Kaзipгі таңда Советтер Одағында болып жатқан қилы-қилы саяси және құрылымдық



бет2/5
Дата29.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#8155
1   2   3   4   5

М. Әбсәметов: – Әңгіме Кенесарының жеке басы да туралы қозғалды ғой. Архивтен табылған бір тосын деректі осы арада келтіруді лайық көріп отырмын.

XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ Кенесары есімі жыр аңыздарға арқау бола бастады. Халық көтерілісі басшысынын, даңқы бүкіл Россияға таралумен қатар, жер аударылған поляк революционерлері мен орыс декабристері арқылы Батыс Европаға да мәшһүр болды. Сол кездегі орыс тарихшылары Кенесарыны «қазақтың Шәмілі» деп атаған. Екі қуатты мемлекет – Англия мен Франция өз бақталасы патшалық Россияның көшпелілерді бағындыруын сырттай бақылап отырды. I Петрдің «қазақ даласы – Орта Азияға кірер қақпа» деуі де сол кездегі мемлекет саясатының отаршылдық ниетінен хабар берді.

Кенесары бастаған көтерілістің даңқы француздың ұлы жазушысы Жюль Верннің назарын аударған. Ол сол кездегі газет хабарламаларына және Адольф Янушкевичтің Парижде 1861 жылы басылған күнделіктеріне сүйене отырып «Михаил Строгов» атты кітап жазады.

Жюль Верн әрдайым өз бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен езгідегі халықтарға іштей тілектестік ниетпен қараған, бұған оның француз отаршылдарына қарсы көтерілгеи Алжир халқын қолдап отыруы дәлел. Осы көтерілістің бастаушысы Әмір Әбділқадырды Адольф Янушкевич өз күнделіктерінде Кенесарыға теңестірген еді.

«Михаил Строгов» романында Кенесары қазақтың үш жүзі мен Түркістан аймағының бір бөлігін патша самодержавиесіне қарсы күреске бастаған Феодархан атымен көрінеді. Романдағы басты кейіпкерлердің бірі – саяси көзқарасы үшін патша өкіметінің тарапынан қуғынға ұшырап, жер аударылған, кейін қазақтардың отаршылдыққа қарсы күресіне дем берушісі болған орыс офицері Иван Огарев. Романдағы тағы бір кейіпкер – Шәмілді ұстауға қатысқаны үшін Георгиев кресі медалін алған, патша үкіметінін, жансызы – Михаил Строгов. Патша үкіметі өздерінің отаршыл саясатының түп ниеттерін Огарев Кенесарыға айтып қояр деп қатты сескенетін Строговтың бұнда келген мақсаты – Огаревтің көзін құрту.

Кітапта берілген мәліметтерде патша үкіметіне бағынған қазақтардың саны шамамен екі миллион, ол ұлы, орта, кіші жүз болып бөлінетіні, ішіндегі ең үлкен, әрі бай ел – Ертіс пен Ақсақал көлінің (Арал теңізі?) арасында көшіп жүрген Орта жүз екені айтылады. Жюль Верн өз романында Кенесарының әскері Балқаштан өтіп, Семей аймағын азат еткенін, Семей мен Омбы аралығындағы қазақ бекінісін қалай тартып алғанын сипаттайды.

Жюль Верннің көркем туындысын оқи отырып, жазушының ойдан шығарылмаған нақты деректерге сүйеніп отырғанын аңғару қиын емес, орыс офицері И.Огаревтің образы туралы да осыны айтуға болар еді. Тұтқында болған барон Услар Кенесарының қарауында хатшы қызметін атқарушы орыс офицерін көргенін жазады, патшаның басқа жансыздарынан түскен мәліметтерде де осындай айғақ бар. Ол, шамасы, патшаға қарсы саяси көтеріліске қатысқаны үшін Кенесары ордасы орналасқан Көкшетау өлкесіне жер аударылған декабрист М. Муравьев-Апостол болса керек.

Қорыта айтқанда, Жюль Верннің «Михаил Строгов» романы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының орнын танып білуде қосымша материал ретінде мәні бар шығарма, кейін роман арнайы зерттеу объектісіне айналар деп ойлаймын.



Т. Жұртбаев: – Марат, сенің бұл деректерің шынында да тосын жаңалық екен. Ал енді мына жайға назар аударыңыздаршы. «Қаһар» романында да, «Хан Кене» пьесасында да Кенесарының жеке тұлғасы барынша толық бейнеленгенімен де, егер көркем шығарманың айтар идеясын тарихи тұрғыдан бағаласақ, ортақ мегзеуді аңғарамыз. Екі шығарма да көтерілістің алғашқы кезеңін прогрессивті тұрғыдан суреттейді де, соңғы жағында басты кейіпкердің бейнесін бұлдырлатып, оның мінезіндегі кемшіліктері көтерілістің жеңілуіне әкеліп соқты деген емеурін танытады. Мұндай тұжырымның жасалуы тегін емес. Өйткені, тарихшылардың берген бағасы бойынша, Кенесары көтерілісінің екінші жартысы «реакциялық сыпатта дамыған». Сонда, марксизм-ленинизм ілімінің Африкадағы, не Америкадағы отаршылдыққа қарсы күресті барынша қолдап, ал Россиядағы ұлттың қозғалыстарды жоққа шығаратыны қалай. Манаш аға, сіз мұны қалай түсіндіресіз?

М.Қозыбаев: – Ең алдымен, басын ашып алатын мәселе – ол проблемаға методологиялық көзқарас туралы болса керек. Сөз жоқ, ол марксизм-ленинизмнің ұлт-азаттық қозғалысы туралы ілімі. Ал кешегі сталинизм дәуірінде бұл ілімнің принциптері екіге бөлінді. Африка, Азия, Латын Америкасы елдеріндегі ұлт-азаттық қозғалысқа біз методологиялық принциптерді қолданып келдік. Отаршылдықты жағымыз талғанша сынадық, мінедік. Аз ұлттардың, езілген елдің, мүддесін қолдадық. Ал Россия тарихына келгенде, біз марксизм-ленинизм қағидаларын бұрмалап, сталинизмнің зорлық-зомбылықты ақтауға бағытталған көзқарасын басшылыққа алдық. 1944 жылы ВКП/б Орталық Комитетінде Қазақ ССР тарихын талқылаған кезде ССРО ҒА корреспондент-мүшесі А.В.Ефимов (1896-1971) сталиндік «отарлау теориясын» негіздеп, былай деген-ді:

1. История колонии не должна отрываться от России и других колоний.

2. Колонизация – факт объективно прогрессивный.

3. Она сопровождается проявлениями насилия, поэтому не следует обелять колонизаторов.

4. Борьба масс против этих насильственных действий колонизаторов прогрессивна.

5. Но не следует идеализировать вожаков национально-освободительных движений; (Қараңыз: Вопросы истории, 1989, № 11, с. 67)

ССРО ҒА академигі, қазақ халқының жанашыр досы А, М. Панкратова бұл көзқарасты ұлт-азаттық мәселесіндегі ревизионистік программа деп бағалады, Аз халықтарды «тарихи халық емес», олардың отарлықтан тыс тарихы болуы мүмкін емес, аз халықтардың күшті халықтарға қосылуы объективті-прогресшіл факт, ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерін дәріптемеңіздер, аз халықтардың азаттық үшін, езуге қарсы күрес барысында қаһармандық, жауынгерлік дәстүрлері қалыптасуын мойындамаңдар – деген сияқты ашықтан-ашық отаршыл бағытқа орыс халқының атақты ғалымдары: акад. Б.Д.Греков, Н.С.Державин, В.Нечкина, ССРО-ға корреспондент-мүшесі С.В.Бахрушин қарсы шықты.

Т.Жұртбаев: – Егер соңғы жүз елу жылдың ішінде Кенесары көтерілісі туралы айтылған қарама-қайшы пікірлердің барлығын тізетін болсақ, соның өзінен пікір таласына құрылған көлемді жинақ кұрастырып шығуға болар еді. Жаңағы Манаш аға айтқан тарихшылардың екі тобының арасындағы таласты былай қойғанда, тек совет ғалымдарының өзінің пікірлерінің бір арнада түйісе бермейтінін байқаймыз. Тіпті, мемлекет қайраткерлерінің өзі де біресе мақтап, біресе даттап, екі-ұшты пікір қалыптастырды. Мысалы: Ұлы Отан соғысы кезінде газеттердегі ерлікке шақырған ұранның орнына Кенесарының атын жазды. Сол кездегі республика басшыларының бірі: «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысының революциялық та, прогрестік те болмағанын көрсетеді. Бұл қазақ халқын кері тартқан, патриархальдық негіздерді нығайтуға, орта ғасырлық хандықты орнатуға, Қазақстанды Россиядан және ұлы орыс халқынан бөлектеуге тырысқан реакциялық қозғалыс болды» – деп сынай келіп, «соғыс жылдарында мен майдандағы жауынгерлерге: «Ер жүрек ата-бабаларың Кенесарының аруағы қолдасын!»,– деп ұран тастап едім. Оным қате екен» – деп жұрттан кешірім сұрағаны бар, Кенесарыны «буржуазиялық ағылшын мемлекетінің шпионы» етіп көрсеткен мақалалар тіпті көп. Сонда қайсысына сенеміз? Тарихшылар бүгінгі күні қандай жаңа көзқарасты ұстанып отыр? Кенесары көтерілісінің шығу себептерін қалай түсіндіресіздер?

Мен сіздердің пікірлеріңізге арқау болу үшін, бұл туралы жазған Кенесарының өз хатынан үзінді келтіре кетейін. Ол Орынбор шекаралық комиссиясының председателі генерал-майор Генске жолданған.

«1825 жылы Есіл-Құраны жайлап жүрген уақытта еш нәрсені ойлағамыз жоқ еді. Ол кезде ұлы ер туған марқұм атамыз Абылай ханның шапағатымен тыныш һәм атамыздың ұлы Русия патшасына берген антына адал боп, көшіп жүріп жатқанымызда, Қарқаралының сұлтаны Жамантай Бөкейұғлы бір ауыл болып еш кінәсіз отырған бізге үстімізден дұшпандық көрсетіп, дуанбасы Иван Семенович Карбышев оязды үш жүз орыс, бір жүз қазақ әскерімен ертіп келді. Иван Семенович бас болып, қаракесек руының қазағы Яапалак бастап келіп, сұлтан Саржан Қасымұғлының өз ауылын және Алтай, Тоқа, Темеш ауылын шапты. Қан қылып, алпыс төрт кісіні өлтірді. Қанша мал алып кетті сабап. Мен әзер басымды сауғалап қашып құтылдым. 1827 жылы Көкшетаудан екі жүз орысты (әскерді деген мағынада – Т.Ж.) бастаған майор (аты-жөні толық ажыратылмады – Т.Ж.) Әлике, Шұбыртпалы елін шапты. Терісаққанда елу сегіз кісіні өлтіріп кетті. Алған малында қисап жоқ. 1830 жылы жүз орысты бастап бір сотник пен Қоңырқұлжа сұлтан Құдаймендіұғлы Шыңғыс төрені жіберіп алдап шақырып алып, Қарағаш (аудармасында Қараөткел – Т.Ж.) деген жерде жүз жиырма кісіні өлтірді. Біз әзер қашып құтылдық-дүр. 1831 жылы Көкшетаудан бес жүз орыс, бастығы подполковник Алексей Максимов (боп) Саржан сұлтанның ауылын, Алтай-Тоқаны, Қаракесек пен Жағалбайлыны шапты. Төрт жүз елу кісіні өлтіріп, Саржан сұлтанның бір баласын алып кетті. Алған малдары Табын-Сарысу бойыныкі еді. 1832 жылы Көкшетаудан екі жүз елу орыспен келген Кулаков Петр Николаевич деген сұлтандар Есенкелді, Күшік Қасым оғландарын тонап, үйсіндерді, төре Жанайдарды шапты. Торғайдың құмы ішінде алпыс кісіні өлтіріп кетті.

Ақырысында, шыдамай өз басымызды қорғадық. Ешбір патша ағзам мезретлеріне кінә қылған ісіміз жоқ еді. Бізді мұндай сорлы қылғанда бір адам еш көмек қылмады деп Қаратауға көштік. Біраз жыл тұрып Қаратаудан қайтып келгенімізде көргеніміз:

1836 жылы Ақтаудан төрт жүз орыс (әскер) аттанып, тентек майор бастап келіп шапты. Алшын, жағалбайлы, тоқа және найман елінің қысты күні Білеуті, Сарысуда екі жүз елу адамын өлтіріп кетті. 1837 жылы Көкшетау дуанынан Иван Семенович Карбышев төрт жүз әскер әкелді. Алшын, алтай, қалқаман мен төрткөл елін шапты. 350 адамды өлтірді, ішінде Жаманқара би бар...»

Бұл хат 1841 жылы жазылған. Ал енді Кенесарының патшаға қарсы көтеріліске шығуының басты себептері өзі айтқан жоғарыдағы жайлармен ғана шектеле ме? Әлде бұдан басқа, тамыры тереңде жатқан алғы шарттары бар ма? «Қаһар» романында оның барлығы толық ашылмайды. Оқиға кейіпкердің психологиялық шегіністеріне құрылғандықтан, нақты деректер келтірілмейді. Ол көркем шығарманың міндеті де емес. Ал тарихшылар мұны қалай түсіндіреді? 1822 жылғы «Жаңа низам» уставы – қазақ даласын отарлаудың жойқын жоспары емес пе?



Ж.Қасымбаев: – Сонымен, көтерілістің басты себептері, романда тарихи шындыққа сай көрсетілген бе дейсіз ғой? Кітаппен таныс оқырман жазушының сол кезеңнің даму барысын көрсететін түрлі мазмүнды деректермен дәйекті еңбек еткендігін аңғарады. Есенберлиннің көрсеткеніндей, кетерілістің басты себебі – патша үкіметінің отаршыл саясаты қазақ халқының ғасырлар бойы көшіп-қонған атамекендерін қазақ әскеріне, жыпырлап салына бастаған бекіністердің тұрғындарына тартып алып беруі, 1822 жылғы Уставқа сәйкес округтардың құрылуы. Романда Азнабайұлы Сейтеннің Шомбал Қара Ожармен диалогінде сол әкімшілік-басқару, сот ережесінің қозғалысқа басты түрткі болғандығы байқалады. «Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның жылқы жылғы устабынан басталған жоқ па?» (9-бет).

Көпшілік оқырмандар 1822 жылғы Россияның сол кездегі либералды-буржуазиялық бағыт ұстаған қайраткері М.М.Сперанскийдің қолдауымен, тікелей қатысуымен бекітілген Уставты біле бермейтіні байқалып жүр. Ғылыми таластар мен жекелеген жиындарда осы Устав жөнінде әр түрлі сауалдар қойылуы бұған бір себеп. Кейінгі кездерге дейін осы Уставты қазақ даласына әкелген патша ағзамның бір жақсылығы деп келмедік пе? Әрине, бұл өзгерістерді басқаша да бағалауға болар еді. 1824 жылы құрылған Кекшетау, Қарқаралы, Құсмұрын; 1826 жылу Баян-Ауыл, 1831 жылы Аягөз (кейіннен Сергиополь), 1831 жылы Ақмола, 1833 жылы Үш-бұлақ, 1834 жылы Аман Қарағай жөне XIX ғасырдың 40-шы жылдары орта жүз бен Жетісу өңірінде құрылған округтар екі жақты роль атқарды: қазақ рулары арасындағы барымта, ру таластарының толастауына себепші болды, сонымен қатар, дәстүрлі, ғасырлар бойына көшіп жүрген қазақтардың жерінде отарлаудың тірегі – бекіністер салуына жол ашты. Бұл жағынан алғанда, роман тарихи шындықтан, негізінде, ауытқымайды. Уставтың көтеріліске түрткі болғандығын архив мәліметтері, соның ішінде, Кенесары Қасымовтың 1839 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков пен Николай патшаға жазған, қолын қойып, мөрін басқан хаттарынан байқауға болады. «Дөңгелек стол» басында отырып бірнеше беттен тұратын хаттардың толық мазмұнын келтірудің қажеттілігі жоқ қой деймін. Алайда, сол Уставтың қазақтарға қырсық боп тигенін көрсетпеу, бізді шындықтан алыстатар еді. Патшаға арналған хатында сұлтан өзін «бүрынғы бүкіл қырғыз (қазақ – Ж.Қ.) ордасының билеушісі (владелец) Абылай ханның ұрпағы (потомок) Кенесары Қасымовтан», екіншісінде «Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан» деп көрсеткен. Екі хат та көшірме, алайда, тілмаш-хатшының қолы бар. Мәселенің бетін ашу үшін біраз үзінділер келтірсек: «... сіздің (патшаның – Ж.Қ.) ата-бабаларыңыздың билеуімен бізде, менің атам Абылай заманында халық тыныштық пен жайбарақаттықта өмір сүрдік... кейін жағдай өзгерді. Бұрынғы бейбіт келісімді (трактат) бұзған сіздің ұсақ билеушілеріңіз барлық қырғыз (қазақ – Ж.Қ.) халқын Россияның билігін мойындаған деп қарайды. Марқұм атам Абылайдың жерінде сегіз дуан (округ – Ж.Қ.) құрды, ұлы патша ағзамнан сол сегіз дуанды жойып, халықтың бұрынғы жағдайын қалпына келтіруін сұрауды өзіме мәртебе санаймын...» (Қазақ ССР Мемл. архиві. 374-қор, 1-тіркеу, 25-іс, 14-парақ.) Князь Горчаковқа жазылған хатта Ақтау бекінісін, Ақмола дуанын, қалған басқа жайларды (все прочие заведения) құртуды талап етті. Біз жүздеген деректің арасынан сұлтанның қолымен жазылған осы екі хаттан үзінді келтіре отырып, I.Есенберлиннің романында көтерілістің басты себебі анық сипатталған деп қорытынды жасағымыз келеді.

Кез келген құбылыстың себебі мен салдары, яғни басы мен аяғы бір-бірімен байланысты болып келеді. Әрине, тарихи романистің көтерілістің басты себебін көркем сөзбен нақты негіздегені де жеткілікті ғой. Алайда, көрнекті жазушымыздың тамаша шығармасының беттерін ақтарғанда, көлеңкеде қалған бір мәселе – басқа да көшпелі халықтың иығына қара тастай зіл салмақ болып түскен, патша чиновниктерінің алым-салық саясаты. «Біздің халқымызға шектен асқан бақытсыздық (для нашего народа крайне прискорбно) келтірген салық жинау...» (Қаз ССР. МОА, 374-қор, 1-т., 25-іс, 14-парақ) Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатында «... бізге ылғи да қысым көрсетесіз, баж салығын аласыз. Біз бәріне наразымыз. Салықтан бас көтере алмай жатып, сізге бағынышты болу тіпті мүмкін емес... (и с налогом жить нам введении Вашем никак невозможно)... (Бұл да сонда, 15-қор).

Ғ.Ахмедов : – Жанұзақ бауырым, осы арада мен сенің ойыңды одан әрі дамытқым келіп отыр. Өзің айтып кеткендей, Русия патшалығының қазақ елін отарлау саясатына қарсы бас көтерген қозғалыстардың ішінде, ең ірілерінің бірі Кенесары қозғалысы. Оның шығу себебін Кенесарының Орынбор губернаторына жазған мына хатынан көруге болады: «Ұлы патшамыздың әкесі «Ақ патша» марқұм (Павелды айтады) атамыз Абылай марқұмға зор кеңшілік жасап: «әркім өз жеріне өзі ие; орыс пен қазақ арасында сауда ашылып, керуен жүрсін, әркім өз кәсібімен шұғылдансын» – деп уағда берген еді, сөйтіп біраз жыл патша ағзамның қанатының астында тыныш тұрған еді... Қазіргі патша ағзамның тұсында атамыз Абылайдан бізге мирас болып қалған Есіл, Нұра, Ұлытау, Қарқаралы, Қарындық (Қазылық?), Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қаят, Тұрзақ (Тоқызақ?) ту сонау Оралға дейінгі жерлердің бәріне бекініс салынды. Бұрынғы патшалардың біздің жерімізді алайын десе – өлшеуге арқаны, бекініс салайын – десе ағашы, зорлық қылайын десе – күші жетпеді дейсіз бе? Күші де, мүмкіншілігі де бар еді, бірақ олар әділетті болды!» (орысшадан аударылды).

Бұл хаттан Кенесарының Русия патшасы істеген зорлық-зомбылықтарға шыдай алмай, қарсылық көрсете бастағаны айқын сезіледі. Бұл – табиғи құбылыс. Қай заманда да, қай халық та өз жерлерін басып алып зорлық жасаған шет ел басқыншыларына қарсы күреске шыққан. Ең жабайы деген халықтар да, мысалы, Африка, Америка, Австралия және басқа да жерлердегі оқ-дәріні білмейтін момын халықтар мылтық, зеңбірекпен келген Европа басқыншыларына садақ, найза жұмсап, әлдері келгенше қарсылық еткен. Сол сияқты, қазақ елінің бас көтерген азаматтары да қол жинап, шамалары келгенше әрекет жасап баққан. Сондықтан патша өкіметінің қазақ жерін отарлаған кезіндегі екі ел арасындағы қарым-қатынасты сол заманның санасымен сараптап қарау керек.

Патша өкіметі өткен ғасырда өзіне қаратып алған қазақ жерін екіге бөліп, шығыс жағын Батыс Сібір губернаторы, батыс жағын Орынбор губернаторы басқарған, Бұл екіге бөлінген елді басқару жүйесі де екі түрлі болған. Бір кездерде осы екі жүйені бір ізге салып, біріктіру жайында сөз қозғалғанда «Весть» газеті: қазақтардың екі түрлі жүйемен басқарылғанының өзі жақсы, олардың бастарын біріктірмеу керек деп жазды (№ 114, 1869). Бұл да отарлау әдісінің бір түрі еді.

Кенесары әуелі Батыс Сібір губернаторының қарамағындағы жерде болғанымен, патшаның нағыз қатал отаршыл ұлығы князь Горчаков күн көрсетпегендіктен, Орынбор губернаторына қарайтын жерлерге көшіп, сол жақта әрекет жасағаны белгілі. Сібір губернаторының қол астында тұрғанда, әсіресе «Тентек майор» деген біреу-ақ елдің діңкесіне тисе керек. Бір жолы Саржанның екі жасар баласын да алып кетіпті. Осындай зорлықтар туралы «Вестник Европы» журналының 1870 жылғы IV томында Н.Середа деген кісі былай деп жазады: «Конечно, «тентяк майоры» бывали рады подобным командировкам, в которых видели свою выгоду, и во время поисков в степи, производимых сибирскими отрядами, бывали случаи беспричинных разорений ими мирных аулов, по одному подозрению в сочувствии их мятежникам. Но главную статью доходов отрядных начальников составлял захват малолетних из киргизских семейств, которых потом они продавали в рабство, где они находились до известного возраста».

Шынында да архивтерде қазақ балаларының құлдыққа сатылғаны жайында материалдар кездесіп отырады. Мысалы, Шекара комиссиясының архивінен «Дело об освобождении от рабства крещенной киргизки Ивановой М.» деген істі кездестіргенім бар. (фонд 4, оп.І, д. 4201) Шоқындырылған, орысша аты Мария, қазақша аты белгісіз сол қыз 28 жасқа келгенше Орынборда войсковой старшина Овчинников дегеннің үйінде күң болып жүріпті. Азат етілгеннен кейін «посколько она числилась как крепостная, по ее желанию ее определили в число государственных крестьян Челябинского уезда, Куртамышеской волости село Долговскому» – дейді материалда, Міне, осы сияқты зорлық-зомбылықты көрген елдің бәріне көніп, үнсіз отыра беруі мүмкін емес қой.

Т.Жұртбаев: – Ғалеке! Қазақ әйелдерін шоқындырып, күңге айналдыру фактісі жалғыз бұл емес. Мен сол кездегі архивтерді кездестірдім. Оларға дербес жасалған тізім де бар екен. Мұның барлығы патшаның оқу министрі Сперанскийдің әйгілі «Низам» жоспарының «жемісі» ғой. Бұл нұсқау 1902 жылы Абайдың да қолына түскен. Онда Сперанский жасаған шоқындыру саясатының тексі берілген. Оның жай-жапсарына Жанұзақ аға тоқталып өтті. Дегенмен де, сөзіміз дәлелді болуы үшін сол деректің өзін ала келіп ем. Оқып берейін,

«Мұхаммедтің үмбетіндегі мұсылмандардың арасына Ғайсанын, православиелік дінін таратудың жолдарын қарастыру туралы 1891 жылы сентябрь айында Архирей бөлімі арқылы Аса мәртебелі жарлық шығып еді. Соған орай, 1902 жылы 22 мартта Қүпия Кеңесші: «Патша ағзамның қарауындағы халықтың барлығын бір дінге тарту мәселелері нүсқаудағы көрсетілгеніндей бірте-бірте, сондай сақтықпен, у-шусыз, күштемей және мәжбүр етпей, ақыл-айламен, олар өз еркімен, өз өтініштерімен православие дінін қабылдап отыр дегенге өздерін де, өзгелерді де иландырып бағу керек. Мұндай әдіс-айланы жүзеге асыру үшін белгілі жоспар мен қағида жасау керек» – деп бұйрық берді. Қүпия кеңесші арнайы журнал ашты, онда (бұл Сперанскийдің жоспарының тексі):

Ауылдарда, старшындарда «ауыл мектебі» деген бүркеншік атпен мектептер ұйымдастырып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашында қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мүғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс оқуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді тапсырып, қазақ әрпін қандай жағдайда болмасын қолданбайтындай, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек, бірақ оны заң ретінде қолданбау керек. Содан кейін мынадай тәсілге көшу ұсынылады: барлық мектептердің мүғалімдерінен «мұғалім» деген инспектордың арнайы бекіткен куәлігін талап ету керек. Ал инспекторларға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын ала тапсырылып қойылуы тиіс, Ал куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшынына жүктелуі тиіс. Поптарға белгілі адамдардан ғана мүғалім сайлансын. Содан кейін ретіне қарай сылтау тауып: «старшындар өзінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы-мынаны бүлдірді-міс, халық санының өсуі кеміп кетті-міс деген, тағы басқа да молдалар туралы жалған лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамдарға тапсыру керек.

Өлген қазақтарды жерлеуге поп басшылық етуі тиіс, ал қазақтар өлген адамдары туралы міндетті түрде оларға хабар беруі керек, тек поп рүқсат бергеннен кейін ғана үш күннен соң жерленуі тиіс. «Өлген адамның жаны әлі шыққан жоқ, тірі адамды көмуге болмайды, ол о дүниеде жұмаққа бармайды-мыс» – деген сылтау айту керек, Және бұл жаңа тәртіптің енгізілуі қазақтарға: «қазақтар кісі өлімі туралы ылғи да өтірік ақпар береді, ал мәйітті тексеріп қарағанда, қашан өліктің тәні босағанша оны анықтау мүмкін емес. Ал қазақтардың арасындағы қырқылжыңдарды реттеу үшін поптың қатысуы міндетті» – деп түсіндірілсін,

Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау: ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстануға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз жөне орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы (шешуші) Заң шығарылуы тиіс, сол арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп-бөліп тастап, оларды крестьяндарға айналдырамыз. Бұдан соң іле-шала қазақтардың атынан өз іштеріне уағызшы жіберу туралы арыз ұйымдастырып, шешім шығарылады. Уағызшы түпкі мақсатқа жету үшін қазақтардың барлық талаптарын орындайды, әр нөрсеге көмектеседі, күш-көлік береді, қазақтардың қол беріп сәлемдескендеріне қымбатты сыйлықтар ұсынады, сөйтіп өз дініне ыңғайлауы тиіс. Сөйте түрып, қазақтардың дінін ешкім де шеттетпейтінін барлық жерге тарата жүруі тиіс. Уағызшылар: «қазақтардың бір-бірімен тату-тәтті тұруын қалаймыз, ешкімге қастандық жасалмауын тілейміз, уағыз бойынша өмір сүріңдер» – деп, олардың етін үйрете береді, қазақтарды тыныштандырады. Содан соң Мәртебелі Ағзамның атына: «уағызшыны қазақтардың өздері сұратты, оған миллиондаған сом қаржы жұмсалды, қазақтардың өздері мұны қалап отыр. Соның барлығын істегенімізге қарамастан, қазақтар үкіметті алдап кетті, сол үшін жазаға тартылуы тиіс» – деп өтініш білдіреді. Жоғарғы Мәртебелі Ағзам қазақтарды жазалауға келісімін береді. Қазақтарды жазалауға бөлінген әскерді алысымен, кресті алдына ұстап барлық қазақтарды шоқындырып, православие дінін қабылдаттырады. Ал бұл жарлыққа көнгісі келмегендер өлтіріледі. Қазақтар:«...бізді күзетіп тұрмайды, сандыққа сап тығып қоймайды» – деген мәмілемен өзін-өзі жұбатып, православие дініне кіреді. Бірақ кейін алдап, крестерді тығып тастап, мұсылмандық дәстүрін ұстап қала береді. Сол кезде ауылдарға шіркеу, мінәжатқана салдыруға болады. Онда күн сайын кресті ұстап соған барады, сонда ғана татарлар мен сарттардың әр түрлі теріс ықпалынан арылуы мүмкін... Крестьяндар басқармасы бұған бақылау жасап, жеткізіп отыруы тиіс. Істі осылай сенімді түрде жолға қойып алған соң, миссионерлерді жібере бастайды. Олар: «қазақтардың сенген діні дұрыс емес, Ғайсаның үмметі атынан келіп отырмын. Барлық бағыныштылар мемлекетті билеген патша қай дінге сенсе – сол дінді қабылдауы тиіс» – деп уағыздайды... Енді бұдан кейін Патша Ағзам: «Ислам дінін қабылдап, муфтиге бағынып келген менің бодандығымдағы қазақтарым оларға мойынсұнбайтынын білдірді, сондықтан да... муфтиге бағыну туралы Заң Ережесінің 97-ші және 98-статьясына сәйкес күшін жояды» – деп мәлімдейді».

Міне, Сперанскийдің шоқындыру саясатының дамытылған жобасы осындай. Қазақ даласына алғашқы бекіністер салынғанда отарлаушылар бұл жобаны бірден жүзеге асыруға тырысқан. Бірақ Кенесары мен басқа да батырлар бастаған көтерілістен сескеніп, ол ойларынан қайтқан. Дінге енгізу науқаны саябырсығанымен, ол міндет ұмытылмаған. Ақыры кеп Абайдың алдынан шықты ғой. Менің ойымша, сол тұстағы әр жерден бұрқ етіп шыға берген қарсылықтар қазақ халқын көпе-көрнеу зорлықтан сақтады. Әйтпесе, солтүстік ұлыстарының кебін біз де кешуіміз әбден мүмкін еді.

Бұған қарағанда, Кенесары көтерілісінің шығу себебі – тек жер, дербес хандық құру мәселесіне ғана тіреліп жатқан жоқ, сонымен қатар, рухани мүддеден де туып отырғаны көрінеді. Дегенмен, тарихи деректердің жүлгесіне жүгінсек, 1839 – 1840 жылдары империя мен көтерілісшілердің арасында мәмілеге келу мүмкіндігі болғаны байқалады. Бұған көп күш шығарған адамдар – Орынбордың генерал-губернаторы Перовский мен Шекаралық комиссияның бастығы Генс. Осы дүбара шақтағы көтерілістің дамуы «Қаһар» романында барынша кең көрсетілген. Көркемдік шындық пен тарихи шындыңқың астасып жатқаны қуанышты. Бірақ Ілияс Есенберлин негізгі желіні Кенесарының жеке басының тағдырына бейімдей құрғандықтан да, осынау бір бітім сәулесі түскен тұсқа онша мән бермейді. Көркем шығарма үшін бұл түсінікті де. Өйткені, жаңа сюжеттер мен кейіпкерлер керек. Және ол бітімнің түбінде жүзеге аспайтынын білген соң тәптіштеудің де керегі шамалы еді. Бірақ тарихшы үшін бұл өте маңызды мәселе емес пе? Екіншіден, романда патша аскерлерінің жазалау жорықтары, Кенесарының оған қарсы қарымта қайырған шабуылдары жане қазақ арасында Қоңырқұлжа сияқты шонжарлардың сатқындықтары қамтылады. Осы қақтығыстарды қалай бағалауға болады? Ол тек Кенесарының «қарақшылығының» айғағы ма? Үшіншіден, патшаға қарсы көтеріліс тек бір аймақты ғана қамтыған жоқ, бүкіл қазақ даласын шарпыды. Жоламан, Исатай Махамбет, Есет, Бекет, Жанқожа ереуілге шықты. Ал енді осылардың басы неге қосылмады? Ілияс Есенберлин олардың жеке-жеке қимылдауларын өзара билік бәсекесінен туды деп есептейді, рушылдықтың кесірінен көреді. Бұл шындық па?




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет