Допинг
Допинг (ағылш. dope — есіртке; ағылш. doping — есіртке беру) — кейінгі жылдары спортқа кенедей жабысып, оның ажырамас бөлігіне айналып барады.
Спортшылар медаль, атақ, жеңіс, рекорд, ақша үшін белді бекем буып, допинг қолданып, денсаулықтарына зиян келетіндігіне да көңіл аударар емес. Бұл әрі жылдан-жылға қарқынды түрде өріс алып, спорт әлемін кеулеп барады. Допингке деген сұраныстың шектен тыс артуын қалт жібермей, оны үлкен бизнеске айналдырып отырған әккілер де баршылық. Интерпол деректері бойынша, дәл қазір допинг (тыйым салынған препараттар) айналымы наркотик айналымынан да асып түсуде.
Осыған орай осы кеселмен күресу үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған. Содан бері спортты химия мен зұлымдықтан тазартып, спорттық жоғары жетістіктерге тек әділетті жолмен қол жеткізуді қалайтын, көксейтін қызу күрес жүргізіліп келеді.
Бір қызығы, допинг қолданғандардың арасында медицина мен химияны аса жақсы білмейтіндіктен, опық жеп жүргендері де баршылық. Мысалы, кейбір спортшылар ауырып-сырқаттанып немесе жарақаттанып қалған кезде тезірек емделу үшін дәрі-дәрмектер қолданады. Осындайда оның құрамында тыйым салынған препараттар да бар екенін білмей, жаза басып, жазықты болып жүргендер де бар.
Бүгінде допинг қолданғандары әшкере болып, жазаларын тартып жатқан, тіпті жеңіп алған медальдарынан айырылып жатқан спортшылар көп-ақ. Бұл тұрғыда, Америка сияқты өркениетті елдердің спортшыларының өздері аяусыз жазаға тартылуда.
Қазақстанда
Өкінішке қарай, Қазақстан спортшыларының ішінде де допинг қолданғандықтан, спорттан аластатылғандары баршылық. Бұл тұрғыда қазақ ауыратлеттерінің, жеңілатлеттерінің, шаңғышыларының және конькишілерінің бастарынан өткен жағдайды айтуға болар еді. 90-шы жылдары бұрын әйгілі жеңілатлет әйел Ольга Шишигинаға «допинг қолданған» деп айып тағылып, Жетісудың қырмызы қызғалдағы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына қатыса алмады. Бірақ 2000 жылы Сиднейде Олимпиада чемпионы болып, өзінің нағыз аузымен құс тістеген дүлдүл екендігін дәлелдеп шықты. Ал 2007 жылы Қазақстан велоспортының серкелері Александр Винокуров пен Андрей Кашечкинге де «допинг қолданған» деген айып тағылды. Дәл қазір екеуі де өздерінің адал екендіктерін дәлелдеуге тырысуда. Бұл жерде жағдай мүлдем басқаша, себебі екеуінің басына түскен істе саясат басымырақ. Қазақтың нуы мен суынан нәр алып, ұлттық компанияларының қаржысынан жаралған команданың қамшының сабындай қысқа уақыт ішіндегі жетістіктері мен амбициясы шетелдіктердің (Халықаралық велоспорт басшыларының) қытығына тиген тәрізді.
Достарыңызбен бөлісу: |