұрмақ емес, т.б..
Аналитикалық тәсілімен берілген болымсыз мағынаны болымды-болымсыздық категориясының аясына жатқызу-жатқызбау мәселесінде қазақ ғалымдарының пікірлері бірізді емес. Бұл тәсілмен алынған болымсыздық мағынаны аталған грамматикалық категорияға жатқызбау керек дейтін ғалымдар болымсыздық мағына беруші тұлғаның (жоқ және емес сөздерінің) ашық рай тұлғаларынан кейін келуін негіз етеді. Болымды-болымсыздық – лексика-грамматикалық категория болғандықтан, болымсыздық мағынаны білдіруші тұлға лексикалық мағынаға әсер ету үшін функциялы тұлғалардан (оның ішінде ашық рай тұлғасынан) бұрын тұруы тиіс деп есептейді.
Сонымен қатар, аналитикалық формалы етістіктер құрамында бірде негізігі етістікке, бірде көмекші етістікке, тіпті кейде екеуіне де қосылып келетін болымсыздық жұрнағының негізгі, я көмекші етістіктің қайсысына қосылғанына орай қимылдың болымсыздығын білдірумен қатар аналитикалық формант мағынасына да әсер ететінін байқаймыз. Ол үшін «тоқтату» мағынасындағы ұстау етістігін бір формантпен әр түрлі комбинацияда түрлендіріп көрейік. Мысалы, ұстай қалды – ұстамай қалды – ұстай қалмады – ұстамай қалмады. Бөгет суды ұстай қалды. Бірінші мысалда –й қал форманты болымды қимылдың ойламаған жерден, жеңіл, жылдам жүзеге асқанын білдіретін мағына үстеген. Бөгет суды ұстамай қалды, бұл мысалда аналитикалық формант етістікке болымсыз қимылдың кенеттен болғанын білдіретін мағына үстеген, бұл жерде «жеңіл, жылдам жүзеге асу» мағынасы көрінбейді. Бөгет суды ұстай қалмады. Енді болымды қимыл жеңіл, жылдам жүзеге аспағаны білдірілген. Бұл мысалда енді «кенеттен болу» мағынасы жоқ. Дәлірек айтсақ, істің нәтижесі ойлағандай болмады. Ал соңғы Бөгет суды ұстамай қалмады дегенде қимыл кенеттен емес, ойлағандай және жеңіл, әрі жылдам емес, біраз қиындықпен жүзеге асқанын байқаймыз.
Осы сияқты құбылыстарды болымсыздық мағына беруші тұлғалардың субъективті модальмен түрленген етістіктерді түрлендіруінен де байқаймыз. Мысалы, барғаның жөн – бармағаның жөн – барғаның жөн емес – бармағаның жөн емес. Ендеше болымды-болымсыздық категориясы етістіктің негізін ғана қамтымайды, оның аналитикалық формаларын да қамтиды. Атап айтқанда, негіз атайтын қимылдың болымды-болымсыздығымен қатар, қимылдың өту амалдарының да болымды-болымсыздығын, сөйлеуші пікірінің де болымды-болымсыздығын білдіретін мағыналардан тұрады.
Сонымен, болымсыздық тұлғалары етістікке (мейлі оның негізіне, мейлі көмекші сөзіне) бір қайтара қосылғанда, оған болымсыздық мағына жамап, қимылдың жүзеге асуын жоққа шығарып отырады, ал екі қайтара қосылса, қимылдың жоққа шығарылуы қайта жоққа шығарылып, аналитикалық етістік болымды мағына береді.
Достарыңызбен бөлісу: |