2. Индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, оны жүзеге асырудың алғашқы табыстары. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшуді таңдап алған болатын. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда Қазақстан Ресейдің үлгісімен бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең- 1991-1992 жылдар, екінші кезең - 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерізімде жүргізілетін іс бағдараламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең - 1996-1998 жылдарды қамтуға тиіс болды. Осымен байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылдайды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т. б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның да кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды.
Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді.
Бірінші. Реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-айласы да толық анықталмады.
Екінші. Барлық елге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің, өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, 93 жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. "Жапондық", "Немістік" тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қордың ұсынған "есеңгіретіп емдеу" деп аталатын жолына түсіп, Ресейдің соңынан ерді. Ол Ресейден бөлек дербес экономикалық саясат жүргізу қиын деген желеумен жасалды.
Үшінші. Экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанға қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру өкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты.
Төртінші. Қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмаған-ды. Реформаны жүзеге асыру үшін оған қажет механизмдерді жасау керек еді.
Бесінші. Инфляцияны (құнсыздандыруды) ауыздықтамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық, банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресрустарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары пайызбен сатып, пайда табумен әуестенді.
Алтыншы. Қылмыс, жемқорлық, заңды бұзушылық көбейгені соншалық, ол қоғамның қатерлі ісік сияқты ең қауіпті ауруына айналды. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік- қосылды. Міне, бұлар реформаны жасауда, қоғамды дұрыс дамытуда өздерінің кеселдерін тигізді.
Жетінші. Мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырып, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан бір-ақ жылда шығару саясаты жүргізілді. Бірақ, ол ешқандай нәтиже бермеді.
Сондықтан мемлекеттің алдында дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастады. Оның ең бастысы - бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Нарықтандырудың барысын, оның неден басталғанын, қалай басталғанын халық жете түсінбеді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғары таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті, оны көтеру мүмкін болмай қалды.
Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс - жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті тезірек жойып, бәрін жеке меншікке айналдырсақ, халық жұмыла жұмыс істей, өндіріс жанданып, ел байып, бәрі де орнына келеді деп ойланды. Тәжірибе жүзінде олай болмай шықты. Жекешелендіру барысында елімізде үш бағыттағы /шағын, жаппай және жеке жобамен/ кәсіпорындар құрылған. Ауылдағы жеке шаруа, басқа құрылымдар, сондай-ақ, қаладағы жеке және қауымдастық түріндегі кәсіпорындар саны есепке алынған. Алайда, осыған қарамастан, ең бастысы - мемлекет меншігіндегі мүлік инфлицияны дұрыс ескерумен сатылды ма, оның қандай бөлігі текке берілді, қандай бөлігі қанша пайдамен немесе қанша зиянмен сатылды? Кейінгі мерізімде төлеуге берілген мүліктің мөлшері қандай? Жекешелендіруден не ұттық: өнімнің көлемі артты ма, баға арзандады ма, пайда көбейді ме? Бұл істегі нәтиже есептелген жоқ, талдау жасалған жоқ.
Нәтижесінде мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңінде де /1991-92 жж және 1993-95 жж/ мүліктің үлкен талан-таражға түсуіне жол берілді. Бұл халық шаруашылығы үшін берекесіздік тудырып, экономиканың күйреген, таяу жылдарда шыға алмайтын терең дағдарысқа ұшырауының басты себебінің біріне айналды. Сондай-ақ, елдің, экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындары ескі әдетіне басып, өздерінің тауарларын эшелон-эшелонмен сыртқа жөнелте беруді ғана білді. Соның салдарынан республикадан 250 млрд. сомның өнімі сыртқа, негізінен алғанда Ресей Федерациясы мен ТМД елдеріне, су тегін кеткен болып шықты. Сондықтан бұл жағдай үкіметпен барлық экономикалық институттарды, Статистика мен Қолдау Комитетін қатыстыра отырып, терең талдау жасауды талап етті. Тек осындай талдаудың қортындысына сүйене отырып, үкіметке алдағы уақытта нендей істерді жүргізуді анықтау керек болды.
Осымен байланысты 1994 жылдың қаңтарында экономикалық реформаны жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы Президент қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994-1995 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Бағдарламада Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалардың ерекшеліктері, елдің өндіргіш күштері, өндірістік қатынастар, өндірістік аппарат, игерілетін қазба байлық, елдегі 7 миллиондай еңбекке жарамды адам күші ескерілді. Бұдан басқа бағдарламада энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қойылды, өндірістің құлдырауы тоқтатылып, экономиканы тұрақтандыру, инфляцияны ауыздықтау қажет екені айтыл-ды. 1995 жылдың қараша айының 15-ші жұлдызында мемлекеттің өз ақшасы — теңге енгізілді.
1994 ж наурызда Президент Жарлығымен ауыл кәсіпорындарының өтей алмаған 2,2 млрд. сомдық несиесінің мерізімі екі жылға ұзартылды. Бірақ сол жылдың, сәуірінен бастап энергияға, энергия көздеріне баға жоғарлады. Осыдан келіп инфляция тағы өсті, деңгейі 1260 пайызға жетті.
Реформаның барысында Қазақстанда 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Сол сияқты ұлттық банктің несиеге алатын пайызы да қауырт азайды. Ақша-қаражат саласында да осындай түзеліс байқалды. Өнеркәсіптің кей салаларында да оңға басушылық орын алды.
Жалпы дағдарыстан шығудың, реформаны жүргізудің пәрменді құралының бірі - экономикалық орталық болу тиіс еді. Алайда, Министрлер кабинетінде реформаны ойластырып, алға бастыратын орталық болмады. Экономика министрлігі ондай орталық бола алмады. Нәтижесінде 1994 - 1995 жылдары дағдарысқа қарсы шаралар мен реформаны тереңдету бағдарламасы негізінен орындалмай қалды. Макроэкономикалық тұрақтандыру және құнсыздануды тоқтатуға қол жетпеді, сыртқы сауда саясатын жасау да көңілдегідей болмай шықты, әлеуметтік саясат та халықтың басым көпшілігінің наразылығы өршіткені болмаса разы етпеді.
Нарықтық реформаға көшудегі жіберілген тағы бір қате - ол үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Оның себебі бізде бұған дейін нарықтық экономика болмады, сондықтан біздің экономистер нарыққа көшудің жолдарын, түрлі тетіктерін білмейді деп есептелді. Осымен байланысты нарықтық экономикаға көшу үшін кеңесші ретінде экономист - ғалымдар АҚШ-тан, Франциядан, Түркиядан, Ресейден т. б. жерлерден шақырылды. Бірақ сол мемлекеттерден шақырылған экономист - кеңесшілер өз елінде, өз топырағында маман болғанмен, олар біздің жағдайды, халықтың менталитетін, психологиялық ерекшеліктерін ескермеді, тіпті білмеді де. Олардың білетіні Батыстың дамыған, қалыптасқан нарықтық экономикасы еді. Оған қоса ТМД елдерінде экономикалық дағдарыс капиталистік қоғамға тән классикалық артық өндіру дағдарысы емес, жетіспеушілік дағдарысытын. Екіншіден, ол елдерде баяғы заманнан тауар өндірісі, тауарлық қатынастар толық қалыптасқан. Ал бізде бұлар болған жоқ. Үшіншіден, ТМД елдерінде социалистік экономикадан нарықтық экономикаға көшу тез қарқын алды. Сондықтан шетел экономистерінің кеңесі тиісті нәтижесін бермей, аяқсыз қалды.
Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы бір үрдіс бар. Ол сонау Столыпин реформасынан, одан бері Қазан төңкерісінен кейінгі индустрияландыру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі түбегейлі өзгерістерге революциялық сипат беру. Ал біздің халық бұл үрдіске үйренбеген және ол халықтың психологиясына келе бермеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жекешелендіруде үкімет асығыстық жіберді. Дағдарыс жағдайында бой көтерген жеке фермерлер басқа халықты асырамақ түгіл, олардың көпшілігі өзін-өзі әрең асырап отырды. Нәтижесінде 1993-1995 жылдарға арналған бағдарламаларда инфляцияны төмендету, өндірістің құлдырауын тоқтату және өндірістің ұлғаюы үшін жағдайлар жасау жоспарынан ешнәрсе шықпады. Сондықтан мақсатты нұсқамалар түрінде 15 айға арналған қосымша бағдарлама қабылданды. Оның оң нәтижесі деп инфляцияның баяулауын айтуға болады, бірақ, өндірістің құлдырауын тоқтату мүмкін болмады. 1992 жылы өндірістің құлдырауы біршама тұрақты болған 1990 жылмен салыстырғанда 14,6%, 1993 жылы - 28%, 1994 жылы - 48%, ал 1995 жылы - 45% жетті.
Қазақстан Респуликасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енуі» және «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдаулары негізінде Қазақстанның 2003-2005 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Бұл бағдарлама 2015 жылға дейінгі жұмыс тетігі деп жоспарланды. Бүгінгі күнгі әлемдік дағдарыс жағдайында өндірістің кейбір салаларында алға шығу мүмкіндігі бар екені халыққа жария етілді. Қазіргі таңда 2020, 2050 жылдарға дейін қабылданған стратегиялық бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру – негізгі жоспар.
Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудың құралы – мемлекеттік қаржы ресурстарын тарту арқылы жаңа өндірістерді қаржыландыру болып табылады. Қазір Қазақстанда жаңа өндірісті қалыптастыру және кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған мамандандырылған индустриалдық-инновациялық инфрақұрылымдар, Қазақстанда мемлекеттік бірнеше даму институттары қызмет атқарады.
Әлемдік дамуда Қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардің бірі – кластерлік жүйеге көшу. Кластер аумақтық өзара байланыс және комплементарлы кәсіпорындар жүйесін ұйымдастыру (өнім шығарушылар мен сатып алушылар) ретінде қарастырылады, ол өзінің айналасына кәсіпорындар мен аймақтар, ұлттық экономика бәсекелестігін жетілдіру мақсатында жергілікті орындар мен органдарды байланыстырады.
Қазақстан үкіметі консалтинг компания J.E-мен келісімге отырды. Қазақстан экономикасының мұнай өндіру мен шикізат саласына бағыныштылығынан айыру үшін және оның жоғары өндірістілігін төмендету үшін жеті пилоттық кластерлер анықталды. Олар: «Туризм», «Тамақ өнеркәсібі», «Мұнай-газ машина жасау», «Текстильді өнеркәсіп», «Транспорттық логистика», «Металллургия», «Құрылыс материалдары».
Кластер – бір салада жұмыс істейтін, олардың үйлесуіне жол салатын, бір-бірімен байланысты және жақын орналасқан кәсіпорындар. Кластер қала, аудан немесе тұтас облысты, сонымен қатар басқа қалалар мен көрші елдерді де қамтуы мүмкін. Кеңес Одағы кезеңінде Қазақстанда Жамбыл тері-аяқ киім кәсіпорны кластерлік әдіс үлгісіндегі әр түрлі тері өңдеумен айналысатын бірнеше кәсіпорынды біріктірді. Бір жағынан тапсырыс беруші мен тұтынушыны біріктіру фабрика үшін жайлы жағдай қалыптастырды. Тек өнімнің сапасының нашарлығы мен бағасының жоғарылығы сұраныс тудырмады. Өнім сапасын көтерудің негізгі шарты болып табылатын бәсеке механизмі кеңестік экономикада қолданылмағаны белгілі. Қазақстанда қазіргі уақытта өндіруші өнеркәсіпте кластер әдісі қолданылады.
Қазақстан әлемдік ірі мыс өндіруші және шығарушы елдердің қатарына енеді. Әлемдік мыс өндіруде республиканың алатын үлесі үлкен.Елдегі өндірген мыстың барлығы Италия, Германия және батыстың басқа елдеріне экспортталуда. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан алтын өндірісі бойынша үшінші орынды иеленеді және бұл саладағы көрсеткіш жыл сайын артып отыр.
Қазақстанның химиялық және мұнай-газ өнеркәсіп кәсіпорындары пластмасса түрлерін, химиялық маталар және жіптер, автокөліктер мен ауыл шаруашылығы көліктеріне дөңғалақтар, техникалық бұйымдарын, хромдық қосылулар, кальций карбиді, каустикалық содылар, т.б. шығарады. Фосфор рудаларынан сары фосфор алатын (бұрынғы КСРО өндірісінің 90%-дан астамы) минералды тыңайтқыштар, синтетикалық жуу-тазалау құралдарын қайта өндіретін ірі кешен жұмыс істейді. Бұл саланы жетілдірудің болашағы Батыс Қазақстандағы мұнай қайта өңдеу кешені өнеркәсібінің дамуымен және фосфор өнімінің жаңа түрлерін ұйымдастырумен байланысты.
Экономиканың басым секторын орта және ұзақ мерзімді төмен пайыздық несиелендірумен қамтамасыз ететін – «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, инновациялық бизнеске қаржылық көмек көрсететін «Ұлттық инвестициялық қор», шикізат емес экспорт саласында жұмыс жасайтын жергілікті кәсіпорындарды және шетелге тікелей тартылатын инвестицияларды сыртқы жағымсыз тәуекелдерден сақтандыратын «Экспорттық несие және инвестицияларды сақтандыру бойынша мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ жұмыс жасауда.
Осылайша, индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы Қазақстаннан дайын өнімдер өндіру және кеңейту мәселелерін табысты шешуге бағытталып отыр. бір жағынан бұл шикізат секторындағы баға мен тұрғындардың табыс көзінің өсуі есебінен артты. Басқаша айтқанда, нарық құрылымында еркін бәсекелестік қағидалары жұмыс істемейтін салалар дамыды. Жалпы, экономиканың заңдылықтары бойынша сапалық жаңғыру не жеңіл, не ауыр өнеркәсіпті қолға алу арқылы жүреді. Экономикалық стратегияның мазмұнындағы ең басты мәселе - шетелден тауар тасымалдау. Болашақта осы бағытқа көңіл аудару аса қажет. Қазақстан кәсіпорындарының өнімдерін сапалық тұрғыдан көтеру және олардың өз өнімдерінің әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу мәселелерін шешу көптеген жағдайларды жақсартуды, жаңаша ұйымдастыруды талап етеді.