Жүсіпбек Аймауытов публицистикасы
Жүсіпбек Аймауытов әдебиетіміздегі аса ірі тұлғалардың бірі. Ол -ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы. Әдебиеттің әр алуан жанрларында белсенді қызмет ете отырып, Жүсіпбек Қазан төңкерісіне дейін де және одан кейін де туған қазақ әдебиетінің негізін салушылардың алғы легінде болды. Көптеген ірі шығармаларымен жаңа жанрлардағы ізденістерді орнықтырды.
Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында) туған. Бұл жөнінде академик С.Қирабаев өзінің «Жүсіпбек Аймауытов» деген зерттеу кітабында : «Жазушы өзі «Қызылтаудың баурындағы Қараның адыры деген жерде Дәлдебай ауылында тусам керек. Руым - Сүйіндік. Оның ішінде – Күлік, Айдабол – Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуіміз сегізінші атадан қосыламыз дейді», - деп жазады.
Кейбір деректерде жазушының арғы аталары ауқатты болған деседі. Бірақ Жүсіпбектің өз әкесі Аймауыт та, оның әкесі Дәндебай да шағын шаруалы адамдар болған. Жүсіпбектің 15 жасқа дейінгі өмірі өз ауылында өтеді. Ол ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Үзіп – жұлып әр қилы молдалар (өз айтуынша, Жүніс қожа, Шәймерден қожа, Қожахмет молда, Қапар қажы, Мұхамеджан) алдын көріп, ескіше едәуір білік алады. Содан кейінгі аз уақыт өзі молдалық құрып, бала оқытады. «Қартқожа» романындағы суреттелетін бала молда өзі екенін жазушы мойындап жазған. 1907 жылы Жүсіпбек молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебіне түседі. «Оспанның (Аймауыттың інісі) Серебрянников дейтін тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі қазыналық ауылшаруашылық школына барып, емтихан ұстадым», - дейді ол. Бірақ, ауылшаруашылық мектебінде ұзақ оқи алмайды. Бір айдай ауылшаруашылық жұмысына қатысып, одан кейін екі ай ғана мүмкіндік алған Жүсіпбек мектеп режимі мен әділетсіздікке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады. Осыдан кейін біраз уақытын ол ауылда бала оқытумен, Баяндағы мектептің үшінші класында оқуын жалғастырумен өткізеді. Содан 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс – қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектепте, кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі. Оны 1919 жылы бітіреді. Осы кезде Ж. Аймауытов «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясымен араласып, оны дамыту, нығайту жолында біраз уақытын жұмсайды. Сонымен қатар ол 1918 жылы М. Әуезовпен бірге «Абай» журналының негізін қалап, шығара бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |