Қималар.Қима деп нәрсені жазықтықпен ойша қиғаннан шыққан фигураның кескінін айтады. Қимада қиюшы жазықтықта орналасқан бөлігі ғана кескінділеді. Сызбада қима фигурасын сызықтаумен бөліп көрсетеді. Қиюшы жазықтығында орналасқан нәрсе бөліктерін сызықтау тіліктердегі тәрізді орындалады.
Қима тіліктің құрамдас бөлігі болып табылады. Олар бөлек кескінделген кезде, сызбадағы орналасуына қарай, оңашаланған және қабаттасқан қималар деп ажыратылады. Оңашаланған қималар сызбаның бос жеріне немесе кескіннің үзілген жерінен орналыстырылады. Нәрсе сызбаларын орындаған кезде көбінесе оңашаланған қималар қолданылады. Қабаттасқан қима нәрсе контурының ішіне, яғни тікелей оның кескінінің үстіне орналыстырылады.
Тілік құрамына кіретін және оңашаланған қиманың контурын негізгі тұтас жуан сызықпен кескіндейді, ал қабаттасқан қима контурын жуандығы S/2 ... S/3 болатын жіңішке тұтас сызықтармен бастыра жүргізеді. Бұл сызық нәрсе кескіннің контурын болып кетпеуге тиіс.
Қиюшы жазықтықты нәрсенің қалыпты көлденең қимасы шығатындай етіп таңдайды. Егер қиюшы жазықтық қайсыбір тесікті немесе шұңқырды шектейтін айналу бетінің осі арқылы өтсе, онда тесіктің немесе шұңқырдың контуры толық көрсетіледі. Қима фигурасын бөлшектеп жіктеуге болмайды.
Қима сызбаның кез-келген бос жеріне орналыстырылған жағдайда қиюшы жазықтықтың орны үзік сызықпен, ал оны қарау бағыты нұсқамалармен көрсетіледі. Үзік сызық негізгі контурды қиып өтпеуге тиіс. Нұсқаманың сырт жағынан қазақ алфавитінің бірдей бас әріптері жазылады.
Оңашаланған қиманы қима сызығының созындысын орналыстыруға болады. Егер қима фигурасы осы сызыққа қарағанда симметриялы болса, онда қима нұсқамалармен және әріптермен белгіленбейді. Бұл жағдайда осьтік сызық қима сызығы болып табылады. Бұл айтылғандар оңашаланған қиманы бір ғана көрініс бөліктерінің арасындағы үзікке орналыстырылған жағдайдға да қатысты. Нәрсенің шартты түрдегі үзілісі сызбада жіңішке ирек тұтас сызықпен көрсетіледі. Симметриялы қабаттасқан қима үшін де қиюшы жазықтықты көрсетпейді. Егер үзікте орналастырылған қима фигурасы симметриялы болмаса, онда нұсқамалары бар үзік сызық жүргізіледі, бірақ әріптермен белгіленбейді. Бұл ереженің қабаттасқан қималарға да қатысы бар.