Лекция 1 Кіріспе. Невропатологияның пәні, мақсаты, принциптері мен әдістері. Жүйке жүйесінің құрылымы



бет21/60
Дата23.01.2023
өлшемі1,53 Mb.
#166188
түріЛекция
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   60
Байланысты:
Лекция 1 Кіріспе. Невропатологияны п ні, ма саты, принциптері м
1551283593, срс9, гоха хирургия, Дипломдық жұмыс жоспары
Иық өрімінің невриті. Иық өрімі жұлынның соңғы төрт мойын және бірінші кеуде түбіршектерінен құралған. Бұл өрімнен қол бұлшық еттерін жүйкелендіретін шеткі жүйкелер басталады: шынтақ, шыбық, ортаңғы және жауырынасты жүйкелері. Талшықтарының құрамына қарай олар аралас болып табылады, соның ішінде ортаңғы жүйкенің құрамында сезімтал және қоректендіруші (трофикалық) талшықтар басым болса, қалғандарында қозғалыс талшықтары басым болады.
Иық өрімінің немесе оның ішіндегі жеке жүйкелердің невриттері әртүрлі себептерге байланысты болады – инфекциялық, улану себептері және жарақаттар. Жарақаттар көбінесе механикалық тартылу немесе жаншылу түрінде болады.
Жедел иық невритінің көрінісі мойын-иық бұлшық еттеріндегі қатты ауыру сезімінен, иық пен шынтақ буындарындағы қимылдардың шектелуінен және бұлшық ет күшінің әлсіреуінен құралады. Әдетте сіңірлік рефлекстердің және тері сезгіштігінің төмендеуі байқалады. Қолдың қандай да бір жеке жүйкесінің зақымдануы (шынтақ, шыбық, ортаңғы және жауырынасты нервтерінің) сәйкесінше сол жүйкенің атқаратын қызметінің бұзылуымен білінеді. Аурудың болжамы көбінесе қолайлы, бірақ созылмалы түрі де кездеседі, ондайда бұлшық еттердің парезі мен семуі байқалады.
Көптеген жүйкелердің невриттері (полиневриттер). Полиневрит деген көп шеткі жүйкелер мен олардың түбіршектерінің зақымдануы. Полиневриттің себептері де алуан түрлі болып табылады. Улану нәтижесіндегі полиневриттер улы заттардың әсер етуімен шақырылады (сынап, қорғасын), олар зиянды өндіріспен байланысты адамдарда жиі кездеседі. Спиртті ішімдіктерге салынған адамдарда алкогольмен жүйелі түрде улану кезінде жүйкелердің ерекше ішімдіктік зақымдануы (алкогольдық полиневрит) мүмкін. Ең жиі инфекциялық-улану полиневриттері кездеседі. Аурудың бұл түрі жүйкелердің тікелей нейровирустардың әсер етуіне байланысты болады немесе кейбір жалпы инфекциялардың (грипп, сүзек, күл және т.б.) асқынуының нәтижесі болып табылады. Кейде анамнезінде қатты суық тиюі туралы айтылады) мұздай суға түсу және т.с.с.). Балаларда полиневрит негізінен нейроинфекция нәтижесінде дамиды.
Инфекциялық полиневритпен ауырудың басталуы жоғары дене қызуымен, бас ауыруымен, жалпы әлсіздікпен және ірі жүйке бағаналарының бойымен терінің қатты ауыруы, табан мен алақанның ұюы, сонымен қатар терінің жыбырлауы, шаншуы сияқты ерекше сезімдермен (парестезиялар) сипатталады. Сосын аяқ-қол бұлшық еттерінің парездері мен салы дамиды.
Неврологиялық тексеру кезінде ірі жүйкелердің бойымен жайлап басқанда ауыру сезімі байқалады. Сезудің бұзылыстары тән болады. Әсіресе қол мен аяқтың ұштарындағы беткей сезгіштіктің төмендеуі тән. Кейде терең сезгіштік те бұзылады. Сіңір рефлекстері басында жоғары болуы мүмкін, ал кейін өшеді. Бұлшық еттер тонусы төмендейді (гипотония). Қол мен аяқ бұлшық еттерінің қозғалыс ауқымы күрт азаяды (парез дамиды), бірте-бірте сал болған бұлшық еттердің семуі байқалады.
Инфекциялық полиневритпен науқастану әдетте 2-4 айға созылады. Аурудың болжамы негізінен қолайлы, бұзылған қызметтер толығымен қалпына келеді. Алайда кейбір жағдайда диафрагмалық және кезбе жүйкесінің зақымдануы нәтижесінде тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелерінің қызметі тарапынан ауыр асқынулар байқалып, тіпті өлімге әкеп соғуы мүмкін.
Полиневритпен ауырып шыққан балаларды одан әрі бақылау олардың кейбірінде біразға дейін астениялық реакциялар түріндегі мінездің және көңіл күй-жігер тарапындағы айтарлықтай өзгерістер сақталатындығын көрсетті (тез шаршау, тітіркенгіштік, жылауықтық). Сонымен бірге кейде қалдықтық құбылыс ретінде аяқ-қол бұлшық еттерінің аздаған жіңішкеруі, алақанның майда бұлшық еттерінің әлсіздігі байқалатындығын атап кету керек. Мұндай патологиялық ерекшеліктер тек қана нәзік қимылдар кезінде, мысалы жазғанда, білінеді (әріптерді біркелкі емес жазу, жазуының жалпы ұқыпсыздығы). Әсіресе осындай бұзылыстар күл ауруындағы полиневриттен кейінгі қалдықтық құбылыстар көрінісіне тән болады.
Полиневриттің күл ауруындағы түрі. Бұл ауру көбінесе балаларға тән. Әдетте жүйке жүйесінің зақымдануы (негізінен шеткі жүйкелердің) күл ауруының бастапқы не соңғы кезеңінде дамиды. Ең жиі кездесетін асқыну 9-шы және 10-шы жұп бас-ми жүйкелерінің зақымдануына байланысты жұмсақ таңдайдың парезі немесе салы болып табылады. Бұл кезде жұмсақ таңдай салбырап, фонация (дыбыс шығару) кезінде керілмейді немесе тегіс емес керіледі. Әдетте мұрнынан сөйлеген тәрізді болады. Кезбе жүйкенің жүректік бұтақтары және диафрагмалық жүйке зақымданғанда аурудың болжамы нашарлайды. Сонымен қатар көз бұлшық еттерінің, соның ішінде 3-ші жұп бас-ми жүйкесінің, дәлірек айтқанда қарашықтың аккомодациялық бұлшық еттеріне келетін талшықтарының парездері мен салы орын алуы мүмкін. Клиникалық тұрғыда бұл оқудың бұзылуымен білінеді. Дифтерия кезіндегі полиневритте одан да көп жүйкелердің зақымдануы көбінесе аурудың аяқталатын кезінде байқалады. Оның екі түрін ажыратады – салдық және атаксиялық. Салдық түрінде қол-аяқтың бұлшық еттерінің (көбінесе аяқ пен мойынның) салы болады, ал атаксиялық түрінде координацияның, яғни кеңістікте дұрыс, үйлесімді қимылдаудың бұзылыстары байқалады. Емі – дәрі-дәрмектік, физиотерапиялық, сонымен бірге емдік дене шынықтыру қолданылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   60




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет