Күні: 22.09.2015
Мектеп: №7 мектеп-гимназия
Пән: қазақ тілі
Сынып: 4б
Әдіскер: Жахметова Б.К.
Мұғалім: Қашқымбаева Н.
Машықкер: Жүнісбек Ә.Д.
Cабақтың тақырыбы: Әңгімелеу мәтіні. Өз беттерінше әңгіме құру
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Мәтін және оның түрлері туралы берілген ұғымды кеңейту,еске түсіру.Әңгімелеу мәтінін ажырата білуге дағдыландыру.
Дамытушылық: Оқушылардың ой - өрісін дамыту, түрлі тапсырмалар орындау барысында танымдық, іскерлік,есте сақтау ,ізденімпаздық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқу мен жазу арқылы оқушыларды шығармашылыққа, сауаттылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: тақырыптық суреттер.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, түсіндіру, ойын.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру бөлімі.
-Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі қазақ тілі сабағын сендерге мен өткіземін, аты-жөнім – Жүнісбек Әйгерім.
Оқушылар назарын сабаққа аудару.
Психологиялық дайындық.
Мен оқушы баламын,
Оқу ,білім аламын.
Мәтін түрін игеріп,
Сабақта белсенді боламын.
Ендеше,отырыңдар. Әр ісімізге мұқият болайық.
ІІ.Өткенді қайталау. « Күн көзін бұлт баспасын » ойынын ойнату арқылы өткен тақырыптарды қайталап өтеміз.Ойын шарты: берілген сұрақтарға жауап беру арқылы тақтадан күлімдеген күн көзін шығару.
Қойылатын сұрақтар:
- Өткен сабақта қандай тақырыппен таныстық? (Мәтін )
- Мәтін неден құралады ? ( Сөйлемнен )
- Мәтін деген не ? ( Жазбаша , ауызша ойды жеткізу )
- Мәтіннің атауын не деп атаймыз? (Тақырып )
- Мәтін тақырыбы қалай, неге сүйеніп құрылады? (Негізгі ойға ,мазмұнына )
- Қандай сөйлемдер мәтін құрайды? (Бір-бірімен байланысты сөйлемдер ғана мәтін құрайды )
-Мәтіндегі сөйлемдердің орнын ауыстыруға бола ма? (Жоқ,Мәтіннің құрамындағы сөйлемдердің өз орны болады ).
- Мәтін қандай бөліктерден тұрады? (Басы, негізгі бөлімі, соңы )
-Әр бөлік қалай жазылады? ( Абзацтан және жаңа жолдан басталып жазылады.)
-Мәтіннің қандай түрлерін білеміз? (Әңгімелеу, сипаттау,пайымдау )
Бұл ойынды алғандағы мақсатым өткен тақырыптар бойынша білімдерін тексеру.
ІІІ. Жаңа сабақ.
– Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Әңгімелеу мәтіні». Осы тақырып бойынша білімімізді кеңейтеміз.
Оқиғаны ретімен баяндайтын мәтін әңгімелеу мәтіні деп аталады. Ол сөйлемдер іс-қимылды білдіреді. Әңгімелеу мәтінінің ерекшелігі: 1) Мәтін «не істейді, не істеді» деген сұрақтарға жауап береді. 2) Тірек сөздері - етістіктерден болады. 3) Сөйлемдер тізбектеле байланысады. Мәтін соңына қарай негізгі ой айтылады.
Зат немесе құбылысты суреттеп, сипаттайтын мәтін сипаттау мәтіні деп аталады. Ол сөйлемдер заттың сынын білдіреді. Сипаттау мәтінінің ерекшелігі: 1) Сөйлемдер заттың түр - түсін, қасиетін суреттейді. 2) Сипаттау мәтіні « Қандай?» деген сұраққа жауап береді. 3) Тірек сөздер – сын есімдерден болады.
Оқиға, құбылыстардың себебін дәлелдейтін мәтін пайымдау мәтіні деп аталады. Сөйлемдер себебін ашып көрсетеді. 1) Пайымдау мәтіні «Неліктен?» деген сұраққа жауап береді. 2) Бірінші сөйлемде негізгі ой айтылады. Ал қалған сөйлемдерде сол ой дәлелденеді.
3) Тірек сөздері - "өйткені", "себебі", "біріншіден ", "екіншіден,"--- деген сөздер
Оқулықпен жұмыс
1-жаттығу.Екі мәтінді салыстырып оқы. Қандай айырмашылық байқадың?
-Мәтін не туралы? Мәтіннің қай түріне жатады?
2-жаттығу.Мәтіндерді оқып, әңгімелеу, пайымдау және сипаттау мәтіндерін тап. Әр мәтінге ат қойғызу.
3-жаттығу.Мәтінді түсініп оқы, көшіріп жаз.
Мұны білесің бе?
Тропиктік құстардың бірі – тоты. Тотылар алуан түрлі дауыспен сайрайды, тіпті адамша сөйлей де алады. Тотылар үшін қанаттан гөрі тұмсық әлдеқайда маңыздырақ. Өйткені олар бұтақтан-бұтаққа секіріп жүреді, ұшуды білмейді. Ал тұмсығымен ірі жаңғақтарды шағады, дәнді шоқып жейді.
Тапсырма. Мәтінді әңгімелеу мәтініне айналдырып, көшіріп жаз.
ІV.Сергіту сәті.
Орнымыздан тұрайық,
Қолымызды созайық,
Бір отырып ,бір тұрып
Біз тынығып алайық,
Алақанды соғамыз ,
Орнымызға қонамыз
V. Бекіту. Тірек сызбаны пайдаланып мәтін құрау. Әр топқа тапсырма беру.
1 - топқа: 4-жаттығу.
Тірек сөздері не істеді? не қылды? қайтті? сұрақтарына жауап береді. Әңгімелеу мәтіні болу керек.
2 - топқа:
Мәтін "Аққу – киелі құс"- деп басталады. Тірек сөздері қандай? деген сұраққа жауап береді. Сипаттау мәтіні болу керек.
3 - топқа:
Мәтін "Түйе адамға пайдалы, себебі, "- деп басталады. Тірек сөздері неге? неліктен? деген сұрақтарға жауап береді. Пайымдау мәтіні болу керек.
VІ.Қорытынды.
- Бүгін сабақта не үйрендіңдер?
Мәтін туралы не білетін едік?
Бүгін тағы нені үйрендік?
VІІ.Үйге тапсырма.5-жаттығу, 29 бет.
VІІІ. Бағалау.
Рахмет!
Ұнадыңдар, балалар!
Құштарсыңдар білімге.
Аяқтап мен сабақты,
Рахмет айтам сендерге.
Жақсы қатысқан оқушыларды бағалау.
Әдіскер:
Мұғалім:
Баға:
Достарыңызбен бөлісу: |