«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген қанатты сөз қоғам мен мемлекеттегі тарих ғылымының міндеттерін нақты анықтап тұр. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің іргетасын әлемнің елеулі бөлігіне ықпал еткен ұлы дала көшпелілерінің мемлекеттік дәстүрі және бірнеше жүз жылдық барысындағы қазақтардың азаттық жолындағы күрес тарихы, Ресей және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрамында өмір сүрген тәжірибесі құрайды.
Қазіргі таңда біздің еліміз 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына енуге мақсат қойып тұр. Бұл сапалы білім алу, сұранысқа ие мамандықтың таңдауын және аянбай еңбек етуді талап етеді. Қазақстан тарихын терең оқып үйрену өз Отаныңды құрметтеп, мақтан тұту сезімін қалыптастырады. Әр бір азамат еліміздің тарихын жақсы білу керек, сонда ғана дұрыс бағыт-бағдар алып, өз болашағын болжай алады. Осыған байланысты Алаш жетекшісі Ә.Бөкейханның дәйексөзі: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға бейім тұрады» өзектілігін жоғалтпады.
Жоғары оқу орындарында «Қазақстанның қазіргі заман тарихын» оқыту студенттер бойында патриотизм мен азаматтық позицияны қалыптастыруға, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы бойынша терең ғылыми білімдерді бекітуге ықпал етуші фактор болуы тиіс. Әсіресе, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалар үрдісі, ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері өскелең ұрпақ санасына құйылуы тиіс.
Осыған орай, төмендегідей міндеттер туындайды:
Проблемалық көзқарас негізінде, тарихи дамудың жалпы заңдылықтарын талдау арқылы Қазақстан тарихы кезеңдерін, мазмұнын және мәнін ашу;
Тарихтың негізгі проблемаларын зерделеу арқылы сол дәуірді халқымыздың бесігі, кейінгі тарихи дамудың алғышарты ретінде көрсету;
Қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасу үрдісінің басты бағыттарын ашу;
Отарлық қыспақпен тәуелсіздікті жоғалту барысындағы тарихи даму ерекшеліктерін дәйектеу;
Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының мәні мен қайшылықтарын айқындау;
Тәуелсіздіктің қалыптасу жағдайындағы өтпелі (транзитті) қоғамдағы тарихи үрдістердің (саяси, экономикалық, социомәдени) негізгі заңдылықтарының мазмұнын зерделеу;
мемлекеттік тәуелсіздіктің саяси – құқықтық негізін құрайтын құжаттарды (деректерді) білуді қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен мемлекетті нығайтудағы, еліміздің халықаралық қауымдастықтағы лайықты орын анықтаудағы тарихи рөлін көрсету;
Мемлекет эволюциясын және оның тәуелсіздік кезеңіндегі институттарын қарастыру;
Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени реформалау үрдістерінің барысы мен нәтижелерін және экономикалық қуатының өсуін айқындау;
Еліміздің әлемдік және өңірлік қоғамдастыққа халықаралық қатынастардың дербес субьектісі ретіндегі кіру үрдісін ашу;
Ғылыми негізде азаматтық ұстанымды қалыптастыруды, мемлекеттің ішкі өміріндегі оқиғалар мен халықаралық қатынастарды зерделей білуге дағдыландыруды қамтамасыз ету.
Қазақстан қазіргі заманғы әлеуметтік кеңістікте және әлемдік тарихтың уақыт межесінде өз орнын айқындауды көздейді. Қазақстандық қоғамда тарихи сананы жаңғырту, өзіндік ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру, болашақ дамудың рухани бағдарын анықтау еліміздің ішкі дамуындағы маңызды көрсеткіш. Тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің жаңаруын, зияткерлік қоғамның жасампаз тұлғасын қалыптастыру және ұлттық тарихтың жаңа белестерін зерттеуде тарихи сабақтастықтың болуы заңдылық. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлу қажет.