Жұмбақ – ойын өлеңдердің ерекше формасы. Қай елдің халық шығармашылығында болмасын жұмбақ негізінен балалар еншісіндегі ең сүйікті жанр болып саналады. Жұмбақтың балаларды қызықтырғыш қызметі – ең алдымен олардың білуге, үйренуге деген ынтасын қанағаттандыруында. Ол баланы байқағыштыққа, көңіл зеректігіне, көп қасиеттердің ішінен ең мәндісін ажырата білерлік талғампаздыққа да үйретеді. Жұмбақ өз ойын жинақтап, аз сөзбен жеткізе білуге де тәрбиелейді.
Жұмбақ жанрының ішінде философиялық дүниетанымды жұмбақтаған бала түсінігіне өте ауыр күрделілері де бар. Балалардың жұмбақты қарапайымнан, жеңіл-желпіден бастап, күрделіге қарай бірте-бірте игеретіні анық. Бала есейген сайын оның айналаны тануы мен өмірлік көзқарасының да жетіліп отыратыны сияқты олар жаттайтын жұмбақтардың ішкі құрылымы мен шешімі де күрделене береді. Жұмбақтың өлең оралымдары мен айшықты сөз қолданыстары арқылы балаларға берер эстетикалық нәрі аз емес.
«Нақты бір зат туралы тұспалдап, ұқсатып, бейнелеп айту арқылы баланы ойлату, танымдық, білімдік ұғымдар мен түсініктерді ой-қиял елегінен өткізіп, тұжырым жасап, шешімге келуде тапқырлық пен дүниетанымдық дәрежесін байқау үшін халық ертеден-ақ жұмбақтардың алуан түрлерін шығарған. Ертедегі жұмбақтар Апаң, апаң – Ескі шапан, Иір қобыз, Жарық жұлдыз(Түйе) сияқты, көбінесе мал шаруашылығына байланысты және Сүмбіл теректі, Жасыл желекті, Ерден қалмайды, Жауға керекті(Найза) сияқты қару-жарақ, құрал-саймандар туралы болған.» (Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы.(Оқу құралы) А.Санат. 2001.14-б) Дегенмен, «ат басты, арқар мүйізді, бөрі кеуделі, бөкен санды(шегіртке)» тәрізді кілең бейнелі өлеңге негізделіп құрылған тамаша жұмбақты бүгінгі балалар ұғына бермейді. Өйткені олар көз алдына арқардың мүйізін, бөрінің кеудесін де, бөкеннің санын да елестете алмайды. Оның есесіне балалар репертуарында «шыр-шыр етеді, құлағыңнан өтеді, ұстай алсаң, сөйлеп кетеді(телефон)» деген сияқты жаңа жұмбақтар көп.
«Заман өзгерген сайын халық педагогикасы жаңа мазмұнды жұмбақтармен толыса берді. 19-20 ғасырларда бу машиналары, электротехника, радио, телеграф, самолет, ракета, космос кмелері т.б. техникалық, мәдени прогрестерге байланысты жұмбақтар туды. Жолы темір, Жалы темір Шымыр атты Зымыраттым.(Трамвай) Көкшіл айна үйдегі Көрсетеді киноны(Теледидар)»(Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы.Оқу құралы.А.Санат. 2001.14-15б). Балалар өздері де жұмбақ құрастырады. «Жұмбақтардың дүниетанымдық, ой дамытарлық мәнімен қатар, тәрбиелік мәні де ерекше. Өйткені жұмбақ айтысу, жұмбақтарды жаттау кезінде тәрбиеленуші өзінің білім дәрежесін байқап, көп білуге талпынады, ынта-жігері артады, жауапкершілікке бейімділіп, өнерге талпынушылығы артады» (Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы.Оқу құралы. А.Санат. 2001.17-б).
Достарыңызбен бөлісу: |