Картографиялық проекциялар және түрлері
Картографиялық проекция, картографиялық кескін – Жер эллипсоидының (шардың) немесе планетаның бетін математикалық тәсілдер арқылы жазықтықта бейнелеу. К. п. теориясы (басқаша аты – матем. картография) Жер эллипсоидын қағаз бетінде кескіндеудегі жіберілетін бұрмаланудың барлық түрлерін зерттейді және өте аз бұрмаланумен ғана кескінделетін проекцияларды құру әдістерін қарастырады. Проекциялар ұсақ және орта масштабты карталар жасауға қолданылатындықтан, Жер эллипсоидысы бетінің сферадан айырмашылығы ескеріліп сфера жазықтығындағы карта белгілі бір радиус R мөлшерінде ғана бейнеленеді. К. п-дағы меридиандар (=const болған жағдайында) мен параллельдерден (=const жағдайда) картографиялық тор құралады.
К. п. теориясының дамуы геодезияның, астрономияның, географияның, математиканың дамуымен тығыз байланысты. Оның ғыл. негізі Ежелгі Грекияда (б.з.б. 6 – 1 ғ.) жасалды. Ең көне К. п. – жұлдыздар картасын жасауға қолданылған милеттік Фалестің гномондық проекциясы. К. п. б.з.б. 3 ғ-да Гиппархтың, Птолемейдің, б.з. 16 ғ-нда Г.Меркатордың, 17 – 18 ғ-ларда Р.Бонның, Д.Кассинидің, И.Ламберттің, Л.Эйлердің, Ж.Лагранждың 19 ғ-да К.Гаусстың, А.Тиссоның еңбектерінде дамыды. КСРО картографтары В.В. Каврайский, Н.А. Урмаев, т.б. еңбектері К. п. теориясын одан әрі жетілдірді.
Географиялық объектілерді жазықтыққа көшіру үшін пайдаланылатын көмекші геометриялық беттердің түріне және картографиялық тордың ерекшелігіне қарай проекциялар: цилиндрлік, конустық және азиммуттық деп бөлінеді.
Азимуттық проекцияда параллельдер тұйық шеңбер жасап, ал меридиандар бір нүктеден жан-жаққа бойлық бұрыштарының көрсеткішіне сәйкес бөлінген түзу сызықтар түрінде таралады. Азимуттық проекциялар жекелеген материктер мен полюстік аймақтардың картасын жасауда кенінен қолданылады.
Цилиндрлік проекцияда параллельдер мен меридиандар көп жағзайда бір- біріне тікбұрыш жасап орналасады. Цилиндрлік проекциялар дүниежүзілік карталардың барлық түрін жасауда кеңінен пайдаланылады.
Конустық проекциялар қоңыржай ендіктерде орнасқан аумақтар үшін өте қолайлы, бұрмалану аз байқалады. Сондықтан Ресей, Қазақстан және ТМД елдерінің карталары көбінесе осы проекциялар негізінде жасалады.
|