Лекция № 4
Катиондарды аналитикалық топтарға бөлу
Лекцияның жоспары:
1. Катиондарды аналитикалық топтарға бөлу.
2. Д.И. Менделеевтің периодтық жүйесі және катиондардың аналитикалық топтарға бөлу жүйесінің арасындағы байланыс.
3. Сульфидті және қышқылдық-негіздік жүйе бойынша анализдеу.
4. Аммиактық-фосфаттық классификация.
Осы уақытта катиондарды аналитикалық топтарға жіктеудің (классификациялаудың) бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде кең тарағандары - сульфидтік (күкірт сутектік), қышқылдық-негіздік және аммиактық-фосфаттық жіктеулер. Осылардың ішіндегі ең танымалысы – күкірттік сутек әдісі.
Катиондардың аналитикалық топтарға жіктелуі элементтердің Д.И. Менделеевтің жасаған элементтердің периодтық жүйесіндегі орналасу ретімен, олардың қосылыстарының физикалық-химиялық қасиеттерімен, құрылысымен тығыз байланысты. Аналитикалық жіктеу жүйелері бастапқы уақытта эмпирикалық тәжірибелердің негізінде жасалды. Соңынан химияның теорияларының дамуы және жетілуі барысында оларды химиялық элементтердің периодтық жүйенің тұрғысынан интерпретациялау мүмкін болды.
Сульфидтік жіктеу жүйесі бойынша катиондар 5 аналитикалық топтарға бөлінген: 1) топтық реагенті жоқ катиондардың тобы – олар Li+, К+, Na+, NН4+, Мg2+; 2) топтық реагенті (NН4)2СО3 – олар Ba2+, Sr2+, Ca2+. 3) топтық реагенті (NH4)2S – олар Al3+, Cr3+,Ti4+, Fe2+, Fe3+, Mn2+, Zn2+, Co2+, Ni2+. 4) топтық реагенті НСІ қатысындағы Н2S – олар Cu2+, Cd2+, Bi3+, Hg2+, Pb2+. 5) HCl – oлар Ag+, Hg2+2, Pb2+.
Қышқылдық-негіздік жіктеу жүйесі бойынша катиондар 6 аналитикалық топқа бөлінеді. 1) топ катиондары сульфидтік топтағы катиондар, яғни олардың топтық реагенті жоқ; 2) Ag+, Hg2+2, Pb2+, топтық реагенті НСІ, түзілген хлоридтер суда және қышқылдарда ерімейді. 3) Ba2+, Sr2+, Ca2+, топтық реагенті – күкірт қышқылы; 4) Al3+, Cr3+, Zn2+; топтық реагенті натрийдің гидроксиді, гидроксидтер амфотерлік қасиет көрсетеді. 5) Fe2+, Fe3+, Mn2+, Mg2+, Bi3+, Sb3+, Sb5+. Топтық реагенті натрийдің гидроксиді, гидроксидтер суда және қышқылдарда ерімейді. 6) Cu2+, Cd2+, Ni2+, Co2+, Hg2+; топтық реагенті аммиактың сулы ерітіндісі, гидроксидтер аммиакат түзе отырып аммиакта ериді.
Аммиактық-фосфаттық жіктеу жүйесі бойынша катиондар 5 топқа бөлінеді. 1) алғашқы екі жүйеге ұқсас болғанымен бұл топта литий катионы болмайды; 2) топтық реагенті – (NH4)2HPO4 + NH3, Ba2+, Sr2+, Ca2+, Mn2+, Mg2+, Bi3+, Fe2+, Fe3+, Al3+, Cr3+, 3) топтық реагенті – Na2HPO4 - Cu2+, Cd2+, Ni2+, Co2+, Hg2+; 4) топтық реагенті – HNO3 - Sb3+, Sb5+, Sn2+, Sn4+, As3+, As5+. 5) HCl – oлар Ag+, Hg2+2, Pb2+.
Бақылау сұрақтары:
1. Катиондарды аналитикалық топтарға жіктеу жүйесі қалай пайда болды ?
2. Аналиткалық топтарға катиондарды бөлу және периодтық жүйенің арасында қандай байланыс бар ?
3. Сульфидтік, қышқылдық-негіздік және аммиактық-фосфаттық жіктеу жүйелерінің арасындағы ұқсастықтар және ерекшеліктер.
4. Аталған жіктеу жүйелерінің ішінде қай жүйе тиімді деп санайсыздар ?
Достарыңызбен бөлісу: |