Лекция: 20 Семинар: 6 СӨЖ: 64 Барлық сағат саны: 90 Аралық бақылау (АБ) 40 б


Шерниязды аты үш жүзге мәлім.Оны әр облыс ақындары сүйсіне жырлайды. Көкшетауда Алыш, Жетісуда Сүйінбай мен Омарбек, Балқашта Шашубай күні кешеге дейін Шернияз өлеңін жырлап келген-ді



бет2/3
Дата05.11.2016
өлшемі1,93 Mb.
#1031
түріЛекция
1   2   3

Шерниязды аты үш жүзге мәлім.Оны әр облыс ақындары сүйсіне жырлайды. Көкшетауда Алыш, Жетісуда Сүйінбай мен Омарбек, Балқашта Шашубай күні кешеге дейін Шернияз өлеңін жырлап келген-ді.


Шернияз туралы деректер 20 жылдардан бері қарай жиналып, зерттеле бастады. 1925 жылғы ақынның алғашқы жинағынан кейін Ташкент қаласында “Әдебиет терме” жинағы шықты. Бұл жинақты құрастырушы белгілі жазушы І.Жансүгіров еді.Ол жетісулық Омарбек ақынның айтуынан Шернияз өлеңдерінің біразын жазып алып, сол жинаққа енгізді.

1938 жылы жазушылар С. Мұқанов пен Қ. Бекхожин орта мектептер үшін жазған хрестоматияларына Шернияз өлеңдерін енгізді. Ал С. Мұқанов өзінің 1942 жылы жазған “Қазақтың ХVІII-ХІХ ғасырлардағы әдебиеті тарихынан очеркінде” Шернияз творчествосына тұңғыш талдау жасады. Кейін профессор Қ. Жұмалиев Шерниязды орта мектепке жазған оқулықтары мен 1957 жылы шыққан мақалалар жинағының І томында сөз етті.

Әдебиетші Б. Аманшин 1977 жылы Шернияздың жерленген жерін тауып, оның басына қойылған құлпытасында жазылған деректі жариялады.

Қ. Жұмалиев Шернияздың бұрын басылмаған біраз өлеңдерін жариялады.

3. Шернияз –заманы артқан міндетті атқару жолында құлшына қызмет еткен жалынды ақын.Ол өз басынан талай ауыртпалықты өткізіп, үстем тап өктемдігін, халық азабын көріп, шерлене өсті. Ханға қарсы қажырлы күрес үстінде шынығып, ақындық жолға шықты. Оның өлеңдерінен көтерілістен кейін қуғынға, бақытсыздыққа ұшыраған халық қайғысы мен хан жендеттерінен қашып-пысқан өз басының өкініші айқын көрінеді Хандардың көтерілістен кейін халық басына түсірген қайғылы кезеңін ақын “азған заман” деп бағалайды. Ол Исатайдай әділ адам билеген еркін өмірді аңсайды. Кейінгі қыспақты кезеңге сол күрес кезіндегі жарқын дәуірді қарсы қояды.

Ақын қандай ауыр жағдайға кезіксе де Исатайдан айнымайды. Оны хан алдында тұрып-ақ дәріптейді. Исатайды ол әрі батыр, әрі әділ қазы, әрі ел қамқоры, қайырымды, адал жан етіп көрсетеді.

Баймағамбет сұлтанның алдына кіріптар болып барған кездің өзінде ақын Исатайсыз сөз айтпайды.

4. Шернияз Исатай бейнесін үнемі Баймағамбетке қарама-қарсы қоя суреттейді.

Шернияз - сыншыл, турашыл ақын. Ақын поэзиясындағы шындықтың айқын белгісі оның ханды және хан отбасын жамандап айтқан сөздерінен де көрінеді.

Шернияз - Исатай бастаған қозғалысқа саналы түрде қатынасып, жыр шерткен бұқара ниетіндегі ақын. Бірақ ол Махамбеттей тапжылмас ер ақын дәрежесінде тұрып қалмай, кейбір ауытқуларға, жалтара сөйлеп, айлалы әдіс қолдануға душар болды. Сөйтсе де, ақын поэзиясы негізінен реалистік сарыннан аулақтамай, халық мұңымен ұштасып жатады.



Бақылау сұрақтары:

1. Шернияздың өмірі мен күрескерлік жолы

2. Ақын шығармашылығының негізі-суырып салма ақындық.

3.Ақынның толғау-термелеріндегі өмір қайшылықтары

4.Шернияздың Исатай, Махамбет бастаған халық көтерілісінің жыршысы екендігін

өлеңдері арқылы дәлелдеу.

5. Ақынның Баймағанбет сұлтанға айтқан өлеңдерінің мәні

6. Ақын өлеңдерінің тақырыбы мен көремдік ерекшелігі

7. Ақын шығармашылығының зерттелу жайы
5- лекция. Тақырыбы: Шортанбай Қанайұлы(1818-1861).

Жоспары:

1. Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылық жолы.

2. Шортанбай- патшалық отарлау саясатын әшкерелеуде реалистікпен жырлаған ақын.

3.Ақынның адамгершілік, тәрбие қағидаларын уағыздаған толғаулары.

Лекция мақсаты: Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылық жолынан мәлімет беру, оның ишандық дәрежеден ақындық жолға түсуінің мәнін көрсету. Шортанбайдың патшалық отарлау саясатын реалистікпен әшкерелеген ақын екендігін өлеңдері арқылы таныту. Ақынның адамгершілік, тәрбие қағидаларын уағыздаған толғауларын талдау.

Лекция мәтіні: Шортанбай – XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын өзіндік сөз өрнегі бар өнерпаз.

1. Шортанбай Түркістан жерінде Қаратауды жайлаған шаруа Қанайдың семясында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алған. Өзі туған топырағында оқып білім алған зерделі жас өнерлі, өнегелі өлке мәдениетін жете игеруге талаптанып, парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Қазақтың әрі астанасы , әрі әулиелік орны ретінде танылған Түркістанның берер тәлімі де, әсері де мол еді. Көкірегі ояу, көркемдікке әуес, сезімтал жас естіген есті сөздерін құлағына құйып, көрген ғажайыптарын ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.

Мұсылманшылдық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарақаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға тура келеді. Одан кейін Аюлы-Ақсу бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағынан шағын мешіт салдырып, медресе ашады. Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына кезігеді. Адамдары шетінен ділмар, сауыққой, әнші, жыршы, өлеңші келетін. Сонау Қаздауысты Қазыбектің ізін басып жалғасып жатқан билер тобының өнерлерінің өзі қандай?! Бұл өлкеде Ақан мен Біржанның, Мәди мен Ыбырайдың әндерін салмайтын қыз бен жігітті кездестіру де қиын. Тәттімбет пен Қазанғаптың күйлері қандай ойлы, сырлы? Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбайлардың ақтарылған ақпа жырлары ше? Ғажап дүние! Не деген байлық? Өмірдің қызығы, мән-мағынасы деген осы емес пе?!

Жас ишан үшін бұл – ерекше өмір болатын. Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашып, діни жұмыс атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққа жетелейді. Ел толған төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын атап кетеді.

Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, - дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.

Шортанбай - өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы XIX ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей-кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері.

2. Шортанбай ақындығының дәуірлеген тұсы қазақ елі дағдарысқа душар болған аса ауыр кезең болатын. Ең алдымен, туған ел Россия патшалығына отар, тәуелді, бұратана өлке боп, өзінің иелігімен мүлде айрылған-ды. Отаршылар өктемдігі күн санап өршіп, ел еңсесін зар мен шерге толы мұң басты. Қазақ ең әуелі ел билігінен айрылды, одан соң жер-су, қоныс қысымына ұшырады. Мал-жан есепке алынып, оған да қауіп – қатер көбейді. Халық басына ауыр күн туды. XIX ғасырдағы тарихи ұлттық қозғалыстардың қандай қасіреттерге ұшырағаны мәлім. Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, Есет пен Бекет, Жанқожа мен Құлбарақ, Науша мен Сүйінқара, Саурық пен Сұраншы, т.б. батырлардың қанжығалары қандады. Жоңғар шапқыншыларынан жадап-жүдеп, бірлігі мен тірлігін қалыптастыра алмай, ыдырап жатқан әлсіз өлкені патша өз қарамағына оп-оңай көндірмек болған еді.

Тап осындай әлеуметтік жағдайда өмір сүрген жазушының халқына берер кеңесі қандай болуға тиіс еді және оны Шортанбай дұрыс танып, тап басты, еліне-жұртына қамқор болады. Шортанбай - өз заманының шындығын ақтара ашып, оған өткір сын айта білген көреген суреткер. Бізге жеткен шығармаларының жалпы сарыны бұған толық куә бола алады.

Шортанбайдың шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегіне кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды құдай атқаны», «Атамыз Адам пайғамбар», «Өсиет-насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға», т.б. енген. Қазан қаласының өзінен Шортанбай шығармалары әр түрлі атпен жарық көріп жатты. Оның шығармаларын, әсіресе, патша отаршылығына қарсы қауым, ұлттық тәуелсіздікті жақтаушылар, мұсылманшылықтың сойылшылары құшағын жая қарсы алды. Шортанбай кітаптарының негізгі сарыны олардың көкейіне бірден ұялады. Қаналып, тоналып, қорлық көріп жатқан басқа тәуелсіз халықтар да Шортанбай шығармаларына құлақтарын түрді. Өздерінің ойынан шыққан ақын сөздері жатталып, елге жайыла түсті.

Шортанбай шығармалары жиі-жиі қайталанып, баспа бетін көргенімен, жалпы көлемі көп емес. С. Мұқановтың есебі бойынша, бар болғаны 1500 жолдай.

Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б.

Ең алдымен, Шортанбай - өз дәуірінің шынайы сыншысы. Қазақ қоғамын билеп төстеушілерге, отаршылар билеген заманның бет алысына наразы ақын. Ақынның бағалауынша, ол жасаған заман бұзылған, зарлы-шерлі тар заман

Мынау заман қай заман –

Азусызға тар заман.

Азулыға бар заман... –

Шортанбай өз тұстастарын оларда иман жоқ, ұятсыз, арсыздар, құдайға да күнәкерлер деп сынайды. Патша үкіметіне берілген қазақтың опасыз би-болыстарын, елубасы старшындарын, дүниеқоңыз қайырсыз байларын, ақшаның құлы жылпостарды өткір сөзімен түйрейді.

Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді, оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегі қайғы-қасіреттің де шынайы суреті жасалады.

Арам арсыз жан шықты, Мініп көрер күші жоқ,

Қайыры жоқ бай шықты. Ақша деген мал шықты

Сауып ішер сүті жоқ,

Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді. Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет көрсету екіталай. Біздіңше, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Ел-жұртының қасіретін арқалап, бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет етіп, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі.

3. Ақынның түсінігі бойынша адам ең алдымен өзінің үй іші, бала-шағасы қамын қарастырмақ. Сол үшін ол кәсіп етеді, мал өсіреді, дала кезеді. Ұрпағын адалдыққа тәрбиелейді:

Елін, жерін аман боп, ұрпағың халал (адал) өссе, ол азамат үшін ғанибет, үлкен жақсылық. Ол үшін жағдай, құнарлы өлке, төзімді орта, ел-жұрт тыныштығы, береке-бірлігі қажет-ақ. Қазақтың бұрын-соңды ел боп, жауларын бетіне қаратпай, тәуелсіздігін сақтап келгені де осыдан еді, - дейді.

Шортанбайдың шығармаларының негізгі арқауы деп, оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Адамгершіл ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің зор мақсаты санағандықтан болу керек. Ақын әр тұста терең толғап, өрнекті де, өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың өлерде айтып кеткен өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады. Бір мысал:

Сәлем айттым бәріне Бауырлас туған ініме,

Қызмет етіп жүріңдер Жұрт тамаша болушы еді,

Басшы, біткен кәріңе... Жалғыз ауыз сөзіме,

Дүние ыстық көрінді,

Құрғыр менің көзіме...

Ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды мен Жезқазған облыстарына қарасты Шет ауданы жерінде қайтыс болды. Ол - өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен. Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді.


Бақылау сұрақтары:

    1. Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылық жолы

    2. Шортанбай - патшалық отарлау саясатын реалистікпен әшкерелеген ақын

    3. Ақынның адамгершілік, тәрбие қағидаларын уағыздаған толғауларын талдау.

    4. Шортанбай өлеңдерінің әлеуметтік мәні

    5. Ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі

    6. Шортанбай өлеңдерінің тақырыбы, жанры

    7. Шортанбайдың ишандық дәрежеден ақындық жолға түсуі

    8. Шортанбайдың шешендігі.


6- лекция. Тақырыбы: Сүйінбай (1822-1895) мен Майлықожа (1835-1898) ақындар.

Жоспары:

1. Ақын өмірінен мәлімет.

2. Ақын мұрасының жариялануы, зерттелуі.

3. Толғауларының тақырыптық мазмұны.

4. Айтыстары.

5. Майлықожа- сауатты білімдар ақын.

6. Майлықожа айтыстары.

Лекция мақсаты: Айтыскер ақындар өмірінен мәлімет беру. Сүйінбай, Майлықожа мұраларының жариялану, зерттелу жайын таныту. Сүйінбайдың өзіндік айтыс мектебін қалыптастыру дәстүріне және Майлықожаның сауатты білімдар ақын екендігіне тоқталу. Шығармаларының: жыр-толғауларының тақырыптық мазмұнына, жанрлық ерекшелігіне, көтерген мәселелеріне назар аудару. Айтыстарының әлеуметтік мәнін, көркемдік ерекшелігін көрсету.

Лекция мәтіні: 1. Белгілі қазақ ақындарының бірі – Сүйінбай Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауында 1822 жылы шілде айында туған. Өз әкесі – Аран Күсепұлы, арғы атасы – Жиенқұл деген кісілер. Ол кедей жанұядан шыққан. Әкесі Аранның шаруасы тым шағын болып, кейде ішер ас, мінер атқа зар болған екен. Өзінің өмірі туралы айтқан өлеңдерінің бірінде ақын бұл жайды және екей елінің түгел кедей болғанын толық бейнелейді.

Сол момынның біреуі, Малға кедей жан едім,

Екей деген ел едім. Көже қатық қой сұрап.

Сүйінбай деген мен едім, Дүйсен деген біреуге

Әкем Аран тұқымы. Кеше күндіз кеп едім.
Сүйінбайдың Тезек төремен кездесуі – кейінірек, ақынның ер жетіп, елге танылған шағы. Қалың бұқараға сүйенген ақын тайсалмай сөйлеп, Тезек төрені де жалайырдағы Солтанға ұқсатып ел алдында әшкерелеп, бас көтертпей жалынды сөзінің күшімен бөгеп отырады. Тіпті көрші қырғыз халқының қанды балақ, орақ ауыз Орман хан тұқымдарының орынсыз істерін де батыл сынайды. Ол шындық үшін күресіп, хан-төре тұқымының қылмыстарын бетіне басады. Әр түрлі дауға түсіп, әділ қазыдай әмірлі билік айтады.

Ақынның бұлайша ел ісіне араласуы оның қоғамдық бетін айқындайды.

Болашақ талант иесінің шығармашылық ізденуі басталады. Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан жерін ол түгел аралайды. Өз кезіндегі халық ақындарының біразымен кездесіп тілдеседі. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың өлеңдерін жақсы білген. Аға буын ақындардан Қабан, Жанақ, Түбек, Шөжелермен кездескен. Ал, өзіне тұстас Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қатаған сияқтылармен кездескен, кейбірімен айтысқан.

Сүйінбайдың соңғы кезде табылған өлеңдерінің ішінде оның өмір белестерін танытатын кейбір толғаулары кездеседі.

Сүйінбай өлерде айтқан бір өлеңінде мұрасының қағаз бетіне түсіп, жазылып қалмағанына өкінеді. Өзі қайтыс болғаннан кейін өлеңдері елдің есінде қалмай, өзімен бірге жойылып кете ме деп қауіптенеді. Өлеңінде ақын кесір мінезді Жұмаққа реніш те білдіреді.

Сүйінбайдың аталмыш өлеңдері - өзінің мәнімен де, көркемдігімен де елеулі шығармалар. Ақынға тән сыншылдық пен шыншылдық бұл өлеңдерде де айқын.

Сүйінбай Алатаудай, атым дардай,

Жатқанымда боламын шөккен нардай.

Еңбегімнен екі ауыз із қалмастай,

Көктемдегі жер тартып кеткен қардай.

Ақылымды қараңғы басып қалған,

Сау күнімде құдайым еске салмай,

Ауру билеп бойымнан әлім кетті-ау,

Бауырсаққа иленген кескен нандай.

Сүйінбай – халқымыздың поэтикасына жетік шебер тілді, жүйрік ақын. Бұған оның билер мен төрелерді сынап, мысқылдап айтқан өлеңдерінің өзі дәлел. Ақынның «Кәрілік» атты өлеңін еске алсақ, бұл да оның адамның қартая бастаған өмір белестерін айқын бейнелеп, шендестіре сөйлеуге ұста екенін танытады.

Сүйінбайды тек қазақ елі ғана емес, көрші Орта Азия халықтары да жақсы білген. Әсіресе, оның есімі – туысқан қырғыз халқына жете таныс. Қырғыз айылдарын өз аулындай аралап, олардың басындағы ауыртпалықтарды да жақсы ұғынған. Қырғыз кедейлері мен қазақ жатақтарының тағдырластығын түсініп, оларды қанап отырған хан, төре, датқаларды бірдей сынаған.

Сүйінбай айтыстары XIX ғасыр ақындары айтыстары ішінде бір төбе жоғары тұрады. Бұл оның айтыстарының мәнділігі мен тіл өткірлігінен байқалады. Ол өзінің өлеңдерінде кейбір ақындарша өз елінің байларын бедел тұтып, тілге тиекті сол бай мен төрелер маңынан қарастырмайды. Ақынның сүйеніші қалың ел және Өтеген, Сұраншы, Сыпатай сияқты батыр атанған ел азаматтары болады.

Сүйінбай шығармаларының ішінде өзінің мәнділігімен ерекше көзге түсетіні – оның Тезек төремен кездесіп, дидарласуы. Мұның өзі әлеуметтік мәні жағынан екі ақынның айтысы деуден гөрі, елдегі қоғамдық екі тап өкілінің саяси тартысы деуге тұрарлық шығарма. Себебі, айтыста екі ақын жарысқа түспейді. Мұнда бір-бірінен жыр өнерін асыру мақсаты қойылмайды. Ашықтан-ашық қоғамдық екі тап өкілі егеседі. Қара халық, еңбекші ел атынан бұқара тілегін көтере Сүйінбай шықса, Абылайдай атақты атаның баласы текті төре Тезек өз табының туын ұстап, тіл безейді. Қоғамдық екі таптың өкілі белдесіп, саяси сайысқа түседі.

Сүйінбай хан-сұлтандар алдында қасқиып тұрып, батыл сөйлеген Махамбет пен Шернияз типтес талант иесі. Әсіресе, ол – Шернияз ақынмен тағдырлас. Екеуі де ел батырларын жақтап, ел мұңын жоқтаған. Екеуі де өз елінің хан-сұлтанын түйреген өлеңдерімен белгілі.

Сүйінбайдың айтыстары ішінде оның Қаңтарбай ақынмен тілдесуінің мәні ерекше. Қаңтарбаймен айтысқанда Сүйінбай да өз елін бай, өз руын күшті етіп көрсетуге тырысады. Қаңтарбайды кедейсің деп кемітеді. Албан, дулаттың көптігін айтып састырмақ болған Қаңтарбайға Сүйінбай екей аз болса да, оның Сұраншыдай батыры бар екенін, талай жауды тойтарып, ол дулатқа да қорған болғанын айтады. Мен ол тірі тұрғанда ешкімнен қорықпаймын деп Сұраншыны мақтайды.

Қорықпаймын дулаттан Сұраншы өлмей,

Қара шұбар жігітке қаза келмей.

Мың кісіңе бір кісім болар, дулат,

Шуылдап Сұрыншыны жерге көмбей.


Бұл айтыста Сүйінбай өзінің ақындық өнерін асырып, Қаңтарбайды жеңіп кетеді.

Сүйінбайды жалайыр, албан, дулат елдерінің ақындары ұстаз тұтып ардақтаған, Бақтыбай деген жалайырдың жас ақыны Сүйінбайдан бата алып, өнер жолына түскен.

Жетісу елінің ақындары Сүйінбайды ұстаз санап, «пір» тұтқан. Сүйінбайдың ақындығын Жамбыл аса жоғары бағалаған. Бұл ретте Жәкеңнің мына бір өлең жолдары көбірек еске оралады:

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы.

Жыр тұлпары – Сүйінбай.

Сүйінбайдың көпшілікке мәлім, баспа бетін көрген өлеңдері тым аз және көркемдігі жағынан да онша мәз емес еді. 1940 жылдардан бастап, Сүйінбай шығармашылығын орта мектепке оқу құралдарына енгізу әрекеттері де істелді. Бұл салада Қ. Жұмалиев пен Е. Ысмайылов тұңғыш қадамдар жасаған болатын.

2. Сүйінбайдың өмірбаянына қатысы бар кейбір мәліметтерді жазушы С. Бегалиннің Жамбыл Жабаев өмірі туралы қолжазба кітабынан да ұшыратамыз. 1960 жылдан кейін Сүйінбай шығармашылығына біз жаңаша талдаулар жасап келеміз. Сөйтіп, ақын шығармашылығын зерттеудің 1960 жылдардан жаңа кезеңі басталды. 1975 ж. «Жазушы» баспасы «Ақиық» атты ақынның жаңа жинағын шығарды. Бұл жинақ 1990 ж. қайта басылды. Сүйінбай Аронұлының шығармаларының жаңа басылымы халық сақтаған қымбат мұраны бірқыдыру мол қамтып, ақынның алып бейнесін толық танытты.

Ақынның қолда бар шығармаларын түгелдей қарастырсақ, оларды негізгі үш салаға жатқызуға болады. Олар: толғаулар, арнаулар, айтыстар.

Бірінші саласына ақынның жиырма шақты толғау-жырлары жатады. Оның мазмұны шет жұрттық басқыншыларға қарсы қол бастаған қазақ батырларының ерліктерін жырлау, өмір сырларын ақтарып, дүние-әлем, бақ-дәулет, талап-талғам, өзгерістерін толғау. Өмір – қоғам құбылыстарын байқаған, дүние, әлем, адам, оның орны туралы толғанысы терең:

Дүние – ескі сарай-ды, Көшіп өткен керуендей,

Жолаушы жүрген азамат Аттандырған талайды.

Көркіне оның қарайды, Өміріңнің орағы

Сондадағы тауарих Қуанба көріп жаңа айды.
Ақынның бір арманы еліне әділетті өмір орнатып, еңбек адамын бақ-дәулетке ие ету. Берекелі, бейбіт елді, елі үшін еңіреп туған ерді көрсетіп, бұқара халықты әділ жолға бастар абзал басшыны, адал азаматты қадірлеу. Ел берекесі бірлікте екенін, әсіресе, сыртқы жауға қарсы тұру үшін ауыз бірліктің маңызы ерекше екенін баса айтады.

3. Сүйінбай шығармалары – образды, сұлу, суретті жырлар. Онда терең мазмұнға сай көркем бейне, сом тұлғалар дараланып, көркемдік шыңға көтеріледі. Әсіресе, үстемдер бейнесін жасауда олардың типтік мінездерін танытарлық суреттер қонымды бояулар арқылы реалистік өнер дәрежесінде тұлғаланады. Ал датқа, ұлық, болыс, би, ояз сияқтыларды суреттеуде Сүйінбай Абайдың «Болыс болдым, мінекей!» классикалық шығармасы дәстүріне лайық, соған пікірлес стильде тамаша сатиралық туынды жасайды. Мысал үшін, Сүйінбайдың «Датқаларға» толғауын атасақ та болады.

Адам мінезін жасауда Сүйінбай өзі тұстас көркем сөз шеберлерімен бәсекеге түскендей, Махамбеттің Жәңгірге, Шернияздың Баймағамбетке, Жанақтың Рүстем төреге, Шөженің Бәйтікке айтқандары сияқты Сүйінбайдың төре-сұлтандар алдында айтқан тебіреністері – үндес те мұңдас; түрі – тілі, стилі де бір қалыптас шығармалар.

Хан емессің, қиықсың, Ұры-қары, залымның,

Қалың елді айдап жеп, Жаныңа барын жиыпсың, -

Теріңе зор сиыпсың,

деп басталатын Сүйінбай тебіреністері «Хан емессің қасқырсың», «Мен едім» сияқты Махамбеттің жалынды жолдарына пара-пар өжеттік пен өткірлікке толы шығарма.

Сүйінбай шығармаларының халықтық беті – айқын.

Сүйінбай шығармаларының көпшілігіне тән қасиет – сын-сықақ, ащы сарказм. Бұл сарын ақынның барлық шығармасының негізгі өзегі дерлік. Сөйтіп, Сүйінбай да Махамбет сияқты хандар мен төрелердің халықтың хас жауы екенін ашық айта алды.

Сүйінбай әділ билікті керек етіп, халыққа қызмет етер адал азаматты көкседі. Жастарды әділдік рухта тәрбиелеуге күш салды.

Сүйінбай – халық батырларын үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботбай, Бөлтірік, Жабай, Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Бірақ олар бізге түгел жетпеген. Тек кейбір үзінділері мәлім. Оның «Тотан батыр» жырын халық ақыны Сариев Әбдіғали жырлап келген-ді. Жамбылдың айтуынан С. Сейфуллин жазып алған ноғайлы батыры Жабай туралы жырдың үзіндісі де назар аударарлық.

Сұраншының ерлігін ол өмір бойы жырлап өткен.

4. Сүйінбайдың жұртшылыққа мәлім шығармаларының көбі – сын-сықақ өлеңдер, арнау, толғаулар, айтыстар.

Өмірдің қызығы – татулық, бірлік, ізеттілікте екені көрсетіліп, адамгершілікке үндейді. Көркемділікті, табиғилықты дәріптеп, адамның рухани азығы - өнер, өлеңді жоғары бағалайды. Бұған «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері», «Жұмыққа», «Құлқайырдай ағарды сақал-мұртым», «Сүйінбай Алатаудай атың дардай», «Кәрілік» тәрізді өлеңдер циклын жатқызуға болады.

Кезінде Жамбылға ұстаз болған Сүйінбай ақындығы - өз бедері, өз сипатымен оқшау тұрған мәнді шығарма. Ол – біз үшін Алатаудай асқақ, сарқырама өзендей екпінді, нәрлі, саялы салқын, жанға жайлы, мәнді рухани азық.

Сүйінбай - өлең техникасына жетік, саңлақ ақын. Оның шығармалары әдебиетіміздің төрінен орын алады. Өлеңдерінің көп жолдарында қатар бір жолдан бастап, анафора, эпифора, аллитерация үлгілерін шебер пайдаланады. Ал бұл сиқты қасиет профессионал жазушыларға тән құбылыс екені мәлім.

Сүйінбай - өзі туып-өскен еңбекші халық ортасында жасап, сол ортадан тәлім алып, жетілген өмір саңлағы, дәуір қайшылықтарын аша да жырлай да білген шыншыл ақын. Оның шығармалары - өзінің өміршеңдігі, көркемдігімен құнды.

Қазіргі Шымкент облысы, Қызылқұм жерінде туып өскен. Әкесі Сұлтанқожа мұсылманша сауатты, шағын дәулетті, көзі ашық, діндар адам болған. Қожа деген даңқына лайық кәсіп еткен.

Майлы әуелі үйде, әкесінің үйретуімен сауатын ашып, кейін өз бетімен көп ізденіп, заманына сай білімді адам дәрежесіне жеткен.

5. Майлы 14 жасқа толғанда әке, шешесі бірдей өліп, жеті жасар Есехан деген інісі екеуі жетім қалады. Тумысынан пысық Майлы жетімдікке бой алдырмай, басқа түскен ауыртпалықтарға қарсы тұрып, күнкөріс қамын жасайды.

Ақынның өз сөздеріне қарағанда, ол 20 жас шамасында сөзге араласып, өлең өнеріне беріле бастаған. Өз басының еркі өзіне тиген кезден бастап, ел ақындарымен кездесіп, сауық кештерге, ас берген жерлерге барып, ескі ел дәстүрі бойынша сөз өнеріне дағдылана берген. Кейін өзінің сауатын молайтып, жазба әдебиет өкілдерін, шығыс әдебиетін оқуға, оның кейбір үлгілерін жаттап айтып, таратуға мүмкіндік алған. Көрші елдерді, мәдениет орталықтарын аралап, мұсылман мәдениеті орталықтарында да болған. Бұқар, Самарқант, Ташкент сияқты қалаларда болып, көрші елдер өмірімен, шығыс мәдениетімен танысқан. Осындай оқуы мен тынымсыз ізденуіне байланысты ол тез жетіліп кеткен.

Майлықожа 1860 жылдары Сырдан Әулиеатаға келіп, Сыпатай батыр асында Сүйінбаймен кездесіп, онымен сөз қағысқан. Бұл жыр бірінші рет 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналында басылды. Ақын Сыпатай асының бастаушысы боп жүрген Есім деген байдың құрметіне разы болмай, оны сынайды. Өлеңнің жалпы көлемі – 68 жол. Онда басқа рудан келген қонақтардың елеусіз, құрметтен тыс қалғаны сөз болады.

Майлы Шығыс әдебиетімен танысып қана қоймай, оны қазақ тіліне аудару әрекетін де істеген. Діни қиссалар сюжетіне дастан жазумен де айналысқан. «Зархұм» үлгісінде «Абдолла бала» жырын шығарған. «Тотынаманы» өзінше, қысқаша толғаған.

Майлықожаның кейбір толғаулары баспа бетін ерте көрген. 1883 жылы Ташкент қаласында басылған «Қырғыз хрестоматиясы» атты жинақта Майлықожаның бірнеше ұзақ толғаулары басылады. Олар – «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт» деп аталады. Ақының бұл өлеңдерінің жалпы мазмұны адамгершіл ұғымдағы ғибрат сөздер.

«Қасқыр» атты өлеңінде ақын өзі тойса да, көзі тоймайтын қасқыр мінезді жыртқыштар тобын сынайды. Қызғаншақтық пен ашкөзділік мінездерді әжуалайды.

Оңай байлыққа жетуді аңсау, қанағат қылмау – адамның бойындағы ең жаман қасиеттер деп ұққан ақын өзінің «Үш жігіт», «Аққу мен қу» толғауларында осы жұғымсыз мінездерді сынайды.

Майлының «Тотынама» толғауы да мысал сөз үлгісіндегі шығарма.

Майлықожа елдің ауыр тұрмысын, халықтың басына түскен қиыншылықтарға, жұт болған ауыр жылдар қасіретіне көптеген өлеңдер арнаған. Әсіресе, қоян жылғы аштық пен қиыншылық, шаруалар күйзелісі ақынды мықтап толғантады.

Майлы өлеңдерінің біразы қазақтың би, болыстарын сынауға арналады дедік. Мысалы, ол өзінің «Ескі мырза, манаптар, бегі, салы» атты бір өлеңінде үстем тап өкілдерін өлтіре сынайды. Олардың ұрылар жұмсап, арамнан жеп, халықты аяусыз тонап жатқанын әшкерелейді.

Ақын түсінігінше, әйелдің өмірдегі орны өзіне бөлек. Оларды ескермеуге болмайды. Үй құты, өмір көркі, семья сәні, жігіт қызығы – жақсы әйел. Әр үйдің ырысын молайтатын да, ер азаматтың даңқын зорайтатын да сол шаруаға жақсы, сыпайы, көркіне сай жан жары болмақ. Бірақ әйелдердің де «жақсы», «жаманы» бар. Олар да ерлер сияқты екі топқа бөлінеді. Әйелдің жақсылығы тек көркінде ғана емес, ісінде, адамгершілігінде, ақылы мен өнерінде. Жақсы әйел жігітке шын серік, сарқылмас ырыс.

6. Майлы шығармалары халықты адал еңбекке үндеуден жалықпайды. Ол адам өмірін жан-жануарлар тіршілігімен ұштастыра мысалдап жырлайды. Мысалы, «Бұлбұл» өлеңінде ақын еңбек үшін табыс тауып, қыс қамын жасар шақ жаз күндерін босқа қызықтап өткізіп алмаудың керек екенін қатты ескертеді.

Ақын өзінің «Не жүйрік өтті дүниеден» өлеңінде тіршілік өмірдің баянсыздығын, дүниеге келген адамның өлмесі де қақ болатынын түсіндіре келіп, санаулы күнді босқа өткізіп алмауға, мүмкін болғанынша оны маңызды, мазмұнды, қызғылықты өткізе білуге шақырады.

Дүние, өмір туралы Майлы өлеңдерінен көрінетін тағы бір шындық – ол ақынның өмірден түңілмейтіндігі. Ол өлімді күтіп жатып алуға қарсы. Тіршілік қамы әр кезде де керек. Ол – адамды ілгері жетелеп отыратын күш.

Ақын өзінің «Ажал бір келмес болсайшы» өлеңінде өлімге қарсы тіршілікті, жастық жігерді қоя жыр шертеді.

Майлы шығармалары - өлеңге қойылатын биік талаптарға жауап беретіндей әрі мәнді, әрі сәнді жырлар. Ақын негізінен нақыл термелер шығарып, өлеңнің осы бір түрінен шеберлік танытады. Өзі тұстас оқушылары мен тыңдаушыларына мәтелдеп, мысалдап, нақылды сөз айтып, өз ойын тайға таңба басқандай анық білдіруді мақсат етеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Айтыскер ақындар өмірінен мәлімет

2.Сүйінбай, Майлықожа мұраларының жариялануы

3. Ақын мұраларының зерттелу жайы

4. Сүйінбайдың өзіндік айтыс мектебін қалыптастыру дәстүрі

5. Майлықожа - сауатты білімдар ақын

6. Сүйінбай жыр-толғауларының тақырыптық мазмұны

7.Майлықожа шығармаларының жанрлық ерекшелігі

8. Майлықожа шығармаларында көтерілген мәселелер

9.Сүйінбай мен Майлықожа айтыстарының әлеуметтік мәні

10. Сүйінбай мен Майлықожа айтыстарының көркемдік ерекшелігі.
7- лекция. Тақырыбы: Базар Оңдасұлы (1839-1911)

Жоспары:

1.Өмірі туралы мәлімет.

2.Толғау-термелерінің тақырыптық- идеялық мазмұны.

3.Дастандарындағы фольклорлық сипаттар.
Лекция мақсаты: Базар Оңдасұлының өмірі жайлы мәлімет беру. Ақынның толғау-термелерінің тақырыптық-идеялық мазмұнынын ашу. Ақынның дастандарындағы фольклорлық сипаттарын таныту. Базар өлеңдерінің алуан түрлі болып келетіндігін жанрлық сипатына қарай тоқталу.
Лекция мәтіні: 1. Қызылорда облысының Қазалыға қарасты Көшербай болысы, 6-аулында туып өскен. Базардың өлеңін жинаушылардың бірі Әлқуат Қайнарбаевтың деректеріне қарағанда ақын 1839 жылы туып, 1911 жылы өлген (бейіті Қызылқұмның Жалпақтау деген жерінде). Шыққан тегі кедей. Тек 16 жасынан бастап өнер жолына түскен. Базардың ұрпағы Өзбекстанның Бұхара облысы, Тамды ауылы, Қосбармақ деген жерінде тұрады. Базар өз бетімен оқып, сауатын ашқан. Ер жеткен шағында діни кітаптарды, қолына түскен шығыс әдебиет үлгілерін бас алмай оқып жүрген. Өзі – белгілі суырып салма ақын. Базар өлеңдері кеңес дәуірінде ғана жинала бастады.

Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан ақын өнеріне алғаш назар аударып, жазып алушылар болды. 1925 жылы Ташкент қаласында басылған «Терме» атты жинақта жыраудың бір топ өлеңдері тұңғыш рет басылып шықты. Кейін 1931 жылы С. Сейфуллин оның заман туралы толғауларын (көлемі 200 жолға жуық) «Қазақ әдебиетінің ескі нұсқалары» жинағына енгізді.

2. Базар өлеңдерінің бір қатары «XVIII-XIX ғасырлар ақындары шығармалары» (1962) мен «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1989) жинақтарына да енді. Ақынның тұңғыш шығармалар жинағы 1986 жылы жарық көрді.

Базардың аты қазақтың көп жеріне таныс. Арқа мен Сыр бойында оның сөздерін білетіндер көптеп кездеседі. Мысалы: Жұмақымет, Сүйкімбай сияқты жыраулар Базар жырларын жақсы жырлайды.

Базардың өлеңдері алуан салалы. Ақын өзінің жеке басына байланысты мәселелерден бастап, ел жайын, батырларын, өткен кеткенін, жақсы жаманын, жастар жайын кең толғайды. Солардың ішінде «Халық үшін туған қайратты ер», «Жігіттік», «Жиырма бес», «Назекеңе», «Ғашық жарым», «Дүние», т.б. өлеңдерінің мәні ерекше.

Ерлік дәстүрді жоғары ұстап халық қамы үшін жауға қарсы тайсалмай шабатын батырды ол ерекше ардақтайды.

Жігіт жауға шаппай ма, Халық үшін туған қайратты ер

Толғаулы найза, бір атпен. Айырмайды жақынын,

Күдері баулы көк шыбық, Бірдей көріп жырақпен

Сыпырма қылыш қынаппен.

Базар адамның қуатты шақтарын қартайған күндеріне қарама-қарсы қойып, жастарға ақыл айтады. Ақыл мен қуатты ұштастырып, өркенді іс қыла білуге үндейді. Ақын атаулы соқпай кеткен атақты «Жиырма бес» туралы Базар да өзінше толғанады:

Екі ауыздың арасын

Қиқулатқан жиырма бес,

Бұғалықсыз асауды

Құр-құрлатқан жиырма бес...

Базардың кейбір арнаулары өзінің жеке адамдарға деген көңіл-күйін танытады. «Сүйген жарыма», «Назарға» атты толғаулары – осындай өлеңдер.

Жыраудың өлеңдері суретті. Ер азаматтың жолдасы болған атты бейнеленген мына бір өлеңі оған айқын мысал бола алады:

Жал, құйрығы өрілген,

Өлшеммен от-су берілген.

Бастырық жабу, жемменен,

Байлауда тұрып семірген,

Шын жарауы түскенде,

Жабуын алсақ жануар

Сілкініп дүр-дүр керілген.

Ұлы дүбір болғанда.

Базар өлеңдеріндегі негізгі пікір – жоғары адамгершілікті уағыздау. Ол адам мен атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Адамның артықшылығы сол адамгершілігімен, кең пейілді қарасқыштығымен өлшенуге тиіс. «Әр нәрсенің нарқы бар» өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды.

Мырза менен сараңды Ғалым менен наданды –

Өлшестіріп қарасаң, Салыстырсаң білерсің,

Ылди мен зәулім асқардай. Дария шіреп тасқандай.

Ақын өлеңінде метафоралар да көп кездеседі. Ауыстыруларды ақын, әсіресе, өзі туралы айтқан өлеңдерінде көбірек қолданады. Мысалы мұны «Өлеңнің аққан көзі едім» өлеңінен айқын аңғаруға болады.

Қайыңның қатты безі едім,

Өлеңнің аққан көзі едім.

Сөйлер сөзге келгенде

Шебердің құрған тезі едім.

3. Базар – негізінен жыраулар дәстүрін берік ұстаған төкпе ақын. Оның поэзиясына жыраулық сарын – тән құбылыс.

Ақын өлеңіне бейнелілік пен суреттілік тән. Ол неше бір поэтикалық тілдерді (әсірелеу, теңеу, эпитет, метафораларды) қолданады. Адам тұлғасын, сырт пішін кескін-келбетін суреттеуде болсын, ақындық шабыт, әсем тіл айшықтары белес береді. Мысалы, қыс қысымынан құтылып, жадырап жаз шыққан шақты былай суреттейді:

Жоғарыдан төменге

Жүйесін тауып су ағар.

Жағытұрым болғанда,

Жердің бетін су алар,

Жадырап күн, көк шығып,

Жан-жануар қуанар.

Базар өзіне дейінгі өз кезінде жасаған қазақ ақындарын жақсы білген. Оның ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген сияқты Ақтөбе ақындарын, Қарадос, Өске сияқты Қостанай ақындарын, Сералы, Садыр, Орынбайлардай Арқаның атақты ақындарын өз елінің өлеңдеріне қосып отырады.

Мысалы:


Шайыр өлмес дер едім, Сералы, Садыр, Орынбай,

Сайраған қызыл тіл берген. Ақкетенің ішінде,

Алжаспай сөзді ағызып, Шернияз, Шыман, Өтеген,

Есебін тауып үлгірген. Солардан да өткен сұм дүние, -

Қарадос, Өске, Бұдабай,

деуі бұған дәлел бола алады.

Жыраудың өлеңдерінде Дулат, Шортанбай ақындар сарыны, тіпті кейде Махамбет сарыны да байқалып қалады.

Базар – сөз жоқ, өз кезінің белді ақыны, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген, кең тынысты жырау.



Бақылау сұрақтары:

1. Базар Оңдасұлының өмірі

2. Ақынның толғау-термелеріндегі тақырыптық-идеялық мазмұн

3. Ақын дастандарындағы фольклорлық сипат

4. Базар өлеңдерінің алуан салалығы

5. Ақын мұраларының зерттелу жайы

7.Базар шығармаларының жанрлық ерекшелігі

8. Базар шығармаларында көтерілген мәселелер

9. Ақын толғауларының көркемдік ерекшелігі

10. Базар ақынның көркем әдебиеттегі бейнесі


8- лекция. Тақырыбы: Мұрат Мөңкеұлы(1843-1906).

Жоспары:

  1. Ақын шығармаларындағы ойшылдық, философиялық-азаматтық тереңдіктер.

  2. Мұраттың жыршы-ақындығы.

  3. Айтыстары.



Лекция мақсаты: Мұрат Мөңкеұлының өмірі мен шығармашылық жолынан мәлімет беру. Ақын шығармаларындағы ойшылдық, философиялық-азаматтық тереңдіктерін көрсете білу. Мұраттың жыршы-ақындығын таныту. Ақынның айтыстарын жан-жақты қарастыру.

Лекция мәтіні: Мұрат - жезтаңдай шешен-жырау, төгілген ақпа ақын. Мұсылманша сауатты, дәуірінің алдыңғы қатарлы азаматы. Кең тынысты керемет шабыттың иесі. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі; елі, жері, халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Табан асты тамаша сөз тапқыш ақпа-төкпе, нағыз профессионал импровизатор. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі.

Ақын 1843 жыл Қазақстанның батыс өлкесіне қарасты Қызылқоға жерінде, Қарабау жайлаған беріш елінде дүниеге келді.Әкесі Мөңке - өз еліне аты мәлім дәулетті адам. Тайсойған, Қарабау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының белді биі. Мұраттың әкесі ерте өліп, ол ағаларының қамқорлығында өмір кешіп, ер жетті. Кейінірек Мұрат елі жұтқа ұшырап, өзі адай ағайындарына барып, жан сақтаған.

Мұрат - өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті. Өскен орта, жасаған заман, қай ақынға да болсын алтын бесік, ұшар ұя талант талғамын, өнер өрісін, шығар биігін белгілейтін негізгі факторлар.

Мұраттың ақындық ортасын сөз еткенде, оны өсірген қоғамдық құрылыс, әлеуметтік тұрмыс, туған ел жұртының салт-санасы, өмір құбылыстарын қарастыра зерттеу керек.

Ата-баба дәстүрі мен ата мекенде өмір сүру, кең жайлау мүмкіндігі құрып бітіпті. Ақынның заман өзгерістері туралы түйіні осындай. Бұл қорытындыны Мұрат терең толғаныспен жырлай білді. Айтар ойын ашық та анық, әсерлі де әсем өлең жолдарымен кестеледі. Ақын шығармалары мәңгілік көркем туындылар қатарында кең тарап, қанша қысым көрсе де, ұмытылмай ел аузында сақталды. Ақын шығармалары кіші-гірім жинақ ретінде 1924 жылы Ташкент қаласында “Мұрат ақын сөздері” деген атпен Халел Досмұхамедұлының бастыруымен жарық көрді.

Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Жақсы жерлерді тартып алып, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады.



1. Ақын қалдырған мұраларға көз салсақ, оның творчествосы кең арналы, сан-салалы білімді ақын тұрғысын танытарлық келеді. Оның шығармаларындағы негізгі сарын-таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан бастан-аяқ ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды. Ақынның бала жастан алған тәлімі, көрген білгені, өмірден жіпке тізіп түйгендері-бәрі өзі өскен қазақтың қақ ортасынан тарамдалады. Бала жастан ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, халық ақындары қатарлы өсіп жетіледі. Халық творчествосы, ақындар поэзиясы болашақ ақынның талант көзін ашады.

Мұрат айтысқа тым ерте, 15-16 жастар шамасында түседі. Алғашқы айтыстары, басқа да көптеген дүниелері бізге түгел жеткен жоқ. Баспа бетін көріп жүргені тек бес-ақ айтыс: Жаскелең, Балаораз, Жантөле, Тыныштық, Ізім ақындармен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Осылардың ішіндегі ең мәндісі-Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл-екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта аларлық туынды.

Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жантөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі.

2. Мұраттың толғаулары мен дастандарына тоқталсақ, олар:”Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қазтуған”,”Өттің бір қапы дүние”-өзара байланысты, әуендес, мазмұндас, сарындас шығармалар. Мұнда қазақ халқының отаршылар тарапынан көрген ауыр зауалдары бейнеленді. Қысымға шыдамаған ел-жұрттың зар-шері, көңіл-күйі шертіледі. Халық басынан өткізген жұт жылдары сабақтаса суреттеледі.

Мұрат ақын шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі “Қарасай-Қази” жыры. Бұл – нағыз эпостық поэма. Орақ батыр мен оның балалары Қарасай, Қазилардың жалғасып жатқан батырлық дәстүрлерін ардақтайтын ерлік эпос. Жыр сюжеті шағын желіге құрылған. Ата жолын қуған ұлдардың перзенттік парыздарын өтей білулері, нағыз ел қорғандары мен арам ниет ездердің екіжүзділіктерін әшкерелейтін ұтымды оқиғалар, көркем көріністер жинақталған.

Мұраттың ақындық мұраларының құнды бір саласы, оның лирикалары-арнау, хат, сын-сұқбат, ақыл-нақыл сарындас туындылары. Бұл салаға жататындар, негізінен, ақын өмір сүрген кезеңнің шындығын, дәуір адамдарын, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттерін бейнелейді.

Мұраттың “Айжарыққа”, “Есенғали болысқа” , “Есентемір Тұрабай болысқа”, “Қарақожа болысқа” т. б. өлеңдері-қазақ еліндегі болыстық билікке, патшалық сайлауға наразылық ниетіндегі туындылар.

Мұрат шығармаларын тізбектей жіктеп, талдау соңында айтарымыз-оның тілге шешен, тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған кезінің шындығы кемде-кем. Кең тынысты эпик, нәзік жанды лирик, жүлде алған жүйрік, сан қырлы саңлақ.

3. Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым өлеңдердің жолдарын қайыра қолданады. Өзінің жаңа ойын соған жалғай салады. Қайым айтыс формасы, көбінесе, әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысқандардың біразы айтыстың осы бір халықтық түрін ұнатқан сияқты.

Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.

Мұрат шежіре-тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген. Әсіресе, Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер, су мекені, атақты адамдары, шешен-жыраулары, тілінен бал тамған өнер иелері, ел қорғаған батырлары, бай-мырзалары, жақсы деген азаматтары – оның туындыларының алтын арқауы. Сыпыра, Асан, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз, т.б. тарихи адамдардың шығармалары бізге осы Мұраттың айтуы арқылы жеткен. Ескі ел тарихынан естіген, білген, түйгендерін шашау шығармай әсерлі де мәнді эпостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. Мұрат сөздерін ел-жұрты сүйсіне тыңдап, бірі көзіне жас алып қасірет шексе, екінші тобы, бойларын жиып, ертедегі ер азаматтары ісіне қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан Мұраттың шығармалары-өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтерген, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.
Бақылау сұрақтары:

Мұрат шығармаларындағы ойшылдық, философиялық-азаматтық тереңдіктер.

Ақын шығармаларындағы шешендік өрнектер

Мұраттың жыршы-ақындығы

Ақынның айтыстары

5. Мұраттың тоғауларындағы негізгі сарын

6. Мұрат ақынның «Қарасай-Қази» жыры

7. Мұрат толғауларының тақырыбы

8. Мұрат дастандарындағы фольклорлық сарындар

9. Мұраттың өмірі мен шығармашылық жолы

10. Мұрат айтуымен жеткен жырлар

9- лекция. Тақырыбы: Әбубәкір Кердері Боранқұлұлы (1868-1905).

Жоспары:


  1. Өмірі, шығармашылығы.

  2. Ақынның өз өмірбаянын өзі жырлаған өлеңдері.

  3. Ақын шығармаларындағы әдептілік, имандылық мәселелері.

  4. Әбубәкір поэзиясының көркемдік ерекшелігі.


Лекция мақсаты: Әбубәкір өмірі мен шығармашылығына тоқталу. Ақынның өз өмірбаянын өзі жырлаған өлеңдерін салыстыра отырып қарау. Ақынның әдептілік, имандылық мәселелерін ту еткен шығармаларын көрсету. Әбубәкір поэзиясының көркемдік ерекшелігіне шолу жасау.

Лекция мәтіні: 1. Әбубәкір жастай оқыған, оқығанда Алланы бір, пайғамбарды хақ, құранды шын деп, дін оқуынан бастаған. Зерек те алғыр жас сабақты әжептеуір меңгеріп, ислам қағидаларын тереңдеп үйренген. Ол өз аулында бала кезінде молдадан дәріс үйренеді. Артынан Орынбор, Троицк шаhарларында оқуын жалғастырып, мектеп, медреселерді тәмәмдайды.

Ақынның туған жері Жайықтың маңындағы Теректі деп аталатын елді мекен. Ата тегіне келетін болсақ-Кіші жүздегі Жетіру, оның Кердері тайпасы.

2. Осы күнге дейінгі зерттеушілер Әбубәкірдің әкесінің атын „Шоқан ” деп келген, бұл әкесінің есімі емес, оған жанама қойылған аты екен. Ақын өз өмірбаянын өзі жырлапты, тіпті қай жаста не істеді, кімнен қандай қарым-қатынаста болды, нені сүйді, неден жиіркенді, бәрін де қолмен қойғандай толғапты, ол:

Әуелі туғаннан соң бірге жеттім,

Еңбектеп екі жаста төрге жеттім.

Үш пенен төрт жасымда тілім шығып,

Шүлдірлеп ата-анамды ермек еттім.

Келген соң бес жасымда ойын білдім,

Ойыннан қалғанымды уайым білдім.

Алтыда балаларымен асық атып,

Ойынның неше түрлі жайын білдім.

Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім,

Сегізде залал менен пайда білдім.

Айтса да бөтен қазақ жас бала деп,

Телегей өзімді-өзім дария білдім.

Он бір мен он екіде түркі білдім,

Ғылымды зерек жанның мүлкі білдім.

Шығарған Мүсәннәфтар назым қылып,

Түркіні тәмәм тілдің көркі білдім.

Әбубәкір Кердері өзінің бір жасынан бастап жиырма жеті жасына дейінгі бүкіл өмір жолын санамалап, термелеп жырлапты, жақсымен дос болғанын, парасатты да ақылман жандардың батасын алғаны, көлденең көк аттыға тізгін бермей, өзі әділ деп тапқан сара жолмен жүргенін өлеңмен толғапты. Өзі он төрт жасынан бастап өлеңге әуестеніпті, көңілге түйген ойлары мен әсерлерін қағазға түсіріп отырған. Сонымен бірге, он беске келгенше медреселерде дәріс алса, одан кейін оқуын бір жола тоқтатып, ел ішінің ісіне араласыпты. Ақын бұл жөнінде өзін халайық-қауымға қызық таныстырады.

Алтынды жерге төктім уыстаған,

Ерліктен ғылым артық ту ұстаған.

Тап болдым он алтымда бір мінезге,

Топ көрсе жеті мүшем құрастаған.

Еліміздің тарихында өз өмір жолын өзі жырлаушы ақындардың мол болғаны айта келіп, М. Әуезов: „Қазақ әдебиетінде, өмірбаянын бір жастан бастап, дәл бүгінгі тоқтап тұрған жеріне тізбектеліп, жалпылап санап шығу жалғыз Әбубәкір туғызған түр емес, бұның бір түрі ауызша айтылған „Тарғын” жырында да бар. Бірақ соны Әбубәкір пайдаланғанда жаңағы түрлі бас сырларын ашып, содан ғибрат туғызам деген мақсұтпен айтады.

Ал Қожа Ахмет Иасауи бір жасынан бастап алпыс үшке дейінгі аралықты кеңінен толғап жырлаған. Екі ақын да өмір сүрген ортасын, кешкен ғұмырын, қандай іспен айналасқанын барынша шынайы жырлаған, айырмашылығы әрқайсысының өзіндік ұстаған жолы бір- жасынан Алланы бір, пайғамбарды хақ, құранды шын деп ұғып, екінші, кәдімге қарапайым тірлікпен күн кешіп, бірте-бірте мұсылманшылық жолына түскенін өлеңмен толғайды.

Әбубәкір Кердері жан-жақты талант иесі, жыршы, шежіресі әрі айтыскер ақын. Осы себепті ақын туындылары әр кездегі баспасөз бетінде жарияланып тұрды, атап айтқанда „Айтыс” (1965), „Үш ғасыр жырлайды” (1965), „Бес ғасыр жырлайды”(1969) кітаптарында басылса, сонымен бірге „Әдебит майданы” (1935ж.) (№10-11), „Әлем” (1991ж.№1), „Жұлдыз” (1991ж.№5) журналдарында, „Қазақ әдебиеті”, „Ақтөбе”, „Жұмысшы” секілді бірнеше республикалық, облыстық газеттерде де басылым көрген болатын.

3. Бүкіл жан дүниесімен Алланы бір деп таныған Әбубәкір Кердерінің кез келген өлеңін оқысаңыз шариғат жолын барынша терең, барынша нәзік жырлайды. Ақынның шығармаларын оқып отырып, оның дін қағидаларын жақсы меңгергені анық байқалады:

Қараңғы көрге кіреді,

Ажал жетіп, ер өлсе.

Періште келер сұрауға.

Бұдан әрі ақын әдептілік пен имансыздықтың қандай күй кешетінін, олардың кескін- келбеті ахиретте қандай болатынын толғай келіп:

Инабат- ердің дәулеті,

Өсер басының әулеті.

Инабатсыз ерлердің,

Итке ұқсар келбеті.

Ұқсағаны емей немене,

Кем болған соң құрметі.

Инабат-діннің бүтіні,

Пайдасына керекті.

Біздіңше, Әбубәкір Кердері ислам дінінен, шариғаттан, Мұхаммедтің (Ғ.С.) хадистерінен де хабардар болған секілді. Оның әр түрлі жолдарымен, ішкі жақтарымен де таныстығы бар сияқты. Әбубәкір Кердері жасынан жоғарыда айтқанымыздай, дін ісімен айналысқан, бала оқытады, „бала молда” атанып жаназа шығарып, кейін кемеліне келген соң болыс пен елбасылардың хатшысы да болып қызмет атқарған. Ақын жиырма жеті жасында „біреулердің тілі тиіп ауырады”.Ол ақыры осы аурудан айыға алмай, дүние салыпты. Сүйегі Ақтөбе облысының Алға ауданына қойылыпты.

Ақын ауыл атқа мінерлерінің қасында жүріп, ел аралап, жер көріпті, бірнеше қалаларды да көрген, бір сөзбен айтқанда, ащының да, тұщының да дәмін татқан. Тіпті сол кездегі ел мен жерді дүрліктірген ақ патшаның қызметіндегі оқалы киім кигендермен де аралас-құралас болған. Сөйтіп, нәзік жанды Әбубәкір Кердері өзі сезген, өзі түйген келелі мәселені келістіре жырлаған, ол:

Әкімдіктен не пайда,

Әділ үкім етпесе?

Арам менен адалға,

Ақыл мен ойы жетпесе,

Залымдарды мұқатып.

Жүзінің суын төкпесе,

Жаны қас деп айтамыз,

Пара жеуге ептесе.

Ақын қай өлең-толғауында болсын, әр азамат халыққа қызмет етсін, ел-жұртына пайдасы тимеген кісілік емес, өз қара басын ойлау адамдыққа жатпайды деген пікір айтады. Ол мұндай ұлағатты ойларын, әсіресе, әкімдерге арнапты.

4. Ақынның тағы бірнеше туындылары Алланың ақ жолымен жүрмеген кесапат-кесірлерге арналыпты. Атап айтсақ, „Бір қатынға насихат қылып айтқаны”, „ Бір саудагерге айтқан насихаты”, „Қожасының тілін алмаған қызметкерге айтқаны”, „Бір насыбай атқан адамға айтқаны”, „Бір ұрыға насихат қылып айтқаны”, „Бір биге айтқаны”, „Бір қарт қажының қатыны ерімен араз болғанда, насихат қылып айтқаны”, „Қатындарға айтқан насихат сөздері” деп келетін толып жатқан өлеңдері мен толғаулары елдің ішін бірлікке, ағайын арасын татулыққа шықаратын туындылар.

Әбубәкір Кердерінің поэзиясы шебер жазылған, ақын он бір буынды қара өлеңмен де, жеті-сегіз буынды жыр өлеңмен де толғаған. Ұйқастары да әртүрлі, бірде дәстүрлі түрді бұзбай ырғақ, екпін, буын, бунағын қатаң сақтаса, бірде шұбыртпалы ұйқаспен ағындап кетеді.

Ақын поэзиясынан теңеу, салыстыру, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха, символ, аллегория, ирония, гипербола, литота сияқты көркемдегіш тропаның барлық түрін кездестіруге болады.

Бақылау сұрақтары:

1. Әбубәкірдің өмірі мен шығармашылығы

2. Ақынның өз өмірбаянын өзі жырлаған өлеңдері

3. Ақын шығармаларындағы әдептілік, имандылық мәселелері

4. Әбубәкір поэзиясының көркемдік ерекшелігі

5. Әбубәкірдің адам өмірінің тарихы туралы философиялық толғауы

6. Әбубәкір айтыстары

7. Ақынның жан-жақты талант иесі екендігі

8. Ақынның жыршылығы мен шежірешілдігі
10- лекция. Тақырыбы: Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897).

Жоспары:

1. Өмірі, лирикалық өлеңдері.

2. Ақынның озбырлық жасаушыларды сынауы.

3. Біржан мен Сара айтысының эстетикалық-көркемдік тағылымы.
Лекция мақсаты: Біржан салдың өмірі мен шығармашылық жолы. Ақынның лирикалық өлеңдерін таныту. Ақынның озбырлық жасаушыларды сынаған шығармаларына талдау жасау. Біржанның өнер тұтастығы мазмұнындағы ақын екендігін таныту. Біржан мен Сара айтысы – ақындар айтысының классикалық үлгісі екендігін және оның эстетикалық-көркемдік тағылымын талқылау.

Лекция мәтіні: 1. XIX ғасырдағы қазақ халқы мәдениеті тарихынан елеулі орын алатын ірі ақындардың бірі – Біржан.

Біржаннан қалған мұралар – салмағы, қадір-қасиеттері, шынайы өнер туындыларына лайық, шын мәнінде ғажайып туындылар. Қандай күшті өнерпаз болмасын, ол өзін өнердің бірер саласында ғана тыңдата алса керек-ті. Ал қазақтың бұл тұстағы бірнеше өнер иелері дәуірі ұсынған өнердің барлық түрлерін игеріп, соның әрбір салаларынан өздерінің талант-күштерін көрсете біліпті.

Ол қазақ поэзиясына зор үлес қосқан табан асты өлең нөсерін ағылтар ақпа ақын, халқымыздың ақындық өнерінің шебері(импровизатор).

Біржанның бізге дейінгі өмірбаянында, оның туған-өлген жылдары туралы екі-үш дерек ұсынылып келеді. Біржанның басына қойылған ескерткіште оны 1835-1897 жылы жасаған деп көрсеткен. Ал өзі Теміртас деген баласымен бақұлдасқан (қоштасқан) сөзінде 65 жасқа келгенін айтқан: “Жасына алпыс бестің келгенімде, құдайым берді науқас ғаріп басқа”,-депті. Сол сияқты қолда бар деректі зерттеу үстінде, біз Біржан 1831-32 жылдары туып, 1897 жылы қайтыс болды деген пікірлерді қостаймыз. Ол Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласының тұрған жерінде, ата-мекені – Қожағұл бұлағында туыпты. Біржанның өз әкесі Тұрлыбай-момын, шаруа болған. Ал, атасы-Қожағұл дәулетті адам. Біржанды жас шағында бауырына басып, өз тәрбиесіне алған, оның маңдайынан қақпай, масайрата еркін өсірген, жасынан ауыл молдасына беріп, оқытып, өзі жиған өмір тәжірибесін үйреткен осы беделді шешен-би – Қожағұл болса керек.

Біржан - өзі жасаған заманының перзенті, өзі өмір сүрген дәуірдің өнерпазы: ақыны, әншісі, композиторы. Өнер адамының өрге жүзуі өз бойындағы творчестволық күшке, өзі өскен ұлттық ортаға, өнер – білім дәмін сепкен жанға рухани азық беріп, ой- қиялын дамытқан туысқан халықтардың озық адамдарының ізгі ықпалдарына тығыз байланысты. XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған революцияшыл - демократтар идеясына сүйенген орыстың бай классикалық әдебиеті, өнері. Шоқан, Ыбырай, Абайларды туғызған әдеби орта қандай десек, Біржан, Ақан т. б өнерпаздардың жетістіктері де, сол қауымға ұштасады. Ұлы Абай қазақ поэзиясына жаңалық жаршысы болып оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ топырағындағы жаңа бағытын Біржан мен Ақан бастап келеді. Біржан да өз бетімен ізденіп, өнеріне жаңа ырғақ, әуен тауып, оны халқының жүрегіне жұмсайды. Көршілес елдер, халықтар өмірімен танысқан. Қызылжар, Көкшетау, Семей, Омбы, Орынбор сияқты қалаларда болды. Көп нәрсені көріп білді. Өзінің дер шағындағы талант табыстарын түгел дерлік жас ұрпаққа арнап, солардың жүректерін тебірентер тамаша туындылар жасады.

Біржан поэзиясының асыл арнасы қазақ халқының бай ауыз әдебиетінде, музыкалық фольклоры қазынасында жатыр. Жасынан ел аралап ділмар шешендермен кездесіп, сөз сымбаттарын үйреніп шешендік дәстүрлерін игереді. Төкпе ақындар өнеріне де жетік болып, талай айтыстарға қатысады. Олардың табан асты өлең шығару әдістерін, сергек қабілеттерін меңгереді. Әсіресе, Шөже мен Орынбай сияқты төселген төкпе аға ақындармен дидарласуы әсерсіз болмаса керек. Біржан творчествосының дұрыс бағыт ұстануы оның ұлы Абаймен кездесуін зерттеушілер жоғары бағалайды.

Біржанның “Тентек”, ”Жаймашуақ”, “Айтбай”, “Ләйлім Шырақ”, “Бурылтай”, т. б әндерінің шығу жағдайларын А. Жұбанов зерттеуші автордың өмірімен ұштастыра жеткізе түсіндірген. Оларға тән дыбыстылық, әуен ырғақтары талданып, ән бойындағы дыбыс қуаты жастық жалынға сәйкес келетіні көрсетілген.

Біздің баса көңіл аударғалы отырғанымыз – Біржанның музыка салаларындағы туындыларынан гөрі, оның ақындық еңбектері - өлең, толғау, айтыс ретінде жеткен жырлары, жалынды лирикалары. Оның әдебиетіміз тарихындағы орнын таныту.



2. Біржан – ақын, лирик. Біржан өлеңді көбіне ән үшін, әнді өлең үшін шығарған. Сондықтан олар - өзара біте қайнап, бірігіп кеткен туындылар. Олардың жігін ашамын, егізді жұбынан айырамын деп әлектену - бос әурешілік. Айталық ақынның ілгерідегі туындысы саналатын “Біржан сал” шығармасын алсақ осы өлеңде өз бойындағы асқақ талантпен таныстырудан өзге ұғым жоқ сияқты. Ал сол жолдарды әніне салып құйқылжыта орындасыншы ! Одан алар әсерді айтып та, жазып та жеткізу қиын болар еді. Ақын лирикалары ақиқат өмірден туып әлеуметтік қорытынды жасайды. Адамгершіл ақылдар ұсынылады. Қазақ жастарының өмірге көзқарасын дамытқандай ой тастап, кейбір мағынасыз өмір кешетіндерге наразылық білдіреді. Жас шақта, қоғамға, елге пайдалы істерге, өнімді еңбекке, өнер – білім ізденгіш талапкерлікке толы болуды қалайды. Мысалы : “Сырғақты” – деген өлеңінде ақын ең алдымен өмірдің мағынасын түсіне білуді керек қылады:

Бозбала, саған айтар өсиетім,

Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.

Жанып тұрған жас өмір – ал қызыл гүл,

Сипаттауға қызығын жетпейді тіл,

Жауқазын желбіреген жастық шақта.

Өмірдің мағынасын түсіне біл.
Басқа халықтар өмір тіршіліген, әлем сырын тануда, тыныш жатпай тырбанып, талпынуда жанаярлыққа, еріншектікке жол бермей, талмай ізденіп тынымсыз еңбектеніп, дүниетанымын кеңейте түсуде деп, “Жастарға арнауында” бұл пікірлері жүйелі баяндалады :

Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,

Жан–тәнің бірге жанып күйген артық.

Ер жігіт дүниені кезгені артық,

Дүниенің не бар–жоғын сезген артық.

Түскендей аспан жерге іс болғанда.

Бел байлап, тәуекел деп, төзген артық.
Ақылға, білімге билік беріп, әділет жолын, береке – бірлік, қарекет тірлік жолын меңзеп, жоғары адамгершілік пікірлерін жырлайды. “Жақсы мен жаман” арасын ажыратар қасиеттерді термелейді.

Біржан өзінің Асыл, Ақық, Теміртастай балаларын өте жақсы көріп тәрбиелейді. Өлең - әндеріне де қосады. Сондықтан Біржанның сұлуларға арнаулары мен Сараны іздеу себептерін басқаша түсіну абзал.

Алыстан тоят іздеген ақиық мінезді Біржан қиядағы қызыл түлкіге құмартты. Өзіне тең түсер сөз жүйрігін, өнер саңлағын тауып, соны сөз тұғырына іліп түсті.

Қазақтың негізгі ескі өміріндегі жұғымсыз салттарға құрбан болған арулардың аянышты тағдырына жоқшы болып, Арқаның дауылпазы Біржан Алатау алқабына жыр төкті. Сарадай асыл жанның азаттығын аңсап өтті. Адамгершілікке, адал достық, таза махаббатқа үндеді. Аруды есекке қосақтамай, Жиенқұлдай азғынға қор қылмай теңіне қосып күңдіктен құтқаруды талап етті. Ақынның бұл ниеттері – оның талай сұлуларға арналған жырларынан да, Сара қызбен айтысынан да айқын көрінетін өзекті идеялары, асқақ армандары Сарадай мінсіз жан, дана қыз көрінгеннің қанжығасына ілініп кете беруі өкінішті.

Қыз екен Тастанбектің, ақын Сара,

Бәйгеден күнде келген жалғыз дара.

Қыз да болса адамның жүйрігі екен.

Көрмедім сөзді адамда мұндай дана....

Шіркін – ай, мұндай жүйрік туармысың

Сөйлейсің алтын жай ғып сөздің жезін.

Қанатын күн шалмаған ақтұйғынның

Жапалақ иемденер басқан ізін.....

Біржан мақсаты, оны орынсыз даттап жеңу ғана емес. Ол өзінің азаттық идеясын, дана сұлу аруды қорғау, махаббаттың тот баспауын көздеп отыр, Біржан мен Сара айтыстары осындай әлеуметтік теңсіздік мәселелерін көтере білулерімен де, ерекше мазмұнымен де маңызды. Білімді, дана ақындардың әрбір сөзінде қазақ өлкелерінің байлығы, тарихи адамдары, қоныс мекендері, әр елге тән әдет жоралғылары білгірлікпен баяндалған. Әрқайсысы өз елдерінің жетістіктерін шолып, ұлылы – кішілі ауызға ілінген азаматтарын бетке ұстаған.

3. Біржан мен Сара айтысының мазмұн байлығын танытар фактілер көп. Олардың әрқайсысы өз ойларын ұзақ толғайды. Елі, жері, адамдары, өнерлері мен толық таныстырмай тынбайды. Қарсы дауларын да дәлелді, бұрылтпастай логикаға құрылады. Тарихи деректілік, ұтымды логика бұл айтысқа қана тән құбылыс. Осыған орай, айтысты түгел алғанда тарихи әлеуметтік дастан, лирикалық поэма дәрежесіндегі шығарма деуге де келеді. Айтыстың тілі де шешен. Неше алуан халықтық поэтикалық, тіл, образ, сөздер бірінен бірі асып түседі.

Біржан халық поэзиясы үлгісін, қара өлең формасын қолданған. Оның поэтикалық тілі де негізінен халық ақындары үлгісінде. Ол ақынның арнау өлеңдерінен де, ән әуенді лирикаларынан да, сөз болып отырған айтыс текстінен де айқын. Тағы бір атап өтетін өзгешелігі – ақындық–шешендік тұжырымды ойларын түйіндеп, афоризм арқылы, үлгі-өнеге болар нақылға айналдыра білуі. Бұның бәрі ақынның өлең техникасына жетік екеніне куә болады. Нақыл үлгісі ретінде төмендегі жолдарды келтіре кетелік:

Алтынмен тең түспейді інжу – маржан.

Асылдан кем болмайды алмас – бірлан,

Әніме сегіз дуан таңырқаған,

Баласы Қожағұлдың атым – Біржан....

Камзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,

Дүние өтерінде шыр айналды...

Жігіттік бойға таққан бір гауһар тас,

Қартайсаң қайта айналып тағылмаған.

Қара нар жүк көтермес саздаған соң.

Су шықпас ойпаң жерден қазбаған соң .

Көрсетілген нақылдардың асыл түбі-халықтық екендігін дәлелдеудің қажеті бола қоймас.

Біржан поэзиясы - өткір тілді образды көркем шығарма. Адамды кейіптеуге, сұлу суреттер жасауға шебер. Ашық, айқын сөз бояуын өте қонымды қолданып нәрлендіріп, құлпыртып жібереді. Шабытты түстарында ол өлең шығаруға да, жаңа ән әуенін табуға да қиналмайды. Поэзияда Абай жаңалық жаршысы болды десек, музыкадағы жаңа бағыт Біржаннан басталса керек. Ақан, Ыбырай, Ғазиз, Естай, Мәди, Балуан Шолақ т.б. жас буын Біржан бастауларынан сусындап, оны ілгері дамытты деген Е. Ысмайылов пікірлерін қостау абзал. Тынымсыз ізденіс, үздіксіз шығармашылық еңбек жас Біржанды бір кезде жетілткен бірден бір күш болса, сан салалы өнер салмағын жалғыз көтеру, тоқ мейіл, топас топтың жазықсыз жанның бойына салған дерт азабын көтеру, әсіресе, жасы үлғайған шақта әсте оған қиын тиді. Аяусыз қуғын жан азабы, өсек-өтірік, жазықсыз жазаға төзе алмаған ардагер азамат ақыры айықпас ауруға шалдықты.

Біржан деп атым шықты алты алашқа

Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа.

Жасына алпыс бестің келгенімде

Құдайым берді науқас ғаріп басқа.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,

Не болады демеңіздер адамзатты.

Үкідей желпіндірген құлындарым.

Шешсеңші білегіме арқан батты, -

деп, өзінің Теміртас, Асыл, Ақық атты балаларымен қоштасты. 1897 жылы 65 жасында, осы бір дертінен дүние салды.

Біржан шығармаларын қазіргі өнерге құштар ғалым оның әрбір сөзін, әуен ырқақтарын қалт жібермей, халық қажетіне асырып келеді. Құмарта оқиды, құлақ құрышын қандыра тыңдайды. Олар сүйікті өнерпазының шығармаларын көзінің қарашығындай сақтайды, келешектің керегіне жұмсайды. Біржан поэзиясы ұрпақтан – ұрпаққа ауысып, мәңгі жасай береді.


Бақылау сұрақтары:

1.Біржан сал өмірі мен лирикалық өлеңдері

2.Ақынның озбырлық жасаушыларды сынаған шығармалары

3.Біржан мен Сара айтысының эстетикалық-көркемдік тағылымы.

4. Біржан салдың лирикалық тақырыптағы ән-өлеңдері.

5. Біржан өлеңдерінің шығу тарихы

6. Біржан сал мен Сара қыздың айтысы – қазақтың халық поэзиясының классикалық үлгісі.

7. Біржан сал шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері.

8. Біржан сала арналған көркем шығармалар

11- лекция. Тақырыбы: Ақан сері Қорамсаұлы (1834-1913).

Жоспары:

1. Ақан сері - қоршаған ортадағы әсемдік әлемін, сұлулық тағылымын жырлаушы суреткер ақын.

2. Ақынның лирикалық өлеңдеріндегі тақырып мазмұны.

3. Аңшылық-саятшылық тақырыбындағы өлеңдері.
Лекция мақсаты: Ақанның өмірі мен шығармашылық жолы. Ақан серінің қоршаған ортадағы әсемдік әлемін, сұлулық тағылымын жырлаушы суреткер ақын екендігін таныту. Ақынның лирикалық өлеңдерін тақырып мазмұнына қарай талдау. Ақынның аңшылық-саятшылық тақырыбындағы өлеңдерінің көркемдігін таныту.

Лекция мәтіні: Арқаның ардагері атанған Ақан (Ақжігіт) – қазақтың ән өнері аспанында зор даусымен асқақтата жыр нөсерін ақтарып өткен ерекше дарын иесі; халқымыздың бойындағы тамаша таланттың айқын көрінісі есепті сегіз қырлы, бір сырлы ардагер азамат.

Ақан – кең байтақ жерін, қасиетті ел-жұртын шын жүрегімен сүйіп, жастық шақтың жалынына күйіп, тынымсыз өмір кешкен, өршіл де ілгерішіл поэзияның шебері.



1. Ақынның туған жері – Көкшенің кербез сұлуы атанған қасиетті жер. Ақан – осы бір әсем табиғат құшағында еркелей өскен ел серісі. Болашақ ақын Көкшетау өңірінде, Қоскөлді жайлаған қарапайым қазақтың отбасында туып-өскен. Ол 1843 жылы, күздің жомарт айы – қыркүйекте дүниеге келді.

Жасынан алғырлығы, ұқыптылығымен көзге түскен Ақан ауыл молдасынан алған біліміне қанағаттанып қалмайды. Ол енді Қызылжарға аттанып, Уәли ахун қазіреттің медресесіне түседі.

Осы медреседе өткізген үш жылға жуық мерзімде Ақанның сусындаған кәусар бұлағы – Фердауси, Низами, Хафиз, Шамси, Сағди, Физули, Науаи, т.б. еңбектері. Бұларға қосымша араб, парсы, шағатай тіліндегі көне түркі әдебиетінің ежелгі үлгілерімен де танысады. Медресе шәкірттерінің жетік білуге тиіс сабақтары – араб, парсы халықтарының тілі, ертегі аңыздары жазба дүниелері.

Ақан – жастай оқып тәлім алған өнерлі, білімді жас. Өз замандастарының көбінен озық, араб-парсы, шағатай әдебиеттерінен де, сол әдебиеттерді туғызған тілдермен де жете таныс, соған қоса, орыс тілін де білген мәдениеті жоғары өнерпаз адам.

Ақан өнер бастаған кез – ұлы ағартушы, гуманистердің реалистік поэзиясы жасалып жатқан дәуір; Шоқан, Ыбырай, Абай, Біржан, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіптердің әдебиетте жаңа бетбұрыс жасаған тұс. Жазба әдебиеттің профессионал өкілдері қалыптасып, жаңа реалистік гуманистік өнер үстем болуға бет алған-ды. Ақан, Ақмолла, Жаяу Мұса, т.б. өнер адамдары – аталмыш жаңа топтың өкілдері. Бұлар да жете сауатты, білімді қаламгерлер; өз шығармаларын ауызша айтып таратуға мәжбүр болса да, көбінесе жазып шығарған, ақ қағаз, құсыни қаламды қолдарында ұстап, хаттасып, хабарласып отыру салтын бастаушылар.

Ақан сері өз заманы ұсынған дәуір талабын таныған, сол жаңа талаптар тұрғысында ізденіп, оқып білім бұлағынан сусындаған зор талаптың жемісі.



2. Ақан сері – лирик ақын. Ақын қалдырған мұраның бәрі – түгел дерлік, жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары, адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия, әрбір сөзі жүректі елжіретер, жаныңды жадыратар жастық лебіне суарылған нұрлы.

Ақан сері 1843 жылдар шамасында (бұған шейінгі деректе де 1834 жылы туған деген әңгіме болатын) осы күнгі Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Қоскөл деген жерде туған. Әкесі Қорамса – Арғын ішінде Қарауыл. Ақан кішкентайынан өзінің зеректігімен, әрнәрсеге әуестігімен көзге түседі. Ауыл молдасы Күнтеу дегеннен жас кезінен бастап оқиды. Аздап болса да хат таниды, көзі ашылады. Жасы он үшке келгенде Ақан Күнтеу молданың шыбығынан құтылып, Қызылжарға тартып кетеді. Онда Уәлиахун дегеннің медресесінде оқыды. Қалада жүрген соң аздап болса да орысша біле бастайды.



3. Ақан Қызылжардан еліне қайтады. Қорамсаның азды-көпті дәулетінің арқасында ол аса кемдік көрмейді. Балаларының ішіндегі жасынан көзге ерте түскені болғаннан ба, жоқ, басқа себептен бе, Қорамса Ақанның айтқанын қайырмайды. Шілдехана, алтыбақан, ойын-той болса Ақан сонда жүреді. Ақанның әдемі бойы, келбеті, жақсы даусы, оны ерте халыққа танытады. Оның үстіне көп адамдардың күйттейтін, дала өмірінің қызығы: жүйрік, қыранқұс, алғыр тазы Ақанның да арманы болды. Ол кедей еліндегі Шөкетай деген кісіден Құлагерді бір ат, бір сиыр, жиырма бес сом ақшаға сатып алады. Ақанның жас та болса талабына риза болған, оның жай, көптің бірі емес екенін сезген Әлібек деген өзінің жанына балаған бүркіті Қараторғайды сыйлайды. Сайрат төреден күшік күнінде Базарала атты тазының күшігін сатып алады. Тағы біреуден көкжендет деген қаршығаны таңдап алады. Енді Ақан тек әнші, ақын емес даланың жігіт басына керекті барлық қызығын жинайды. Өзі ақын, өзі әнші, сұлу жігіт халық арасында атағы тез жайылады. “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған дегендей”, Ақанның айналасында қыз-бозбала топтала береді.

Баласының осындай даңқына сай деп әкесі Қорамса Ақанға сегіз ұлдың ортасында жалғыз өскен Бекбастың қызы Фатимаға құда түседі. Бірақ Фатима ауырып, әкесінің оң жағында, Ақанның босағасын аттап үлгермей, қайтыс болады.

Ақан бұрынғысынша ел аралап, еңсесін жоғары ұстап, өзінің өнерін көрсете береді. Жанбай сөнген ғашықтығын өлеңдетіп, “Желдірме” стилінде өлең шығарып, домбыраға қосып әндетеді.

Ақан біраз уақыт ешкімге көз салмай жүреді. Кейін Шомайт қажының қызы Фатимаға үйленеді. Фатима ақылды, байсалды, жақсы жан болады. Фатимадан Ақан бір ұл, екі қыз көреді. Оншақты жыл тұрғаннан кейін Фатима аурып қайтыс болады. Ақан Қарауыл ішінде Балташы дегенге атастырылып қойылған Тінәлінің қызы Ұрқияны алып қашады. Ұрқия үш айдан кейін ауырып өледі. Енді Ақанды ауыр қайғыдан арылтатын тек аты болады. Бұл кездерде баяғы Құлагердің аты Ақанның өзімен бірге шығады. Құлагер небір сәйгүліктерден озып шыққан, бәйгені ешкімге бермейтін жануар болады. Құлагердің жеңісіне Ақан “Маңмаңкер” деген ән шығарады.

Халқына қадірлі Ақан өзінің орнын біледі, мақтанып асып кетпейді. Ел ішінде Ақан:

Кепсер ал, кепсер алсаң Қызылжар бар,

Өзім сал, өзім сері мен кімге зар,-деген әнін айта жүреді.

Сондай-ақ Ақанның шығармалары ішіндегі шоқтығы биігі - Сырымбет. Бұл - адамның жүрегін қозғайтын, жан ашуының, үлкен адамшылық, азаматтық сырларды жыр ететін шығарма.

Ақын ел аралап жүріп, Ыбырайдың қызы Балқадишамен кездеседі. Қыздың мінезінің, түрінің тартымдылығын әнге қосып, “Балқадиша” деген өлең шығарады.

Ақанның творчествосында үлкен бір оқиға – аты Құлагерге байланысты болады. Керей Сағынайдың асында Ақанның тісі батып жүрген Батыраш-Қотыраш деген байлардың балалары бәйгеге қосылған Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді. Бір жамандықты көңілі сезген Ақан аласұрып атын іздей бастайды. Ол сүйікті жүйрігінің бел омыртқасы үзіліп өліп жатқан үстінен шығады. Құлагерді жоқтап Ақан өзінің әйгілі “Құлагер” атанып кеткен әнін шығарады. Бұл ән – серінің жан ашуының туындысы.

Құлагер трагедиясынан кейін Ақан арада біраз уақыт өткеннен кейін, творчестволық шабытқа қайта оралып, ел аралап жүріп, үш сұлу қызды кездестіреді де, соларға арнап, “Үш тоты құс” атанған өлеңін шығарады. Жасы алпысқа келгенде Ақан шығармаларын басқа тақырыпқа құрып, ақыл, насихат, толғау сияқты сөздерді термелеп айтады.

Белде, белде бел асар,

Белгілі жерден ел асар.

Әлдилеген ақ бесік,

Келіншекке жарасар.
1913 жылы Ақан төсек тартып, жатып қалады. Әйгілі үкілі Ыбырай Ақанның көңілін сұрап келеді. Ауру күннен-күнге меңдетіп, қараша айында ардагер әнші, халқын қызыққа бөлеген сері, дарынды ақын, үлкен жүректі адам көз жұмады. Қасында Фатимадан туған жалғыз ұлы Ыбан ғана болады.

Ақанның өзі өлгенмен, соңында өлеңі, әні, өмірінің шежіресі қалды. Ақан творчествосы талай көркем шығармаларға негіз болды. Жазушы Ғ.Мүсірепов “Ақан сері – Ақтоқты” атты трагедиялық пьеса жазса, С.Жүнісов “Ақан сері” деген екі томдық романын дүниеге келтірді.


Бақылау сұрақтары:

1. Ақынның өмірі мен шығармашылығы

2. Ақан сері - қоршаған ортадағы әсемдік әлемін, сұлулық тағылымын жырлаушы суреткер ақын

3. Ақынның лирикалық өлеңдері

4.Ақынның аңшылық-саятшылық тақырыбындағы өлеңдері

5. Ақанның сусындаған кәусәр бұлақтары

6. Ақан туралы жазылған көркем шығармалар

7. «Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесі

8. Ақын өлеңдеінің тақырыбы, көркемдік ерекшелігі
12- лекция. Тақырыбы: Сегіз сері Баhрамұлы Шақшақов (1818-1854)

Жоспары:

1. Өмірі туралы мәлімет.

2. Махаббат тақырыбындағы ән-өлеңдері.

3. Арнау өлеңдерінде ел қорғаған батырларды суреттеуі.

4.Ақынның дастандары
Лекция мақсаты: Сегіз сері Баһрамұлының өмірі туралы мәлімет.Ақын өлеңдерінің тақырыбы, жанры және көркемдік ерекшелігі, оның ішінде махаббат тақырыбындағы ән-өлеңдері. Сегіз серінің арнау өлеңдерінде ел қорғаған батырлар бейнесін танытуы. Ақын дастандарында көтерілген мәселелер.

Лекция мәтіні: 1. ХІХ ғасырдағы қазақтың әйгілі сері, әнші, ақын, композитор сегіз сері - Мұхаммед-Қанафия Баhрамұлы Шақшақов туралы соңғы жиырма жылдай уақыт көлемінде аз айтылған жоқ. Ән мұрасы, шығармашылық ғұмырбаяны халқымыздың өнерпаздық тарихынан ұзақ жылдар бойы түрлі себептермен қағаберіс қалып келген Сегіз жайлы ғалым Төлеш Сүлейменов, жазушы Нәбиден Әбутәлиевтер жеке жинақтар шығарды. Белгілі өнер зерттеушілері, әдебиет мамандары, тарихшы, ақын-жазушылар І. Жақанов, Б. Тоғысбаев, Е. Жақыпов, Қ. Биғожин, Р. Отарбаев, И. Кенжалин т.б. Сегіз сері өміріне байланысты түрлі байламдар айтты.Сегіз сері 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты „Благовещенский” кеңшарының жеріндегі Гүлтөбе-Маманайда Баhрам батырдың отбасында дүниеге келген. Шежіре арқылы жеткен деректерге сүйенсек, Мұхаммед-Қанафияның (Сегіз серінің шын аты-жөні) Сегіз сері аталуының өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, мұхаммед-Қанафия сегіз жасында әкесі, ағасы Шағырай салмен және Жанат серімен бірге аңға шыққанда тайға мініп ере шығып, сол арада ағасы оқтап берген шиті мылтықпен алдарынан қашқан бір киікті атып құлатады. Содан сегіз жасында киік атып алды, мұңын аты Сегіз болсын,- деп , ел-жұрт солай атап кетеді. Екіншіден, Мұхаммед-Қанафия жас кезінен-ақ сегіз қырлы, бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Әнші , ақын, күйшілігімен қоса палуан, саятшы, атбегі және он саусағынан өнер тамған шебер болады. Осындай өнерпаздығына тәнті болған ел оны Сегіз сері атап кетеді.Әке-шешесінен жастайынан айрылған Мұхаммед-Қанафия атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жанат серінің тәрбиесінде болып, қомқорлығын көреді. Жас кезінде ауыл медрасесінде оқып хат таныған Сегіз серінің ұстаздары Имамғабит сері мен өз ағасы Көрпеш Бұхара шаhарында білім алған ғұлама молда, әрі белгілі әнші, ақындар еді. Ұстаздарынан ескіше хат танып араб, парсы, шағатай тілін, әдебиетін үйренумен бірге әншілік пен ақындықтың да үлкен мектебінен өтеді.

Атасы Шақшақ Көжекұлы немересінің болашағын болжап, 1828 жылы Омбы қаласындағы Сібір қазақ орыс әскери училищесіне беріп, онда алты жыл оқытады.Мұндада ол мұсылман оқытушыларынан қазақ, шығыс әдебиетінің үлгілерімен және қиссадастандармен тереңірек танысуға мүмкіндік алады. Сегіз серінің халық арасындағы беделін патша шешенуніктері өз мақсаттарына пайдаланғысы келеді. Бірақ олардың арам ойын , теріс пиғылын сезген Сегіз сері мұндай қызметтен үзілді-кесілді бас тартып, өз халқының алдындағы абыройын шен-шекпенге айырбастамайды.



2. Сегіз серінің шығармашылық ғұмырнамасының диапазоны өте ауқымды және халыққа жақын. Мәселен, Көтібар батырды жоқтауынан, Исатай-Махамбет көтерілісін қолдап, бірге болуынан, дем беруінен серінің қайда жүрсе де қарапайым халықпен бірге болғандығын аңғарамыз. Исатай мен Махамбетті өзіне аға тұтып қадір қадірлеп, ерліктерін жырға қосқан.

„Еділ-Жайық берекелі жер екен ғой,

Байұлы бақыт қонған ел екен ғой.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Исатай асқар таудай ер екен ғой”,

-дейтін жолдар Сегіз серінің құлашы кең, ауқымды „Исатай-Махамбет” дастанының бір үзіндісі ғана. Сегіз сері Исатай мен Махамбетке арнап „Қос қыран” атты күй де шығарған.

Сегіз серінің әншілік, ақындық ғұмырнамасы ұзақ жылдар бойы зерттелмей келгені шындық жайт еді.

3. Ел аузындағы ескі әңгімелерді, аңыздарды, тарихи оқиғаларды негізге ала отырып, Сегіз сері „Қыз Жібек”, „Айман-Шолпан”, „Ер Тарғын”, „Шора батыр”, „Ер Сайын” секілді ұзақ қисса-дастандардың өзіндік нұсқасын жасағаны, жырлағаны бұл күнде тарихи деректерден белгілі болып отыр.

4. Бір өңірдің ғана емес бүкіл қазақ халқының майталмен әнші-ақыны, сал-серісі, қол бастайтын батыры, сөз бастайтын шешені Сегіз серінің мұрасы бүгінде жинақталып, зерттелу үстінде. Бұл игілікті іске азды-көпті өз үлестерін қосып келе жатқан әдебиетшілер Қ. Мұқамеджановтың, Ж. Бектұровтың, З. Қоспақовтың, А. Сатаевтың, Е. Жақыповтың, М. Жарқұмедовтың, И. Кенжалиевтың, Н. Әбутәлиевтің, Қ. Биғожиннің, Қ.Мәдібайдың еңбектері айғақтай түседі. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақтың айтулы әнші-ақыны, сал-серісі, сазгері, палуаны Сегіз серінің әдеби мұрасының бүгінгі, келер ұрпақ үшінгі тәрбиелік мәні зор болып қала бермек.
Бақылау сұрақтары:

1. Сегіз сері Баһрамұлының өмірі және шығармашылық жолы

2. Сегіз серінің махаббат тақырыбындағы ән-өлеңдері

3. Сегіз серінің арнау өлеңдері

4. Ақын шығармаларындағы ел қорғаған батырлар бейнесі

5. Ақын дастандарының көтерген тақырыбы

6. Сегіз сері дастандарының көркемдік ерекшелігі

7. Ақын шығармаларындағы негізгі сарын

8. Сегіз серінің „Қыз Жібек”дастаны

9. Сегіз серінің „Айман-Шолпан” дастаны

10. Сегіз серінің „Ер Тарғын” дастаны
13- лекция. Тақырыбы: Сара Тастанбекқызы (1818-1854).

Жоспары:


  1. Өмірі, ақындық шығармашылығы.

  2. Сара – қазақ әйелінің арманы, мұң-шерін поэзия тілімен

өрнектеген ақын.

  1. Ақынның Біржан салмен болған айтысы.


Лекция мақсаты: Сара Тастанбекқызының өмірі мен ақындық шығармашылығы туралы. Сараның – қазақ әйелінің арманы, мұң-шерін поэзия тілімен өрнектеген ақын екендігін таныту. Ақынның Біржан салмен болған айтысын жан-жақты талдау, ондағы көтерілген негізгі әлеуметтік мәселеге тоқталу.

Лекция мәтіні: Қазақ халқының өнерпаз қауымы – талантқа бай. Ерлері мен қыздары өмір сапарын бірге кешіп, болашақ мүдделерін қоян-қолтық шешкен.

Өнер салаларының өсу жолында талай тамаша таланттар бой көрсетіп, өркен жайған. Шаршы топ алдында шабыт шақырып, қанша шапса да бір шалдықпай, сөз өнері жарысында сан саңлақ қыздар сыннан сағы сынбай қатар өткен: Манат, Ырысжан, Ақбала, Күңбала, Тоғжан, Айжан, Ақсұлу, Айсұлу, Жантөлі, Мақта, Мәйке, Айкүміс, Шәлипа, Ләтипа, Шәрипа, Қызболық, Шөкейқыз, Тәбия, Дәмеқыз, Ұлбике, Қадиша, Ажар, Жекейқыз, Күйкентай қыз, т.б. айтыс өнерінің қыздары – ақпа ақындардың алтын алқасы. Аталған арулардың көпшілігі қаршадай шағында – ақ , 15-17 жастарынан төселген сақа ер ақындармен тайсалсай тайталасқа түскен, өнер асырып, жүлделерге ие болған, дәуірлік туындылар қалдырған. Осынша арулар тобының алдыңғы қатарында қолына өнердің көкжасыл туын ұстап, аршынды адыммен ілгері ұмтылып, нөсерлі ән шырқаған Сара қыз болатын. Ол - атақты Біржанмен айтысы арқылы даңқын асырған ақпа ақын.



1. Сара Тастанбекқызы 1853 жылы қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Матай-Қатағай елінде туып өскен. Әкесі Тастанбек ерте өліп, оның інісі Жайсаңбектің қамқорлығында қалады. Сара жетімдік зардабын шегіп, жоқ-жітік көріп, тұрмыс тауқыметін тартып өскен. Шешесі Уәзипа, інісі Сахари сол ауыртпалықтың салмағына шыдамай ерте тізе бүгіп, қаза тапқан. Ал, Жайсаңбек болса, бойына біткен қайратын жұмсап, өнімді еңбек ете алмай, бұзықтар құрған тұзаққа өзін де, жасөспірім Сараны да іліндіріп алып азап шеккен. Таяуда жарияланған Өтепберген Ақылбекұлының мәліметі Қалихановты толыстырып, нақтылай түскен. Сараның өмірін, айтысын бұрмалаудан арашалап, ғылымға керек деректер берген. Біз осы соңғы табысқа жүгінеміз. Ол Сараның 1853 жылы туып, 1907 жылы өлгенін, 1871 жылы Біржанмен айтысқанын, Қарашоқыдағы зиратқа жерленгенін (Қапал ауданы), Біржанның көмегімен азат болып, Бекболға қосылып, бес бала сүйіп өмір кешкенін, әкесі Тастанбек пен шешесі Уәзипаның шағын шаруасының болғанын анықтады.

2. Сара заманына салқын жүзбен қарап, бойына қуат жиып, қайсарлық көрсете өсті. Кезі келіп, күні туар жарқын күнін армандаудан танған жоқ.

Өнерге әуестік оны танымал саңлақтарға тап қылады. Сара-елінің атақты қобызшысы Молықбай ақынмен кездеседі. Қазақтың басқа да ақпа ақындары сияқты Сара да халық өнерпаздары алдын көріп, өнерін үйреніп, мектебінен өтеді. Зейінді жас аға ақылын мүлт жібермейді, өнеріне бас иіп, өзінше өрнек төгеді. Жастығына қарамастан, санасы да, қабілеті де тез қалыптасып, алқалы топ алдында ақындық сыннан өтіп, көркем сөз сиқырына жетіліп алады. Домбыраға да Сара он жасынан-ақ әуес болып, жыл өткен сайын ән мен музыканы ақындық талантына дем берер сенімді сүйемелге айналдырады.

Қоңыр күй қобызында Молықбайдың ,

Үкісін домбырамның толықтайын...

Аралап өмір сырын, бойым сергек,

Саралап алды-артымды, ақыл тергеп,

Арман мен адал сырымды өлең қылып,

Ән салу домбырамен болды енді ермек.


Жетімдік, жоқтық азабын тарта жүріп, 15 жаста-ақ ол ел аузына ілініп, ақын Сара атанады. Еліне танымал Ниязбек, Мәулімбай, Қыдырәлі, Арслан, т.б. ақындармен кездесіп, айтыс өнеріне де жаттығады. Тасыбек, Ермек, Құдайбергендермен айтысады. Түбек, Бақтыбай сияқты аға ақындардан да хабарлы болады. Ақылы мен өнеріне көркі де сай , сындарлы сұлу Сара болып бой жетеді.

Сара - өмір бойы мұқтаждық, панасыздық қасіретімен арпалыса жүріп, өнерін, ақылын жетілдіре білген ізденімпаз, ізгі ниетті аяулы жас түлек. Оны халқы аялап өсіреді, түлетіп бақты.

Қазақ әдебиеті жасаған сан сұлулар мүсіндерінің мұңлы тағдыры бұл шындықтың қайғылы сырын танытар мәңгі ескерткіш. Мысалы: Абайдың “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” деген, өлеңіндегі теңдік таппай қорланып, жартастан суға құлаған сұлу тағдыры, кейінгі ақындар жасаған – Гүлхашима, Ғайша, Сұлушаш, Қаралы сұлу, Қаракөз сияқты қазақтың аяулы сұлуларының қайғылы тағдырларын Сара да өз басынан кешті. Бой жетпей жатып-ақ оған құда түсті.Он үш жасар балғын Сараны тумысынан кеміс, кексе Жиенқұлға қоспақшы болады.Сараның ендігі мақсаты тек тұрмыс кемтарлығын жоюды, халық қатарлы өмір сүруді ойлау емес, ең алдымен, басына бостандық алу ниетінде болған еді. Он бес жастан он жеті жасқа дейін ол Жиенқұл қармағынан құтылу әрекетін іздестірді.

Замана қайшылықтары, әсіресе, кедей-кепшік пен әйел жұртының правосыздығы Сараның кейінгі ақындық творчествосының арқауы болып қалыптасады. Қалың малды құдалық салты, оны малданған ескі есер қауым замандар бойы талай арулардың көз жастарын арқалап, обалдарына қалып келе жатқандарын батыл әшкерелейді. Кейбір жоқшылық көрмей өмір кешкен жеке аналар тағдырлары, өзі де, осы правосыздық салмағын мойындарымен көтеріп, ауыр зілдің астында бой жаза алмай байланып-маталып, жүректер сүйген ғашықтарына қосыла алмай, арманда өткенін ашына жырлайды. Өзі ашқан шындық сырын басқаларға да ұғындырмақ болады.Халқының жылы лебізімен Сара барған сайын батыл қимылдап, күңдіктен құтылудың амал-айласын қарастыра түседі. Бас бостандығы талаптарын ашық көтеріп, тыным таппайды. Правосыз өмір кешкен көп әйелдердің бірі болып өтуден, өмірден түңіліп, дәрменсіздік көрсетуден, босқа өлуден бас тартады. Батыл сөз айтады. Әсерлі ән шырқап, даланы күңірентеді.

Қызымын Тастанбектің атым - Сара,

Арман көп, ауызыма, халқым қара.

Қорғанар көп ішінен бұта таппай,

Шырылдаған боз торғай мен бір бала.

Еңіреттің ерте бастан, туған елім,

Кір жуып, кіндігімді буған менің.

Кең жатқан Садыр, Матай елдерінен

Бір теңім болмады ма ұлдан менің.


Сара өзінің басына түскен ауыртпалықтың үлкен сыры теңсіздікте, қорғансыз жетімдікте екенін айта алды. Егер әкесі тірі болып, ол дәулетті байлардың бірі болса, мұндай қорлыққа душар болуы екіталай екенін:

Бүйтер ме ем, болсам егер баласы бай,

Ауқатты, әкем тірі, төрт жағым сай,-деп термелейді.

Сараны тек Найман елі ғана біліп қоймайды. Алыс өлке, Арқа жайлаған қалың ел хабарлы болады. Өнер адамдарының да Сара даңқын естіп таңдағандары аз емес-ті. Сара тағдырына ара түсу, оның өнерін зәбірлеушілікке тойтарыс беру қажеттігі көзі ашықтар мүддесіне айнала бастайды. Тұрысбекке кейбірі өз үндерін жеткізеді. Хат жазушылар, іздеп келушілер, наразылық білдірушілер кезігеді. Орынбай, Әсет, Әріп, Жүсіпбек, Абай, Біржандардың құлақтарына шалынады. Асылы, Біржанның Сараны іздеп алыс сапарға аттануында осындай шындық жатыр. Ол бұл жолға аттанбас бұрын Абай аулында болған. Онымен кеңесіп, ақылдасып, ұйғарысқан. Сараны іздеп барып, жағдайын өз көзімен көріп-білу, оған аяушылық білдіріп қоймай, көмек болар әрекеттер істеп көру Абайдан шыққан идея болуы ғажап емес. Бұған тағы бір дәлел, кейінірек болса да, Сараның Абайды жете тануы. Оның есімін ардақтап, еске алуы.

Әбдірахман өліміне байланысты қайғысын бөлісу, оның сүйегіне келген адамдарға – Мағауияларға көрсеткен сый-құрметі, көңіл айтып, өлеңмен жазған хаты. Бұларды кездейсоқ оқиғалар деуге болмайды. Біржан басқа айтыс ақындарынша Сараны тілдемейді, қайта, оның қайғысына ортақтасып, оның азаттығын талап етеді. Тіпті, Сарамен мұңдасып кетеді. Қайткенмен де атағы жер жарған Біржан салдың Ешкіөлмеске келуі, Жетісу елінің мұңды саңлағымен кездесуі, елеулі оқиға. Ол әсіресе, Сараның тағдырына мықты әсер еткен кездесу. Біржанның Сараға келу сапары екі ақын үшін де сәтті аяқталады. Біржанның келуі белгілі дәрежеде Сараның бағын ашады. Айтыста жеңілген де Сара емес , “Ақ батаны” қолдаушы ескі қауым, қажылар тобы болып шығады.

3. Сара Жиенқұлдан азат болғанмен, махаббат бостандығын алған жоқ, өзі сүйген Үсенбайға қосылған жоқ. Бәрібір сол елдің адамына – Бекбай дегенге некеленеді. Сөйтсе де Сара оны мақұл көрді. Әйтеуір дені сау, қатарлы адамға қосылғанына шүкірлік қылады. Бекбайды көргендер, оны теріс адам демейді. Сарамен санасқыш, ниеті түзу жар болады. Жастары да тым алшақ емес екен. Сарадан он алты жыл кейін (1932 жылы) өлген. Екеуінен бес бала (үшеуі қыз) ұрпақ қалған деседі.

Сара – дарынды ақын, саналы суреткер, көркем сөздің шебері. Бізге жеткен шығармаларының көлемі шағын. Оның үстіне зерттелу жағы кенже.

Ақын өзінің алтын ойларын жан тебірентер монологтар мен диалогтарға құрылады. “Тордағы тоты” жинағы ақынның “Тағдыр тәлкегі” атты көлемді туындысымен ашылады. Бұл - өзінің құрылысы мен мазмұн желісіне қарағанда дастан тәріздес оқиғалы шығарма. Әкесі өліп, жетім қалғаннан кейінгі өмір жолынан бастап-ақ өлеңмен шолып суреттейді.

Сараның келесі маңызды шығармасы – “Жүрек” деп аталады. Дастанның мазмұны қызық. Жергілікті халық аңыздарының негізінде жазылған көркем туынды. Лирикалық герой жалғыз өзі түн жамылып, Қапал тауының “Баянжүрек”, “Сайын бөлек”, “Қоңтәжішоқы” аталатын бөлек шоқылары мен жоталарына қаратып сыр шертеді.

“Жүрек” – қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын аларлық ерекше шығарма. Ол – романтикаға толы лирикалық дастан. Жер жүрек пен өз жүрегін толғантқан лирикалық қаһарманның монологтары өте әсерлі. Махаббат еркіндігін аңсаған жастар жүрегінің дүрсілі естіліп-ақ тұрады.

Ақындық шабыт пен терең толғамын танытар шығармаларға оның “Ашындым”, “Арсалаң алдында”, “Ортақ мұң”, “Аққу”, “Қарлығаш”, “Торығам”, “Шымылдық”, “Қош бол, елім”, “Көп сәлем Ыбакеме, дұғай-дұғай” атты арнау, толғауларын да жатқызу орынды. Бұлардың әрқайсысы – көлемі шағын, мазмұны терең, көркемдік құны жоғары шығармалар.

“Қарлығаш” - Әріпке арналып жазылған жұмбақ сыр. Өзінің ғашықтығын білдіріп, хат жазған әріпке жұмбақтап жауап қайтарған Сараның бұл туындысы да “Аққу” сияқты символды бейнелі сөздерге толы.

Сараның “Шымылдық” атты толғауының маңызы да атап көрсетерлік. Қазақтың “Әмеңгерлік” салтына қарсы пікірлерін ақын алыстан орап, сұлу суреттер жасай отырып бейнелейді.

Сараның ақындық өнерінің шыңы – Біржанмен айтысы. Бұл – ақындар айтысы өнерінің үздік үлгісі дерлік тұтас туындысы. Өзінің әлеуметтік мәнімен де, көркемдік суреттілігімен де, поэтикалық тапқыр тілімен де құнды, шынайы шығарма.

Сара Тастанбекқызы – XIX ғасыр қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан көркем сөздің белгілі шешені. Халық поэзиясы үлгісінде өмір бойы жыр төккен ақпа ақын. Халық поэзиясының суреттілік сапасын көтеріп, көркемдігін зорайтқан, өзіндік өнерпаз. Еш шалдырмас топтан озған жүйрік. Асыл сөздің сарқылмас кені. Поэзиямыздың қыздан шыққан кемеңгері.


Бақылау сұрақтары:

1. Сара Тастанбекқызының қиын да күрделі тағдыры

2. Ақынның шығармашылық жолы

3. Сара – қазақ әйелінің арманы, мұң-шерін поэзия тілімен өрнектеген ақын

4. Ақынның Біржан салмен болған айтысы

5. Сараның “Шымылдық” атты толғауының әлеуметтік мәні

6. Сараның маңызды шығармасы – “Жүрек” дастаны

7. Сара Тастанбекқызының өлеңдерінде көтерілген тақырыптар

8. Біржан-Сара айтысының маңызы

9. Ақын Сараның ұлы Абайға арнаған арнаулары

10. Сара шығармашылығының зерттелу жайы
14- лекция. Тақырыбы: Әсет Найманбайұлы (1887-1923).

Жоспары:


  1. Өмірі мен ақындық шығармашылығы.

  2. Толғау-термелерінің, өлеңдерінің әншілік орындаушылықпен, сазгерлікпен тығыз байланыстылығы.

  3. Айтыстары және дастандары.


Лекция мақсаты: Әсеттің өмірі мен ақындық шығармашылығы туралы мәлімет. Әсеттің әнші-ақындығы, оның толғау-термелерінің, өлеңдерінің әншілік орындаушылықпен, сазгерлікпен тығыз байланыстылығы. Әсет айтыстары және дастандарында көтерілген мәселелер, оның көркемдік жағы мен әлеуметтік мәні.

Лекция мәтіні: Әсет өзінің әрбір өлеңіне арнап ән шығарып, өлең-жырын шаршы топта домбыраға қосып шырқап айтатын, әйгілі әнші-ақын. Ақын Әсет асыл жырын, әсем әнімен домбыраға қосып, аспанға шалқыған асқақ даусымен аңырататын болған.

Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,

Жайлатып, қоңырлатып, жамыратып.

Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,

Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.
...Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,

Қоздырып делебеңді әсерлі етіп.

Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,

Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.


Әсет - әнші, композитор.

Әсет – нәзік сезімді, ұшқыр қиялды лирик ақын; ол – тілге бай, алғыр ойлы, бөгелмей жүйткитін айтыс өнерінің де өрен жүйрігі; ол алысқа алқынбай сілтейтін жүйрік, бай оқиғалы поэма, дастандар жазған эпик ақын. Сондықтан Әсетті нағыз сегіз қырлы өнерпаз дейміз.



1. Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, сегізінші ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылдар Найманбай Семей қаласына көшіп келіпті. Қалаға келген соң да күн көрерлік мардымды кәсіп-қарекет таба алмапты.

Найманбай Семей қаласында да тұрақтай алмай, Бақтыда тұратын (қазіргі Семей облысы, Мақаншы ауданы) апа, жездесін сағалап, сол жерге көшіп келеді. Бақтыға келіп орналасқан соң, Әсетті сондағы медресеге оқуға береді. Он-он бір жасында мектеп есігін ашқан зерделі, талапты жас шәкірт, төрт-бес жыл оқып, ескі медресенің берген білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе оқып жүрген шәкірт кезінде-ақ оның табиғи ақындық таланты таныла бастайды.

Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. “Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданның жекпе-жектегі батыры. Жеңу үшін нелер қатты шабуылдар жасалса да мін емес”,- дейді Мұхтар Әуезов.

Әсеттің алғашқы түскен ең үлкен айтыс майданы – Рысжан қызбен айтысы.



2. Әсеттің ақындық, әншілік өнер жолында үлгі-өнеге алған ұстазы Абай. Әсет 1889 жылдан бастап ұлы ақынның ауылында болып, Абайдан тәлім-тәрбие алған ең талантты шәкірттерінің бірі. 1889-90 жылдар Абайдың ең бір мағыналы өткізген өмір кезеңі еді. Ақын өмірінің осы бір кезеңін Мұхтар Әуезов толық сипаттап, 1933 жылы жарияланған “Абайдың туысы мен өмірі” атты еңбегінде жазған болатын. 1889 жылы ел жұмысын өзінің інісі Оспанға тапсырып, өзі бір беткей ілім іздеу жолына, ақындыққа берілген.

Осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абай ауылы үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болды. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт,- дейді.

Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ұстаздың алдына келген кезде 22 жаста еді. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді.

Абай шәкірттеріне тек өз өсиетін ғана айтып қоймай, Шығыс пен Батыстың, орыстың өзі таныс болған және ардақтап, қадірлейтін, бұрынғы-соңды данышпан ғалым, ақын, жазушыларының өмірі мен еңбектерінен қызықты мысал келтіріп, өнегелі әңгіме айтып отыратын болған.

Әсет Абайдың алдында болып, мол тағлым алып, ұлы ұстазының әдебиеттегі дәстүрін өзінің ақындық, әншілік өнерінде үлгі-өнеге еткен. Ғылымның әр саласынан өнеге айтып отыратын Абайдың әңгімелерін, өсиет, ақылын тыңдаушылардың бірі болады. Орыстың ұлы ақын, жазушыларының, соның ішінде Пушкин шығармаларымен де, Әсет осы Абай ауылында алғаш рет танысады.

3. Әсеттің “Евгений Онегин” романының оқиғасын алып, еркін аударма жасап, Пушкин шығармасының қазақ поэзиясында өзінше бір нұсқасын тудыруы – сөз жоқ тура Абай әсері, Абай өнегесі.

Әсеттің бұл аудармасы “Онегин мен Татьянаның әңгімелері” деп аталып, Пушкиннің қазақ тілінде 1937 жылы басылып шыққан “Таңдамалы шығармаларының” 2-томында басылды.

Әсет өлеңдері “бөтен сөзбен былғанбаған”, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін”, әрі мағыналы, әрі көркем. Әсет қалам алып жазуға көшумен бірге өзінің импровизаторлық дәстүрін де тастамайды.

... Жорғамын, жортарманмын жұрттан озған,

Майдамын, майда желіс мамырлаған.

Жұртымның асау қызу жиынында

Бұл кезде ән адыра салынбаған...,-

деп шырқайтын Әсеттің дауысына кейін егде тартқан кезде, ұзақ өлең, ән айтатын уақытта аздаған жарықшақ пайда бола бастайды. Сол себептен даусын ашық, айқын шығару үшін тамағына мүсәтір салуды әдет етеді екен.

1923 жылы шаршы топтың алдында ән салып отырып, әдеті бойынша мүсәтір деп қатеден тамағына алмас салып жіберіп (мүсәтірді қолдан сатып алып жүретін болса керек) қапылыста уланып қалады.

Сөйтіп, атақты ақын, әйгілі ақын, әйгілі әнші Әсет арманда қаза табады.

Ақын өлер алдындағы қоштасуында өзінің қапылыста дүние салып бара жатқанын, қолы қысқа болып, ауыр тұрмыстың талқысын көп көріп, ақындық қазынасын түгел ақтарып, жарыққа шығара алмай, арттағы ұрпаққа Абай сияқты мұра қалдыра алмай бара жатқанын арман етеді.

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,

Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.

Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,

Айғайға қайран даусым ерінбеген,

Абайдай арттағыға сөз қалдырып,

Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген.

Ертең жазып, бүрсікүн бітірем деп,

Баянсыз тіршілікке сенуменен,

Қатын-бала асырау амалында,

Кеттім-ау үнем көңіл бөлуменен,

Менен сорлы ақын да өтті ме екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген.

Осыменен өмір бітті, дем таусылды,

Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.

Тіршілікте әрекет етпеген соң,

Сүйектен не шығады кебіндеген,-
дейді.

Әсетті көрген, онымен достас болған, Әсеттің өлеңдерін көшіріп жазып алып, жаттаған Семей облысында марқұм Сапарғали Әлімбетов (1889-1956), Төлеу Көбдіков (1874-1954) және Есенсары Құнанбаев сияқты белгілі ақындар бар еді.

Әсеттің “Арғынмын атым Әсет арындаған” деп басталатын әйгілі өлеңін, “Қызыл табан-ағаш ат” деген поэмасын түгел өз қолымен жазып берген болатын.

1945 жылы Әсеттің “Салиха-Сәмен” поэмасы мен таңдамалы өлеңдері Қытайда жеке кітапша болып басылып шыққан.

Әсеттің алғашқы ақындық қадамындағы шығармаларынан бізге жеткендерінің ішіндегі ең көлемдісі де, көркемі де Рысжанмен айтысы.

Бұл айтыс өзінің көркемдік жағынан болсын, идеялық мазмұн жағынан болсын басқа белгілі ақындар айтысынан ерекше. Бұрынғы айтыстарға тән рушылдық сарын Әсет айтысынан орын алмаған. Рысжан да, Әсет те өз руларының рубасы, бай, би, болыстарын дәріптеп, мадақтаудан аулақ. Өздерінің алғыр ойлы ақындық өнерін айтыс бәйгесіне қосады.

Әсеттің ертеден ел аузында жатталып, сақталып келген “Қызыл табан-ағаш ат” поэмасының көшірме қолжазбасының бір нұсқасы Абай қорында сақтаулы. Поэма 1947 жылы жазылып алынған. Көлемі бес жүз он жол өлең.

Поэманың тақырыбына, оқиғасына қарағанда Әсеттің Абай ауылында болған 1889-1890 жылдар шамасында жазған шығармасы деп жорамалдауға болады.

“Қызыл табан-ағаш ат” поэмасының оқиғасы да Шығыс елінің әңгімелерінен алынған. Патша көп заман перзент көрмей жүреді. Ақырында тілегі оң болып бала көреді.

Поэма Шығыс әдебиетінің әсерімен жазылса да баяндауы басқаша. Ақын оқиғаны өзінше түйіндеп, өзінше дамытып, өзінше әңгімелейді.

“Қызыл табан-ағаш ат” поэмасын Шығыс ертегі әңгімелерінің әсерімен жазылған, өз уақытына сай қазақ поэзиясында туған ғылыми-фантастикалық поэма деуге болады.

“Салиха-Сәмен” поэмасы Ақылбай, Мағауия поэмаларының үлгісінде жазылған лирикалы-романтикалық поэма.

Салиха мен Сәмен де бас бостандығы үшін махаббат жолында құрбан болған жандар. Олар да қатал хандардың қайырымсыз заңының құрбандары.

“Салиха-Сәмен” поэмасының идеялық мазмұны хандық дәуірде адамның жеке басының ерікті болуына ешбір мүмкіндік жоқтығын көрсетеді.

Ханның ақылды, сұлу қызы Салиха, сол ханның қолбасы батырының бірі Сәмен сияқты шын сүйіскен екі жастың махаббаты қайғыға айналады.

“Салиха-Сәмен” лирикалы-романтикалы көркем поэмалардың бірі. Әсет поэзиясының жақсы мұрасы.


Бақылау сұрақтары:

Әсеттің өмірі мен ақындық шығармашылығы.

Әсет толғау-термелерінің, өлеңдерінің әншілік орындаушылықпен, сазгерлікпен тығыз байланыстылығы

Әсет айтыстары.

Ақынның дастандары

Әсет шығармаларының тақырыптық және жанрлық сипаты

Әсет шығармаларының көркемдік құндылығы

“Салиха-Сәмен” - лирикалы-романтикалық көркем поэма

Әсеттің “Қызыл табан-ағаш ат” поэмасының тақырыптық мазмұны

Әсет аудармалары

Әсет - әнші, композиторлығы.
15-лекция. Тақырыбы: Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов(1835-1865). Ғалымның жазушылық-публицистік еңбектері.

Жоспары:

1. Өмірі туралы мәлімет.

2. Шоқанның фольклор, әдебиет тарихы, поэзия жанрлары туралы зерттеу еңбектері.

3. Ғылыми очерктері мен күнделіктері.

4. Шоқанның өз ата-анасына, достарына жазған хаттары.

5. Шоқан туралы орыс ғалымдарының еңбектері.

6. Шоқан мұрасының ұлттық тарихымыздағы маңызы.
Лекция мақсаты: Шоқанның өмірі туралы мәлімет. Шоқанның фольклор, әдебиет тарихы, поэзия жанрлары туралы зерттеу еңбектерін тереңірек қарастыру. Шоқанның қазақ ақындары және қазақ батырларына арналған тарихи еңбектерін жан-жақты зерделеу. Ғалымның ғылыми ізденістерін, Шоқанның өз ата-анасына, достарына жазған хаттарымен таныстыру. Шоқан туралы орыс ғалымдарының еңбектері мен берген бағаларына шолу жасау. Шоқан мұрасының ұлттық тарихымыздағы маңызы жайлы тоқталу.

Лекция мәтіні: Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов - заманының жан-жақты білгір ғалымы, батыл саяхатшысы. Ол - қазақтың тарихын, этнографиясын және әдебиетін тұңғыш зерттеуші. Шоқан қазақ пен қырғыздың әдебиет теориясы мен фольклоры туралы алғаш рет ғылыми пікір айтып, зерттеу еңбектер жазған әдебиетші. Сондықтан Шоқан – қазақтың демократтық сынын бастаушы, кезіндегі ілгерішіл дәстүр мен әдебиеттану ғылымын негіздеуші, публицист жазушы. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетін орыс жұртшылығына алғаш танытушы.

1. Шоқан 1835 жылы қазіргі Құсмұрын бекінісінде туған. Шоқанның жастық шағы – атамекені Сырымбеттің сұлу табиғатының қойнауында, биік қарағайлы, қалың қайыңды, көгі мен көлі мол жерде өткен. Бұл жердің табиғат байлығы, сұлу суреті Шоқанға ерекше әсерлі болған. Ол бұл жердің табиғатын өскеннен кейін де қызыға әңгіме етіп жүрген.

Шоқанның шыққан ортасы-қазақтың ірі феодалдары, хан-сұлтан тобы. Әкесі – Шыңғыс – Омск әскері училищесін бітірген. Орысша сауатты, офицерлік чині бар (полковник болған) адам.Ал Шыңғыстың әкесі Уәли мен шешесі Айғаным да хандық құрған адамдар. Арғы аталары тарихқа белгілі – Абылай хан.

Шоқан – осындай белді отбасыдан шыққан жас. Бұл оған жасынан оқуға мүмкіндік береді. Шоқан әуелі аулында оқып, ескіше хат таниды. Он жасқа толғанда, әкесі оны Омскідегі кадет корпусына (әскери училищеге ) береді. Кадет корпусына ол орыс тілін білмейтін, ауыл салтындағы бала ретінде келіп түседі де, бір жыл ішінде орыс тілін үйреніп алады. Шоқан талапты, зерек болып өседі. Ол корпус оқушыларының алды болып бірден көзге түседі. Шоқан талабын оқытушылары ерекше ықыласпен ескереді.

Шоқан кадет корпусын өте жақсы үлгеріммен бітіріп шығады. Ең жетік оқушылардың бірі болып бітірген Шоқан туралы Григорий Потанин өзінің естелігінде: ”Шоқанның санасы тез өсіп, өз қатарластарынан өте озық болған еді. Табиғи қабілеті және басқа да ерекшеліктері мол адам болатын”,-дейді.

Шоқанды кадет корпусын бітіріп шығысымен 1853 жылы генерал-губернатор өзіне жәрдемші етіп алады. Генерал-губернатор кеңесінде болу арқылы Шоқан орыстың дворяндық ортасын, офицерлері мен чиновниктерін көп көріп, олардың мақсаты мен істеп отырған істерін байқайды.

Шоқан ендігі жерде кейбір қоғамдық істерге тікелей араласа бастайды. Өз ойын білдіріп, ел мақсатын көздейді. Ресей болашағын жақсылық жағынан танытуды арман етеді. Осындай игі мақсаттармен Шоқан қазақ қоғамын билеу ісіне байланысты өкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жаңа ереже жасау істеріне араласады.Орта Азияны, Қырғыз өлкесін зерттеу жұмысымен әуестеніп,1856 жылғы экспедицияға қатысады. Кейін Шоқан Құлжаға, сосын Қашқарияға сапар шегеді. Осылайша Шоқан 1856 жылдан бастап, ұлы саяхат сапарына шығады. 1858 жылы саяхат сапарын сәтті аяқтап, Құлжа, Қашқар өлкелері туралы ғылымға көп жаңалық қосады. Шоқан Еуропа еліне Қашқарияны тұңғыш танытушы, ашушы болып есептеледі. Саяхатшы ғалым Семенов-Тянь-Шанский Шоқанның қабілетін жоғары бағалап, оның Географилық ғылыми қоғамға мүше болуын жақтайды, Петербургке баруды ұсынып, оқы деп кеңес те береді.



2. 1860 жылы Шоқан Петербургке аттанады. Ондағы әр түрлі идеядағы топты кездестіреді, олармен пікір алысады. Көп ізденген Шоқанның Астанада болуы оған үлкен бір мектеп болды. 1861 жылдары ауруы қайта қозып, еліне оралады. Ауруынан біраз сауыға келе, 1863 жылдары Омскіге келіп, әскери қызметке қайта орналасады. Сібір өлкесіндегі қазақ елі үшін жасалып жатқан сот реформасына өз жобасын ұсынады. 1865 жылы әскери қызмет бабымен Жетісу өлкесінде болады. Верныйға келіп, бұл өлкемен де жете танысады.

1865 жылы Шоқан қайта науқастанып, біржола төсек тартып жатып қалады. Асқынған көкірек ауруы Шоқанды 30 жасында, тым жас кезінде арадан алып кетеді. Оның сүйегі Қапал жақтағы қазіргі Алтын Емел стансасы маңына жерленген. Орыс достары оның басына мәрмәрдан ескерткіш құлпытас қойған. 1959 жылы Шоқан қабірінің үстіне оның жас ұрпағы сәулетті мүсін-ескерткіш орнатты.

Шоқанның саяси көзқарасы айқын, ол - дүниені материалистерше түсінген ағартушы-демократ. Оның негізгі мақсаты-өз елін Еуропаның озық мәдениетіне жетелеу және сол арқылы халық санасын ояту, өзінің туған елін мәдениетті елдер қатарына қосу.

Шоқан көзқарасының қалыптасуына петрашевшілдер көбірек әсер етті. Олардың ішінде Шоқан С.Ф.Дуровпен жақын дос болды. Ол арқылы Шоқан ішкі Россияда болып жатқан саяси қозғалыстармен танысты.



3. Шоқанның көпке мәлім еңбектері ішінде мәдениетімізге тікелей қатысы бар ең көлемділері мыналар: “Абылай”, “Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары”, “Елдегі мұсылманшылдық туралы”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Қазақтың ертедегі қару-жарақтары”, “Жоңғария очерктері”, “Қазақ шежірелері”, “Жәмиғ-ат-тауарихтан ”, “Алты шахардың хал-жайы”, “Сібір тарихынан хаттар”, “Көкетай ханның өлімі”, “Сібірге қарайтын қазақтардың сот құрылысын өзгерту туралы”, “Құлжа күнделіктері” және басқалар. Ал, әдебиет саласындағы зерттеулері, сан-салалы еңбектері-баға жетпес мол қазына.

Шоқанның шығармаларын зерттеу мәселесіне келсек, оның мақалалары мен хаттарының жинағы 1949 жылы екі тілде басылып шықты. 1858 жылы Шоқанның бір томдық таңдамалы шығармалар жинағы Ә.Марғұланның басшылығымен жарық көрді. 1978 жылы Шоқанның шығармалар жинағы үлкен бес кітап болып шықты. Шоқанның біраз еңбектері әдеби зерттеу саласына арналған. Оның ішінде: “Қырғыз-қайсақтардың үлкен ордасына қарасты елдердің аңыз-әңгімелері”, “Бұқардың Абылайды жоқтауы” және “Қазақ халық поэзиясының түрі туралы” еңбектері - поэзиямыздың теориясы туралы тұңғыш зерттеулер.

Шоқан өз еңбектерінің өзегі етіп, қазақты, оның әдебиеті мен мәдениетін орыс пен Еуропа жұртшылығына таныстыруды мақсат тұтқан. Ол, ең алдымен, қазақ халқының ақындық қабілетін жоғары бағалайды.

Шоқанның әдеби зерттеу еңбектерін 3 топқа бөлуге болады:

Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері, ақындар, олардың шығармалары туралы мәлімет;

Қырғыз бен қазақ халықтарының ауыз әдебиеті туралы зерттеулер;

Қазақ пен қырғыз поэзиясының түрлері туралы теориялық зерттеулер.

Шоқан – қазақтың тұңғыш ағартушысы, елін ілгерішіл мәдениетке үндеген адал ниетті азамат. Оның еңбектері ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған зор үлес деп танылады.

Қазақ ауыз әдебиетінің жіктері мен түрлерін, оның құрылыстарын, шешендік сөздерін, айтушылары мен сақтаушыларын Шоқан біраз қарастырған. Қазақтың кейбір ақындары: Сыпара, Асан, Бұқар, шал, Жанақ, Түбек, Шөже, Орынбай ақындар туралы пікірлер айтқан. Шоқанның бұл пікірлері әдебиет тарихы үшін өте маңызды.

Шоқанның әдебиет зерттеу еңбектері өзінің осындай ғылымдық жоғары маңызымен және бұқарашылдығымен құнды.Ол әдебиеттің қоғамдық мәнін, халықтық қасиетін, реалистік сипаттарын қастерлеуді талап етті. Оның ғылыми еңбектері әдебиет мәселесін кең қамтыды. „Ұлы жүз қазақтарының ескңі сөздері, ертегісі”, „Ыстықкөл саяхатының күнделік дәптері.”, „Қытай мемлекетінің батыс өлкесі және Құлжа қаласы”, „Құлжа күнделіктері”, „Қырғыз халқы туралы жырлар”, тағы басқа мақала, очерк хаттары әдебиетке байланысы мол шығармалар. Шоқанның бұл шығармалары оның талантты әдебиетші-зерттеуші ғалым екенін толық танытады.

Аталған еңбектерінде Шоқан өзінің талапты публицият жазушы екенін де көрсете алды. Өмірден көргендері мен түйгендерін Шоқан өзіне тән шебер тілмен бейнелей суреттейді. оНың очерктері мен күнделіктері жай ғылыми еңбек болып қана қоймай, көркем шығарма- көркем публицистика дәрежесіне көтеріледі. Өзінің бейнелі де шешен сөздерінің арқасында Шоқан еңбектері әңгіме, повестер сияқты оқушысын өзіне бірден тартып, баурап алады. Шоқанның еңбектерінде табиғат суреті, адам портреті мен олардың характері, үй-жай сипаттары көркем баяндалып, оқушысын үлкен полотноға салынған суреттер галереясына ертіп әкелгендей әсер қалдырады. Мысалы, 1858 жылы Құлжаға қарай аттаныс сапарын баяндай келіп, жазушы Алтынемел маңын, Алтау аңғарып, бұл жерлердің сұлу табиғатын сүйсіне суреттейді.

Шоқан жүрген жерінің табиғатын жалаң баяндап қоймайды. Ол сол өлкені мекендейтін халықтың жайын түгел қамтиды. Жергілікті халыққа тән іс-әрекет, мінез-құлық, әдеп, кәсіп, елдегі дау-шар, үстем тап езгісі-барлығы баяндалған. Бұл рчерктерден біз керуеншілерге келіп, базарлық дәметкен қарапайым қазақтар сұлтандардың бейнесін де көз алдымызға елестетеміз.



4. „... Біз сұлтанның мінезінің оғаштығына таң қалдық” – деп жазады Шоқан. – Ол шатырға семіз қаздай байпаңдап басып кірді. Сөйтті де төрге шығып отыра қап, мелшиіп қатты да қалды, жұрттың бәрін көзімен жедел шолып өтті де, тақпақтап: „Жалайырда қой көп, Жанғазыда ой көп ”,- деді. Соны айтты да, тағы да мүлгіп, мелшиді де қалды. Осындай қызық суреттер қырғыздар тұрмысын көрсетуде де жиі ұшырайды.

Қырғыздардың ас беруі, қонақ күту салты, ондағы көптеген жабайылық көріністер жай баяндалмай, әсерлі тілмен шебер бейнеленеді.

Шоқанның күнделіктері де өзінің көркемділігімен құнды. Оның күнделіктерін көркем шығарма деуге әбден болады. Шоқанның „Құлжа күнделіктері”- осындай көркемдігімен ерекше шығарма. Оның қай бетін ашсаңыз да , көркем сурет өзіңізді бірден баурап алады. Осыдан болса керек, Шоқан туралы келелі пікір айтып, маңызды зерттеулер жазған ғалым Ә.Марғұлан Шоқанды прозашы жазушы деп таниды.Шоқан Құлжадағы базаршылар көрінісі, әрбір ұлт өкілінің киімдері, сырт келбеті, істері, сөздері түгел бейнелі сөзбен баяндайды.

Құлжа табиғатының көрінісі, Құлжаға дейінгі жолда кездескен асулар мен таулы жолдар, тасты шатқалдар, өткелсіз өзендер, құнарлы көк алқап пен жыртқыш аң, улы жәндіктер жайлаған құлазыған қу дала Шоқан еңбектерінде барынша шынайы суреттеледі.

Шоқан-публицист жазушы. Оның мақалалары мен хаттары- қазақ әдебиеті туралы алғаш пікір көтерген маңызды еңбек. Шоқан- қазақтан шыққан, европалық тәлім алған жан-жақты ғалым, мәдениетті қоғам қайраткері, батыл саясатшы. Шоқанның досы Потанин өзінің естеліктерінде: „Оның өз бетінмен оқыған кітаптарының көптігіне, білімінің молдығына қайран қалушы едік. Мінезі де жарқын, көңілді, жүрген жері думан-күлкі болушы еді”,- дейді.

Екінші бір досы- атақты орыс жазушысы Достоевский Шоқанға жазған бір хатында: „ Қазақта шын мағынасында европалық білім алған бірінші адам екеніңіз есіңізде болсын? Оның үстіне, тағдыр Сізді жүрегі, ақылы бар тамаша адам қылып жаратты”, - деп , оның бойындағы өзгеше күші мен талантын жоғары бағалап, елі алдындағы азаматтық борышын ескеріп отырған. Осы сияқты Семенов-Тяншанский мен Н. Веселовскиййлер де оған жоғары баға берген. оРыс дрстары Шоқанды аспан әлемінде жарқ етіп ағып өткен құйрықты жұлдызға теңеген.



5. Шоқанның Европаға ерте тараған еңбектері Жоңғария туралы жазғандары болатын. Ғалымның „Жоңғария очерктері” мен „Алты шаhардың жай-жапсары” деген еңбектері 1861 жылы, өзінің тірі кезінде, орыстың императорлық география қоғамы жазбаларының үш кітабында басылған.

Шоқанның еңбегі ағылшын, неміс, француз тілдеріне де аударылды. 1865 жылы Лондон баспасы оның Жоңғария туралы жазғагдарын ағылшын тілінде жариялады. Орыстың алдыңғы қатарлы баспасөзі Шоқан туралы ең жанашыр пікірлер айтып отырады. „Современник” журналы Шоқан туралы өз пікірін 1864 жылы-ақ жариялаған.

„... Шоқан Уәлихановтай ерекше қабілетті адам бұратана деп аталатын басқа халықтардың ешқайсысынан бұрын-соңды шыққан емес”, - деп жазған.

Шоқан- жан-жақты ғалым. Ол- этнограф, географ, экономист. Сондықтан бұл саладағы ғалымдар да Шоқан туралы бағалы еңбектер жазып жүр. Бұл зерттеулердің бәрі Шоқан қалдырған мұралардың маңызды орасан зор екенін дәлелдейді. Әсіресе, ол- әдебиет ғылымы мен публицистиканың дамуы үшін ерекше еңбек еткен адам.


Бақылау сұрақтары:

Шоқанның өмірі туралы мәлімет.

Шоқанның фольклор, әдебиет тарихы, поэзия жанрлары туралы зерттеу еңбектері

Шоқанның қазақ ақындары және қазақ батырларына арналған тарихи еңбектері

Ғалымның ғылыми ізденістері

Шоқанның өз ата-анасына, достарына жазған хаттары

Шоқан туралы орыс ғалымдарының еңбектері

Шоқан мұрасының ұлттық тарихымыздағы маңызы

“Бұқардың Абылайды жоқтауы” және “Қазақ халық поэзиясының түрі туралы” еңбектерінің маңызы

Шоқан-публицист жазушы

Шоқан туралы жазылған көркем шығармалар

16- лекция. Тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин(1841-1889), оның өлеңдері мен әңгімелері және аудармалары.

Жоспары:

1. Өмірінен мәлімет.

2. Ыбырай шығармаларының жариялануы, зерттелуі.

3. Ыбырай-ұлы ағартушы, ұстаз-жазушы, ақын, этнограф, аудармашы.

4. Ыбырай-қазақтың ұлттық даму тарихының ұлы тұлғасы.

5. Өлеңдерінің тақырыптық мазмұны.

6. Әңгімелері- ұстаздық тәлім-тәрбие құралы, қазақ жазба прозасы қалыптасуының бастау негізі.

7. Аудармаларында қазақ халқының ұғымына сай еркін аудармалық үлгіні қолдануы.
Лекция мақсаты: Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығынан мәлімет беру. Ыбырай шығармаларының жариялануы, зерттелуін қарастыру. Ыбырайдың ұлы ағартушы, ұстаз-жазушы, ақын, этнограф, аудармашы екекндігіне тоқталу. Ыбырайды қазақтың ұлттық даму тарихының ұлы тұлғасы ретінде таныту. Ақын өлеңдерінің тақырыптық мазмұнын ашу. Ыбырай әңгімелері- ұстаздық тәлім-тәрбие құралы және қазақ жазба прозасы қалыптасуының бастау негізі екендігіне көз жеткізу. Ыбырайдың аудармашылық қыры туралы, оның қазақ халқының ұғымына сай еркін аудармалық үлгіні қолдануы.

Лекция мәтіні: Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар жазушының бірі-Ыбырай Алтынсарин. Ол – заманының ірі қоғам қайраткері, тұңғыш педагог жазушы, қазақ балалары үшін дүниелік ғылымдар негізін оқытатын тұңғыш қазақ мектебін ашушы. Қазақ елін қараңғылық бұғауынан алып шығып, көзін ашып, көкірегін оятуды көздеген халық қамқоршысы.

Н.Ильминский-Ыбырай туралы тұңғыш естелік еңбек жазып қалдырған адам. Оның “Ы.Алтынсаринді еске алу” деген көлемді кітабы бар. Бұл кітап-Ыбырай творчествосын тануда маңызы зор, алғашқы биографиялық естелік, әрі қазақ жазушысы туралы тұңғыш жарияланған еңбектердің бірі.

Ыбырай шығармаларын талдау орта мектеп оқулықтарынан бастау алады. Оның педагогтік қызметі мен ағартушылық идеялары туралы Ә.Садықов, Т.Тәжібаевтың кітаптары бар. Қоғамдық әлеуметтік көзқарасы туралы Қ.Бисембиев пен Б. Сүлейменов, М. Ақынжанов зерттеулер жүргізді. Ал шығармалары туралы М.Әуезов, С. Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Ә. Дербісалиндер еңбектер жазды. Бұларға қоса, орта мектепке арнап оқулық жазған авторлардың бәрі де Ыбырай творчествосына талдау жасап, оның еңбектеріне тиісті бағаларын беріп келеді.

1. Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Қостанай облысы, Затобол ауданында (бұрынғы Арақарағай болысы ) туып өсті. Болашақ ақынның балалық шағы ру басы, ірі феодал Балқожа бидің отбасында өтті. Балқожа-қазақтың белді биінің бірі. Ол өз кезіндегі билерге тән шешендік өнерді меңгерген сөзге орамды, тілге ұста адам ретінде айналасындағыларға әмірін жүргізіп отырған-ды.

Ыбырай, ең алдымен, мұсылманша оқып сауатын ашады. 1850 жылы 9 жастағы Ыбырайды Орынборда қазақ балаларына арналып ашылып жатқан жеті жылдық мектепке апарып берген.

Мектеп сабағы орыс, татар тілдерінде жүрсе де Ыбырай оқуда аса ыждағаттылық көрсетеді.Өзі қатарлас отыз баланың алды болып көзге түседі. Мектеп оқуындағы діншілдік пен патшашылдық тәрбиенің басымдылығына қарамастан Ыбырай ғылымға құштар жас болып шығады.Мектеп жылдарында Ыбырайдың орыс халқы мен Батыс, Орта Азия мен Шығыстың аты шулы ақын-жазушыларының шығармаларын оқуға қолы жетеді.

Ыбырайдың Орынбор сияқты қалада оқуы, өз бетімен ізденуі, орыс интеллегенциясымен араласуы оның ой-өрісінің өсуіне, өмірге көзқарасының қалыптасуына көп жағдай жасайды. Осындай ұзақ та, тұрақты ізденіп оқу арқылы ол өз мақсатын айқындай алады. Тілмаш болып кеңсе қызметінде қалып қоймай, халқына қызмет етуді арман етті. Сол арманының алғашқы қадамы 1861 жылы Торғайдан мектеп ашуға рұқсат алып аттанған сапарынан басталады. Ыбырай бұл мектепті тек 1864 жылы ғана аша алды.Оған дейін өз үйінде 4-5 баланы жинап оқытып, болашақ мектеп оқуының негізін сала берді. Өзінің тәжірибесін арттырды. Осылайша 1864 жылы салынып біткен тұңғыш мектепке үлкен даярлықпен жеткен Ыбырай оқыту жұмысына құлшына кірісті.



2. Ыбырайдың педагогтік жұмысының ілгері басып, қыза түскен кезі оның Торғай облыстық мектептерінің инспекторы болып тағайындалған (1879) жылдардан басталады. Әрбір уездік қалалардан орыс-қазақ балалары бірге оқитын училищелер ашуды да қолға алады. Ол үшін елден қаражат жиып, ақыры бірнеше алты жылдық уездік училищелерді ашады.

Ыбырай мектеп тәрбиесін жоғары бағалап, оның оқытушыларының сапасына да ерекше көңіл аударды. Жақсы мұғалімді дүниедегі ең қымбат көретін адамы санайды.

Балаларды тәрбиелеуде тағы бір қажет нәрсе – оқу құралы. Ол балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету жолында да біраз еңбек етеді. Мектеп кітапханасын ұйымдастырып, оқулықтар алдырып, орыс тіліндегі құралдарды аударып, қазақ тілінде оқулық жазып, бұл салада да тынымсыз іс қылады.

Балаларды оқыту әдістері жағынан Ыбырай – белгілі өзіндік жүйе-әдісі бар педагог. Ол қазақтың тұңыш бұқарашыл педагогикасын, халықтық мектептерін негіздеуші. Өзінің дидактикалық көққарасынан ол - ұлы ағартушылардың озық идеяларына сүйенген, бұқарашыл педагогикасын жаңа жағдайда іске асырған ізгі ниетті адам. Белинский, Добролюбов, Чернышевскийлердің озық идеялары, ағартушылық, педагогтік оқулары Ыбырай жүрегінен нық орын тепті. Ушинский, Толстой, Паульсон сияқты даңқты педагогтерді ұстаз тұтты. Ыбырай осындай ұлы адамдардан тәлім алып өсті.Ыбырайдың педагогтік қызметі осы айтылғандармен ғана шектелмейді. Ол қазақ мектебін керекті құралдармен жабдықтай білді.

Ыбырай – көрнекті ақын, талантты жазушы. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқандай маңызы зор көркем шығармалар туды. Ол өзінің бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тәрбиелеу қызметіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы да сол оқу-өнер, білім мәселесімен сабақтас. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасы-қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердің қатарына қосу.

Ұлы педагог-ақын өзінің өлеңдері арқылы оқудың, өнер-білімнің маңызын түсіндіріп, надандыққа қарсы шықты. Ол қазақ балаларын білімге баулып, олардан болашақтың иелерін даярлауды бірінші мақсатым деп санады.

Өнер-білім – бәрі де

Оқуменен табылған...

Кел, балалар, оқылық!-

деп жар салды.

Ыбырай өлеңдері тек оқу, өнер, білім тақырыбы шеңберінде қалып қоймайды. Оның көп өлеңдері әлеуметтік, гуманистік идеяны нақтылы мәселелер төңірегінде көтеріп, өз кезінің шындығын аша түседі.

3. Ақынның “Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен” деген өлеңінің мәні де терең. “Әй, достарым!” деген өлеңінде “Қолыңнан келсе қыл қайыр!” деп, қайырымды , кең пейіл, адал азамат болуға шақырады.

Ыбырай – жаңашыл жазушы. Ол - ең алдымен қазақ әдебиетіне жаңа идея мен тың тақырыптар әкелуімен жаңашыл. Қазақ ақындарынан оқу, тәлім-тәрбие, мәдениет мәселелерін Ыбырайдай арнайы жыр еткен ешкім болған жоқ-ты. Өнер, еңбек, кәсіп, адалдық, адамгершілік идея, отырықшылыққа байланысты тұрмыс жаңалықтары кең көтеріліп, европалық мәдениет үлгісі уағыздалды.

Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері осындай, бастан-аяқ адам тіршілігіне байланысты. Ақынның бұл өлеңдері реалистік суреттерімен ерекшеленетін, әдебиетімізге қосылған зор үлес.

Ақынның өлеңдерінің көпшілігі – тәлім–тәрбие мақсатын көздеген, дидактика сарыны басым шығармалар. Сондықтан олардың көпшілігіне публицистика стилі тән деуге болады.

Ыбырай өлеңдерінің тілі қарапайым, жатық та тартымды, мақал-мәтелдерге де толы. Ақын айтайын деген ойын оқушысының көңіліне құйып, қолыңа нық ұстатқандай әсер қалдырады.

Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиеті тарихынан мәдениетті прозашы ретінде де елеулі орын алады. Ыбырайға дейін шын мәніндегі көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптасқан жоқ-ты. Ыбырай қазақ прозасының европалық шағын түрін қалыптастырды. Бұл жанрдың сырын ашты. Көркем әңгіме, новелла жазудың жақсы үлгісін көрсетті. Сондықтан қазақтың жаңа үлгідегі көркем прозасы Ыбырай әңгімелерінен басталады деу орынды.



4. Ыбырай әңгімелерін үш топқа бөлуге болады: оның бірі-новелла, екінші тобы-ауыз әдебиетінде қалыптасқан ертегі-аңыз үлгісіндегі әңгіме, үшінші тобы-шағын көлемді мысал үлгісіндегі өнеге сөздер.

Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз кезінің келелі мәселелерін қамтиды, әділдікке, ізгілікке, адамгершілікке, талаптылыққа, өнерпаздыққа, тапқырлыққа, еңбекке, тазалыққа, ақылды іске, білімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа, зеректікке, отырықшылыққа, кәсіпқорлыққа, шынайы достыққа шақырады. Тәкаппар, еріншек, ұқыпсыз болмауға, жақсылыққа әуестеніп, жамандықтан аулақ болуға баулиды.

Балаларға ақыл айтып, ой салмайтың оның бірде-бір әңгімесі жоқ. Жалпы алғанда оның әңгімелері – негізінен, дидактикалық прозаның жақсы үлгілері.

4. Еңбек тақырыбындағы “Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш”, “Бай мен жарлы баласы”, “Дүние қалай етсең табылады”, “Байлық”, “Әке мен бала”, “Асыл шөп”, “Қыпшақ Сейітқұл”, “Киіз үй мен ағаш үй”, т.б. әңгімелері - өзінің өнегелілігімен, образдылдығымен ерекше мәнді тәлім берер күші мол көркем шығармалар.

Ыбырай творчествосында еңбекке тәрбиелейтін әңгімелерінің ішіндегі ең биік шыңы - “Бай мен жарлы баласы”.

Асан – бай баласы. Ол өмірдің қиыншылығын көрмеген. Екі қолын жылы суға малып, алдындағы асын алып ішуге ерінетін ерке.

Ал Үсен - кедей баласы. Ол өмір мектебінен өткен. Басына түскен қиыншылықтан құтылудың жолын да ойластыра біледі.



5. Ы.Алтынсарин әңгімелерінің көтеретін тағы бір өзекті мәселесі-адамгершілік. Ол әр кезде адам сабырлы, мейірімді, қайырымды, әдепті, ұқыпты болса, деген ізгі ниет білдіреді. “Шеше мен бала”, “Бір уыс мақта”, “Мейірімді бала”, “Аурудан аяған күштірек”, “Әдеп”, “Әділдік”, “Петр патшаның тергелгені”, “Тәкаппарлық”, “Таза бұлақ” әңгімелері мен аудармалары жазушының осы ниетінің жемісі еді.

Ыбырай шығармаларының ішіндегі ертегі-аңыз ретінде келетін “Қара қылыш”, “Тазша бала”, “Қара батыр”, “Алтын айдар”, “Жиренше шешен” сиқты халықтың аңыз-ертегі сюжетіне құрылған әңгімелері де бар.

Ыбырай Алтынсарин - нағыз халықшыл жазушы, ағартушы, ақын, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
Бақылау сұрақтары:

1.Ыбырайдың өмірі мен шығармашылық жолы

2.Ыбырай шығармаларының жариялануы, зерттелуі

3.Ыбырай-ұлы ағартушы, ұстаз-жазушы, ақын, этнограф, аудармашы

4.Ыбырай-қазақтың ұлттық даму тарихының ұлы тұлғасы

5.Ақын өлеңдерінің тақырыптық мазмұны

6.Ыбырай әңгімелері - ұстаздық тәлім-тәрбие құралы

7. Ыбырай әңгімелері - қазақ жазба прозасы қалыптасуының бастау негізі

7.Ыбырайдың аудармашылық қыры

8. Аудармашының қазақ халқының ұғымына сай еркін аудармалық үлгіні қолдануы.

9. «Қазақ хрестоматиясы» кітабының тарихи мәні

10. Ыбырай - тұңғыш педагог


17-лекция. Тақырыбы: Абай Құнанбайұлы (1845-1904). Ақынның шығармашылық мұрасы.

Жоспары:

  1. Ақынның шығармашылық өмірбаяны.

  2. Абай мұрасының жиналуы, жариялануы, зерттелуі.

  3. Ақын ретінде қалыптасуына ықпал еткен үш арна.

  4. Абай өлеңдерінің идеялық-тақырыптық мазмұны.

  5. Абай қара сөздерінің жанрлық түрлері, тілі, стилі.

  6. Ақынның поэмалары мен аудармалары


Лекция мақсаты: Абайдың шығармашылық өмірбаяны. Абай мұрасының жиналуы, жариялануы, зерттелуі. Абайдың ақын ретінде қалыптасуына ықпал еткен үш арнаның тарихи мәні. Абай өлеңдерінің идеялық-тақырыптық мазмұны, қара сөздерінің жанрлық түрлері, тақырыптық- мазмұндық сипаты. Абай қара сөздерінің тілі мен стилі. Ақынның поэмалары мен аудармалары.

Лекция мәтіні: Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев - өз ұлтының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің шындығын дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін зор мақсатқа меңзеді.

1. Дана ақын 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған.

Абайдың әкесі – Құнанбай - өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі, зерек ел ағасы, ірі тұлға.

Абайдың жас кезіндегі көңіл сергітіп, жүрегін жібіткен жылы құшақ кіші пейіл анасы – Ұлжанның мейірімді көңілі, көпті көрген әжесі Зеренің қойыны. Оқу жасына жеткеннен бастап, Абай ауыл молдасында, үйде оқыды. Сегіз жасар Абай өзінің зеректік қабілетімен әке көзіне ілігіп, үміт күтер, ата жолын ақтар бала болар ма деген ой салады. Міне, осы себептен әкесі Құнанбай Абайды Семей қаласына апарып, әуелі Ғабдулжаппар молдаға оқуға береді. Бұл молданың қарамағында екі жылдай оқып, мұсылманша бастауыш білім алады. Бұдан кейін, он жасар Абай, бір басқыш ілгері дәрежедегі, жабық оқу орны, мешіт жанындағы діни медресеге оқуға түседі. Осы медресе имамы Ахметризаның қарауында оқиды. Абай бұл медресе оқуын да меңгеріп, үздік көзге түседі. Абай молдадан оқып жүріп, өз бетімен көп ізденеді. Сол кезде көп тарап жүрген Орта Азия және тәжік, парсы халықтарының ұлы ақындары-Науаи, Низами, Фердаусилер шығармаларымен танысады.

Семейде болған аз жыл ішінде Абай тек медресе маңын, діни қауымды танып қойған жоқ. Абайдың сезімтал, жас, ынталы жүрегі оған қаланы тегіс танытты. Ол қала халықтарын, оның мәдениеті, тұрмыстарын күнкөріс тіршіліктерін, даладан өзгешеліктерін, тағы басқа жақтарын түгел танып, зердесін өсіреді. Қала халқының бойындағы игі қасиеттерді Абай сол оқушы кезінің өзінде-ақ таниды. Аздаған уақыт орыс мектебіне қатысып, сабақ алады. Мұғалім жалдап, үйден де оқиды. Сөйтіп, орысша оқуға жан сала кірісіп, сол тілдің қиындылығына қарамастан, еңбектене жүріп, біраз хабар алады. Орыстың тілін, жазуын меңгеру арқылы Абай өзіне кең дүниенің есгін ашып, мол қазынаға қолын жеткізгендей болады. Енді, ол қалалық кітапханадан шықпай оқып, білімге бой ұрады.

Осылайша, қала өмірін танып, жаңа дүниенің есігін тауып, ішіндегі нәрді тата бастаған оқушы Абайды әкесі Құнанбай оқудан айырып, елге алып келеді. Енді ол Абайға өз “өнерін” үйренуді ұсынады. Ел билеу ісіне баулу мақсатымен оны ру арасы, ел іші дау-жанжал, айтыс-тартысына қосады.

Абай осы қалыппен қыр қазағы, әке көмекшісі болып қала берген жоқ. Ер жете келе, өз бетімен қалаға қайтып оралып, жиі келіп жүрді. Абай классикалық әдебиеттерді оқыған сайын көзі ашылып, өмірдің, қоғамның сырларына түсіне бастайды. Абайдың медреседен кейінгі оқу жолы осындай өз бетімен іздену, үйрену дәрежесінде болды. Алыстан араласқан Абай өзіне жаңа орта-тың жол тапты. 17-18 жастан 28-29 жасқа дейінгі Абайдың өмірі осындай өз бетімен іздену, ал ел өмірін зерттеу, халық даналығы мен батыс әдебиетін меңгеру жолында өтті. Көбіне үйде отырып, кітап оқып, өз ойларын жазып, оқығандарынан халық арасында әңгімелер айтып, өз қалауымен жүріп, іздене түседі. Осылайша, Абай тек отыз жастан асқан соң ғана өз көңіл қалауымен қызмет етеді. Абай осы кездерден кейін творчестволық қызметпен де айналыса түседі.

Ал, ер жетіп, ақыл тоқтатқан кезден бастап Абай жат тіл қолданып, жеңіл сөз айтудан аулақтай береді. Ол саралап сөз жиып, салмақпен тіл қатып, байсалды ой мен терең пікірлер қозғап отырады. Өз халқының тіл байлығын сарқа пайдалану мақсатын көздейді.

Кемеңгер ақынның ұлы мақсат-мүдделері бізге тамаша әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ қоғамының шын сырын ашты. Абайдың шығармалары - өз дәуірінің келелі мәселелерін реалистікпен суреттейтін, мазмұнға бай, ізгі ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.



2. Абай шығармалары қолдан көшіріліп, қолжазба күйінде не жатқа айтылу арқылы ғана таралды. Ақын өлеңдерін шағын жинақ ретінде 1909 жылы Кәкітай Ысқақов бастырған еді. Ал одан кейін 1917 жылы Құрманов дегеннің редакциясы бойынша Абайдың таңдамалы өлеңдерінің шағын жинағы Орынборда басылып шыққан-ды.

Абай 35-40 жастар шамасында өзінің ақындық талантын таныта бастайды.

Абай қалада айлап жатып, еліне арбалап кітап алып қайтады. Семейге айдалып келген, патша өкіметіне қауіпті деген адамдармен де кездесіп, олармен ұзақ кеңесіп, ішкі қоғам өмірінен алатын орнын дұрыс түсінді. Ол өлеңге жеңіл-желпі қарап, байларды мақтап, тілін безеп, мал үшін сатылып, өнердің қадірін кетіріп жүрген ақынсымақтарды қатты сынға алды.

Абай ақынды өмір оқытушысы, үгітші, үлгі берер азамат жыршысы болуы керек деп білді. Өзі “көкірегі сезімді, тілі орамды” жастарға үлгі болды, оларға ақыл айтып, өлең жазудың тамаша шебер үлгілерін көрсетіп берді.

Абай шебер өлеңді, тәтті әнді мәдениеті жоғары, білімді ақын ғана бере алатынын ескертіп, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол-ақынның білімсіз бейшарасы” деп көрсетті.

Ақындық өнердің мақсатын, мәнін осылай терең түсінген Абай, өз кезіндегі әдебиетке батыл сын айтты.

Абай кезіндегі ел билеушілерге қарсы шығып, патшаның болыстық, билік тәртібін сынға алады. Олардың қылмыстарын бетіне басып, ел мұңын, халық тілегін білдіреді. Реңі кеткен қазақ елінің бейнесін айқын көрсете келіп, ол:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!...

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың,-


дейді.

Абай өзінің осы сияқты өлеңдерінде (“Болыс болдым, мінекей”, “Мәз болады болысың”, “Бойы бұлғаң”, “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”, т.б) өткір, сыншы-сатирик ақын есебінде бой көрсетті.

Абай қазақ жеріндегі теңсіздікті, тағы басқа қайшылықтарды түсіне білді. Оны өзінің бойындағы ақындық шабыттың бар күшімен жырлады. Бай мен кедейдің арасындағы тұрмыс қайшылығын, дәулет теңсіздігін көрді. Өзінің “Күз”, “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра бейнелеп, кедейлердің аянышты халін айқын суреттеді.

3. Абай өлеңдеріндегі негізгі, елеулі әлеуметтік мәселелердің бірі-қазақ әйелдерінің жайы, қазақ жастарының махаббат, еркіндік мәселесі.

Махаббат, әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келеді. Абай бұл мәселелерді көтеруде де өзінің жаңашыл, бұқарашыл ақын екенін көрсетті. Ол қазақ қыздарының теңсіздікте езіліп, сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді. Өзі бұған наразылық білдіріп, аянышты сезімге толы өлеңдерін шығарды.

Абай творчествосынан ерекше орын алатын ендігі бір үлкен тақырып - оның ағартушылық идеясы. Абай - өнер-білім, тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл аударған, ұлы ағартушы ақын.

4. Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. “Желсіз түнде жарық ай”, “Қыс”, “Жаз”, т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ аулының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді.

Абайдың табиғат лирикаларының ішіндегі ең таңдаулыларының бірі - “Желсіз түнде жарық ай”.

Желсіз түнде жарық ай, Ауылдың жаны терең сай,

Сәулесі суда дірілдеп. Тасыған өзен күрілдеп,-


деп басталатын өлеңі табиғаттың түнгі көрінісін, махаббаты жарасқан екі жастың тулаған жүректері мен жылы құшағын ұштастыра бейнелейді.

Абай лирикалары - алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзік. Ақын лирикасы - нәзік сезімді толғауымен ғана емес, сонымен бірге, өзінің әлеуметтік рухымен де, терең ойлылығымен де , асқан суреттілігімен де жаңа мәнді реалистік шығармалар.

Абай А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовтың реалистік әдістерін жете меңгерген еді. Абай - М.Лермонтов сияқты өзі өмір сүрген қоғам озбырлығына батыл қарсы шыққан кекті ақын. Абайдың көптеген тамаша шығармалары М.Лермонтов творчествосындағы азаматтық әуенмен үндес. Мұндай шығармалардың қатарына оның: “Жүрегім нені сезесің”, “Менсінбеуші ем наданды”, “Сегіз аяқ”, “Не іздейсің көңілім, не іздейсің?”, “Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын”, “Жүрегім менің қырық жамау” т.б. өлеңдері жатады. Абай аудармасы арқылы Лермонтовтың “Тұтқындағы батыр”, “Ой”, “Альбомға”, “Қанжар”, “Дұға”, “Теректің сыйы”, “Шайтан”, “Асау той, тентек жиын, опыр-топыр”, “Вадим”, “Бородино” және басқа өлеңдері қазақ арасында тұңғыш тарады.

Абай - терең ойдың ақыны. Ол әрбір шығармасын жүрек тебіренте тереңнен толғайды.Кемеңгер ақын өлеңдерін сыдыртып оқып шығып, толық түсінік алдым деу қиын. Әрбір өлең жолдарының өзіне үңіле, ойлана оқу ғана дегенге жеткізеді. Оқыған сайын бұрын оқыған Абай сөздерінің жаңа сырын ашып отырасың.

Шынын айтсақ, Абай- қазақ поэзиясында нағыз реалистік образ, шебер сурет, жаңа көрініс жасаған білімді, мәдениетті жазушылардың тұңғышы.

Абай суреттеген әзірейілдей қыс, жадыраған жаз бейнелері, күн-күйеу мен жер-қалыңдық, қалғыған тау, дел-сал дала, сыбдырлаған жапырақ, күлімдеген аспан, ойланған жер, ақ қардың үстінде түлкі алып жатқан бүркіт, т.б. нағыз реалистік әдебиетке тән шын өнерлік қасиет. Бұл тұстағы озық шығармалары оны сыншыл реализм өкілдері тобына қосты.

Абай өлеңдері – мазмұны мен түрі біріне-бірі сай , ең асыл сөзді поэзия . Ақын поэзиясы мазмұны жағынан қандай салмақты болса, түр жағынан да сондай көрікті. Абай өлеңінде артық сөз, орынсыз пікір кездеспейді. Бәрі де белгілі өлшемге сай, терең ойға құрылып, етек жеңі жинақы келеді.

Абай өлең теориясына қатысты бірнеше шығарма жазып, поэзияның мазмұны мен түріне ерекше көңіл бөлген. Өлеңнің көркемдік түрі мен мазмұнының бірдей тартымды шығуында екенін тереңінен ұғынды.

Буын саны жағынан да Абай бұрынғы формаларды өңдеп, жетілдіре түсті. “Сегіз аяқ”, “Сен мені не етесің”, “Бай сейілді”, “Ақылбайға”, “Көзімнің қарасы”, “Бойы бұлғаң”, “Оспанға”, “Антпенен тарқайды”, “Ыстықтан, суықтан”, “Я, құдай, бере көр”, “Қатыны мен Масақбай”, “Мен сәулем жазамын”, “Болды да партия”, “Жалын мен оттан жаралып”, “Тайға міндік” және басқа өлеңдері шумағынан жағынан да, буын саны, бунақтары мен ырғақтары жағынан да мүлде жаңа түр, соны құбылыс.

Тайға міндік, Үкі тақтық,

Тойға шаптық, Күлкі бақтық,

Жақсы киім киініп. Жоқ немеге сүйініп.

Осы келтірілген шумақтар буын саны жағынан да соны (3, 4, 5, 6, 7 буын аралас), шумағы 3 жолдан келген жаңа түр. Абай 3, 4, 5, 6, 9 буынды, шалыс ұйқасты өлеңдер түрін мейлінше көп қолданды. Бұл түрлердің көбі - Абай енгізген жаңалықтар.

Абай - XIX ғасыр ағартушыларының озық идеясын қазақ жеріне алғаш әкелуші, олардың тамаша шығармаларын өз халқы тіліне аударып, таратушы.

Абайдың қара сөздері мен нақылдары- ақын творчествосының елеулі саласы, өлеңдерімен мазмұндас, идеялас, бірін-бірі толықтыра түсетін маңызды шығармалары. Сонымен бірге, әдеби жаңа түр, алғаш көрінген проза, публицистика. Ақынның тереңнен толғаған озық ойларының шынайы туындысы.

Абай қарасөзге бет бұруы ойламаған жерден ойға алған кездейсоқ емес, керекті, заңды бетбұрыс еді. Таланттың өзін туғызатын тарихи әлеуметтік жағдай, халықтың қалың ортасының керегі болса, оның творчестволық ізденістеріне бастау да сол.

Көңіліндегі көрікті ойдың өңін қашырмай халыққа жеткізу, өнеге қалдыру, ақыл айту, оны терең толғантты, қиялы қанағаттанып, шабыт биігіне көтерілді. «Ақыры ойладым,- дейді Абай,- осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішішен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын , «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі». Осы ойға кіріскен Абай , өзінің көтерген мәселесін ұзақ желіге құрып, оқиғасын көркем бейне арқылы ашуды мақсат қылмайды. Ол өзінің айтпақ болған ойларын, өлеңдерінде көтерген мәселелерін көлемі шағын, мазмұны бай, сөзі орамды, тілі өткір қарасөздер арқылы қысқа ғана әңгімелеп береді.

Жанрлық іздену жолында ол шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғаклияларын есте ұстағаны даусыз.



5. Абайдың қарасөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек.Абайдың қарасөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар:

  1. Өсиет ғақлияға Абайдың адамгершілік мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «ОТыз сегізінші» сөздері деуге болады.

  2. Тастих (утверждение) немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз» «Он жетінші сөз », «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».

  3. Нақыл тұспал сөз. Қарасөздердің ішінде „Отыз жетінші сөзде” афоризмдері көп.

  4. Әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Мысалы: „Төртінші”, „Бесінші”, „Сегізінші”, „Тоғызыншы”, „Онынышы”, „Он екінші”, „Он алтыншы”, „Он тоғызыншы”, „Жиырма бесінші”, „Жиырма жетінші”, „Отыз бірінші”, „Отыз екінші”, „Қырқыншы” сөздері.

  5. Публицистикалары: «Бірінші», «Екініші», «Үшінші», « Он төртінші», « Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», « Жиырма тоғызыншы», « Отыз үшінші», « Отыз тоғызыншы», « Қырық бірінші», « Қырық екінші» сөздер және «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.

Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық, діншілдік тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, « Алтыншы», «Он бірінші», « Он төртінші», « Жиырма екінші», « Жиырма тоғызыншы», « Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын-сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын әдебиетке әкелді.

Қысқасы, бұл сөздер арқылы Абай өз заманының ірі бұқарашыл публицисі болды. Ол қазақ жазба әдебиетінде публицистикалық прозаны бастады. Қазақ публицистиканың басы болды. Абай публицистикасы өз кезінің келелі мәселелерін көтереді. Феодалдық қоғамның кертартпа салт-санасына қарсы сын айтты. Өнер-білімге үндеді. Көрші орыс елінің мәдениетін үлгі етті.

Абайдың прозасы- қиял прозасы емес, өмір прозасы. Ол-обьективтік шындықтың шешендік қорытындысы, ғылымға негізделген терең ой тебіреністер, адам мінезін бейнелейтін әсерлі әңгіме, деректі эссе, көркем публицистика, насихатшыл дидактика.

Абайдың қарасөздері тек жанры- прозалығы жағынан ғана маңызды шығарма емес, сонымен бірге, ол өзінің тілі, стилі жағынан да аса маңызды еңбектер.

Абайдың қарасөздерінің қалың көпшілікке тән стильдік ерекшеліктерінің бірі-лаконизм (белгілі ойды қысқа, анық , нақты етіп айтып беретін қасиет).

Абайдың қарасөздеріндегі екінші бір стильдік ерекшелік, ол – нақыл сөзділік (афористичность). Тағы бір өзгешілігі, оның үгіт-өсиетшілдік мазмұнына лайық публицистикалық дидактизм. Абай шығармаларының негізгі стильдік өзгешеліктері- оның идеялық-мазмұнынан өрістейтін жаңалықтар.

Абай –музыкалық шығарма жазған композитор. Оның бізге жеткен көптеген әсем әндері бар. Ақынның музыка саласындағы өнерін А. Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдарында» (1963 жыл) кең талдап, танытқан болатын. Қазір Абайдың екі күйі де табылып отыр. Олар: «Май» және «Тор жорға» күйлері.

6. Ақын творчествосынан елеулі орын алатын шығармаларының бір саласы- оның поэмалары. Олар: „Ескендір”, „Масғұт және Әзім әңгімесі”. Бұл- ақынның лирикадан- оқиғалы, көлемді шығарма жазуға ойыса бастаған кезеңін танытатын маңызды еңбектер. Абай өзінің поэмаларында да жоғарыда көрсетілгендей әлеуметтік, адамгершілік идеяларын көтерді. Мысалы, өзінің „Ескендір” поэмасында Александр Македонскийдің озбырлыған, соғысқұмарлығын, дүниеқорлығын әшкерлейді.

Абайдың „Масғұт” поэмасы да- жаңа идеяға негізделген шығарма. Ақын өз поэмасының негізгі кейіпкері Масғұтты адамгершілік үшін күрескер етіп көрсетеді. Абайдың аяқталмай қалған „Әзімнің әңгімесінің” сюжеті бізге араб ертегісінен „Мың бір түн” қаhарманы Шахризада хикаяларының бірінен мәлім Хасан зергердің әңгімесіне ұқсайды. Ақын хикаяны түгел баяндамайды. Тек алданған жас зергердің оқиға тарихын беретін жайлары ғана алынады. Сондықтан Абай ертегінің сюжетін ғана қайта жырлап бермейді. Мұнда да ақын өзінің адамгершілік идеясынан туған пікірлерін уағыздау мақсатын көздейді. Пушкиннің орыс әдебиетінде романтикалық мектептің негізін қалағаны сияқты Абай да өз айналасына тілектес ақындар топтады. Шәкәрім (1858-1931), Ақылбай (1868-1904), Мағауия (1870-1904), Әсет Найманбай ұлы (1864-1923) сияқты ақындарды тәрбиелеп шығарды.Бұл жас ақындар Абай бастаған романтикалық поэма жанрын ілгері дамытты. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар туғызды.


Бақылау сұрақтары:

1. Абайдың шығармашылық өмірбаяны.

2.Абай мұрасының жиналу жолдары,

3. Ақын шығармаларының жариялануы

4. Ақын мұрасының зерттелу жайы

5. Абайдың ақын ретінде қалыптасуына ықпал еткен үш арна

6. Абай өлеңдерін тақырыптық мазмұнына қарай жүйелеу

7. Абай өлеңдерінің жанрлық сипати

8. Абайдың ән-өлеңдері

9. Абай өлеңдерінің әлеуметтік мәні, танымдық тағылымы

10. Абай өлеңдерінің тәрбиелік жағы

11. Абай өлеңдерінің сыншылдық сипати

12. Абай махаббат, табиғат туралы

13. Абай қара сөздерінің жанрлық түрлері

14 Абай қара сөздерінің тақырыптық- мазмұндық сипаты

15. Абай қара сөздерінің тілі және стилі.

16. Абайдың поэмалары

17. Абайдың аудармалары


18- лекция. Тақырыбы: Абайтану ғылымының қалыптасу, даму тарихы.

Жоспары:

  1. Абайтану ғылымының тарихындағы Алаш зиялыларының бастама еңбектері.

  2. М.Әуезов –Абайтану ғылымының негізгін қалаушы.

  3. Абайтанудың қазіргі жайы.


Лекция мақсаты: Абай мұрасының зерттелу жайы. Абайтану ғылымының тарихындағы Алаш зиялыларының бастама еңбектері. М.Әуезов–Абайтану ғылымының негізгін қалаушы және бас зерттеушісі. Абайды танытушы ғалымдар: С. Мұқанов, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, М. Мырзахметов т.б. Абайтанудың қазіргі жайы.

Лекция мәтіні: Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған.Бұл жөнде Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тарағанын еске алу керек.

1. Бірінші жолы-баспа арқылы тарауы: екіншісі-халық арасына ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы: үшініші –қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар боп, көшіріліп тарауы.Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқтайық.

Бұл жөнде қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген , Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған – Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айрықша айту керек.

Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашқы таңдамалы жинағын бірінші рет Петербургтегі Бораганский баспаханасында 1909 жылы шығарады. Сол жинақтың аяғында ақынның Кәкітай жазған бірінші өмірбаяны беріледі. Шығармалар жинағына Кәкітай өзінше талдау-жіктеу жасаған: «Ой туралы». «Өзі туралы», «Ел туралы», «Ғашықтық туралы» деген сияқты тақырыптарды бөліп шығарып, әр өлеңінің мазмұнына қарай мөлшермен жіктейді.

Революциядан бұрын және революцияның алғашқы жылдарында Абайдың халыққа тарауы, тек баспа жүзінде ғана болған жоқ дедік. Оның көп өлеңі әнші- ақындардың , жас-кәрінің жаттауымен және оқушы жастардың жадына алып. Айта жүруінен ауызша тарағаны да көпке мәлім. Бұлардың ішінде халық өнерпаздары да көп еді. Солардың бастылары- Көкшетаудан келген атақты Біржан немесе Әсет, Жаяу Мұса, Ғазиз, Естай, Мұқа, Мауқай, Шашубай: әйелдерден: Ажар, Зейнеп, Сара, Қуандық сияқты талай талантты атақты әнші-ақындар болады.

Осылардың айтуынан және Абайдың өз қасындағы Көкбай, Мағауия, Ақылбай, Әріп, Бейсенбай, Әлмахамбет сияқты оқымысты әнші-ақындардың айтуымен де, Абайдың көп шығармалары жоғарыда айтылған көп уездерге, бірнеше облыстарға ауызша тарап жүрген.

Абай өзі барлық шығарған еңбектерін жинастырып, ұқыптылық етпеген. Тек 1896 жылы ғана Мағауия, Кәкітай, Көкбайлардың айтуы бойынша, осы жылдан бастап, барлық шығармаларын жинастырып, көшіруге ұйғарады. Жаңағы молдалардың : Ғабитхан, Кішкене молла сияқты жасы үлкендері Абай өлеңдерін ертерек жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын сол жаңағы 1896 жылдан бері қарай көшіретін болады.



2. Революциядан кейінгі Абай тану , әсіресе, соңғы кезде ерекше үдей бастады. 1920 жылдан бергі отыз жыл бойында Абайды тану ісі неше салада жыл санап үдеп, өркендеумен келеді. Ең алдымен, Абайдың баспасөз жүзінде өз шығармалары шығып және Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған мақалалар, жеке кітаптар, үлкенді-кішілі зерттеулер аса көп боп молайғанын айту керек.

Абайды тану , таныту істері тек қазақ тілінде ғана болмай, орыс тілінде де едәуір молайды.

Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, кейде кемшілікті қате пікірлер айтқан болса да, негізінде Абайды тану ғылымына елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев сияқты тағы бірталай әдебиет тарихшылары мен жазушылар.

1933 жылдың баспасында М. Әуезов жазған Абайдың бірінші, толықтау өмірбаяны да берілді.

Ақынның толық жинағы, кейін 1939-1940 жылдары екі том болып, тағы басылып шықты. Онан соң, әсіресе, толығырақ болып топталып, ұлы ақынның жүз жылдық мерекесіне арналған толық жинақ түрінде 1945 жылы басылды. Бұл жинақтың кіріспе сөзін жазған Сәбит Мұқанов.

3. 1948 жылы басылып шыққан профессор Қажым Жұмалиевтің «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы» және «Абай поэзиясының тілі» деген еңбегін айрықша атап өтуге керек. Абайды тану жөнінде 1946 жылы басылып шыққан Нығымет Сәбитовтың бір ғана библиографиялық «Абай» атты еңбегін атап өтпекпіз. Абай шығармалары орыс халқының тілінде 1940,1945 және 1954 жылдары жеке жинақтар болып, орыстың советтік көп ақындарының аударуымен жарыққа шықты. 1960 жылдардан бері қарай Камен Оразалин, Айқын Нұрқатов, ғалым Мекемтас Мырзахметов Абайтану проблемалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше монографиялық еңбектер, көркем шығармалар жазды.
Бақылау сұрақтары:

1. Абайтану ғылымының тарихындағы Алаш зиялыларының бастама еңбектері

2.М.Әуезов–Абайтану ғылымының негізін қалаушы

3. Абай мұраларын зерттеуші ғалымдар

4. Абай шығармаларының таралу жолдары

5. Мекемтас Мырзахметов – Абайтану проблемалары бойынша зерттеу жүргізген ғалым.

6. Нығмет Сәбитовтың «Абай» еңбегінің мәні

7. Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген жандар

8. Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілдері

9. Кәкітай Ысқақұлы – Абайдың бас библиографы

10. Абайдың ақын шәкірттері

19-лекция. Тақырыбы: Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармашылық жолы.

Жоспары:


  1. Ақылбайдың ақын ретінде қалыптасуындағы әкесі Абайдың әсері.

  2. Ақылбайдың поэмалары (”Жаррах”,”Дағыстан”, ”Зұлыс”).

  3. Зұлыс”- аса қою оқиғалы роман-поэма.

  4. Мағауия Абайұлы туралы мәлімет.

  5. Мағауияның көңіл-күй тақырыбындағы лирикалық өлеңдері.

  6. Еңлік-Кебек”, “Абылай”, “ Медғат-Қасым” атты поэмалары.


Лекция мақсаты: Ақылбайдың ақын ретінде қалыптасуындағы әкесі Абайдың әсері жайлы. Ақылбай поэмаларын жан-жақты (”Жаррах”, ”Дағыстан”, ”Зұлыс”) қарастыру. Абайдың ерекше жақсы көретін ұлы Мағауияның ақындық жолы. Мағауияның көңіл-күй тақырыбындағы лирикалық өлеңдері және “Еңлік-Кебек”, “Абылай”, “ Медғат-Қасым” атты поэмалары.

Лекция мәтіні: 1. Ақылбай – Абайдың өзінің баласы. Абайдың алғашқы әйелі – Ділдәдан, әкесінің он алты жасында туған.

Алғашқы балалық шағын және жігіттікке жеткен кезін Ақылбай өз әкесінің үйінде өткізбейді. Үлкен әкесі – Құнанбайдың кенже баласы атанып, оның төртінші әйелі, ең соңғы тоқалы – Нұрғанымның қолында өседі.

Осындай тәрбиелік жағдайының есебінен Ақылбай Абайға көбінше іні есебінде қарап өскен. Абайдың анық ұлғайып, үлкен білім иесі, атақты ақын болған кезінде ғана Ақылбай оның өз тәрбиесіне ауысады. Бірақ жас кезі, жігіттік шағы Абайдай әкеден аулақта өткендіктен, Ақылбай орысша оқи алмай қалған. Оның оқу-білімі, ауылда оқыған мұсылманша, ескіше оқудың орташа дәрежесі болады.

2. Бертінде Абайдың ақындығын танып, оның мәжілісі, өсиеті көп әсер еткен соң, Ақылбай өз бойындағы ақындық күшін жарыққа шығара бастайды.

Әуелгі кездерде, қысқа өлеңдермен өз өнерін байқатып жүріп, кейін бірнеше үлкен поэма жазады. Ақылбай Абайдың ортасына араласқан соң, ән-күй, музыка өнеріне көп ден қояды. Ол ірі домбырашы және скрипкашы болған. Соның үстіне композиторлық талантын танытқандай, әдемі бір ән шығарғаны да бар.

Ақылбайдың жазып шығарған үш поэмасы болған. Алғашқысы «Жаррах» деген поэма, бұның тақырыбын шығыс әңгімесі – «Жеті үй» дейтін ұзақ ертегіден алған.

Екінші поэмасы – «Дағыстан».



3. Үшіншісі – Африкадағы зұлыстар тірлігінен алынған үлкен поэма «Зұлыс» еді. Бірақ «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен. «Зұлыстың» бас жағы ғана сақталып қалып, барлық поэма және де жалғыз сақталған қолжазба өртенумен жоғалып кетті.

Біздің қолымызда енді қалған Ақылбайдың жалғыз поэмасы – белгілі «Дағыстан».

Поэмаларын Ақылбай өз өмірінің соңғы кездерінде шығарған. Ақындық талантын ірі үлгілермен кесек еңбек тудырып, таныта бастаған Ақылбай өзінің ақындық өнерінің жаңа өрлеп келе жатқан кезінде қайтыс болады. Ол 1904 жылы әкесі Абай қаза болғаннан кейін, соның қырқын Семей қаласына жұрт жиып беріп болған түні, әкесінен соң қырық күн ғана өмір сүріп, өзі де қайтыс болады.

Ақылбайдың «Дағыстан» атты поэмасы Кавказдағы Дағыстанда болған бір тартыс әрекеттерді баян етеді. Ақылбай осы шығармада өзі қазақ ақыны бола тұрып, тақырыпты қазақ тіршілігінен ұзап барып, өзге ел тұрмысынан алып жазады. Абайдың антик дәуірінен «Ескендір» тақырыбын, араб ескілігінен «Масғұт» тақырыбын алып, ұлттық шеңберден кеңірек өріс іздеген дәстүрін танытады.

Ақылбай өз поэмасының басында Кавказ тауын баян етеді. Лермонтовтан Абай жасаған аудармада «Арыстанның жалындай бұйра толқын бар» Терек аталған еді.

Қазақтың Каф дегені Кавказ серек,

Құдайым сұлу биік еткен еркек.

Ақырын айдаһардай жүз толғанып,

Тасты ағызып, тау жарған долы терек, -

деп бастайды.

Солайша, өз поэмасының оқиғасы жүретін географиялық ортаны атап алған соң, дәл Дағыстанның елін мінездеп жырлайды. Олар қатал ерлігі бар, ашушаң, суық мінезді жұрт болып сипатталады. Ызада кекшіл, қатал, қанжар жұмсағыш мінездерімен Дағыстан елінің қазақтан басқаша екені айтылады.

Содан кейін ақын Кавказдың таң атып келе жатқан көрінісін суреттейді. Оянған табиғаттың алғашқы үнші-жаршысы құмыр бұлбұл сайрап, скрипканың квинтасындай жіңішке нәзік күй толғантқанын сипаттайды. Динамикалық суретпен өндімелі күйде баян етілген көрініс ішінде атыраптың әр алуан суретін атайды.

Ақылбайдың суретшілігінде, өзгеше бір өндімелі кеңдік пен үйлескен, анық дәлдік бар. Әуелі таңды одан тауды, содан ары қалаларды оқушы көзіне біртіндеп көрсетіп кеп, ақыры бір қаланың ішінде, бір «ханның» есік алдына көз тоқтатады. Оқиға да осы арадан туып, дамып кете барады.

Сюжет құрылысында Ақылбайдың бұл поэмасы анық орыс классик поэзиясындағы қызықты оқиға туғызу дәстүрін шебер түрде жалғастырған. Поэманың басында қайғылы Жүсіп қарт көрінеді. Оның жүзінде жас:

... Жуан, қалың білектей бурыл мұртқа,

Домалап улы жасы барып жеткен...

Қарттың жүзі жасқа, жүрегі қазалы өкінішке толған. Болашақ геройының осы халін сәл баяндап, ақын әңгімені бұл арадан үзеді де, енді осы қарт Жүсіптің дәл жаңағы қайғыға неден түскенін баяндауға ауысады. Содан ары поэманың барлық оқиға тартыстары дағдылы жолмен өрбиді де, ең ақырында барып, кезегімен дамып келген оқиға жаңағы поэманың басында қайғылы жаспен отырған Жүсіптің өзіне оралып кеп аяқтайды.

«Дағыстан» поэмасы адам образын көрсетуде, қызық оқиғалы тартыс түйіндерін туғызуда өте шебер қалыптанған. Бұнда Жүсіптің жас жігіт кезінен басталатын бір тартыс бар. Оның есебі қызғаныш болатын. Жүсіп қызғаныштың үстіне жазықсыз жақсы жігіт, ер, мерген Ыбырайымды қапыда өлтірген. Ыбырайымның шешесі де баласының қазасынан қиналумен өледі. Бірақ Жүсіпті қарғап өледі. Содан кейін ұзақ мезгіл өтеді. Жүсіп үйленіп, одан бес ұл туады. Және сол бес ұлдың ортасындағы жалғыз гүлі – Зайра сұлу өседі. Осылайша, Жүсіп тірлігі толықсып, бағына жеткен шағында баяғы өлген кемпірдің қарғысы енді келе бастайды.

Содан поэманың ішінде қызық әңгімеленген тартыстар арқылы Жүсіптің бес ұлы қаза болады. Ең соңында Жүсіптің қан кегін қуған қызғанышы арқылы қызы Зайра және өлімші боп жатады.

Сол ең соңғы қалған жалғыз нәсілінің өлім шағында, Жүсіп кешірім сұраған. Бірақ махаббаты үшін шерленіп, өлім халіне жеткен Зайра әкесіне кешпей жатыр. Поэманың басында қайғылы Жүсіптің өкінішпен жылап отырған себебі осы еді.

Бұл шығарма – анық өмірлік романтика үлгісінде жазылған. Бұрын қазақ поэзиясында үлгісі болмаған, өзгеше шығарма. Романтика тартыс оқиғаларға араласқан адамдардың мінездерінен, іс-әрекеттерінен айқын көрінеді. Ол стильдің ерекшелігі – адамдағы белгілі бір сезімді, мысалы, қызғаныш, кек, махаббат сияқты күйлерді алады да, соларды аса зорайтып жырлайды.

Сюжеттік құрылыс пен суреттік идеяларының өзгешеліктері «Дағыстан» поэмасында анық мәдениетті романтикалық поэмалардың қалпынан аумай, бар талабына сай шыққан.

Бірақ осымен қатар ақынның санасында шығыстық немесе жалпы дінге нанған адамдардың бәрінде болатын бұлдырға нанғыштық, суевериеге бой ұрғандық айқын көрінеді.

Осымен «Дағыстан» поэмасы ұлы ақын Абайдың өзі жазбаған үлгідегі шығарма болады. Басталу негізінде, үлгі алуда, орыс классик әдебиетіне Абайдың барғанындай Ақылбай да барады. Бірақ Абай орыстың анық классиктік қасиет пен сананы танытқан реалистік әдебиеттің ұлы дәстүрін өзіне үлгі етіп алса, бұның жолын қуған және де ізденгіш жас ақын орыстың романтикалық стиліне көбірек еліктеген болады.



4. Мағауия – Абайдың жиырма бес жасында, Ділдадан туған кенже баласы. Жас шағында Абай баласын ауылда мұсылманша аз оқытқаннан кейін қалаға апарып, Семейдегі Городское училище дейтін орысша мектепке түсіреді. Мағауияның алдында орысша оқуға берген ағасы Әбдірахман Түмен қаласында оқып жүреді. Мағауиямен бірге Абай Күлбәдан деген қызын да орысша оқуға береді. Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін науқасқа шалдығады. Содан амалсыздан оқуын тоқтатып, ауылға қайтады. Осыдан соң, үнемі Абайдың қасынан қалмай, әкенің өз тәрбиесінде болады.

5. Бұның жастық шақтарында Абай орысша кітап оқуға барынша еңсесін беріп, өздігінен мол ізденеді. Сонда Абаймен ілесіп Мағауия мен Кәкітай екеуі де орысша кітапты Абайша қатты зер салып оқиды. Жаз сайын келіп жүретін Әбдірахманның да оларға көмегі көп болады.

Сонымен, Мағауия оқымысты жастың бірі болады. Ол әкесіне ел жұмысында да үлкен серіктік етеді. Ел көпшілігі Абайдың билігімен қатар , бертін кездерде Мағауияның әділ көмегін де көп көреді.

Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі Ол жазған поэмалар: “Еңлік-Кебек”, “Абылай” және “Медғат-Қасым”.

“Еңлік-Кебек”, “Абылай” поэмалары қолжазба күйде сақталса да, оқушыларға тарамаған.

М. Әуезовтің Абай жайлы монографиясындағы тағы бір тарау ұлы Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы, талантты шәкірті Мағауияның шығармашылығына арнаған. Өмір дәлдік демекші, поэма жалпы романтизм сарынындағы шығарма болғанымен, оның реалистік шындықпен өмірге жанасымды қонымды тұстары да бар. Мысалы, Қасымның Мұрат бай мен Медғаттан кек алу мақсатымен қарақшылық жолға түсіп кеткеніне дейінгі оқиғалардың суреттелуінде реалистік сипаттар мол.

Поэмадағы романтизм бойын кек алу сезімі билеп алған бас қаhарман Қасымның ой-қиялынан, мінез-құлқынан, іс-әрекетінен жан-жақты көрінеді. Ол сезім Қасымды үнемі күтпеген іс-әрекетке, дағдыдан тыс оқиғаларға жетелп отырады. Қасымды романикалық қаhарман етіп тұрған да осы сезім.



6. Мағауияның ең көлемді және көркем поэмасы -“Медғат-Қасым”. Оның ақындық ерекшелігін анық, айқын көрсететін де осы “Медғат-Қасым” поэмасы.

“Медғат-Қасымнан” бұрын Мағауия ақын ағасы Шәкәріммен жарысқа түскендей болып, „Еңлік-Кебек” дастанын да жазады.

Зерттеушілер „Еңлік-Кебекті” көркем шығарма ретінде жеті нұсқасы бар дейтін болса, оның екеуі поэма екен. Оның бірі – жоғарыда талданған Шәкәрімнің дастаны болса, екіншісі- осы Мағауиянікі. Бұл жолы да тақырыпты шәкірт достарына ұстаз ақын Абай берген болатын.

М. Әуезов „Еңлік-Кебек” поэмасының жанрлық тұрғыдан алып қарағанда махаббат драмасы болып табылатындығын айтады. Мағауияның махаббат трагедиясына, Еңлік пен Кебектің өліміне, жазықсыз сәбидің жетім қалуына себепкер болған адамдар тұлғасын жасағандығын, қатал заманның бет бейнесін ашқандығын атап көрсетеді.

Поэмадағы бас кейіпкерлер Кеңгірбай би, қос ғашық Еңлік пен Кебек және т.б . кейіпкерлер өмірде болған адамдар. М.Әуезовтің шәкірті Қ. Мұхамедханов ұстазының осы пікірлерін жалғастырады.

“Медғат-Қасым” поэмасының тақырыбы да қазақтан жырақ, алыс елдер өмірінен алынған. Ақылбай ізденген жолменен тың тақырып пен мазмұнды Мағауия да Африка елінің болмысынан алады.

“Медғат-Қасым” поэмасы романтизм сарынындағы поэма. Бірақ негізгі стилі солай бола тұрса да, бұл поэманы реалистік шындықпен өмірге жанасымды, қонымды берген тартыстары, мінездері дәлелді көркемдікке сүйенген.

Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын Мағауия осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызады.

Ақылбай мен екеуі де, романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізгенде, анық соны, жаңа, жақсы ағым әкеп қосты деу керек.

Мағауияның осы поэмасының орны қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың көркенті тұрғысының бірі деп атауға жарар еді.

“Медғат-Қасым”- Мағауияның ең соңғы поэмасы. Бұдан бұрын Абайдың тақырып етіп, шәкірт достарына тапсырып беруі бойынша , Мағауия қазақ өмірінің өзінен алып, тағы бір поэма жазған. Бұл- қазақ тарихындағы салттық болмыстан туған «Еңлік-Кебек» жайындағы қоспа поэма болатын.

Мағауияның бұл поэмасын қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың бірі деп атауға болады. Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызды. Бұл тұрғыдан алғанда, Мағауияны романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізген және жаңа, жақсы ағым әкеліп қосқан ақын ретінде бағалауымыз керек.


Бақылау сұрақтары:

1. Ақылбайдың ақын ретінде қалыптасуындағы әкесі Абайдың әсері

2. «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінің жазылу тарихы

3. Ақылбай поэмалары

4. ”Жаррах”, ”Дағыстан”, ”Зұлыс” поэмаларындағы негізгі сарын.

5. Мағауияның ақындық жолы.

6. Мағауияның көңіл-күй тақырыбындағы лирикалық өлеңдері

7. “Еңлік-Кебек” поэмасының тарихи мәні

8. “Абылай”, “ Медғат-Қасым” атты поэмаларының тақырыбы.

9. «Абай жолы» эпопеясынан Ақылбай туралы эпизодтар

10. «Абай жолы» эпопеясынан Мағауия туралы эпизодтар

20- лекция. Тақырыбы: Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847-1920).

Жоспары:


  1. Өмірі туралы мәлімет.

  2. Лирикалық өлеңдерінің идеялы-тақырыптық мазмұны.

  3. Сардар сегіз” тарихи дастаны.


Лекция мақсаты: Шәңгерей Сейіткерейұлының өмірі туралы мәлімет.Ақын шығармаларының жанрлық сипаты. Лирикалық өлеңдерінің идеялы-тақырыптық мазмұны. Дастандары, ”Сардар сегіз” дастанының тарихи мәні. Ақын мұраларының көркемдік ерекшелігі.

Лекция мәтіні: Шәңгерей Сейіткерейұлы ақтаңдақтар қатарына ілініп, көп жылдар бойы халқымыз көз жазып қалуға айналған көрнекті ақынымыздың бірі – XIX ғасыр қазақ әдебиетінің ірі өкілі, өз дәуіріндегі ақындық өнерде өзіндік үлесі, өшпес орны айқын қайталанбас қаламгер. Сонымен бірге ол – қазақтың жазба әдебиетін өркендету, оның озбырлығы мен көркемдігін жетілте түсу жолында елеулі еңбек еткен шын мәніндегі профессионал жазушы да. Бірақ, жетпіс жылдан астам тарихы бар кеңестік мәдениетіміздің назарына жете ілінбей, шығармасы көмескі қалпында қалып, орынсыз кінәлар тағылып, тарихи бағасына ие бола алмаған асыл сөздердің авторының бірі – осы Шәңгерей.

Ол адам жанының құпия сырларын аша-ақтара жыр шерткен ең сезімтал лирик, қазақтың адамгершіл, сыршыл, мәнді де мәнерлі поэзиясының аты әйгілі ақыны.

Шәңгерей Сейіткерейұлы – заманымыздың тұлғалы жазушысы. Ол қазіргі Орал облысы, Орда ауданында, Жасқұс деген жерде 1847 жылы дүниеге келген, тарихқа аты мәлім Жәңгір ханның немересі.

1. Шәңгерейдің өзі де, әкесі де хандық құрған адамдар емес. Сейіткерейдің өмірі ұзақ болмаған. 1852 жылы дүние салған. Бірақ, Шәңгерей ағайын-туыстарының қамқорлығы арқасында жетімдік көрмей өскен. Оның ата дәулеті де аз болмаса керек. Сондықтан, хан сарайындағы тәлім-тәрбиені жас кезінен-ақ алуға мүмкіндігі мол болған. Тумысынан талапты жас айналасындағы өмірді өз көзімен көріп, көңіліне тоқи да білсе керек. Бала шағынан басталған тәлім – сарай маңындағы мектептер мен мешіт-медреселерге қатысып, оқуға жалғасады. Ордадағы «Ай белгілі ақ мешіт» - жас Шәңгерейдің тәлім алған, алғашқы сауат ашқан жері.

1917 жылы Шәңгерей өзінің бар байлығы мен қоныс-мекенін тастап, Тайпақ ауданы, Төбе төбесіндегі туыстарына келеді. Қаратөбеге қарасты Ақбақай деген жерде, сүзек ауруынан 1920 жылы қайтыс болады.

Ол өз кезіндегі білім-ғылым жолына жеткізетін дүниеәуи мектептен оқып жетілген. Әуелі, Астрахань реальное училищесінде, одан кейін Орынбор кадет корпусында оқыған. Өз тізгіні өзіне тигеннен кейін білімді, зиялы орталарда болыңқырап, өзінің дүниетанымын кеңейте түскен. Сартау, Самар, Орал, Қазан, Уфа шаһарларында жергілікті ұлықтар қатарында қызмет те атқарған. Бізге жеткен мәлімет бойынша, ол Самарда Мировой судья (бітім, келісім-кеңесші билігін жүргізуші) жұмысын атқарған.

Патша тарапынан өзіне дворяндық атақ алып, мекен-жайға лайық жер бөлдіріп, өзінің меншігін белгілеп, сол жерінде білгенін, ойына келгенін жасап, адамгершіл істер атқарған. Тәуелсіз өмір кешіп, еңбекке, өнерге негізделген жаңаша тұрмыс құрып, шаруа кәсібінің жүйесін жасамақ болған. Сол кездегі орыс помещиктерінің имениесі, хуторлары оған үлгі болса керек. Әсіресе, Л. Н. Толстойдың Ясная Полинадағы меншікті шаруашылығының үлгісін қатты ескерген. Үй салдырып, село тәртібінде мекен-жай, қора-қопсы жасап, мал, егін шаруашылығымен айналысқан. Қарамағындағы ел-жұрттың керектерін әкелтіп, дүкен ашып, айырбас базарларын жақындатқан. Бала-шағалары үшін мектеп ашып, әуелі өзі бастап оқытқан. Кейін білімді оқытушылар жалдаған.

Елдегі аттары әйгілі ақын, жыраулар мен әнші, күйші музыканттар Бөкей ордасына, Шәңгерей мекеніне соқпай өтпейтін болады. Олардың кейбірін айлап ұстап, өнер үйренер жас қауымға үлгі етеді.

Шәңгерейдің орыс, батыс мәдениетімен де, әдебиетімен де жете таныс адам болғанын бізге дейінгі зерттеушілердің бәрі де айтып келді. Әсіресе, оның орыстың XIX ғасырдағы классик жазушыларын, олардың ішінде лирик ақындарын сүйсіне оқып, оған еліктеп, кейбір үлгілерін қазақ тіліне аударып кеткені тағы шындық. Пушкин, Лермонтов, Фет, Тютчев, т.б.

Шәңгерейдің ақындық талғамы, қоғам өміріне қояр талабы, дүниетанымы өзі тұстас қазақ ақындарынан өзгеше еді десек, бұл өзгешеліктердің түп төркінін біз аталмыш орыс, Европа мәдениетінен, әдеби көріністерінен, өнер өрнектерінен табамыз.

Шәңгерейдің шығармаларына арқау боларлық ортақ бейне – оның ақындық «мені». Ол барлық шығармаларында өзінің жайын, өмір жолын дүниеге келгеннен кейінгі бастан кешкендерін айтар ойын ұштастыра отырып, образдар арқылы терең толғайды. Кейде өз атынан сөйлей отырып, оны басқа бір жанама хайуанат өміріне немесе соның тағдырына, әдет-мінезіне, іс-әрекетіне ауыстыра бейнелейді. Ақынның бұлайша суреттеулері аллегориядан гөрі, кейіптеуге, салыстырмалы бейнелеулерге ұқсас. Ол айтар ойларын қаз қалпында туралап баяндаудан гөрі бейнелі сурет жасауға әуес. Жазушының мақсаты нағыз көркемдікке ұмтылу, шын мәніндегі көркем сөз өнері туындысын жасап, соны қазақ әдебиетіне енгізу болатын. Ақынның бұл қадамдары нәтижесіз болған да жоқ. Шәңгерей әдебиетімізге шын мәнінде бейнелі, пернелі, сұлу суретті поэзиясымен жаңалық қосқандардың бірі болды.

XX ғасыр басындағы орыс поэзиясында реалистік әдебиет өкілдеріне қоса, романтизм ағымы өрге басады. Оған жалғас көркемөнер, әдебиет туралы жаңа көзқарастар пайда боп, мүлде өзгеше ағымдар туындайды. Айталық, акмоизм, футуризм, натурализм, импроссионизм, иможенизм, т.б. ағымдар эстет жазушыларды туғызады.

Аталмыш ағымдардың пайда болуының тарихи әлеуметтік себептері болды. Әдебиет – көркемөнердің негізгі бір түрі деп есептеген акмоизм ағымының өкілдері, эстеттер – «әдебиет - әдебиет үшін», «көркемөнер – көркемөнер үшін», - деген қағида ұсынып, әдебиеттің тек жалаң сұлулықты, табиғатты, махаббатты жырлауын мақсат етті. Дворяндардан шыққандар деп аталатындар ішінен Ф.И. Фет, А.А. Тютчев деген күшті ақындар шықты, бұларға қазақтың Шәңгерей, Бернияз, Мағжан сияқты ақындары еліктеді. Асылы, аталмыш қазақ ақындарының рухани талғамдарына жоғарыда сөз болған орыс ақындарының туындылары сай келіп, олар поэзияның көркемдігін, сұлулықты жырлау міндетін бірінші орынға қойды.



2. Шәңгерейдің қоғамдық мәселеге қалам тартпауының себебі, жоғарыда аталған орыс ақындарының тікелей ықпалы екені сөзсіз.

Біз жоғарыда ақындық «Мен» Шәңгерей шығармаларының жібек арқауы, өлең өрімдерінің өзегі сияқты тартылғанын ескерткенбіз. Ақын «Мен» деген сөзге философиялық мән беріп, оны дүниенің өзгерісіменғ дәулеттің тұрақсыздығымен, өмірдің өткіншілігімен байланыстырады.

«Кімсің» - деп біреу сұраса,

Өзім болып «Мен!» деген.

«Мен» - деген кетсе дүниеден,

Өзім болып «Менмін» деп,

Жауап берер қай адам?!

Шәңгерейдің шығармалары – терең ойлы, ұшқыр қиялға толы туындылар. Адамның ақылы, ойы шексіз, қиялы қанатты болатынын шебер бейнелейді. «Таудағы тас ұядан» атты өлеңінен мысал келтірелік.

Таудағы тас ұядан,

Лашындай сарыққан қиядан.

Шалқып сөзім шығады,

Ойласам, пікір-қиялдан,

Аспалап қиял кетеді.

Шәңгерейдің лирикалары – махаббат сезімі дүниесін кең қамтитын шығармалар. Өз өмірінің деректеріне негіздей немесе өзіне меншіктей отырып, құмарлық мәселесін құштарлана жырлады. Жеке басының құмарлығынан бастап, махаббаттың жастарға тән өзегін өртер жан азаптарын толғады. Осылайша махаббатқа деген өз талғамын қалыптастырды. Бұл мәселеде ол өз тұстары – Біржан сал, Ақан серілермен үндесті.

Әрбір ақын сияқты Шәңгерей де өзінің туған жеріне, өскен өңіріне деген махаббатын танытқан. «Қайран жерім», «Көлторғай», «Көлборсы», «Нарын туралы» толғаулары айтылмыш мақсаттарға арналған.

3. Шәңгерей сауық-сайран қуып, тек қана серілік өмірді уағыздаған ақын десек, ол да біржақты болар еді. Ақын жігерлі жастар айналысар өнер жолдарын нұсқайды. Техникасы ілгері, өнерлі елдердің жетістіктерін үлгі етіп, оқуға, ғылымға баулиды. «Ғылым», «Эдиссон» атты өлеңдер де жазады.

Шәңгерей шығармалары өзінің суреткерлігі, образдылығымен ерекшеленеді. Ақын лирикалары адам бейнесін, кескін-келбетін, сыр-сымбатын оның көңіл-күйіне, ішкі дүниесіне ұштастыра бейнелеуге шебер. Сүйген сұлу, асыл жар сияқты арулардың сыр-сымбаты, табиғаттың тамаша құбылысы, тамылжыған көктем, жадыраған жаз, шалқар көл, жасыл жапырақ суреттері – нағыз шебер қыл қаламынан туғандай бояуы қанық, үлкен ойға жетелейді.

Ақын өлеңдері өзінің құрылысы жағынан қазақтың үйреншікті қара өлеңі мен толғау термелері үлгісінде келгенмен, өзіндік сөз қолданысы, ұйқас, ырғақ, шумақ формалары бар шығармалар. Жазба әдебиетке тән анафора, эпифора сияқты сәнді жолдар да аз емес. Поэтикалық тілінде де өзіндік өрнектер, дәстүрлі образдардың қолданыс өзгешеліктері көп кездеседі.
Бақылау сұрақтары:

1. Шәңгерей Сейіткерейұлының өмірі туралы мәлімет.

2. Ақын шығармаларының жанрлық сипаты.

3. Лирикалық өлеңдерінің идеялы-тақырыптық мазмұны.

4. Ақынның дастандары

5. ”Сардар сегіз” дастанының тарихи мәні.

6. Ақын мұраларының көркемдік ерекшелігі.

7. Шәңгерей шығармашылығының көп уақыт зерттелмеу себебі

8. Ақынның толғаулары

9. Ақынның орыс-батыс білімін жетік меңгеруі

10. Шәңгерей шығармаларындағы ақындық «мені»



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет