«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы



бет31/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Аударма алеми

Жолма-жол аударма

Жолма-жол аударманы кейбір зерттеушілер қажет деп тапса, енді біреулері оған мүлдем қарсы. Тағы біреулері пайдалану тиімсіздігін дәлелдеді. Жалпы жолма-жолдық тәржімаға көзқарас бір жақты емес, әртүрлі. Көбісі қайшылықты. В. Россельс: «Жолма-жол аударма ұлттық түрді (форма) жеткізуге шек қояды. Жолма-жол аудармамен жұмыс кезінде мәтіннің сөйлеу стилі аудармашы көзқарасынан тыс қалады. Негізінен жолма-жол аудармадағы сөздер сөздік мағынадағы үлгіде беріледі де, ешқандай бояу, реңксіз қарапайым кітаби стиль түрінде жетеді. Ол интонацияны да дәл жеткізе бермейді» деп осындай кедергілерін көрсетеді (с. 179). А.С. Пушкин жолма-жол аударма ешқашан дұрыс жасалмайтынын айтады. Әр тіл өз орамына, өзіндік бейнелеуге, өзіндік қалыптасқан мағыналарға ие болғандықтан да, аудармада өзіндік түр, мазмұнын, ұлттық тіл бітімін сақтауға міндетті. М. Әлімбаев пайымдауы: “Түпнұсқаның бет-аузын көрместен, сол тілде бір ауыз сөз білместен... жолма-жол аударма арқылы көркем аударма жасау қандай қиын?! Жүзеге аспастай қиянат қиындық. Жолма-жол аударма маған шағылған айна сияқтанады... жолма-жол аудармадан көркем аударма жасауға жұлдызым қарсы”.


Жолма-жол аударма жасалған шығарманы басқа тілде қайта құрастырып шығу іспетті. Онсыз да аудармада түпнұсқа біраз нәрсесінен айырылады, ал жолма-жолда жоғалатын аз емес. Бұл көбінесе амалсыздан жасалатын, қиындықтан шығудың бір тәсілі тәрізді. “Сөзбе-сөз аударма жасайтындардың көпшілігі көркем әдебиетке қатынасы аз кісілер. Олар аударылатын сөздің көркемдік қасиетін сақтаудан гөрі, нақты мағынасын сақтауға тырысады. Әр тілдің өзгешелігін елемейді, сондықтан сөзбе-сөз аударылған шығарманың көркем бояуы түсіп, жабайы, жалаңаш сөз болады да қалады. Осы жалаңаш аударылған шығарманы, қазақ тілін атымен білмейтін орыс жазушысының біреуі өңдейді. Оригиналда қандай қасиет барын білмей өңдеген ол, жалаң, жабай сөзбе-сөз аударманы өзінше сырлап, осыдан барып оригинал мен аударманың арасы мағына жағынан ғана жақындап, көркемдік жағынан алыстап кетеді. Кейбір аудармаларды орысшадан не шығарма екенін айыра алмай қалатын себебіміз осы.”. С. Мұқанов осылайша 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағы съезінде жасаған баяндамасында өте орынды мәселе қозғаған. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларының орыс тілінде сапасыз, шалағай, ұқыпсыз, қате аударылу себептерінің бірі ретінде сөзбе-сөз, яғни “жолма-жол”аудармаға сүйенуді атап айтқан. Жанашырлықпен айтылған осынау сөздер бүгінгі таңда да күн тәртібінен түскен жоқ. Қазақ прозасы мен поэзиясы әлі күнге дейін осы сөзбе-сөздік немесе жолма-жолдық дәстүрдің тар шеңберінен шыға алмауда. Қазақ тілін терең білетін, өз тіліне тікелей тәржімалайтын, білікті басқа ұлт аудармашылары жоқтың қасы. Ал, оны әзірлеу әдебиеттің келешегі үшін керек.
И.С. Лисевич түсіндіруінше: “Сөзбе-сөз аударма соншалықты әдемі емес, ол оқырманға мәтіннің архитектоникасын көрсетуге мүмкіндік береді”, яғни мәтіннің жалпы құрылымын, сөздердің орын тәртібі сақталына бермейді. «Сөзбе сөз аударма жиі қатаң сөзбе сөздікке ұрындырады» деп неміс әдебиетшісі Б.Брехт атап көрсеткендей, сөзбе-сөз тәржімі қатып, сіресіп қалған жансыз нәрсеге ұқсайды. 1914 жылы «Айқапта» басылған «Манап» драмасына қатысты С.Сейфуллин сөзбе-сөздік аудармадан «сөздің тәртібі нағыз қазақша болып шықпаған»деп сынаған. Сөзбе-сөз аудармада динамика, мағыналық қуат, көркемдік сипат жоғалып кетеді. Мұнын зияндылығын зерттеушілер дәлелдеп жүр.
“Жолма-жол аударма – сыбырлап жеткізу. Егер де мен осы сыбырлау бойынша өлең образын аңдай алсам, жарты жұмыстың жасалғаны. Жолма-жолдық – ол ойды аңғару үшін қажет”. Талантты ақын, аударма зерттеушісі Л. Озеров анықтамасы осындай. Поэзияда жолма-жол аударма жасау үшін ақындық қабілет болуы аса қажет. Жақсы поэзиялық жолма-жолдық аударма жасау тілді білумен ғана тиянақталмайды, аудармашының ақын, әдебиетші болуы өз ықпалын тигізеді.
Кеңестік уақытта - аудармада жолма-жол аударма, яғни, сөзбе-сөз - түпнұсқаға жақын жұмысшы аударма мәтіні ерекше орын алды. Жолма-жол аудармаға әдеби өңдеу жасалды. Көптеген кітаптар осы әдіспен шықты. Жолма-жол аударма түпнұсқаға жақын саналғанымен, онда да кемшіліктер аз кездеспеді. Өңдеу кезінде жолма-жолдық аударма үлкен өзгеріске ұшырады. Бұл көбінесе идеологиялық жағынан «пайдалы» деп саналды. Жолма-жол аударма авторы көрсетілмеді, жарияланған мәтін жауапкершілігі ешкімге жүктелмеді, жіберген бұрмалауға,кемшілікке кінәлі кім екені анықталмады. Ол кезде түпнұсқа мен аударманы салыстыруға да әркімнің аударманы тану,сараптау мүмкіндігі мамандану қабілеті жетпеді.
Австриялық жазушы Феликс Залтеннің балаларға арналған әйгілі «Бэмби» романын түпнұсқамен салыстырғанда, тәжірибелі тәржімашы жасағаны байқалады, 40-шы жылдар аудармасы болса да, түпнұсқамен сәйкесіп отырады. Бірақ кітапты әдеби өңдеген Ю.Нажбин автордың дербес стилін ғана емес, идеясын, ой-ұстанымын мүлдем бұрмалаған.
Гетенің “Коринф қалыңдығы” шығармасын аударуға байланысты А.К.Тостой өз аудармашылық пайымдауын ұсынады: “Я стараюсь насколько возможно, быть верным оригиналу, но только там, где верность и точность, не вредить художественному впечатлению, и ни минуты не колебаясь, я отделяюсь от подстрочность, если это может дать на русском языке другое впечатление чем по немецкий” дей келе, ол сөзді, тіпті мағынаны жеткізудің қажеті жоқ, ең бастысы көркемдік әсерді жеткізе білу деп түсінеді. “Коринф қалыңдығында” жолма-жолға зер салмағандығын, көркемдік әсерді жеткізуде мұның қажеті шамалы деген ұйғарым жасайды. Сөйтіп, оның орындалуы жағынан жолма-жолдыққа ең жақыны және түпнұсқаның идеялық-көркемдік мазмұнын орыс тілінде анағұрлым дәл беру деп біледі. Бұл аударманы М. Шагинян “көркем аударма өнерінің жауһары” деп атаған.
Жолма-жолдық аударманың негізі де о бастағы сөзбе-сөз аудармаға тіреледі. Г. Бельгер кітабында тәжірибесінен бірқатар мысал келтіреді: Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен тер” трилогиясының екінші сөйлемі “Тырыли арық Қарақатын жерқақбаға танаурап сөйлей кірді”. Қарақатын сөзбе-сөз алғанда “черная баба” оның тырыли арық екені сипатталған. Оны “худая”, “сухая”, “сухощавая”, “худощавая” сөздері қанағаттандырмайды. Оған баламалы, ауызекі сөйлеу тіліне тән “сухопарая” сөзін тауып қолданған. Сөйлем “Сухопарая возбужденная Каракатын задыхаясь вбежала в землянку”. Аудармашы сөйтіп көркем аудармада түпнұсқалық мәтінді толығымен сақтаған. Егерде аралық аударма болмағанда Ю. Казаковтың қандай сөз тауып қолданатынына Герольд Карлович күмәнданады.
Прозадағы жолма-жол аударманы түсініп, сәтті жалғастыру – аудармашы ізденісі. “Жолма-жол аударма Колизейді қиратумен бірдей” деген К. Заболоцкий ұғымда аударманың бұл түрінің зияндылығы айтылған.
Жолма-жол аударманы жоққа шығаруға да болмайды. Араб поэзиясы кезінде әлемге әйгілі талай тамаша ақындарымен танылды. Бейнелі, сұлу сөздер, әдемі, әсерлі ойлар шоғырланған шабытты шумақтарды арабша тыңдау бір ғанибет шығар! Сол керемет өлеңнің орыс тіліндегі аудармасында небір тамаша теңеулер, бейнелі бедерлер, суретті жолдар, нәзік те нақышты сезімді баурап алар, ләззат дарытар лирикалар аз емес. Солардың басым көпшілігі бір ғана Б. Шидфардың жолма-жол аудармасынан жасалған. Демек, ол араб тілі мен әдебиетінің терең білгірі болғаны анық. Мүмкін мұнда қателер кеткен шығар. Мамандар талдап, маралар, бағалар. Сонымен бірге аудармашылардың араб әдебиетімен, шығыс әдебиетімен жете таныстығы да – аударманың сапалы, жақсы, көркемдік деңгейде жасалу негізі. Жолма-жол аударма егер сол тілді білетін аудармашы үшін көп жағдайда көмекші құрал болып қалуы мүмкін. Бірақ, түпнұсқа тілін терең біліп, оны бар көркемділігімен, бейнелеу үлгісімен аударғанға не жетсін!
Белгілі әдебиетші, талантты аудармашы Қ. Нұрмаханов М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филология факультетінің шығыс бөлімінде оқыған кезінен өзіне дәріс берген Мұхтар Әуезовтің шығармашылығымен жете танысқан. Классик суреткердің “Абай жолы” роман-эпопеясының жолма-жол аудармасын табысты атқарды. М. Әуезов оның аудармашылық дарындылығын жақсы білетін. М. Әуезов жазып кеткендей, Қ. Нұрмахановтың жолма-жол аудармасына роман-эпопеяны тәржімалауға қатысқан Л. Соболев қатты риза болыпты. Өйткені, Қ. Нұрмаханов аудармашы ғана емес әрі драматург, сыншы, жазушы, әдебиетші, қазақ және орыс әдеби тілдерінің жетік білгірі, жан-жақты талант еді. “Абай жолы” аудармасының оқырман талғамынан табылуы да – осы сан қырлы қабілеттің нәтижесі.
«Жолма-жол аударма түпнұсқа мен аударма шарасындағы берекесіз, шарасыздықтан қолданатын дәнекер ...» деп Қ.Нұрмақанов дәл байқаған. Зерттеуші жолма-жол аударманы «әдебиетке ешбір қатысы жоқ ...» жазушының творчествосымен толық таныс емес, оның стилін сезінбейтін, кім көрінгендердін келетінін» өткір сынаған. Мұндай аударма түпнұсқанын мазмұнын, түрін, стилін де өзгертіп жібереді. А.Сурков жолма-жол аудармашыларды «мылқау тіл білгіштер» деп атаған. Жолма-жол аударма суретшіге бір нәрсе жайында әңгімелеп, сурет салғызғанмен бірдей. Суретші ойынды ұғынғанымен, өзіндік қабылдауына, танымына, сезінуіне сай жасап шығады. Бірақ дәл көз көргендей бола қоймайды. Жолма-жолдық аудармада осылай. Көп уақытқа дейін тәржіманы көлдеңен табысқа айналдырушыларға таптырмас тәсіл болды. Қазіргі шет тілін меңгеру жақсарған уақытта тікелей аударма жасау белсенді даму тиіс.
Аударма тәжірибесінде жолма-жол аударманы талантты әдебиетші-аудармашының жасауы сәтті де сапалы болмақ. Аудармашының жан-жақты таланттылығы аударманың жоғары деңгейін қамтиды. Жолма-жол аударма тәжірибелі аудармашы, кәсіби филолог қолынан жасалғанда өз жемісін береді. Шебер аудармашы В. Жуковский өз хатында Гомердің “Иллиадасы” мен “Одиссейін” аударуда Дюссельдорфта тұратын профессор Грасерді тауып, ұлы эллинист зерттеушісінің Гомер шығармаларын түп тамырына дейін терең талдағанын біліп, оның көмегіне сүйенген. Ғалым-зерттеуші “Одиссейдің” мазмұнын түпнұсқа тілінде әрі неміс сөздерімен қатар берген, әрбір неміс сөзінен соң, түпнұсқаның граммтикалық мағынасын жеткізген. Сөйтіп аудармашы “Одиссейдің” бүкіл сөзбе-сөз мағынасын, яғни “көз алдында ғимараттық барлық материалы тұрғанын, тек оған сұлулық түзілуін, үйлесімділік ғана жетіспейтіндігін” жазады. Аудармашы оның сымбаттылығын байқап, поэтикалық сезімталдығын, сұлулығын іздестіру нәтижесінде құлаққа құйқылжыған дыбыс үйлесімділігін туындатып, түпнұсқа тілін білмесе де сөзбен сөзі, мағыналық сәйкесуіне көңіл бөлгенін, сөздің өлеңдегі орнын, яғни сол орындағы шынайы поэтикалық қызметін сақтауға тырысқанын айтады. Жуковский бәрібір түпнұсқа мазмұны жолма-жол күйінде берілгенімен, аударманың жоғары сапада шығуында тілді білу қажеттілігін алға қояды.
Жолма-жолдық аударма көп жағдайда түпнұсқа мәтінін толық талдап түсіндіре бермейтіндіктен, поэзия аудармасында өрескел кемшілікке жиі орын берсе, прозада шатасу белең алады. Орыс әдебиеті классиктерінің сөзді емес, “шығарма рухын аудару” талабы астарында түпнұсқаның ойын, идеясын, бейнелеу үлгілерін сақтай отырып, мазмұнын басқа тілде соған деңгейлес поэтикалық сипатта жасау ұйғарылған. Олар тек сөз ғана қалалатын, ой, образ, толығымен жасалатын төлнұсқа поэзиясының дәл емес, жолма-жол, сөзбе-сөз аудармасын теріске шығарады. Пушкин жолма-жол аударма дәл шықпайтынын өз тәжірибесінен байқаған. Аударманың көбінесе ала-құла, әсерсіз, түсініксіз шығуы жолма-жолдыққа қатты құмартудан. О. Кундзич пайымдауына негізделсек: “Жолма-жолдық – бұл аудармадағы натурализм, өйткені онда шығарманың ішкі өзегі ... назарға алынбайды. Формалист космополиттік аударманың идеялық-көркемдік мазмұнының жанынан – тұпнұсқа мен аудармадағы – екі тілдің заңдылығы жанынан немқұрайды өте шығады”.
Аудармашы түпнұсқаның нәрлі де мәнді мәтініне зер салмастан, жолма-жолдың қасаң сөзбе-сөздігіне сүйенеді. “...Көркем аудармадағы жолма-жолдық – бұл қатер” дейді А. Арго. Жолма-жолдық аударма амалсыздықтан жасалады, ұлт әдебиетін аударуда түпнұсқа тілін білмеуден мұндай тәсіл жиі қолданылады. Егерде аудармашы сол халық тілін білсе, бұл мәселеден айналып өтуге болады. Бұған берік әдеби қарым-қатынас, тығыз шығармашылық байланыста нағыз әдеби аудармашылар даярлау ғана көмектеседі.
Жолма-жол аударманың драмалық шығармаларға тигізер өзіндік пайдасы да бар. Мәселен, Шекспирдің “Отеллосы” мен “Гамлетін” сөзбе-сөз прозалық аударма жасаған профессор М.М. Морозов оны сахналық қойылымға негіздеген. Бұл жұмыс режиссерлерге бағытталғандықтан, олар трагедияны сахнаға қоярда актерлердің кейіпкер болмыс-бітімі мен мінез-құлығына терең бойлауы үшін аудармалық нұсқамен қатар жолма-жол аударманы да пайдаланған. Нәтижесі атақты трагедияның сахнада сәтті қойылуына игі әсерін тигізген. А. Радлова аудармасымен бірге сол жолма-жол нұсқасын “Отеллоны” қазақшалауда М. Әуезов ұтымды пайдаланғаны анықталып отыр. Украинның көрнекті аударма зерттеушісі О. Кундзич “Ұлы жазушының шығармасы барынша дәл аударуды қажет етеді. Мұнда қасаң сөзбе-сөздік, өрескел жолма-жолдыққа орын жоқ. Жолма-жолдық – нобай (макет), шынайы көркем шығармадан ол әркез әрі қалай дегенде табиғи туынды жасай алмайды, кез келген нобай тәрізді папье-машенің құрылысы болып шыға келеді” деп жолма-жол аударманы теріске шығарады.
Жолма-жол нұсқанын жақсы аудармаға ұласуы оның білікті филолог қолынан шығуы. Сонан соң аудармашының сезімталдығы, талантты сөз шебері болуы жәрдемдеседі. Ең дұрысы көркем шығарманы тікелей сол тілден тәржімалау тәжірибесін қалыптастыру.

1.Жолма-жол аударманы пайдалануға байланысты көзқарастар қайшылығы.


2. Жолма-жол аудармаға қатысты ой-пікірлер қайшылығы неде?
3. Жолма-жол аударма сәттілігінің себебі неге байланысты?
4. Аударманың мұндай түрін қолданудың дәстүрі, пайдасы мен зияндылығы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет