Бүгінгі журналистің кәсіби біліктілігі мен шеберлік мектебін бағамдаңыз.
Кейінгі жылдары журналистік этика, яғни кәсіптік әдеп туралы сөз баспасөз беттерінде сирек те болса айтылып жүр. Журналистің кәсіптік әдебін терең біліп, оны зерттеу – Қазақстан журналистикасы үшін зәру мәселелердің бірі. Өйткені, бұл – соңғы жылдар көлемінде ғана назар аударыла бастағаны болмаса, әлі ғылыми тұрғыдан да, кәсіптік шеберлікке қатысты да байыптап үлгерілмеген тың да күрделі мәселе.Алғаш қоғамдағы моральдық қарым-қатынастарды жан-жақты зерттеп, әр түрлі пікірлерді жинақтаған Аристотель деп айтуға болады. Оның «Никомахова этика» атты еңбегін зерттеушілер этика ғылымының бастауы деп біледі. Ал, ұлы ойшыл Әл-Фараби этиканы, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Журналистің кәсіби этикасы – ғылымның ең кенже салаларының бірі. Оның тарихы соңғы жиырма жылдан бастау алады. Оған дәлел ретінде осы уақытқа дейін журналистің кәсіби этикасы жайлы оқулықтардың жарыққа шықпауын атап көрсетуге болады. Ал, педагогикалық мақсатта тек ғылыми монографиялар қолданылады. Соңғы жылдары Ресей ғалымдары журналистикадағы этикалық ғылымға көңіл аудара бастады. Мәселен, ғалым Р.Г. Бухарцев қазіргі таңдағы кәсіби этиканың табиғатын, кәсіби этика мен журналистің шығармашылық даму үрдісінің байланысын ашық дәлелдесе, зерттеуші В.А. Казакова журналистің жұмыс істеу барысындағы әдептілік қарым-қатынастардың түрлерін жан-жақты атап көрсетті. Ал, ғалым В.М.Теплюк журналистің әлеуметтік мәселелердегі жауапкершілігі мен дерек, дәйектерді қолданудағы этикалық нормаларды қарастырды. Баспасөз зерттеушілері Г.В. Лазутина мен Д.С. Авраамов журналистің кәсіби этикасын бүгінгі жаңа тұжырымдар мен көзқарастар негізінде қарастырса, ғалым М.А.Федотов журналист этикасын БАҚ туралы заңның негізгі тармақтарымен байланыстыра отырып зерттейді. Ал, бүгінгі журналистің кәсіби этикасы жөнінде елімізде өте аз зерттелген. Осы маңызды мәселемен арнайы айналасып жүрген ғылыми мамандар да жоқтың қасы. Сондықтан алдағы уақытта журналист этикасы туралы мәселелерді жан-жақты терең зерттеу қажеттілігі бүгінгі өмірден туындап отыр. Этика кәсіби моральдың құрылымын зерттейтін ғылым десек, журналистке моральдық нормаларды ұстану – ең бір қажетті қасиет. Журналистердің жазған еңбектері, ең бастысы одан шыққан қорытындылары көптеген бұқара халықтың мүддесіне тиісті болып табылады. Себебі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамның көзқарасы, оқиғаны түсінуі үнемі өзгеріп отырады. Журналистке қойылатын моральдық талаптың қиындығы жоқ, тек талапты дұрыс пайдалана білу қажет. Тіпті, егжей-тегжейлі қабылданған кодекстің өзі журналистің аяқ-асты тап болған оқиғасына түсінік бере алмауы мүмкін. Бұл кезде тек журналистің кәсіби этикасы мен ар-ұяты ғана маңызды рөл атқаруы мүмкін. Журналист этикасы – қоғамда, әлеуметтік ортада БАҚ өкілінің ұстанымымен, қызметімен, сондай-ақ, белгілі тұлғалар, ұжымдық топтармен арадағы қарым-қатынастармен тікелей байланысатындықтан оның кәсіби шеберлігіне де ықпал етуші негізгі фактор бола алады. Қоғам және халық арасындағы үлкен жауапкершіліктің өзі журналистке моральдық-этикалық және имани игі қасиеттерді игеруін талап етеді. Журналист этикасының қалыптасу негізіне келсек, ол өз халқының озық дәстүрінен нәр ала отырып, имандылыққа бой түзеп, қоғамдық мейірбанды да салауатты ортада тәлім-тәрбие алып, өсіп-жетілуге тиіс.