Казахский государственный женский педагогический


Серәлі Лапиннің өмірінің кейбір беттері



бет6/16
Дата08.01.2017
өлшемі3,32 Mb.
#6451
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Серәлі Лапиннің өмірінің кейбір беттері

Дауылбаева С.Б. - оқытушы (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)


Сыр елі, Сыр топырағы қасиетті де қастерлі қоныс. Бұл киелі топырақта дала философы, данышпан Қорқыттан бастап, XX ғасырдың басында елі үшін, халқы үшін басын қауіп-қатерге тіккен тек қана Сыр бойына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне азаттық әперуді көксеген Мұстафа Шоқай сияқты қайраткерлер дүниеге келген.

Қазақ халқының тарихында халқының қамын ойлаған азаматтар аз болмаған. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде, нақақтан – нақақ «халық жауы» деп жала жабылып, саяси қуғын – сүргін көрген алаш азаматтары ақталып, газет-журнал беттерінде құнды еңбектер жазылып, жарыққа шығып жатыр. Әлі де зерттелетін, зерттеуді қажет ететін ұлы тұлғалар қаншама десеңші… Солардың бірі емес, бірегейі Сыр топырағының түлегі – Серәлі Мұңайтбасұлы Лапин.

Серәлі Лапин 1869 жылы наурыз айында бұрынғы Перовск уезіндегі Кеңтүп болысының Қоғалыкөл ауылында (қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданында) туған. Ол кіші жүздің жаппас тайпасының Сумырын атасынан. Қазіргі таңда Лапиндердің аталас ұрпақтары Қызылорда облысының Сырдария ауданының Ақсуат елді мекенінде тұрады. Солардың бірі Бабаш Жөкенов ақсақал «Ақыл – ойдың кеңге жайдым құлашын» /1, б.67 -70/ атты еңбегінде Лапы әулеті туралы аталарынан естіген әңгімесін келтіреді. Ол әңгіменің мазмұны мынаған саяды: Лапы көп уақытқа дейін кіндігінен бала болмай әбден торыққанды. Кәрілік келіп, ажал құрсаулай түскенде «шаңырағымды ұстар еге жоқ, тоғай тола еңбекпен жиған малымды кімге тапсырамын» деген Лапы кіші тоқалымен әулие жағалап жолға шыққанын көргендер болған. Олар Қожахымет, Оқшы ата, Қожанқожа, Қарақожа әулиелердің бірін қалдырмай, бір – бірден түнеп шыққан. Амал не, аян берген бірі болмаған. Әбден қиналып, ауылына қайтқалы тұрғанда қасындағы атқосшыларына: «Жиналыңдар! Алла менің көз жасымды көрмеді, қайтайық, әбден қажыдым, мен кішкентай мызғып алайын», - деп жатып көзі ілініп кетсе, түсінде бір сәлделі адам келіп: «Ей, пендем, бүкіл әруақты тебіренттің ғой, ауылыңның ар жағында Мүлкілән деген әулие бар, соған түнеші». Оянса түсі екен. Қуанған Лапы сол күні жүріп отырып түн жарымда Мүлкәланға жетіпті. Дәрет алып, Құтпан намазын оқып, аллаға сыйынып жатса, бір сәлделі адам түсіне еніп: «Байлығыңды шашатын шаңырағыңа бір бала бердім» депті де ғайып болыпты.

Қуанып оянған Лапы аулына келіп, бүкіл елін шақырып, бірнеше бозқасқа құдайы жасайды. Көп ұзамай тоқал жүкті болып, ұл туады. Пендесін мұңайтпасын деп алланың берген ұлы ғой деп, атын Мұңайтпас қояды. Тілеп алған жалғызы сотқарлау болып өседі. Жалғыз баланы еркелетіп, байдың жылқышылары баланы ашамайға мінгізіп, ат үстіне үйретеді. Көктемде жылқы күзегенде тай бас білдіретін қазақтың әдеті. Мұңайтпас бас білдіруге келген балаларды шақырып, оларға бір – бір тай мінгізіп жібереді. Әкесі Лапы мұны сезсе де: «Аллаға антым бер еді, қолынан қақпаңдар» – деп жылқышыларға тапсырады. Сол Мұңайтпас он алты жасында болыстыққа таласып, жиырма жасында болыстыққа жетіп, содан соң өз еліне жиырма жылдай болыс болған.

Көп жыл болыс болған Мұңайтпас орыс шенеуніктерімен аралас – құралас болды. Болыс балаларын Петроградқа оқуға орналастырады. Әлиасқар, Әлиакбар, Жағыпар, Серәлі деген балалары Ресейдің ірі – ірі қалаларын аралап, білімді, сауаты мықты жігіттер болып өседі. 1918 жылы Кеңес өкіметінің атынан И. Гержод деген әпербақан шовинист Перовск ревкомның төрағасы болып сайланады. Ол билік басына отырғаннан бастап өзіне қарсы келген зиялы қауым өкілдері мен қазақтың бетке ұстар азаматтарына қырғидай қуғын – сүргінге ұшырата бастайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына нәрсені осы тұста айтып кеткенді жөн көріп отырмыз. Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың шәкірті, кезінде Қазақстанның Ұлттық Ғылым Академиясының президенті болған Ш. Есеновтың әкесі Жорабек осы Гержодтың тарапынан талай зұлымдықтың дәмін татқан.

И. Гержод қандай зұлым болғанын ғалым Сәтбай Дастан, «Шахмардан Есенов кім еді» /2, б.57/ атты мақаласында былай деп көрсетеді. Кеңес жағдайында Жорабектің жағдайы шиелінісе түседі, Гержодтың хатшысы болған ол азамат соғысы жылдарында қуғын – сүргіннің басы - қасында болды. Қазағы бар, орысы бар Жорабекке де талай тор құрылып, ор қазылды. Сонда да Жорабек алдырмайды, барлық айла – шарғы қиямпұрыстардан дін аман өтіп отырады. Амалы таусылған И.Гержод оны әбден байлап – матап ұстауы үшін өзінің ату жазасына кескен адамдарына да қолын қойдыртып отыратын болады. Жорабек бұл жолы да қулығын асырады.

И.Гержодтың қаһарлы «атылсын» деген бұрыштама өкімдеріне Жорабектің де не қазақ, не орыс түсінбейтін тілде жазылған «қарсымын» деген мәнде қол қойып отырады. Кейін атылғандардың ақ – қарасын ажырату басталғанда, Жорабек И.Гержодтың «атылсын» деген үкімдеріне «қарсымын» деп қол қойғанын дәлелдеп, басын жалған жаладан арашалап алады.

Осы Гержодтың зұлымдығына Мұңайтпастың 3 баласы – Сейдәлі, Әлиасқар, Әлиәбар ілінді.

Сыр елінің қадірменді ұлы - этнограф, ғалым, журналист Тынышбек Дайрабай Лапы әулетінің шежіресін былайша талдап көрсетеді /3/. Жаппас тайпасының Сумырын аталығынан Қалқаман, одан Егіз тараған. Егізден – Жаманқұл, Шаған туған. Жаманқұлдан Кішкене, одан Лапы мен Манаш өрбіген. Лапымыз осы жерден келіп шығады.

Осы Лапының немересі Серәлі алғашқы білім жолын туған ауылындағы молдадан алып, араб тілінде сауатты хат таныған. Содан соң ол Перовскідегі 3 сыныптық қалалық училищеде оқып, ерекше көзге түсіп, орыс тілін жетік меңгеріп шығады. 1889 жылы Ташкенттегі Түркістандық мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, ол алғашқы қызметін жергілікті қазақ балаларына Ташкент қаласындағы орыс тілінен репетиторлықтан бастады. Серәлінің бұдан кейінгі жүріп, өткен өмір жолдарын Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивінің қорынан кездестіруге болады /4, б.8-9/ және Қазақ Совет энциклопедиясында да біршама мәліметтер береді /5, б.183/.

1891 жылдың 2 қырқүйегінде Ташкент ерлер гимназиясының педагогикалық кеңесінде толық сынақтан өткен Серәлі Лапинға орыс тілі пәнінің жеке оқытушысы атағы берілді. 1891 жылы Санкт Петербург университетінің заң факультетін толық бітіріп шыққаннан кейін, ол тіл үйрету мен аудармашылықпен айналысады. 1892 жылдың 1 ақпаннан Серәлі Самарқанд облыстық сотында тілмәштік қызметін атқарды. Орыс шенеуніктерінің жанында әбден аудармашылыққа төселген Серәліні Самарқанд облыстық губернаторының бұйрығымен 1893 жылдың 1 ақпанынан әскери - губернатор жанындағы іс-қағаздар аудармашысы қызметіне қабылданады.

Осындай лаауазымды қызметте жүрген, елінің арасында қоғам-қайраткері ретінде танылған Серәлі Лапин еңбегі жоғары бағаланып, патша өкіметінің тұсында III Александр патшаның құрметіне шығарылған күміс медальмен, бұдан басқа да патшы өкіметі мен Бұхара хандығы тарапынан түрлі сый-құрметке ие болған. Атап айтқанда, ол бірінші жалпыресейлік санаққа қатысқаны үшін қола медальмен, Бұхара хандығының үшінші дәрежелі Алтын жұлдыз орденімен марапатталған. Ол жылына 500 рубль көлемінде жалақы алып тұрған., мұның үстіне іс-сапарларда болған үшін осы мөлшерде қосымша қаражат алуға құқылы болған /6, б.3-6/.

Міне, осындай қызметтерінің арқасында сый-құрметке бөлене жүріп, тек Орта Азия қалаларында ғана қызмет атқарумен шектелмей, Ресейдің Санкт Петербург, Москва сияқты қалаларында оқып, қызмет атқарған, түрлі іс-сапарларда болған.

1896 ж. 28 тамыздан бастап ол Түркістан өлке басқармасының бастығы Самарқанд облысы бұйрығы бойынша Керк және Бұхара Түркістан округінің әскери қолбасшысының жол көрсетушісі қызметін атқарды. Самарқанд облысының әскери губернаторы оны Ферғана және Сырдария облысына аудармашы ретінде іс-сапарға жібереді. Жоғары мәртебелі әскери ведомостваның бұйрығы бойынша 1898 жылдың 11 қазанында жақсы қызметі үшін Серәлі Лапин колледждік регистратор атағы беріледі.

Серәлі Лапин Түркістан өлкесі жоғарғы басшылығының бұйрығымен 1899 жылы, 1900 жылдары жергілікті (Түркістанның) оқушы жастарға жетекшілік жасап, оларды Ресейдің оқу орындарына апарады. Серәлі Лапин Түркістандағы билік жүйесінде ресми қызметтерінен өз еркімен 1900 жылғы № 55-і бұйрыққа сәйкес босатылады.

Ресми қызметтерде жақсы атақтар алып, үлкен құрметке ие болған Серәлі Лапин одан кейінгі кезеңдерде ағартушылық, адвокаттық жұмыстар атқарып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты /7, б.90/ .

Ол Түркістан өлкесінде қазақ мектебін ашуға араласты әрі сабақ берді. 1900-1904 жылы «Туркестанские ведомости» және «Оренбургский листок» газеттерінде қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. түрік ұлттарының атауларын танытқан мақалалар жариялап және дұрыс қолдану жөнінде мәселе көтерді. 1893-1894 жылдары Орта Азияға ғылыми мақсатпен келген академик В.В. Бартольд, Н.И. Веселовский Лапиннен түркі тілдері бойынша дәріс алды. 1905 жылы Перовскіде (Қызылорда), 1916 ж. қырғыз елі мен Жетісуда көтеріліске қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген жергілікті халық өкілдерін (қазақ, қырғыз, өзбек) ақтауға қатынасуы – Лапиннің заң қызметіндегі үлкен еңбегіне саналды.

Ол «орыс-түзем» (қазақ) сөздігін құрастырып, оны 1900-ші жылы жариялады. Ол 1913 жылы мұсылмандар қаржысына Петербургте салынуға тиісті мешіт құрылысына өзінің қомақты үлесін қосты.

Енді Серәлі Лапиннің жанұялық жағдайына тоқталайық. Серәлі Лапин Самарқанда 1893 жылдың ақпан айында татар қызы Ахмерова Зухра Нұрмұхамедқызына үйленеді. Ташкенттегі архив құжаттарын қарап отырып, мынадай мәліметке тап болдық /8/. Зухраның әке-шешесінің Самарқанд қаласында күйдірілген кірпіштен жасалған және алдында үлкен жері бар екі үйі болған екен. 1893 жылы 19 қарашада Серәлінің отбасында Рабиға атты нәресте дүниеге келеді. Одан кейін екінші қызы Райхан 1895 жылы 15 наурызда туылған, 1896 жылы 3 қазанда Мір-Әлішер атты ұлы дүниеге келеді. Сөйтіп Серәлі мен Зухра отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиелейді. Серәлінің отбасы туралы өзінің естелік кітабында Гүлнар Дулатова нақтылы мәліметтер келтірген /9, б.239-240/. Серәлінің екінші қызы Рабиға (Рябуша деп атаған), (Бірақ, Рабиға үлкен қызы болған. С.Д.) орыс гимназиясын бітірген оқыған кісі Рабиғаның күйеуі Санжар Асфендияров, жан-жақты білімді, мамандығы дәрігер, Петербург университетінің медицина факультетін бітірген, Қазақ мемлекеттік медицина институтының бірінші ректоры болған. Журналист, тарихшы, ағартушы екені жұртқа белгілі Асфендияровтың: Алия, Адалят, Диляра (Диля) атты үш қызы болған.

1937 жылы С.Асфандияров «Халық жауы» аталып, ұсталғаннан кейін Рабиғаны да тұтқындаған. Ол сегіз жыл бойына «Алжир» деп аталған лагерьде отырды. Одан шыққаннан кейін Диляра (Дилясының) қолында біраз өмір сүріп, сонда қайтыс болыпты. Әлима Жағыпарқызы Лапинаның айтуынша: «Рабиғаның қызы Әлияның күйеуі Борис еврей болыпты, - дейді Г.Дулатова, одан туған Мария (Маша) деген қызы осы кезде Израильде тұратын көрінеді. Адалят, Дилялар Ташкенде тұратын, соңғы кезде хабары жоқ », - деген еді Әлима апай.

Серәлі Лапиннің кенже қызы Рахиля Ташкенде оқып, тұрмысқа шықса керек, тиген күйеуі Виктор Иванович Логинов әйелінен кейін, осыдан он жыл бұрын Москвада қайтыс болыпты. Рахиляның сурет менің қолымда бар, «өте келбетті, сүйкімді әйел, соңында перзент қалмаған ».

Гүлнар Дулатова Серәлі Лапиннің ұлы Мір-Әлішер туралы мынадай мәліметтер келтіреді: Мир-Али-Шер (Мір-Әлішер. С.Д.) 1929 жылы Қызылордаға туыстарына келгенде түскен суретінде отызды еңсергендей көрінеді, өте сымбатты түрі бар. Мир-Али-Шердің келіншегі француз қызы Тереза… Мир-Али-Шердің өмірі Алматыда өтіпті, ол осы қалада қайтыс болыпты.

Біз оқырманға ұсынылып отырылған осы шағын мақаламызды Серәлі Лапиннің өмірі мен оның отбасы жөнінде көпшілікке жеке таныс емес мәліметтерді баяндадық. Қолда бар деректерге сүйенсек, Серәлі Мұңайтпасұлы Лапиннің күрделі де қызық тағдыр иесі болғандығын, оның өзінің туған халқының рухани өмірін дамытуға айтарлықтай үлес қосқандығын байқаймыз. Сондықтан да, оның өмірі мен сан-салалы қызметі арнайы терең әрі жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Әдебиеттер


  1. Жөкенов Б. Ақыл – ойдың кеңге жайдым құлашын. Қызылорда, 2000.

  2. Дастан С. Шахмардан Есенов кім еді? // Қазақ ордасы, 2003. № 4.

  3. Дайрабай Т. Халықтың мақтаны болған – Лапы әулеті. // Ақмешіт апталығы, -А., 2002. 6 маусым.

  4. ӨРМОАФ И-64 оп. № 1, д. 939.

  5. Қазақ совет энциклопедиясы. Т.7. -А. 1975

  6. ӨРМОАФ И-64 оп №1, д.939

  7. Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. -А., Ататек, 1995

  8. ӨРМОАФ И-64 оп №1, д.939

  9. Дулатова Г.М. Шындық шырағы. -А., 1998





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет