Тарихи туындылар аудармасы
Әдебиет – қандай да бір халықтың тілінде дүниеге келген әрі сол халықтың белгілі бір дәуірде жасаған рухани құндылығы. Басқа бір халық тіліндегі шығарманы аудару кезінде аудармашы сол ұлттың әдебиетімен тығыз таныса келе, оны жасаған халықтың тарихи дамуына да мұқият зер салады. Сондықтан аударматану аударма тарихынсыз мүмкін емес, оны адамзат тарихы туралы басқа ғылымдармен байланыста әлем халықтарының қоғамдық өмірінің әралуан қырларын зерттейтін тарих ғылымы деуге де болады.
Зерттеуші А. Лилова тарихи шығармалар аудармасында тарихи ұстанымның шынайы, дәл жеткізілуін талап ете отырып, мынадай мәселелерге көңіл бөлуді ескертеді:
а) біздің дәуірден бұрынғы әлеуметтік шындық шығармада қалай бейнеленсе, сол қалпында көрсету қажеттілігі. Тарихи туындының композициясынан бөлек, идеясы, сюжеттері, кейіпкерлер жүйесі, әдет-ғұрыптар, фольклорлық мұралар, тартыс, жағдай, қарым-қатынас т.б. түпнұсқадан еш ауытқымауы керек.
ә) шығармада бейнеленген құбылыс, жағдай, оқиға, яғни дәуірдің көркем түрде сипатталуын автор өзінің ой-мақсаттарына негіздеп, түпнұсқада қалай бейнеленсе, аудармада да солай көрсетілуі керек.
б) тарихи туындыда дәуірді ашатын анағұрлым сипаттағы белгілері: сол кезеңнің тілдік жағдайы, уақыт ерекшелігі, түпнұсқадан еш алшақтамауы қажет (с. 119-122).
Зерттеуші Н. Новиков “Аударма бастапқы туынды тіліндегі архаикалық шаңды сүртіп тастап, тарихқа жастықты оралтады” – деп атап көрсеткен. Бұл дегеніміз түпнұсқада тарихи кезеңде өмір сүрген адамдар тілінің аудармада толық көрініс табуымен бірге, ондағы кейбір көнерген сөздерге, жер атауларына т.б. шығарма тіліндегі оқырманға түсініксіз, қиындық туғызатын элементтерге аудармада арнайы түсіндірме беру қажеттілігі.
Тарихи шығарманың өзіндік шарттары бар. Ең бастысы тарихи шындық пен көркемдік шындықтың тұтастылығының өзара ажырамас бірлігін сақтау. Жазушы өткен дәуір тарихын, оқиғаларын, тарихи тағдырды, жекелеген тарихи тұлға өмірін, қызметін, ерлік істерін көрсетуде өзіндік бағыт-бағдар, ұстаным, көзқарас ұстанады. Тарихшылар ой-тұжырымын топшылай келе, өзінше пайымдайды, бағалайды. Бұл аудармада да айқын сипат алуға тиіс. А.Л. Андрес “Переводчик тоже имеет дело с историческим прошлым – только это прошлое предстает перед ним через видение художника, для которого прошлое это было настоящим. И переводчик точно также может подчеркнуть дистанцию, отделяющую нас от переводимого им произведения, но можно напротив, приблизить его к нам, сделать эту дистанцию неощутимой” (с. 24). Өткеннің тарихын шынайы дәл жеткізуде аудармашыға да жазушы тәрізді көркемдік елестету қажеттілігін атап көрсетеді. Тарихи туындының әр деталі, әр мәтіні сөзінің көркемдік-тарихи стильдік жүйесінде қалуы тиіс. Оның өзіндік дара бітімі де осында. Тарихи прозашы қандай қателік жіберсе де, аударма нұсқада сол күйінде қалады. Аудармашының оны түзетуге, редакциялауға немесе қайта жазуына қақысы жоқ. Егер дәлелі, дәйегі болса, соңында өзіндік ой-пікірін білдіруі артық емес. Белгілі әдебиетші ғалым З. Серікқалиев “Заман мен заманның айырмашылығы бұрмаланған жерде тарихи шындық бұрмаланады” – деп жазады. Бұл тарихи жазушыға қойылар талап. Аудармашы тарихи туындыдағы бейнеленген шындықты мейлі ол қайшылықты бұрмаланған сипатта болса да сол қалпында жеткізуге міндетті. Оқырман сол арқылы автордың жеке тарихи тұлғаға, сол дәуірге, ұлтқа, тарихи жағдайға көзқарасын, қарым-қатынасын айқын сезе алады. Тарихи шығармалардағы тарихи шындықтың шынайы жеткізілуі – аудармашыға қойылар ең басты талаптардың бірі. Тарихи аудармаға тән ерекшелік – ұлттық характер, құжаттылық, тарихқа жақындап, тарихты меңгеру. Адам тағдыры-халық тағдыры.
Тарихи ұстанымды тұжырымды дұрыс қолданбайынша аударманың қажетті кәсіби деңгейін, оның әлеуметтік қызметтерінің табыстылығын қамтамасыз етуге болмайды. Тарихи ұстанымның бастапқы теориялық және практикалық маңызынсыз, оның барлық алуан қырларын, түрлерін, жанрлық ерекшелігін аудармада шынайы сипаттау мүмкін емес. Тарихи ұстанымды бұзу – шығарманың тарихилығын, ондағы тарихи дәуір сипатталуының шынайылығын, уақыт кеңістігін, оқиға байланысын бұзу саналады. Тарихилық аясында белгілі бір қоғам қайраткері, тарихи тұлға өмір сүрген заман немесе кезеңнің суреттелуінен басқа, сол уақытқа сәйкес әлеуметтік жағдай, соғыс шындығы, қоғамдық қайшылықтар мен тартыстар, ішкі шиеленістер мен қақтығыстар бәрі де деталімен толық сипатталуымен бірге, сол заман тілі, кейіпкерлердің сөйлеу мәнері, стилі, архаизм, ұлттық колорит, реалийлер, тарихи атаулар бәрі де аудармада толығымен берілуі тиіс. Реалийлерді дұрыс қолдану – толық құндылыққа жету көзі. Аударылатын шығарма оны құрайтын тарихи болмыстан алшақтамауы керек.
Негізі бойынша бұл – әлеуметтік құбылыс. Аударма шығармасында әлеуметтік-генетикалық қадам бірінші қатарға шығады, ол шығармада баяндалған өмірмен, дәуірмен тығыз байланыста ашылады, оның әлеуметтік табиғатын, әлеуметтік генезисін түсінуге мүмкіндік туғызады. Аударматануда аударма әдебиетті тарихи қабылдауға барынша назар аударылуы керек.
Тарихи романды немесе хикаятты аудармашы оқып-тану барысында қабылдайды. Аудармашыдан оны аударуға таланттылық, білімділік, айрықша таным-түсінік, шығарманың халық алдындағы маңызын, жауапкершілігін, ондағы дәуір рухының ерекшелігін жете сезіну қажет етіледі. Аудармашы оқырманның қызығушылығы мен талап-талғамымен санасады. Шығарманың композициясымен танысу барысында тілі мен стилін аудармада қалай көрсету мүмкіндігін қарастырады. Оны қаншалықты дәрежеде меңгере алу деңгейін шамалайды. Тарихи туындының басты шарты тарихи шындықтың көркем түрде шынайы сипатталуы болса, оның көркемділігі, композициясы мен сюжеттік байланысы, батырлық эпизодтары мен суреттемелері, тарихи, саяси, әлеуметтік, рухани тартыстар, адамгершілік қарым-қатынастар мен қайшылықты жағдайлар, түрлі мінез-қылықтар мен ішкі жандүниелілік қақтығыстар, табиғат көріністері мен сәулеттік ғимараттар суреттелуі, әдет-ғұрып пен ырым-нанымдар, дін, өнер т.б. ерекшеліктердің көркем түрде шынайы бейнеленуі – түпнұсқадағыдай айқын, анық, нақты көрініс табуы басты талабы. Тарихи туындының тарихи бітімін, көркемдік өлшемін сақтай білу аса маңызды.
Аударма өткенде не болғанын білдіретін ақпарат қызметі үшін ғана қажет емес, осынау өткенді бүгінге жақындатуға, алыс пен жақынды өзара байланыстыруға, бүгінгі оқырманға байырғы дәуір рухын шынайы жеткізу үшін де қажет. “Өткен мен қазіргінің арасындағы диалектикалық түсінігінен шығатын түйін – әрбір замандағы мәдениет деңгейін, сол дәуірге сәйкес жасалған рухани құндылықтармен ғана анықтауға болмайды, өткеннің рухани құндылығының барлық қорын, қоғамның қаншалықты кең әрі терең меңгеруінен білуге болады” – деп ойын қорытындылайды А. Лилова. Осыдан туатын мәселе тарихи туындыдағы тарихи дәуір, кезең, оқиға, жағдайларының бар шындығымен, көркемдік-эстетикалық құндылығымен, ұлттық, тарихи колориттік көркем тілімен, халықтың дәуірлік кәсіп, өнер-мәдениет, этнографиялық реалийімен, ерекшелігімен жеткізе білу маңыздылығы зор. Тарихи романдарда, тарихи жырлар, сол кездегі әдеби мұралар үзінділері пайдаланылады. В. Скоттың “Айбынды батыр Айвенго” романында әр тарауда кездесетін Дж. Чосер, У. Шекспир т.б. ағылшын ақындарының өлеңдері мен драмалық шығармаларынан алынған үзінділерді ақын Ә. Атығаев өзі аудармаған. Басқа ақындар аударған. Сондықтан бұл эпиграфтардағы өлең жолдары кейде бұрмаланып, өзгеріп кеткен. Бұл тарихи прозаның тарихилығын, көркем құндылығын кемітеді. Әсіресе тарихи туындыларда поэзиялық мұралардың, тарихи жырлардың дайын жақсы аудармасы болса, соны қолданған дұрыс. Әрине, ол сапалы, жоғары аударма талабына сай жасалғанда ғана. Әйтпесе сол елдің поэзиясын аударып жүрген талантты ақынға аударту қажет. Тарихи шығармада жорықтар мен соғыстар, келісім-шарттар, түрлі тартыс, қақтығыстар мол. Онда тарихи деректер, құжаттар, елшілік хаттары, күнделіктер, жолжазбалар, тарихи тұлға өмірі немесе сол замандағы басты оқиға жырланған тарихи өлең, жырлар, балладалар, дастандар, даналық сөздер орын алғандықтан, аудармашы жан-жақты білімдар, ең бастысы тарихтан мол хабардар болуы аса қажет.
Аударма шебері С. Маршак “Аударма әр елдің өз тіліндегі әдебиеті, өз мүлкі болсын. Алайда өткен дәуірдегі жазушылардың бетіне осы заманның бояуы жағылмасын. Сонда әлгі аудармашының кім екенін, қай дәуірдің азаматы екенін оқырман да, сыншы да тани алады, өйткені аудармашы көшірмеші емес, ол заманының тілін, мұң-мүддесін ұғына алатын адам” – деп ерекшелейді. Қалай дегенде де тарихи шығармалардың өзіндік архитектоникасы, тілі, стилі, баяндау мәнері, көркемдік элементтері аудармадан толық көрінуі тиіс.
Тарихи туындыны кез келген аудармашы аудара алмайды. Егерде жазушы бойында тарихқа, тарихи тұлғаға деген зор қызығушылық, сүйіспеншілік шығармасының рухында қалай көрініс тапса, аудармашыда да алдымен авторға, ұлт тарихына, тарихи туындыға деген зор ықылас, айрықша құштарлық болуы маңызды. Ә. Кекілбаев “Көркем аударма – қоғамның тарихи оптимизмі мен рухани саулығының негізгі көрсеткіші... басқаларды жан-жақты танып-білген сайын адамзаттың ұлы отбасында өзіңді де сенімді сезінесің”, – деп тұжырымдайды. Тарихи шығарма арқылы бір халықтың дәуірлік тіршілігін, кәсібін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, тарихын, тілін, болашаққа ұмтылысын, арман-мұратын, күресін білумен бірге, ұлттың ұлы тұлғалары, тарихи қайраткерлері таныстырылады. Мысалы, М. Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясы ұлы ақын Абайды әлемге танытумен қатар, қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, әдет-салтын өзге халықтарға терең сезіндірді.
Н. Гнедич аудармадағы күрделілік түпнұсқаны ұлттық-тарихи колоритімен жеткізу деп біледі. Бұл – классикалық және тарихи туындылар аудармаларына тән басты ерекшелік. Тарихи шығармаларды аударуда ең басты мәселелердің бірі – ұлттық мінез-қылықты жеткізе білу. Ұлттық характерді түсіну үшін нақтылы-тарихи білімді жеткілікті меңгеру керек. Ұлттық характерге тән әлеуметтік, тарихи, адамгершілік негіздерді, басқа да ерекше қасиет, болмыстарын толығымен түсініп алмай, оны шынайы түрде жеткізу қиын. Оны тарихтан, халық тағдырынан бөліп алып, жеке тұлға ретінде қарауға болмайды. Халық тағдыры, тарихын, оның дәуіріндегі тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік-қоғамдық жағдайын жақсы білгенде ғана тарихи кейіпкердің ұлттық болмысы толыққанды бейнеленеді. Осы тұжырымды тарихи шығармалар аудармашысы да бұлжымай сақтауға міндетті. Қандай да бір тарихи жағдайда, әлеуметтік қайшылықтарда, қоғамдық тартыстарда, мемлекеттік маңызды істерде халықтың қандай да бір бөлігінің нақтылы не жасағанына, жекелеген ұлттық қайраткер мен ұлт қаһарманының қандай рөл атқарғанына талдау жасап, тарихи негізде шынайы бейнелеу ұлттық характердің қалыптасу ерекшелігіне айқын көз жеткізеді. Украин ақыны П. Мовчан: “Арғы ата-бабалардың тілін, мәдениетін, уақытын түсіну дегеніміз демек өзіңді түсіну деген ұғым. Біздің ежелгі әдебиеттің қазіргі аудармаларын оқып отырып, қандай да бір күйінішті сәйкессіздік туралы ой туындайды: бұрынғы мәтіндерді алмастырған мәнерлі тілдер бір өлшемді қарабайыр естіледі” (с. 345) деп тарихи туындылардың аудармасына қынжылыс білдіреді.
Тарихи романдарға өткір тартысты сюжет, эпизодтар, диалогтық қақтығыстар, кейіпкердің ішкі толғанысы, тарихи детальдар дәлдігі, алуан бояулы пейзаждық көріністер, нақтылы, шынайы негіздегі портреттік анықтаулар, суреттеулер айрықша поэтикалық стиль, дәуірімен үндес тілдік бейнелеу қажет. Тарихи романды зерттеу көркемдік таным мен шығармашылық әдістеме жасау арқылы жүзеге асырылса, ол тәсіл Л.Н. Гулиев анықтауынша шығармадағы “шындықты, жазушының дүниетанымын және көркемдік ойлау жүйесінен” айқындалады (с. 175). Сондықтан аудармашы алдымен тарихи прозаны осы тұрғыдан зерттеп, танып-біліп, содан кейін аударғаны дұрыс.
Кейіпкердің мінез-қылығы көркем шығармадағы басты элементтердің бірі саналса, оның белгілі бір ортада тұлға ретінде қалыптасуын, өсу жағдайын тарихи оқиғалар тұтастығымен берудегі автор ой-мақсаты аудармада айқын көрінуі тиіс.
Тарихи шығарма шарттары және аудармаларындағы басты мәселелер.
Тарихи шығармаларды тәржімалаудағы тарихи ұстаным беріктігі.
Тарихи әдебиеттерді аударудың қиындығы және аудармашылық машықтану.
Тарихи шығармалар аудармасындағы көркемдік, психологиялық элементтер тұтастығын сақтау мәні.
Қазақ тарихи туындыларының аударылу деңгейі.
Достарыңызбен бөлісу: |