Майемер ескерткіштері



Дата08.02.2022
өлшемі18,46 Kb.
#117975
Байланысты:
LEKCIJA No 6


МАЙЕМЕР ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Майемер кезеңі — ерте темір дәуіріндегі Шығыс Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениетінің алғашқы сатысы (б.з.б. 7 — 6 ғ.). Нарым өзенінің жоғарғы ағысындағы Майемер қорымдарының атымен аталған. Таулы Алтайдағы Майемер кезеңіндегі обаларда іргесін белдеулей қоршаған аласа тас түйінділер бар. Қабір лақаттары тікбұрыштап қазылып, қабырғалары ағашпен шегенделген және бір қабат бөренелермен жабылған. Майемер ескерткіштерінен жиегі шығыңқы, дөңгелек ортасында тұзағы бар қола айналар мен сыртқы ілмешектері кішкене үзеңгі тәріздес қола ауыздығы бар жүгендердің көне үлгілері, үш тесікті немесе ортаңғы тесігінің орнына ілмешегі бар айшықтардың мол жиынтығы табылды. Майемер кезеңінің қолданбалы өнеріне, көбінесе, атылғалы тұрған жыртқыштың, жүріп келе жатқан немесе жүруге ыңғайланған жануарлардың бейнесі тән. Жерлеу ғұрпы мен зат кешенінің біршама тұрақтылығы Шығыс Қазақстанда б.з.б. 7 — 6 ғ-ларда-ақ ерте темір заманы мәдениетінің негізі қалыптасқанын көрсетеді. Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы Күрті салаларынан ертедегі ескерткіштер табылды. Олар жер бетінен шығыңқы, үлкен қойтастардан қаланған шеңберлер түрінде көрінеді. Шеңбердің ішіндегі саяз шұңқырды көмкере ірі тастар қаз-қатар қаланған. Осы секілді екі жерге басы солт.-батысқа қаратылып, сол жақ қырынан бүктетіле мәйіттер жерленген. Жерлеу ғұрпы бойынша Күрті ескерткіштері мәйітті шалқасынан жатқызып, аяқ-қолын созып жерлейтін майемер салтынан өзгеше болып келеді. Қабірлерді сопақша етіп ірі тастармен қоршап қалау да майемер салтына тән емес. Күрті қорымындағы бүктете жерлеу дәстүрі — ертеректегі андронов мәдениетінің қалдығы. Өліктің аяқ жағына арнайы тастан салынған жанама құрылыс ішіне атты жерлеу де айырмашылықты айқын аңғартады. “Ауыздықтаулы” күйдегі аттың жақ сүйектерінен ертеректегі жобамен жасалған екі мүйіз айшық табылды. Металдан жасалған ауыздықтардың болмауы бұл ескерткіштердің өте ертеректе жасалғанын көрсетеді. Осы сияқты ескерткіштер б.з.б. 9 — 8 ғ-ларға, яғни майемер ескерткіштерінен бұрынғы ертерек кезеңге жатады. Мұндай ескерткіш түрлері Шығыс Қазақстанның далалық аудандарынан да табылған. Жаугершілікте мінілген ат пен иесін жеке-дара жерлеу ғұрпы өте ежелгі кезеңіне ғана тән, кейінірек ол сирек кездеседі. Майемер кезеңінің аяқ кезінде тірісінде мінген атымен қоса жерлеу дәстүрі алғаш пайда болды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет