Жаңа заман «Қыз ұзатуы»
Бүгінгі қыз ұзатудың жөні мүлдем бөлек екен. Мен өзім зерттеулерімде аңғардым. Әрине, ескі салттың қалдықтары бар, бірақ заманның ағымына қарай көптеген салт-дәстүрлер ұмыт болып, жаңа дәстүрлер енген. Мысалы, қызды үйден шығарып саларда төселетін тазалықты, адалдықты білдіретін ақ мата «Ақ жол» үстіне кейінгі кездері раушан гүлінің гүлжапырақшаларын шашу пайда болды.
Ол жайында кезінде этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлы: «...Қазақтың әрі-бері тарихында көкті жұлғанды кім көрді? Және сол жұлып-жұлмаланған «тірі организмді» ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына төсеу деген не сұмдық?Гүлді шашқанды қою керек. Қазақта «көктей солған» деген сөз тіркесі бар. Ырым жаман ғой», деп айтып кеткендігін білеміз.
Алайда, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Сонымен қатар қызды күйеудің қолына әкесі алып келіп ұстатып жатқанды да көрген боларсыздар. Бұл Бастыстың сериалдарын көріп өскен жастар үшін дұрыс салт болып көрінері анық. Соған қарамастан, бұрынғы кезде қыз ұзатудың дәстүрінде әкесі кетіп бара жатқан қызды өз қолымен алып барып күйеуге ұстатпақ түгілі, еркелеп өскен қызы қиянға кетіп бара жатқанда жұрт көзінше егілуден ұялып, атқа мініп, ауылдан аулаққа кететін болған.
Айта берсе көп қой... Тіпті бұрын қызды өз үйінен ұзатып, онымен қимай қоштасып, жылап жатса, қазір мейрамханаларда дүркіретіп той-думан жасап жатады. Қыздың кеткеніне әйтеуір бәрі мәз, ағайын-туыс, жора-жолдастар ішімдік ішіп тойлатуда. Жылдар өткен сайын қыз ұзату үйлену тойы емес екендігін ұмытып бара жатқандаймыз...
2000-жылдардан бастап Қыз ұзату міндетті түрде жасалынатын үлкен тойға айналған соң қазіргі кезде арнайы тойханалар, бірнеше банкет залынан құрылған арнайы ғимараттар салынуда. Салттың бір кездері ұмыт болғандығынан қазіргі кездің пайда тапқылары: қыз ұзату тойына сценарий жасаймыз, деп әлек. Сондай-ақ бұл тойда арнайы декорациялар әкеліп, театрландырылған қойылым жасайтын әртістер де бар екенін тағы білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |