2. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау (БжБ).
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі. Аталған жиынтық бағалаудың нәтижесі бойынша білім алушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балдар қойылады. Бөлім бойынша жиынтық бағалаудың қай сабақта және қандай формада (бақылау жұмысы, тәжірибелік немесе шығармашылық жұмыс, жоба, ауызша сауал, эссе және т.б.) өткізілетінін мұғалім өз бетінше анықтайды. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыруды мұғалім оқу бағдарламасындағы өтілген материалдың күрделілік деңгейі мен мазмұнын есепке ала отырып, жүзеге асырады. Тапсырмалар оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес болуы тиіс. Жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныста бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау өткізудің тапсырмалар үлгілері, ұсыныс түрінде берілген ата-аналарды ақпараттандыратын рубрика ұсынылған. Сапалы бағалаудан бөлек жақсы құралдардың болуы бағалау рәсімдерінде дұрыс белгіленген және өткізілген нұсқаулыққа да қатысты екенін есте сақтаған жөн. Білім алушылар оқу мақсаттарын жақсы түсінуі және олардан не, қандай мерзім талап етілетінін білуі тиіс. Аталған кезеңде мұғалім білім алушылар «жақсы жұмыс» қандай болатынын және бөлім\ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау қалай өткізілетінін түсінуі үшін бағаланған жұмыстар үлгілерін қолдануына да болады.
3. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды ұйымдастыру, жоспарлау бекітілген бағалау критерийлері ережесіне сәйкес өткізіледі. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың рәсімдер саны жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныста берілген:
• жаратылыстану-ғылыми пәндер – бөлімдер бойынша;
• әлеуметтік-гуманитарлық пәндер – ортақ тақырыптар бойынша;
• тілдік пәндер – сөйлеу әрекетінің түрлері: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым бойынша анықталады.
Бөлім және оқу мақсаттарының саны пәндерге байланысты әр түрлі болуы мүмкін.
Мысалы, 5-сыныптағы математика пәнінен оқу бағдарламасының ұзақ мерзімді жоспарында 1-тоқсан бойынша 3 бөлім берілген: «Натурал сандар және нөл саны», «Натурал сандардың бөлінгіштігі», «Жай бөлшектер». Сәйкесінше, математикадан 1-тоқсандағы бөлім бойынша жиынтық бағалау әр бөлімді меңгеру және аяқталуына қарай үш рет өткізіледі. Кейбір пәндерден ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес бір тоқсан барысында меңгеру үшін 1-ден 5-ке дейін бөлімдер берілген. Бөлім бойынша жиынтық бағалау 1 бөлімнен тұрған жағдайда тоқсанның екінші жартысында 1 рет, тоқсан соңына дейін 2 аптадан кем емес уақытта өткізіледі. Осыған байланысты, бөлім бойынша жиынтық бағалаудың максималды саны тоқсанда 3-тен артық болмауы қажет, 4 және одан да көп бөлімдерді меңгеру қажет болған жағдайда, мұғалім оқу мақсаттарын есепке ала отырып, бөлімдерді біріктіреді.
Тілдік пәндерден бөлім бойынша жиынтық бағалау тоқсанда екі рет өткізіледі. Әр бөлім бойынша жиынтық бағалауда сөйлеу әрекеттерінің (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) екі түрі тексеріледі. Сонымен бірге айтылым дағдысын бірінші бөлім бойынша жиынтық бағалау уақытында өткізу ұсынылады.
Айтылым дағдысын бағалауды жиынтық бағалау өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ үстінде өткізуге болады. Әр білім алушының жауабы шамамен 1-ден 5 минутқа дейінгі уақыт аралығын қамтуы мүмкін. Бөлім бойынша соңғы жиынтық бағалауды тоқсан соңына дейін 1 аптадан кем емес кезеңде өткізу жоспарланады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалауды орындау уақытын мұғалім берілген тапсырмалар мен оны орындауға кететін орташа уақытты, жұмысты орындауды есепке ала отырып анықтайды. Сонымен бірге бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды 15-20 минут уақыт аралығын қамтитындай етіп жоспарлау ұсынылады. 15-20 минуттық шектеу – шартты, сабақтың белгілі бір кезеңін ғана алатындай, шағын көлемді бағалау жұмыстарын көрсету мақсатында енгізілген.
Оқу бағдарламасында берілген оқу мақсаттары жиынтық жұмыстың мазмұнын анықтауға мүмкіндік береді. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық жұмыстың мазмұнына меңгерген бөлім бойынша білім мен дағдылар деңгейіне жеткенін көрсетуге мүмкіндік беретін оқу мақсаттарын қамту ұсынылады.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру кезінде мұғалім жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныста көрсетілген үлгілерді қолдануына болады. Одан басқа, мұғалімге өз бетінше бағалау құралдарын құрастыру ұсынылады.
Ол үшін мұғалімге көмек ретінде төмендегідей алгоритмдер ұсынылады (6сурет):
1) оқу бағдарламасы, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша оқу мақсаттарын меңгеру;
2) жиынтық бағалауда тексерілетін оқу мақсаттарына сәйкес бағалау критерийлерін анықтау, ойлау дағдыларының деңгейлерімен сәйкестендіру;
3) ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес келетін тексерілетін критерийлердің, оқу мақсаттарының мазмұнын қамтитын бір немесе бірнеше тапсырмалар дайындау;
4) әр тапсырмаға дескрипторлар құрастыру;
5) білім алушыларға, олардың ата-аналарына жиынтық бағалау нәтижелерін ұсыну үшін бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауға рубрикалар құрастыру (бағалау критерийлерінің деңгейлерге сәйкестігін сипаттау).
Сүрет 1 Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмаларын құрастыру алгоритмі
Осылайша мұғалім бөлім немесе ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды жоспарлау кезінде оқу мақсаттарының негізгілерін көрсететін, ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес екенін белгілейтін бағалау критерийлерін анықтайды. Оқу мақсаттары мен бағалау критерийлері 6-кестеде көрсетілген.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелерін талдау Мұғалімге бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың нәтижелеріне талдау жүргізу ұсынылады. Аталған талдау білім алушыларға кері байланыс беруге, сыныптың оқу жетістігі деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа мұғалім қажет болған жағдайда қалыптастырушы, жиынтық бағалау рәсімдерінің алдағы уақыттағы әдістерін, тапсырмаларды, сабақ жоспарларын қайта қарауына болады.
Жалпы алғанда бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау білім алушының оқудағы кемшіліктерін уақытында анықтау және оның алдын алу үшін өткізіледі. Белгілі болғандай, білім алушылардың басым бөлігі өз оқуында түріне, санына, сапасына және т.б. қарай белгілі бір кемшіліктерді жинақтай бастайды және жалғастырады. Егер «кемшілік» сөзінің мағынасына мән беретін болсақ, ол қателік немесе кемшілік, жетіспеушілік дегенді білдіреді (Ушаков, 1940). Өз кезегінде қателік дегеніміз тиісті нәрсені орындамау, жеткіліксіз қарау, ұқыпсыздықтан қателік жіберу, ал кемшілік, жетіспеушілік дегеніміз жетілмеу, ақаулық, олқылық, бір нәрсенің сапасыздығы деп сипатталады. Сондықтан оқудағы кемшіліктердің сипатын қарастыра келіп, кейбір білім алушылардың кемшілік деп танылатын мардымсыз, жөндеуге болатын қателіктері, кейбіреуінде маңызды кемшіліктер, олқылықтар бар деп айтуға болады. Кемшіліктерді анықтау үшін мұғалімдерге сапалы (валидті) тапсырмаларды іріктеуі/құрастыруы, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау үдерісін сабақта әр білім алушының материалды меңгеру деңгейін дер кезінде диагностикалауға мүмкіндік беретіндей жоспарлау қажет.
Бұл ретте кемшіліктерді қарастыруға қатысты асығыс шешім қабылдау, ұсыныс беруден аулақ болған дұрыс. Нақты тұжырым тек бір ғана шағын тапсырмаға немесе бір реттік бақылауға негізделмеуі тиіс.
Оқу білім алушының басында түсіну, жеткізу, болжау түрінде болатынын, сондықтан қорытындыны (бағалау пайымы) дұрыс тиянақтау үшін ең сенімді, жарамды (валидті) негізді талап ететін үдеріс екенін естен шығармауымыз қажет. Негіз ретінде қалыптастырушы бағалау кезіндегі бақылау және бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау кезіндегі нәтижелер қызмет атқаруы мүмкін. Бұдан басқа қосымша негіздеме ретінде мұғалімнің кемшіліктердің алдын алу туралы шешім қабылдауы кезіндегі сенімділігін арттыру мақсатында туындаған қиындықтарды білім алушымен бірге талқылауына болады. Оған көмегі тиетін жағдай туындағанда, осы шара туралы оның пікірін, ойын білуіне болады.
Бағалаудың дәстүрлі жүйесінде мұғалім, білім алушы мен атааналар туындаған таптаурын жағдайларды анықтауда, кемшіліктерді түсінуде сапалық көрсеткішті пайдалануға дағдыланған. Егер мұғалім «5» немесе «4» деген баға қойса – бұл кемшілік жоқ немесе елеусіз ғана қателік деген сөз; «3» деген баға қойса – түзетуге болатын және түзетуді қажет ететін кемшіліктер бар; «2» деген баға қойса – қосымша күшті қажет ететін салмақты қателері бар деген сөз. Мұндай түсінік кейбір мектеп мұғалімдері мен өз балалары тарапынан кемшіліктердің алдын алуға болады дейтін немесе сыртқы көмекке, мысалы, сабақ үйретушіге (репетитор) сүйенуге болады деп түсінетін ата-аналарға жеткілікті, қолайлы болуы мүмкін. Алайда білім алушылар мен мұғалімдер үшін мұндай бағалау тәсілінің пайдасы шамалы.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау үдерісінде оқудағы кемшіліктерді айқындау үшін білім алушының нақты неден қиналатынын анықтау ғана маңызды емес, сондай-ақ, қалай, неге туындағанын анықтау да маңызды. Білім алушылардың оқудағы кемшіліктерінің алдын алу үшін бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелеріне қатысты сындарлы (конструктивті) кері байланыс беру және мұғалім тарапынан (оқыту үдерісіне түзетулер енгізу) да, білім алушы тарапынан (қосымша және/немесе өз бетінше оқу) да білім мен дағдыны толықтыруға бағытталған әрекеттер жасалуы қажет.
Ақпараттарды жинау және бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелерінің талдауы үшін «Тапсырманы орындау пайызы» көрсеткішін қолдану ұсынылады. Бұл көрсеткіш максималды мүмкін балдарға қатысты білім алушылардың жинақтаған балдық үлесін көрсетеді. Тоқсан барысындағы бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауға қатысты білім алушы нәтижесінің мысалы 1-кестеде берілген.
1-кесте Білім алушының тоқсан барысындағы бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелері
Бөлім бойынша жиынтық жұмыс қорытындысы негізінде білім алушының жеткен оқу жетістігі деңгейі тапсырманы орындау пайызына сәйкес анықталады. Білім алушылардың оқу жетістігі деңгейлерінің жалпы сипаты 2-кестеде көрсетілген.
2-кесте Білім алушылардың оқу деңгейлерінің сипаты
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауда орындалған жұмыстардың нәтижелері білім алушыларға түсінікті болып, одан әрі білім алуға ынталандыруы қажет. Кері байланыс – білім алушылардың оқу жетістігінің жеткен деңгейі туралы ақпараттардан тұруы керек. Білім алушылар мен олардың ата-аналарын ақпараттандыру үлгісін мұғалім өз бетінше анықтайды. Аталған ақпаратты рубрика түрінде беру ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |