кіріспе дәріс 1 Тақырыбы: АГРОХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ Мақсаты: Студенттерді толығымен агрохимия жайлы таныстыру.
Міндеті: Агрономия саласында тыңайтқыштардың маңызы зор екендігін түсіндіру.
Түйінді сөздер: Тыңайтқыштар
Дәріс жоспары: 1. Агрохимия биологиялық және химиялық ілім болып саналады.
2. Агрохимия ғылымының қалыптасуы мен даму тарихы КІРІСПЕ
1. Агрохимия өсімдіктің, топырақтың және тыңайтқыштардың өзара қатынасын, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттырып, сапасын жақсарту үшін, топырақ құнарлылығын ұдайы жоғарылатуды зерттейтін ғылым. Агрохимия биологиялық және химиялық ілім болып саналады. Өсімдік шаруашылығын дамытуда және жетілдіруде, тыңайтқыш қолдану ең тиімді әдістің бірі болып есептелетіндіктен, агрохимияның агрономия ілімдерінің ішіндегі алатын орны ерекше. Агрономиялық химияның мақсаты - өсімдіктің қоректенуіне қолайлы жағдай жасау, тыңайтқыштардың жеке түрлері мен формаларының топырақпен әрекеттесуін зерттеу және оларды қолданудың тиімді әдістерін анықтау.
Агрохимия ілімі егіншілікті химияландырудың ғылыми негізі болып саналады. Өйткені мұнда, ауылшаруашылығында тыңайтқыштарды қолданудың мерзімі, мөлшері, әдістері сияқты мәселелер жан-жақты қарастырылады.
Орыстың ұлы ғалымы, академик Д.Н.Прянишников, тыңайтқышты тиімді қолдану топырақ химиясымен, өсімдіктер физиологиясымен тығыз байланыстыру арқасында ғана мүмкін болатындығын көрсетті. Ол сонымен қатар өсімдік, топырақ, тыңайтқыштар арасындағы өзара әсерін зерттеуде климат және тағы басқа факторлардың да тигізетін әсерін ескерту қажет деген.
Д.Н.Прянишников осы объектілер арасындағы өзара байланысты қарапайым үшбұрыш түрінде өрнектеді (1-сурет).
Агрохимияда теориялық, практикалық мәселелерді шешу үшін әр түрлі зерттеу тәсілдері қолданылады:
• Биологиялық тәсілдер. Бұған тыңайтқыштармен жүргізілетін егістік, вегетациялық тәжірибелер мен лизиметриялық зерттеулер жатады. Биологиялық тәсілдермен өсімдіктің қоректенуіне жеке элементтердің рөлін, мөлшерін, қоректік заттарды сіңіру механизмі сияқты мәселелер зерттеледі.
• Лабораториялық тәсілдер арқылы өсімдікке, топыраққа және тыңайтқыштарға сандық, сапалық талдаулар жасалады.
• Математикалық тәсілдерге тәжірибелер нәтижелерін статистикалық өңдеу және процестерді математикалық жолмен модельдеу жатады.
• Биофизикалық және микробиологиялық тәсілдер. өсімдік
1-сурет. Д.Н.Прянишников үшбұрышы.
Агрохимия өсімдіктер физиологиясы, топырақтану, биохимия, микробиология, егіншіліктану, өсімдік шаруашылығы, агрометеорология, химия, физика, математика, биология ғылымдарымен тығыз байланысты.
Агрохимия ғылымының жетістіктерін талдай отырып, қазіргі кезеңде оның алдында шешуді қажет ететін мынадай басты міндеттер анықталды:
• Өсімдіктің қоректенуі мен оның өсу кезеңдерінде жүретін органикалық және минералдық заттардың алмасу құбылысын зерттеу. Физиологиялық-биохимиялық процестерді, қоректік элементтердің рөлін тереңірек талдау. Сөйтіп өсімдіктің қоректенуінің минералдық теориясын жетілдіру.
• Егіншілікте қоректік заттардың айналымы мен балансын зерттеу.
• Тыңайтқыш қолдануға байланысты топырақтың қасиеті мен құнарлылығының өзгеруін зерттеу. Топырақ құнарлылығын арттыру жолдарын белгілеу.
• Өсірілетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес әрбір аймақ топырағының ғылыми тұрғыдан айқындалған, қоректік элементтердің жылжымалы түрлерімен қамтамасыз етілуі деңгейін жасау.
• Тыңайтқыштың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін төмендету жолдарын іздестіру.
• Өсімдік өнімінің сандық және сапалық көрсеткіштерінің мөлшерін қалыптастыру.
• Топырақ пен өсімдік құрамындағы макро-микроэлементтер мөлшерінің шекті деңгейін белгілеу.