Ұлт тарихын жазудағы фольклордың маңызы



Дата25.01.2017
өлшемі97,2 Kb.
ТҰЯҚБАЕВ ҒАБИТ ӘНЕШҰЛЫ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты


ҰЛТ ТАРИХЫН ЖАЗУДАҒЫ ФОЛЬКЛОРДЫҢ МАҢЫЗЫ
Фольклор – халық қазынасы, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жетіп келе жатқан ұлт құндылығы, халықтың көркем ойлау дәрежесінің көрінісі. Ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің, мәдениеті мен өнерінің, этнографиясының, өмір сүру ерекшелігінің де айнасы – фольклор. Табиғаттың тылсым құпиялары мен сыр-сипатын, жұмбақ әлемін, қоғамдық өмірдегі түрлі болмыстың мәні мен мақсатын, өзіне дейінгі өмірдің шындығы мен қайшылығын, келер ұрпаққа қалдырған бабалардың аманат-мұрасын зерделеуде де фольклор шығармаларының орны ерекше. Өнердің бұл түрінің ең басты ерекшелігі ұжымдық еңбек болуында.

Фольклорға тән осы қасиет, оның адам, қоғам өміріндегі маңызы, көркемдік қуаты мен рухани өмірдегі мәні туралы М. Горький: «Дара творчество жүздеген ғасырлар бойы «Илиада» немесе «Калевалаға» тең келетіндей ешнәрсе жасай алған жоқ, түпкі төркіні халық творчествосымен байланыспаған жерде бірде-бір данышпанның үлкен жинақтаушы түйін түймеуі, халықтың ертегі, аңыздарынан тыс бірде-бір дүниежүзілік типтің тумауы - коллектив творчествосының қуатын мейлінше айқын дәлелдейді»,-дейді [1.61].

Ауыз әдебиеті үлгілерінің танымдық-эстетикалық мәнімен қоса басты ерекшелігі оның тарихилық сипаты. Яғни, ұлт тарихын жазудағы фольклор материалдарының маңызы. Қазақ фольклористикасында халық әдебиетінің тарихилығы туралы алғаш сөз еткендердің бірі - Әуелбек Қоңыратбаев. Ол: «Әр ел өз басынан өткерген оқиғаларды құмарта жырлайды. Олай болса, фольклор шығармалары өзінің тарихилығы жағынан авторлық сипаты бар кез-келген туындыдан анағұрлым шыншыл, әсерлі де көркем. Сол жырларға қарап, елдің әдет-ғұрпын, ой-санасы мен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады. Қазақ фольклоры тарихилығының басты бір көрінісі де осында»,-деп фольклордың ұлт тарихын жазудағы маңызына баса назар аударды [2.11].

Қай халықтың да басты мақсаттарының бірі өз тарихының шынайы жазылуына қол жеткізу. Әлемдегі кез-келген халықтың жүріп өткен жолы, ұлт ретінде өзін сақтап қалу жолындағы күрестері, халық болашағына ғұмырын арнаған тұлғалар: хандар, батырлар, би-шешендер туралы ауызша шежіре-жылнамасының, аңыз-әпсанасының болатыны анық. Бірақ оны хатқа түсіріп, ғылыми тарихқа айналдырудың жөні бөлек.

Қазақ тарихын алғаш зерттеу ісі ХІХ ғасырдың басында қолға алына бастады. Бұған ең бірінші көңіл бөлген орыс ориенталистері мен әскери шенеуніктер, зерттеушілер болатын. Жазба тарих пен әдебиеттің аздығына байланысты олар қазақ тарихын жазуда көбіне фольклор мұраларын пайдаланды. Осы дәстүрді кейіннен отандық тарихшылар да жалғастырды. Мәселен, тарихшы Е.Бекмаханов: «Қазақстан тарихын зерттеу кезінде аса маңызды дерек ретінде фольклордың маңызы айрықша зор. Мұның бұлай болатын себебі, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ халқының жазба әдебиеті болмады. Сондықтан тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырған халықтың ауызша шығармашылығы: дастан, өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз және т.б. арқылы қазақ халқының есінде сақталған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтың қоғамдық және әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқан»,- дейді [3.42]. Бұл шын мәнінде ауыз әдебиеті үлгілерінің ұлттық тарихты жасаудағы маңызына берілген ерекше баға.

Қазақ халқының тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы жүргізіп келген үзіліссіз күресінің тарихи тәжірибесін жан-жақты зерттеу отандық тарих ғылымының өзекті проблемаларының бірі. Бұл ретте қазақ фольклорының мазмұны бай, шынайы өмірге соншалықты жақын салаларының бірі – тарихи жырлардың орны ерекше. Тарихи жырларда өмірде болған, ел аузында сақталып келген оқиғалар және белгілі тұлғалардың өмірі, ерлік істері, күрескерлік жолы баяндалады. Мұндай сюжеттер қазақ тарихи жырларында аз емес. Олардың реалистік сипаты да басым. «Қай халықтың да өткен өмірінің естелігі, тарихи оқиғалар мен қайраткерлерге берген бағасы, алдан күткен үміті мен арманы ауыз әдебиетінің ауқымды жанры – эпостан жан-жақты көрініс беретіні мәлім. Бір есептен алғанда эпосты елдің бастан кешкен оқиғаларының көркемделген, әсіреленген тарихы десе де болады. Жазба тарихпен салыстырғанда жыр-дастанның нақтылығы аздау, хронологиялық желісі еркіндеу көрінгенімен, мұнда көп ретте нағыз шындықтың қайталанбас тұнбасы сақталады. Сондықтан да кейде эпос суреттеген ақиқат ресми шежірелерден, мемуарлардан анағұрлым маңыздырақ» [4.65].

Өткен тарихымызға көз жіберсек ұлттың азаттығы мен тәуелсіздігі, егемен ел болу жолында үш жүзден астам ірілі-уақты көтерілістер болған екен. Осылардың арасында Кенесары Қасымұлы бастаған ұлттық-азаттық көтерілісінің орны ерекше. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда  жаңа бекіністерді салып,  қазақ жерлерін күштеп тартып алуды  одан әрі жалғастыруы,  қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың  шиеленісуі Кенесары Қасымұлы  бастаған ұлт-азаттық  көтерілістің  шығуына себеп болды. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда болған  басқа көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі, оған үш жүздің бұқара халқы түгелге дерлік катысқандығында.

Кенесары бастаған азаттық  күрестің мақсаты  Абылай хан тұсындағы  қазақ хандығының  территориялық тұтастығын  қалпына келтіру, Ресейдің құрамына кірмеген  қазақ жерлерінің  тәуелсіздігін сақтап қалу еді. Осы көтеріліс туралы деректерді алғаш ғылыми айналымға түсірген тарихшы Е.Бекмаханов. Ол өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясының Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліске байланысты тарауын жазуда Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастанын дерек көзі ретінде пайдаланғандығын атап көрсетеді [3.46]. Ең бастысы, ғалым дастандағы оқиғалар мен уақыттың, Кенесары әскерінде болған таңдаулы батырлардың, олардың ерліктері мен күрестерінің өмірлік шындыққа соншалықты жақын екендігін айта келіп: «... Жырда жекелеген маңызды тарихи оқиғалар да дұрыс баяндалған. Мысалы, Кенесарының қырғыздармен келіссөз жүргізу үшін Жеке батырды бас етіп өзінің өкілдерін жіберуі. Ақырында Кенесарының қай жерде шайқасып, қай жерде қаза тапқанын тек Нысанбайдың егжей-тегжейлі баяндап айтқанының арқасында ғана білеміз. Бұл фактілердің бәрі шын болғанын архив материалдары растайды»,-деп өзінің ғылыми тәжіриебесімен бөліседі [3.45-46]. Е.Бекмаханов тарихи дерек ретінде пайданған Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастаны туралы С.Мұқанов: «Нысанбайдың бұл поэмасының тарихи маңызымен қатар әдебиеттік маңызы да зор. Поэманың қасиеті реализм негізіне құрылуында, реалдық уақиғаға ақын бай сюжет бере білуінде, бай сюжеттің композициясын ақынның шебер құрастыруында, адам образдарының ішкі, сыртқы касиеттерінің айқындығында»,-дейді [5.107].

Ұлт тарихындағы елеулі оқиғаның бірі - Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліс (1855-1858). Есет батыр 1838 жылы Жоламан батырмен бірге көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасайды. Ал 1847-1848 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шығады. 1847-1858 жылдары Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қыйыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасайды.

Орыс зерттеушілері халық басынан өткізген осы тарихи оқиғаны жазуда «Бекет батыр» жырын тарихи дерек көзі ретінде пайдаланады. Бұл жырды ең алғаш рет орыс ориенталисі И.В.Аничков жазып алып, Қазанда жарияланған [6]. Ізінше осы жырдың тағы бір нұсқасын Ә.Диваев жазып алып, 1897 жылы жарыққа шығарған. Осы ретте түрік ғалымы Н.Банарлының: «Дастан – халық көзімен көріліп, халық рухымен сезіліп және халық қиялында ертегіге айналдырылған тарих. Тарихи деректердің сақталып қалуы түрік дастандарында жиі ұшырайды»,-деген пікірі тарихи дастандарға байланысты айтылған ғылыми тұжырым деп қабылдауға болар еді [7.3].

Аңыз, ертегі, жылнама, шежіре қай халықта болса да бар. Оларда тарихи оқиғалар, батырлар ерлігі, жүйрік ат, алғыр құс, жер-су, ай мен күн, жұлдыздар жайында айтылады. Осы сипаттарына қарай оларды мифтік және тарихи аңыздар деп бөлеміз. Аңыздың шежірелік, жылнамалық, эпостық формалары келе-келе тарих ғылымына жол салған. Осының үлгісін Қазақстан тарихын жазуда дерек көзі ретінде пайдаланылған аңыз-әңгімелерден көруімізге болады.

ХVIII-ХІХ ғасырларда Қазақ хандығының Жоңғар, Ресей, Хиуа, Бұхара, Қытай мемлекеттерімен қарым-қатынасының бірде шиеленісіп, бірде өзара келісімдерге келіп отырғандығы тарихтан белгілі. Оған сол кездердегі хан-сұлтандардың ел басқару ісіндегі тәжірибесі басты себеп болды. Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Есет, Жәнібек, Жоламан, Бөкенбай, Бұқарбай, Қабанбай, Сырым батырлар мен Арынғазы хандар осындай сын шақта тарих сахнасына шықты.

Арынғазы Әбілғазыұлының кіші жүздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелерге араласа бастауы ХІХ ғасырдың басындағы Қазақстанның Батыс өңіріндегі ірі тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келеді. Патша үкіметі барынша қолдау көрсеткен Айшуақұлы Жантөре ханның өлімі, Нұралыұлы Қаратайдың орыс әкімшілігіне қарсы ашық күреске шығуы, Нұралыұлы Орманның, оның ұлы Шүкірәлінің, Нұралыұлы Есімханның баласы Қара сұлтанның хан өліміне байланысты тұтқынға алынуы Сыр бойындағы Әбілғазы ханға, оның ұлы Арынғазы сұлтанға сөзсіз әсер етсе керек.

ХІХ ғасырда Ресей Қазақстан тарихын зерттеуді мемлекеттік тұрғыдан қолға алды. Оған отарлау әрекеттерінің жоспарлы түрде жолға қойылуы себеп болған еді. Осындай зерттеу мақсатында 1820 жылы Бұхараға А.Ф.Негри бастаған орыс елшілігі аттанады. Елшілік құрамында болған капитан Е.К.Мейендорф Ресейге оралған соң, 1822 жылдан бастап Бұхара сапарында көрген-түйгендерін жариялады. Е.К.Мейендорфтың монографиясы 1826 жылы Парижде жарық көрді. Монографияынң құндылығы оның авторының Арынғазымен кездесіп, одан хандар мен би-сұлтандар туралы ел аузындағы аңыздарды жазып, өз еңбегіне тарихи дерек ретінде пайдалануында. Сонымен бірге Арынғазы қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орнын айқындауында еді [8].

Бұхара сапарында А.Ф.Негри мен Е.К.Мейендорф жинақтаған деректер Орынбор әкімшілігінде талданып, Сыртқы істер министрлігінің шенеунігі А.И.Левшиннің қолына тапсырылады. Ол кезінде қазақтар туралы Мәскеуде жинақтаған материалдарын Орынборда толықтырып, 1824 жылға дейінгі қазақтар тарихын жазады [9]. Әрине, қазақ тарихы туралы жазылған бұл зерттеу еңбегінде де артық-кем тұстары бар. Бірақ ғалым сипаттап отырған елінің тарихы мен тұрмысына шұқшия зерттеп, барынша тиянақты етіп жазған. Ол «қазақты» «қайсақ» дей тұра, бұл атаудың дұрыс еместігін, елдің өзі «қазақпыз» дейтінін түсіндіріп отырады. Ал тарихи шындыққа жақын осындай зерттеу еңбегінің өмірге келуіне Арынғазы ханнан жазылып алынған аңыз-әңгімелердің септігі мол болғанын айта кетуіміз керек.

Қазақ тарихында ішкі, сыртқы жаулардан қорғану, ұлттың азаттығы жолындағы күрестер қазақ топырағынан жүздеген батырларды шығарды. Солардың бірі – Жанқожа Нұрмұхамедұлы болатын.

1893 жылы орыс ғалымы Н. Г. Веселовский Қазалыда Мұсабай жыраудан «Жанқожа батырдың толғауын» жазып алып, нәтижесінде 1894 жылы Петербургте «Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестанском крае» атты зерттеу еңбегін жазады. Туындының көлемі 170 жолдай. Осы жылы 24 қыркүйекте жырды И. В. Аничков те Мұсабай жыраудан жазып алып, 1895 жылы Санк Петербургте «Песня о киргизском батыре Джанходже Нурмухамедове» деген атпен жеке кітап етіп шығарады. Осы жерде мына мәселені айта кеткеніміз жөн. Кейбір зерттеушілер аталған жырды 1894 жылы Қазанда жарық көрді деп жүр. Қазанда 1894 жылы жарық көрген И. В. Аничковтың «Киргизский герой Джанходжа Нурмухамедов (Очерк из первых шагов русских на Сыр-Дарьи)» деп аталатын еңбегі. Бұл Жанқожа батыр және оның Ресей отаршылдарына қарсы күресі туралы алғашқы зерттеу еңбек болып есептеледі. И.В.Аничков осы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты тарихи очеркінің жазылу тарихына байланысты: «...Екінші бір көз – кейде қиял-ғажайып ертегі сықылды көрінгенімен аса қызықты, батырдың өмірі жайында айтылған, ел арасында ауызша тарап жүрген аңыз-әңгімелер еді. Мен оның көбін Жанқожаның сарбазы болған, баяғы бір ат басында жүрген шағының белгісі ретінде ақ найзасын қара үйдің іргесіне шаншып қойып, бүгіндері Жаңарықтағы өз аулында тірлік кешіп жатқан қарт батыр Байжанұлы Ізтілеуден естідім»,-деп естелік айтады [11.10-11].

Ал «Түркістан түземдік газетінде» қызмет атқарған Молла-Әлим-Махмұд-Қажы 1928 жылы Ферғана хандарының ХІХ ғасырдағы Хұдияр ханға дейінгі тарихын баяндайтын «Тарих-Түркістан» атты еңбегінің Кенесары ханға байланысты бөлімін Бұқарбай батырдың айтуы бойынша жазғандығын айтады. Автор 1870 жылы Бұқарбай батырмен кездесіп, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы әңгімелескені, Бұқарбай батырдың көтерілісшілер айтатын жырды орындап бергендігі туралы мәлімет бар [3.19].

Қорыта айтқанда, тарихи жырларды оған өзек болған оқиғалардың реалистік сипатына қарай бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Мәселен, ноғайлы жырларында көп жағдайда тарихи оқиғалардың көмескіленгенін байқаймыз. Оның себебі, жырдағы оқиға сюжетіне қайсыбір кезеңде болмасын белгілі тарихи оқиғаның негіз болғанына қарамастан, айтушылар жыр желісіне кейде аңыздық-мифологиялық сюжеттерді араластырады. Ал XVIII ғасыр туындыларында көркем-тарихи бейнелер көбірек. Бұл да айтушылар қалдырған із. Бұл кезең жырлары да әдеби өңдеулерден өткен. Сондықтан да олардың кейіпкерлері бірде әдеби бейне, бірде тарихи тұлға ретінде көрінеді. Жыр-дастандардың көп варианттылығы да осыдан. Дегенмен, кейбір шығармаларда шынайылық басым жатады. Ал ХІХ ғасыр оқиғаларын суреттейтін әдеби мұраларда тарихи-реалистік сипат айқын.

Ал ел аузындағы аңыз-әңгімелердің негізінде тарихи оқиғалар жатады. Әрине, уақыт өткен сайын мұндай аңыздарға айтушылар тарапынан түрлі өзгерістердің енгізіліп отыратындығын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, аңыз түбі – шындық екендігі, оның халық басынан өткізген тарихи оқиғалардан алысқа ұзай қоймайтыны күман туғызбаса керек.



Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. М.Горький. Әдебиет туралы. Естеліктер, мақалалар. «Жеке адамның күйреуі». Алматы. Жазушы. 1984. 424 б.

  2. Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы. Ана тілі. 1991. 288 б.

  3. Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы. Санат. 1994. 416 б.

  4. Р.Бердібай. Бес томдық шығармалар жинағы. Екінші том. Кәусар бұлақ. Алматы. 2005. 472 б.

  5. Нысанбай жырау. Зерттеулер мен ғылыми мақалалар. С.Мұқанов. «Кенесары – Наурызбай туралы жыр». Алматы. Арыс. 2013. 248 б.

  6. И.Аничков Киргизская былина о Бекет батыра. Памятники киргизского творчества. Казань, 1896.

  7. N. Banarli. Resili Turk Edebiyati Tarihi. 1987 Istanbul.

  8. Е.К.Мейендорф. Путешествие из Оренбурга в Бухару. Москва. Наука. 1975. 180 стр.

  9. А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацских Орд и степей. Алматы. Санат. 1996. 656 стр.

  10. И.В.Аничков. Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. Казань. Типо-литография Императорского университета, 1894, 31 б.

  11. И. В. Аничков. Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Алматы. «Терме» бірлестігі. 1991.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу