«Сыр бойы» газетінің тарихы
«Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарыққа шықты. 1929 жылдың 1 шілдесі күні өзінің дәл бүгінгі атауымен «Сыр бойы» болып алғаш рет жарыққа шықты. Бұл туралы профессор Т.Қожакеев «Жыл құстары» атты еңбегінде: «1929 жылы республика орталығы Алматыға көшкеннен кейін Қызылордада жаңа басылым шығару мәселесі шешілді. «Осы газеттің,- деп жазды А.Тоқмағамбетов,- атын қоюға газеттің алқа мүшелері және Мансұр Гатауллин болып жиналыс жасадық. Гатауллин болып жиналыс жасадық. Гатауллин көп жыл газетте істеген білімді, әрі талантты жігіт еді. Газеттің атын ойластырып «Сыр бойы» болсын деп келістік».
«Сыр бойының» тұңғыш нөмірі 1 шілдеде жарыққа келді. Алғашқы жылдың өзінде-ақ газеттің таралымы 2000 данаға жетті. Әрине, сол кездегі ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргіннен басылым тыс қалған жоқ. Қандай қиын уақыт, тағдыр талқысына түскеннің өзінде уақыт төрелігіне жүгінді. Оқырманын рухани өре биігіне жетеледі.
Арада үш жыл өткеннен кейін 1932 жылы сол кездегі уақыттың пәрменімен бұл атау «Ленин туы» болып өзгертіліп, бұрынғысынша аудандық газеттің мәртебесімен жарық көре берді. «Ленин туының»1932 жылғы 12 сәуірдегі №235 санында облыста күріш егіншілігінің жаңадан еніп жатқан тұсында «Күріш егу техникасын үйреніңдер!», «Күріш қайткенде бітік болады» атты егіншілерге әдістемелік көмек нышанындағы мақалалар, колхоз тұрмысына байланысты «Бірлестік шарт жасалып бітті», ««Комсомол» колхозы дайын емес», «Үкімет көмегі», «Бригаділер қосқа шықты» деген айдарлармен сол уақыттағы ауылшаруашылығы өмірінен хабарлар берілді. Сол сияқты, Асқар Тоқмағанбетовтың «Түлкі жеңгей», «Өз аға шын созыл» фельетондары, «Берлін көшесінде» атты поэмасынан үзінділер жарияланды.
Газет таралымы әр жылы әр түрлі таралыммен шығып тұрды. 1932 жылы 9600, 1938 жылы 4110, 1939 жылы 8350 тиражбен шықты. 1938 жылы газеттің таралымы-3310 дана, жазылу бағасы 12 айға- 14 сом 40 тиын, 6-айға – 7 сом 20 тиын, газеттің жеке саны 8 тиын тұрды. Газеттің көлемі 58х34 см болды.
1929 жылдан бастап жерлесіміз, ғалым Ә.Қоңыратбаев «Еңбекші қазақ», «Сыр бойы» газеттерінде бөлім меңгерушісі болады. «Сыр бойы» газетінде бөлім меңгерушісі болып жүргенде, басылымның жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай көлемді мақала жазады. Бұл туралы Т.Қожакеев: «Газет 1930 жылы 1 шілдеде өзінің юбилейін атап өтті. Ә.Қоңыратбаев «Бір жыл» деген бас мақала жазып, оның жұмысын бір қорытындылап тастады»,- деп жазды.
1938 жылы Сыр өңірі өз алдына облыс болып енші алуына байланысты 22-наурыздан бастап облыстық газет «Ленин жолы» деген атпен шыға бастады. Бұл газет өз беттерінде айдынды Арал мен қарт Қаратау, Қарақұм мен Қызылқұм арасын ен жайлаған халықтың өміріне, хал-ахуалына, мәдениет және әдебиет мәселелеріне, халықты жаппай сауаттандыруға айырықша көңіл бөлді.
«Ленин жолы» газетінің алғашқы редакторы ретінде талантты журналист, танымал фельетоншы Жиенғали Тілепбергенов қол қойды. Ж.Тiлепбергенов сауаты жағынан бiлiм-бiлiгi мол дiни адам болатын. Ол бұл қызметті 1929 жылдан 1931 жылға дейін атқарады.
Газеттің алғашқы қалыптасу жолдары туралы белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Ұшқан ұям» мақаласында былай деп еске алады: «Жиенғали Тілепбергенов әрі журналист, әрі жазушы еді. Бұл оның суреткерлік қабілетінен туса керек. Жақсы адам өзінің тұрғыласына тартады деген бар ғой. Сұраса келгенде ол баяғы Б.Майлинмен бірге Уфадағы медрессе Ғалияны бітірген интеллигент болып шықты. Ол кезде бізде «Жалған белсенділердің» көбейіп, түкірігі жерге түспей тұрған кезі еді. «Сыр бойы» газеті осы асыра сілтеушіліктермен қатты күрес жүргізді. 1929 жылы «Сыр бойына» келгенде мен едеуір тәжірибесі бар журналист едім».
Басылым 1991 жылдан «Сыр бойы» деп аталды.
Достарыңызбен бөлісу: |