Фольклор аудармасының күрделілігі мен қиындығы
Фольклорлық шығармалар аудармасы – аса қиын шығармашылық іс. Фольклорды зерттеу археологиялық, тарихи, психологиялық, әлеуметтік, этнографиялық, әдебиеттану, лингвистикалық, эстетикалық тұрғыдан қарастырылуы тиіс. Оны кешенді түрде зерттеп, тану маңызды, «Фольклор халық шығармашылығы. Ол әртүрлі әлеуметтік ортада дүниеге келіп, шығармашылық дәстүрлердің өзара ықпалы нәтижесінде қалыптасады» дейді В.Гусев. Фольклор халықтығы тарихи идеялық-эстетикалық категория болғандықтанда, белгілі тарихи кезеңдегі бір халықтық мүдде-мақсатына негізделеді. Сол халықтың тарихын, этнографиясын білу-аудармашыға аса қажет. Фольклор аудармасында шығарманың басты сипаттарын: тілін, көркемдік идеясын, мазмұнын, жанрлық ерекшелігін, бейнелеу үлгілерін бұзбай жеткізудің мәні зор. Фольклор – халық мәдениетінің айырықша түрі, сөз өнерінің ежелгі ескерткіші, ұлт дәстүрімен, тіл байлығымен жасалған эстетикалық тәрбие құралы. Оны тарихи әрі көркемдік-эстетика тұрғысынан тану қажет. М.Горький «Фольклорды сөз өнерінің басы» деп атаған. Мұнда халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, діни нанымы және сөз байлығы өзара сабақтасып жатады. Ауыз әдебиеті мұраларын аудару үшін де бірнеше ғылыммен жете танысу қажеттілігі сезіледі. Фольклордың эпикалық, лирикалық, драмалық жанрларын білу арқылы аударманы жүйелеуге болады. Фольклордағы халықтық көркемдік-бейнелеу негізіндегі ойлау жүйесін қайта басқа тілде жеткізу үшін композициясымен, идеясымен терең танысу қажет. Сонымен бірге ондағы сұлулық әлемін, халықтың шындыққа эстетикалық қатынасын көмескілемей, дұрыс көрсете білу де аудармашы шеберлігіне негізделеді. Зерттеуші К.В.Шохин «духовное начало – высший критерий красоты в фольклоре» деп жақсы тұжырымдаған (с 287).
Мысалы эпикалық шығармаларды сөз өнері тобы бойынша мақал, мәтел, жұмбақ, аңыз, әпсана-ертегі, анекдот, әңгіме десе, сөз өнері музыкалық жағынан эпикалық аңыз-жыр, эпикалық жырларға бөлінеді. Сондықтан да мұның әрқайсысының түрлері барын ескерсек, фольклорлық мұраларды тәржімалау қиындығы еселене түседі.
Әсіресе мақал-мәтелдер ұлттық сипаттағы және ұлттық түрдегі өзіндік мазмұн, мағынасы бар шағын шығарма саналады. Аудармада оының шынайлығы, ой тереңдігі әрі мағыналық құндылығы еш әлсіремеуі де, жоғалмауы да керек. Мақал-мәтелдер — халықтың тұрмыс-салтында, өмір сүру дағдысында, тіршілік тәжірибесінде түйінделген тәрбиелік рухтағы ең дәл, ең әсерлі, мағыналы сөздерден сұрыпталған ой-санасының таным-түсінігінің биік түрі. Ол аудармада да терең танымдық ықпалын кемітпеуі жөн. Кейде оны аударуда калька әдісі де кеңінен қолданылады. Мақал-мәтел, бейнелі сөз үлгілерінде халық өмірінің шындығы бар. Оны басқаша өзгерту, басқа мағынада бұрмалау шындықты түбірімен бұрмалау саналады.
Ұлттық тілді байытудың құралы фольклор болса, аудармада сөздік қордың жеткілікті пайдаланылуы ләзім. Сонымен бірге, мақал, мәтелдер, қанатты қағидалар аудармасы да оқырман ой-өрісін, дүниетанымын дамытып, өмірлік көзқарасын ұштауға ықпал етеді. М.Әлімбаев «… мақал-мәтелдеріміздің көркемдік қазынасын байытудың бір үлкен арнасы – аударма» деп ерекшелейді. Көрнекті ақын әлем халықтарының мақал-мәтелдерін тілге жатық, ойға қонымды етіп тәржімалай келе, өзі де философиялық тереңдіктегі мақал-мәтелдер шығарды. Қанатты ойлар жазды. Мұның өзі аударманың жеке шығармашылықты жетілдірудегі тікелей ықпалы.
Эпикалық шығармаларды аудару — аса қиын да күрделі, жауапты да абыройлы іс. Сондықтан бұған нағыз шебер, тәжірибелі талант қана бара алады.
Балалар фольклор аудармасы да өте жауапты, асқан шеберлікті, үлкен ізденісті қажет етеді. Бұл — үлкендердің балаларға арнап, ойдан, қиялдан, тәрбиелік-тәлімдік, танымдық тұрғыдан ауызша жасаған шығармалары. Олар аудармада да қызықты сюжетімен, тартымды, әсерлі жеңіл тілімен тәржімалануы тиіс.
А.Байтұрсынов батырлар жырлары туралы терең талдай келіп: «Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр қылған шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз» деп тоқталады. Әрі өткен дәуір рухын сезіндірумен бірге «тілге пайда беру жағынан зор» екендігін айқындайды. Эпостар мен лироэпостар аудармасында көркемдік рухын, тарихилық негізін, бай, оралымды, бейнелі тілін жеткізу жағына аса көңіл аудару керек. Ұлт тілінің байлық көзі сонда, оны ұқыпты, ұтымды тәжімалай білу маңызды.
Фольклор – халықтың ежелгі өмірінің шындығы, рухани мәдениетінің құбылысы. Аудармада шынайылығы, көркемділігі, эстетикалық сипаты сақталуы тиіс. Фольклор — халықтың бай тілінің көзі ғана емес, тарихи дамуының негізі ф.ғ.д. профессор Б.Кенжебаев: «Тарих пен ауыз әдебиеті - бір-біріне жәрдемші, бірін-бірі толықтырушы. Халықтың ауыз әдебиетін дұрыс, терең ұғу үшін, оның тарихы қандай қажет болса, тарихын дұрыс, жете, толық білу үшін ауыз әдебиеті де сондай қажет» – деп дәл айтқан. Тарихшылдық сезім, тарихты танып-білу – фольклор аудармашысының да бірі қыры. Аудармашы фольклорлық шығарманың тарихилығын онсыз жеткізе алмасы анық.
Бұрынғы бір оқиға кейінгі бір оқиғамен араласып кетіп жатады. Кейде фольклордағы жырлау үлгілеріде әрқилы, өлең өлшемдеріде алуан. Қара сөзбен баяндалатын тұстары да бар. Мұнда нақты бата жоқ. Әрі кейінгі жеткізуші, жырлаушылардың қосып, түрлендіруінен кейде тарихилықтың өзі де бір ізділікті сақтамауы мүмкін. Аудармада эпикалық жырлардың тарихилық негізін анықтап, айқындап, мейлінше дәл жеткізу қиын да болса, жауапты парыз.
Қазақ фольклорлық шығармалары аудармасы алғаш 1940 жылы «Песни степей» жинағында Мәскеуде шықты. Оған М.Әуезов арнайы мақала жазды. 1938 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында орыс тіліндегі «Қазақ эпосы» атты жинақта «Қобыланды» (С.Липкин аударған), «Алпамыс батыр» (аудармашылары Ю.Новикова мен Л.Тарковский), «Ер Тарғын» (В.Державин), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (В.Потапова), «Қыз Жібек» (Л.Пеньковский), «Айман-Шолпан» (А.Левонтин) тәрізді батырлық жырлар мен лироэпостар жарық көрді. Алайда, бұл аударманы толық талдап-зерттеу нәтижесіндегі пайымдау емес. Түпнұсқадан тым еркін кету, жөнсіз қысқартып, кей тұста мағынаны өрескел бұрмалау, ойдан қосу жиі ұшырасты.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиетші ғалымдары жолма-жол аудармасын жасаған. Зерттеуші С.Сейітов эпостар аудармасы негізінен «жаман аударылмады, мұнда ертеректе ұшырасқан еркіндік, негізгі сюжет желісін бұзушылық, бас қаһарман бейнесін бұрмалауға соқтыратын ауытқушылық жоқтың қасы. Жырлардың мазмұнын, маңызын, ұлттық ерекшелігін сақтауға аудармашылардың көп көңіл бөлгені байқалады» – дейді. Бір ғана «Ер Тарғындағы» Ақжүністің Қартқожаға айтқан сұлулық келбетін сипаттаудағы «Бұқар барсаң қолаң бар, Қолаңды көр де шашым көр» деген екі жолды В.Державин Бұқар шаһарының байлығын, базарын, бар жақсылығын дәріптеген шумақтар қосқаны аздай, Ақжүніс шашын Бұқар жібегіне теңеген. Өйткені В.Державин бұдан бұрын өзбек поэзиясы антологиясын аударуға қатысқан, өзбек жерін аралап, танысқандықтан болар, сый-сияпатын көрген қаланың көркі мен байлығын аудармаға қоса салған. Сөйтіп түпнұсқаның шынайылығы бұзылумен бірге, эпостағы кейіпкердің көркем тілмен бейнелеген суреттемесі бұрмаланды. Профессор Н.Сағындықова атап көрсеткендей, фольклорлық мұраларымыздың орыс аудармасында түпнұсқада жоқ сөздерді қосу әуестігі қатты байқалады. Мұндай бұрмалаулар ойдан қосып жіберу, болмаса түпнұсқадан аудармай қалдырып кету қазақ эпостарын аударушыларға тән дағды.
Ұлттық эпосымыз «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» Вера Потапова аударған орысша мәтінінен аудармашының тәжірибелілігі, ұқыптылығы байқалады. Түркі тілдес халықтар арасында 1500 жылдығы кеңінен тойланған ұлттық ұлы мұраны көркемдік-эстетикалық, эпикалық қуатымен, ұлттық колоритін, сұлулығын, тілдік өрнегін бар бояуымен жеткізуде аудармашы біршама еңбек еткен. Аударма зерттеушісі К.Чуковский ұйғарымында түпнұсқада әр төрт жол 6 сыртқы және ішкі ұйқастарға құрылса, В.Потапова әрбір төрт жолда ұйқастың өзара үйлесуіне қатты көңіл бөлген. Бір қарағанда, басқа тілдегі өлең жолдарын синтаксисі аударуға қиын соғатын орыс тілінің заңдылықтарымен жеткізу оңайға соқпайды. Бірақ аудармашының фольклор аудармасында қалыптасқан тәжірибесі, ізденісі жемісін берген. Оның үстіне бір-бірімен мағыналық тізбек құрайтын төрт жолды өлең мұнда бір емес, бірнеше рет кездеседі. Тұтастай тізбектеліп бір-бірімен жалғасып жатқан фольклорлық жыр үлгісінің ұлттық негізін сақтау әркімнің қолынан келе бермейді. Алайда, құлшына кіріскен, шын ниет танытқан аудармашы қиюын тауып қиюластыра біледі. В.Жирмунский зерттеуінде шотланд балладасы «Эдвардпен» «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» сарындық ұқсастығын атап көрсеткен.
Фольклорлық шығармаларды аударуға орыс аудармашысы С.Липкин де біраз еңбек сіңірді. Ол бір өзі «Ләйлі-Мәжнүн», «Жангар», «Манас», осетиндік «Нарт», үндінің «Махабкарата» тәрізді әйгілі эпикалық шығармаларын аударды. Ол XVII-XIX ғасырдағы үнді, парсы, тәжік, өзбек, қазақ, қырғыз, түркімен, дағыстан, татар, абхаз халықтарының поэзияларын аударған. Шығыс поэзиясына құштарлық табысты аударма жасауына көмектесті. Дегенімен С.Липкиннің еркіндігі кейде сәтсіздікке ұрындырған. Орыс әдебиетінде қазақ поэзиясының үлгілері XVII ғасырдың басында көріне бастады. 1820 жылы фольклорлардың аудармадағы алғашқы бастамасы болып «Едіге» туралы аңыздың айтарлықтай бөлігі өлең түрінде тәржімаланды. Эпостың жекелеген бөліктері аударылғанымен ұлттық поэтикалық шығармалардың бастапқы үлгісі ретінде орыс әдебиетшілерін қызықтырған. Аударма еркін, орыс бөлімдеріне ұқсас жасалған. Дегенмен, орыс зерттеушілері қазақ эпостарын өз тілінің заңдылығы бойынша біржақты талдағандықтанда, айтылған кейбір пікірлермен келісуге де болмайды. В.Потапова 6-8 шумақ өлең жолдарын ықшамдап, төрт шумаққа сиыстыруға тырысқан. Бүгінге дейін анықталғандай, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» 8 нұсқасы болса сол кездегі зерттеулерге негіз болған әрі Шоқан Уалиханов жазып алған жинақ нұсқасы бойынша аударма жасалған. Аудармашының еркіндігі бірден сезіледі. Махаббат жырын тәржімалауда түпнұсқа, шеңберінен кейде еріксіз шығып кетеді..
Қазақшасы: Оған да артық дәулет тәңірім берді,
Достарыңызбен бөлісу: |