Малдәрігерлік арахнология



бет1/3
Дата28.01.2018
өлшемі491,85 Kb.
#35080
  1   2   3
МАЛДӘРІГЕРЛІК АРАХНОЛОГИЯ
Арахнология (Аrасһnоlоgіа) - өрмекші тәрізділер туралы ғылым (аrасһnе - өрмекші, lоgоs - ілім деген грек сөздерінен тұрады). Буынаяқтылар Аrасһnоidеа тобы, Аrtһrороdа (буын аяқтылар) топтамасына жатады. Жануарлар дүниесі ішінде буынаяқтылар өзінің көп түрлілігімен оқшауланады. Олардың жер шарында 1,5 млн-дай түрі бар. Әсіресе, жәндіктер барлық буынаяқтылардың 90%-ын құрайды.

Буынаяқтылардың симметриялы денесі бунақтардан құралған және хитинді қатты қабыршықпен қоршалған. Хитин қабыршығы полисахаридтерден тұрады. Қабыршақтың әр жерінде қалқаншалары (склерит) және оларды бір-біріне жалғастырып тұрған жарғақшалары бар. Сыртқы қабыршық қаңқа қызметін де атқарады.

Өрмекші тәрізділердің басы кеудесімен бірігіп, бас-кеуде бөлімін түзейді. Ал, кенелердің денесі біртұтас. Буынаяқтылардың аяқтары буындардан құралады. Жәндіктерде 3, ал өрмекші тәрізділерде 4 жұп аяқтары бар.

Буынаяқтылардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы жүйке сақинасынан және оған қосылып жатқан құрсақ тізбегінен тұрады. Дененің әр буылтығында жүйке тізбегінің жұпталған түйіні бар. Буынаяқтыларда жүйкелік рецепторлар жақсы жетілген. Рецепторлар рөлін сенсиллалар (бір немесе топталған торшалар) атқарады, олар қабыршақ астына орналасқан. Олардың көмегімен буынаяқтылар қоректік заттарды (иелерін), ыстық - суықтықты, химиялық заттарды және басқа факторлерді ажырата алады.



Көз құрылысы әртүрлі. Жәндіктердің күрделі және қарапайым көздері болады. Кенелердің кейбір түрінің жай көздері бар, бірақ көптеген түрлерінің көзі болмайды.

Буынаяқтылардың қан айналымы тұйық емес. Жүрегі түтік тәрізді құрылымдардан тұрады. Олардың гемолимфасы (қаны) сары, қызыл немесе көгілдір түсті, ішінде қан түйіршіктері бар. Тыныс алысы арнайы түтікшелер (кеңірдек) арқылы іске асады. Кеңірдек тармақтары барша ұлпамен жалғасқан. Ұсақ буынаяқтылардың тыныс мүшелері жоқ, олар сыртқы қабыршағы арқылы тыныс алады. Суда мекендейтін буынаяқтыларда желбезектер болады.

Буынаяқтылардың қоректенуі әр қилы. Паразиттік жолмен өмір сүретін түрлері жануарлардьщ қанымен және ұлпаларымен қоректенеді. Зәр шығару жүйесі мальпиги түтікшелерінен тұрады.

Буынаяқтылар - дара жыныстылар. Арасында қосжыныстылары да кездесуі мүмкін. Өсіп-өнуі, әдетте аналығының ұрықтануынанан басталады. Көптеген түрлері жұмыртқа салады, кейбір түрлері ғана балаңқұрт туады.

Буынаяқтылар сатылап өседі. Жұмыртқасы жетіліп, балаңқұртқа айналады, олар түлеп нимфа сатысына, ал нимфадан имаго - еркегі немесе ұрғашысы түзіледі. Дамудың әр сатысында олар түлеп, қабықшасын өзгертіп отырады. Түлеу кезеңінде буынаяқтылар құрылысы өзгеріп, олар жетіледі. Буынаяқтылардың дамуындағы мұндай өзгерістер метаморфоз деп аталады.

Буынаяқтылар 5 топқа бөлінеді. Олардың 3 тобының ветеринариялық маңызы бар: Аrасһnоidеа (өрмекші тәрізділер), Insectа (жәндіктер), Сrustасеа (шаян тәрізділер). Мал дәрігерлік арахнология Раrаsіtіfоrmеs (паразитиформдық) және Асаrіfоrmеs (акариформдық) класына жататын кенелерді зерттейді. Паразитиформды кенелер індетті және инвазиялық аурулар қоздырғыштарын тасымалдайды. Қотыр ауруларын акариформды кенелер тудырады.


Паразитиформды кенелер

Раrаsіtіfоrmеs тегіне жататын кенелердің дене тұрқы ірі келеді. Бұл кенелер жануарлар (кейде құстар) денесінде (эктопаразиттер) паразиттік жолмен тіршілік етеді. Сондай-ақ, олар түрлі аурулар қоздырғыштарын тасымалдайды. Бұл текке жататын кенелердің ветеринариялық маңызы бар тұқымдастықтары:

1) Iхоdіdае - жайылым кенелері.

2)Аrgаsidaе - аргазид кенелері.

3) Gаmаsоidае - гамазоид кенелері.


Иксодид немесе жайылым кенелері

Иксодид кенелерінің мал патологиясындағы маңызы жөнінде ең алғаш пікір айтқан Кильборн және Смит (1983). Олар алғаш рет ірі қара пироплазмозын кенелер тасымалдайтынын анықтаған.

Протозоидтық, вирустық, бактериалдық жөне саңырауқұлақтар тудыратын аурулар қоздырғышын тасымалдауда және оларды сақтауда иксодид кенелерінің маңызы барын В.Л.Якимов, А.В.Белицер, Е.П.Джунковский, А.А.Марков, И.В.Абрамов, Р.Кох, А. Тейлер, Эд. Сержан және т.б. зерттеулері көрсетті.

Iхоdіdае тұқымдасы кенелерінің денесі ірі және біртұтас, пішіні сопақ-ұзынша келген. Денесінің алдыңғы жағында тұмсығы - гнатосома орналасқан. Тұмсықтың құрамына: оның түбі, екі қармалауышы, екі хелицері (жоғарғы жақ) және бір гипостомасы (төменгі жақ) енеді. Иксодидтердің қармалауыштары сезім қызметін атқарады, олардың көптеген сезімтал талшықтары бар. Қармалауыштарының көмегімен кене жануарлар терісіне жабысатын жерін тауып алады. Қармалауыштар арасына өткір тістерімен қаруланған хелицерлер орналасқан. Хелицерлердің астыңғы жағына гипостом орналасқан, оның үсті тікен тәрізденіп иректелген, солары арқылы кенелер теріге мықтап жабысады. Тұмсықтың тұрқы мен пішіні әртүрлі.

Денесі - идиосома, кененің даму сатысына және қанға тою дәрежесіне байланысты пішіні мен тұрқы өзгеріп тұрады. Аш кененің денесі жалпақтау, ал тойынғанда сопайып дөңгеленеді. Арқа жағында тығыздалған хитин қалқаншасы (скутум) бар. Ол ұрғашы кенелердің тек қана арқасының алдыңғы жағын, ал еркектерінің жотасын түгел жауып тұрады. Кейбір кенелердің алдыңғы жағында қалқаншаның шет жағына орналасқан көздері болады. Денесінің іш жағында, төртінші аяқтарынан төменірек торлы табақшалар - перитремалар, ал олардың ортасына тыныс тесіктері - стигмалар орналасқан. Сондай-ақ, кененің іш жағында жыныс және артқы тесіктері орналасқан. Иксодид кенелерінің еркектерін, ұрғашыларынан айыру оп-оңай (диморфизм). Аш ұрғашы кененің дене тұрқы еркегінікіндей немесе аздап үлкенірек. Қан сорғаннан кейін ұрғашыларының денесі бірнеше есе үлкейеді.

Иксодид кенелерінің (географиялық) жер жүзіне таралуы кейбір биотикалық және абиотиқалық жағдайларға байланысты. Әсіресе, кенелердің қоректік ортасы болуының маңызы өте зор. Одан басқа кенелердің өмір сүруіне қолайлы жылылық, ылғалдылық, өсімдіктер құрамы да үлкен әсер етеді. Кенелердің малға жабылуы, жұмыртқалауы ауа райының қолайлылығына, сондай-ақ күннің ұзақтығына да байланысты. Буынаяқтылардың мекендейтін жерін биотоп деп атайды.

Биотоптардағы кенелердің саны үнемі өзгеріп отырады. Адамның табиғатқа қол сұғуы, өсімдіктер және жануарлар дүниесін әртүрлі өзгерістерге душар етеді. Мұндай өзгерістерге сол биотопта тіршілік ететін кенелер өте сезімтал келеді. Мал жайылымдарын жақсарту мақсатымен себінді шөптердің аумағы ұлғайған сайын кенелер саны да азаяды.

Кеңелерді өз биотоптарында және ауылшаруашылық жануарларына жабысқан кезінде жою шаралары, адаммен мал басын олар жұқтыратын аурулардан сақтандырады. Иксодид кенелері өзінің жеке дамуында (онтогенезінде) бірнеше сатыдан өтеді. Оларға жұмыртқа, балаңкене, нимфа және имаго жатады. Аталығымен шағылысқан кенелердің ұрғашылары, мал қанына тойынған соң жерге (жайылымдарда) түсіп, күн сәулесі түспейтін жырыққа, тастар астына, қалың ескі шөп ішіне және т.б. жұмыртқалайды. Кенелердің ұрғашылары 3 мыңнан 15 мыңға жуық жұмыртқа салады да тіршілігін тоқтатады. Үш аптадан кейін жұмыртқалардан алты аяқты балаңкенелер шығып, мал қанымен қоректенеді. Кейбір балаңкенелер жануарлар денесінен түспей, дамуының келесі сатысы - нимфаға айналады. Нимфа сатысы да 4-6 тәулік қан сорғаннан кейін жануарлар денесінен түсіп немесе сол жануардың үстінде-ақ ең соңғы сатысы-имагоға айналады. Әр нимфадан кененің ұрғашысы не еркегі шығады. Кенелердің толық өсіп-даму циклі (айналымы) олардың таралу ареалына байланысты - бірнеше айдан 3—4 жылға дейін созылады.

Жайылым кенелерінің мал түріне шабуылдауына байланысты оларды бір иелі, екі иелі және үш иелі деп жіктейді. Бір иелі кенелер өсіп-дамуының барлық сатыларында бір ғана жануардың қанын сорады. Екі иелі кенелер балаң және нимфа сатыларында бір жануарды талап, ал имаго сатысында басқа жануарды талайды. Ал, үш иелі кенелердің балаң, нимфа және имаго сатылары үш түрлі жануарларды талап, өсіп-дамиды,

Кенелердің жануарлар организмімен қарым-қатынасы күрделі және әлі толық зерттелмеген. Олардың сан-қилы омыртқалылардың қанын соратындығы мәлім. Табындағы және отардағы малдардың кенеге талануы әртүрлі дәрежеде болады. Ол жануарлар тобының жасына және т.б. жеке организм ерекшеліктеріне байланысты. Жабысқан кенелердің саны организмнің тойтарыс күшіне, кенеге қарсы пайда болған иммунитетке байланысты.

Кене тұмсығы терінің эпидермалық қабатына ғана енеді. Тұрқы әртүрлі болғанымен балаңкене, нимфа және имаго сатыларының тұмсықтары теріге біркелкі тереңдікке енеді. Кенелер гипостомның тікендері және айрықша секрет «цемент» арқылы мал терісіне нығайып бекиді. Кене қанға тойып түскеннен кейін «цемент» жарақатта қалып қояды, соның әсерінен терінің эпидермалық қабатында реактивтік өзгерістер пайда болады. «Цементпен» және кенелердің сілекейімен бірге мал организміне антикоагулянттардан және т.б. улы заттардан құралған күрделі заттар енеді. Сондықтан жарақат орны ісінеді және оған эозинфильдері басым торшалар жиналады. Кенеге таланған жануарлардың қан құрамы өзгереді, организмде аллергиялық құбылыс пайда болады, сондай – ақ алынатын өнімдер саны төмендейді.

Біздің елімізде таралған Ixodidae тұқымдастығына жататын жайылым кенелері алты туысқа бөлінеді. Олар мыналар: Нуаlоmmа (шыны көз), Іхоdеs (жабысқақ), Dеrmасеntоr (тері жырғыш), Наеmарһіsаlіs (қан сүйгіш), Rһірісерһаlus (желпуіш бас) және Воорһіlus (бұқа сүйгіш).


Ixodidae тұқымдасы кенелерінің қысқаша туыстық морфологиялық белгілері:

Тұмсығы ұзын...................................................................................

Көздері бар...................................................................... Нуаlоmmа

Көздері жоқ ........................................................................... Іхоdеs

Тұмсығы қысқа...............................................................................

Тұмсық түбі төртбұрышты

Қалқаншасы мәрмәр түсті....................................... Dеrmасеntоr

Қалқаншасы мәрмәр түссіз................................... Наеmарһіsаlіs

Тұмсық түбі алты бұрышты

Артқы тесік өзегі бар. Перитремалары үтір тәрізді...................................................................... Rһірісерһаlus

Артқы тесік өзегі жоқ. Перитремалары дөңгелек немесе сопақ

........................................................................................ Воорһіlus


Hyalomma туысына ұзын тұмсықты, көздері бар кенелер жатады. Сондықтан оларды шыны көз деп атайды. Ауыл шаруашылық жануарларында бұл туыстың Нуаlотта anatolicum, H.detritum, H.scuреnsе деген түрлері кездеседі. Бұл кенелер Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында көп тараған. Әсіресе, Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы облысының кейбір аудандарында кездеседі. Нуаlотта туысына жататын кенелер көбінесе ірі кара мал паразиті. Жылқы, қой, ешкі, түйе түліктеріне Hyalomma кенелері өте сирек жабылады. Бұл кенелердің H.anatolicum және H.detritum деген түрлері ірі қараның қарапайымдылар қоздыратын тейлериоз ауруын тасымалдайды. Кененің бұл түрі еліміздің Оңтүстігінде ғана кездеседі. Оның ареалының Солтүстік шекарасы - Ресейлік Астрахан облысынан, Қазақстанның Оңтүстігін басып, Қырғызстанға дейін барады. Теңіз деңгейінен 500 м биіктік бұл кенелерден бос. Кенелер мал қораларында, олардың қабырғаларында, оттығында тығылып жатуы мүмкін. Сондай-ақ, көң астында, кемірушілердің інінде, саман және қамыстан істелген құрылыстарда кездеседі. Ал, H.scuреnsе деген тірі мал қораларында қыстайды. Сол себепті тейлериоз ауруы шамалап қыста да кездеседі.

Ересек кенелер малды мамыр-тамыз айларында, ал балаңкенелері мен нимфалары тамыз-қыркүйек айларында талайды. Тойынған балаңкенелер мен нимфалар малдың үстінен жерге түсіп, жайылымда қыстап шығады. Н.рlumbeum кенелері жылқы пироплазмозы мен нутталиозының қоздырғыштарын тасымалдайды. Кенелердің бұл түрі Оңтүстік Қазақстанда және Орта Азия республикаларында кездеседі. Олар мамыр-маусым айларында малды көп талайды. Балапан кенелер мен нимфалары мамыр айынан қазан айына дейін мал қанымен қоректенеді. Жайылымға түсіп қалған нимфалар күзде имаго сатысына түлеп, көктемге дейін анабиоз жағдайына еніп, қыстап шығады.



H.scuреnsе - ірі-қара тейлериозы мен жылқы нутталиозының қоздырғыштарын тасымалдайды. Бұл кенелер Орталық Қазақстанға дейін тараған. Оңтүстікке қарай бұл кене жақсы бейімделген, тек теңіз бетінен 1000 м биіктікте ғана болмайды. Бұл кененің ерекшелігі - жануарларды жылдың суық уақытында, яғни қазан айынан мамырға дейін талайды. Олардың ұрғашылары жануарлар денесінен наурыз-мамыр айларында түсіп қалады. Маусым айында жұмыртқалап, одан шыққан балаңкенелер күздің суығына дейін малға жоламайды. Олар негізінен ірі қара малды, сирегірек жылқы, қой және т.б. жануарларды талайды. Қыстың желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында нимфалардың қоректенуі және оның имаго сатысына дамуы баяулайды.

Іхоdеs туысына жататын кенелердің тұмсығы ұзын, түбі төрт бұрышты. Көздері жоқ. Сондықтан олар бұтаның не шөптің басына шығып алып, алдыңғы аяқтарын созып отырады. Мұндай кенелерді мал жүретін соқпақтарда кездестіруге болады. Кенелер соқпақпен өтіп бара жатқан жануарларға немесе адамға жабыса кетеді. Сондықтан да бұл кене туысын Іхоdеs жабысқақ деп атайды. Жайылым кенелерінің ішінде бұл туысқа жататын кенелер аса көп тарамаған. Олардың Іхоdеs rісіnus және I.реrsulсаtus деген түрлері жайылымдарда жиі кездеседі. Бұл кенелер ірі қара бабезиозының қоздырғышы Ваbеsіа bovis, қой анаплазмозының қоздырғышы Аnарlаsmа оvіs және ірі қара анаплазмозының қоздырғышы А.mаrgіnаlе паразиттерін тасымалдайды. Сондай-ақ, I.perculcatus адамның кейбір вирусты және бактериалды ауру қоздырғыштарын жұқтырады.

Ixodes ricinus кенесі Евроазия аймағының солтүстік-батысында көп тараған, оның шығысқа қарай таралу шекарасы Волга өзеніне дейін келеді. Сондай-ақ Кавказ тауы мен тау етегінде де кенелер кездеседі. Ал, Волга өзенінен шығысқа қарай орталық және Оңтүстік алқаптарды басып, Қиыр Шығысқа дейінгі таулы және ағашты жерлерде I.реrsulсаtus кенелері кездеседі. Олар Қазақстанның тау етектерінде және кішігірім тауларда қалың шөп және бұталар арасында кездеседі. Кенелердің бұл түрі кекілік, ор қоян және т.б жабайы аңдар және үй жануарларының эктопаразитгері 20°С суықтыққа шыдай береді. Қолайлы жағдайларда өсіп – жетілуіне 5-9 айдай уақыт керек, ал кейбір жылдары бұл кенелердің өніп – өсуі 2-3 жылға дейін созылады. I.реrsulсаtus кенелері Қиыр Шығыста адамның энцефалит ауруының қоздырғышын тасымалдайтын және осы аурудың табиғи ошақтарын түзуге қатысатыны анықталды.

Dermacentor туысына жататын кенелер жылқының пироплазмоз (қоздырғышы Ріrорlаsmа саbаllі) және нутталиоз (қоздырғышы Nuttallia еquі) ауруларын тасымалдайды. Бұл туысқа жататын кенелердің алты түрінің ішінде Dermacentor marginatus және D.рісtus деген түрлерінің эпизоотологиялық маңызы бар.

Dermacentor туысына жататын кенелердің тұмсығы қысқа, түбі төрт бұрышты, жотасында, екінші аяқ тұсында көздері бар. Денесінің үстіңгі жағы қоңыр түсті болғанымен күміс реңді. Сондықтан бұл кенелерді басқаларынан тез айыруға болады.

Ересек, яғни имаго сатысындағы Dermacentor кенелері жылқы, ірі қара мал, ешкі, қой жіне т.б. жануарлардың қанын сорады. Ал балапан кене және нимфа сатыларында ұсақ кеміргіштерді талайды. Бұл кенелер жануарларға көктем және күз айларында жабысады. Ересек кенелер 2-3 жылдай аштыққа шыдайды. Бір жылдың ішінде бір ұрпағы өсіп-өнеді.



Dermacentor marginatus үш иелі кене. Олар жылқының пироплазмидоз ауруларынан басқа ірі қараның анаплазмозын (қоздырғышы Аnарlаsmа mаrgіnаlе), қойдың анаплазмозын (А.оvіs) және тейлериозын (қоздырғышы Тһеіlеrіа rесоndіtа), сондай-ақ кеміргіштердің туляремия ауруларын тасымалдайды. Кененің бұл түрі Украина, Молдавия, Қырым, Қазақстан, Орта Азия республикаларында, сондай-ақ Батыс және Шығыс Сібірдің Оңтүстік бөлігінде кездеседі.

Dermacentor рісtus түрі де үш иелі кене. Ол жылқының пироплазмидоздарынан басқа - ит пироплазмозын (қоздырғышы Ріrорlаsmа саnіs), ірі қара анаплазмозын және жылқының энцефаломиелит ауруы және омбы геморрагиялық қызбасы вирусын тасымалдайды.

Наеmарһіsаlіs туысына жататын түрлер Н.оtорһіlа және Н.lоngiсоrnіs (Н.nеumаnі). Бұл кенелердің тұмсығы қысқа, түбі төрт бұрышты, көздері жоқ, анальдік жолақ артқы тесіктің арт жағына орналасқан. Құрсақ жағында қалқаншалары жоқ.

Н.оtорһіlа үш иелі, ол қойдың анаплазмоз (Аnарlаsmа оvіs) және пироплазмоз (қоздырғышы Ріrорlаsmа оvіs) ауруларын тасымалдайды. Бұл кенелер Украинаның оңтүстігінде, Қырымда, Солтүстік Кавказда кездеседі.

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында Н.риnсtаtа кенелері болады. И.Г. Галузо және т.б. (1944) байқауына қарағанда бұл кенелер қойдың бруцеллез ауруын таратуда маңызы зор. Н. lоngiсоrnіs үш иелі кене, қиыр Шығыста ірі қараның тейлериоз ауруын тасы- мялдайды (қоздырғышы - Тһеіlеrіа sеrgеnti).



Rһірісерһаlus туысына жататын кенелер: Rh.bursа және R.рumіlіо. Бұл кенелердің тұмсығы қысқа, түбі алты бұрышты, көздері бар, анальдік жолақ артқы тесік артында, еркек кенелердің екі жұп аналдық қалқаншалары бар.

Rh.bursа - екі иелі кенелер, көбіне ірі қара мал мен қойдан табылады, ал R.рumіlіо үй және тағы хайуанаттарына онымен қоса адамға да жабысады. Rh.bursа кенелері қойдың бабезиозын (В.оvіs), тейлериозын (Тһ.rесоndіtа) және пиролазмозын (Р.оvіs), сондай-ақ, ірі қараның анаплазмозын (А.mаrgіnаlе) тасымалдайды. Кенелердің бұл түрі Қырымда, Қара теңіз жағалауында, Кавказда және Қазақстанның оңтүстігінде кездеседі. Бірен-саран кенелер теңіз деңгейінен 2800 м биіктікке дейін кездеседі. Имаго фазасында қой мен ірі қараға наурыз айынан бастап жабысады, бірақ негізінен жағырапиялық алқапқа байланысты мамыр-шілде айларында белсенділігі күшейеді. Ал балапан кенелері жаздың екінші жартысынан бастап, күз айларына дейін кездеседі. Олар қой құлағының ішкі жағына жабысып қанын сорады. Имаго фазасында қойдың түксіз жерлеріне жабысады. Жылына бір ұрпақ береді.

Воорһіlus туысына жататын біздің елімізде бір ғана кене түрі бар (В.саlсаrаtus). Бұл кенелер жайылым кенелері ішіндегі ұсағы. Кененің түсі қоңыр, тұмсығы қысқа, тұмсық түбі алты бұрышты, көздері бар. В.саlсаrаtus кенелері ірі қара пиролазмозын, франсаиеллезін тасымалдайды. Ауру қоздырғыштары кененің жұмыртқасы арқылы немесе трансовариалды жолмен келесі ұрпаққа көшіп отырады. В.саlсаrаtus кенелері Қазақстанның оңтүстігінде, Орта Азия республикаларында кездеседі. Бұл кене бір иелі. Малға жабысқан кене 25-30 күнде қанға тойынып, тасалау жерге 2-3 күннен соң жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан балапан-кенелер жануарларға жабысып, қанға тойған соң 4-6 күн ішінде нимфаға айналады. Олар иесінің денесінен түспей 5-10 күннен соң имаго (еркек немесе ұрғашы) фазасына дейін өсіп-өнеді. Толық өсіп жетілуіне 2 айдай уақыт керек. Жылдың жылы уақытында В.саlсаrаtus кенелері үш ұрпақ береді. Балаңкенелер 6-7 айдай ашығуды көтереді. Тың жерлерді игеруге байланысты В.саlсаrаtus кенелерінің саны жылдан жылға азайып келеді. Бұл кенелердің биотоптары ағашты-бұталы тау етегінде өмір сүруге қолайлы жағдайлар бар жерлерде кездеседі.
Иксодид немесе жайылым кенелерімен күрес шаралары

Иксодид кенелерімен күрес екі бағытта жүргізіледі. біріншісі — олардың шоғырланған жерлері — биотоптарында жою, ал екіншісі — жануарларға жабысқандарын жою.

Кенелерді өз биотобында жою тиімдірек. Кенелерге қарсы шараларды, олар малға жабыспас бұрын бастаған жөн. Кенелердің көптеген түрлері жұмыртқаларын жерге салып, олардан балаң кенелері де сонда пайда болатынын ескере отырып, сол аймақтағы жерді жыртып, көп жылдық шөп егіп, жасанды жайылымға айналдыру жақсы нәтиже береді. Мұндайда көп кенелер өздігінен жойылады, сондай-ақ өсімдіктер құрамы өзгереді, топырақтың жылылық-суықтығы, ылғалдығы өзгеріп, қалған кенелердің тіршілігіне кедергі жасайды. Жайылымдарды жырту кейбір жерлерде Воорһіlus саlсаrаtus, Нуаlоmmа sсuреnsе, Rһірісерһаlus bursа кенелерін жоюға септігін тигізеді, немесе кене түрлерінің санын азайтады. Кейбір өңірлердің биік тау жайылымдарында иксодид кенелері мүлдем болмайды. Төменірек жатқан орман белдеуінде де кенелер өте сирек кездеседі. Сондықтан биік тау жайылымдарын пайдалану, малдарды кенеден қорғаудың ең тиімді жолы. Малдарды таулы жайылымға топырақ суығанда айдаған абзал. Себебі жол бойында кенелі жерлер болуы мүмкін. Кейде, жол бойында малға кене жабыспас үшін, оларды акарацид дәрілерімен тоғытады.

Кейбір өңірлерде қойды кысқы жайылымдарға және одан қайтқанда теміржолмен немесе машиналармен тасиды.

Мал қораларында қалып қоятын Нуаlоmmа аnаtоlісum, Н.dеtrіtum және Н.sсuреnsе сияқты кенелерді жоюдың маңызы зор. Аталған кенелер мал қораларында қыстап, қыс пен көктемде малға жабысып қанын сорады. Бұл кенелерді жою үшін - олар тығылатын саңлауларды, құмға цемент араластырып сылап, кеміргіштердің інін бітеу, сондай-ақ қора маңындағы шөп-шалаңды шауып отырған жөн. Сонан соң, қораны аэрозольді акарацидтермен дәрілейді. Ол үшін аэрозоль - 2 (хлорофос пен ДДВФ қосындысы - 9:1) 20 мл м3 мөлшерінде қораға, глак-ц-глутар альдегиді және циодрин негізінде жасалған баллондағы препаратты 50 мл м3 есебімен шашады. Бұлардан басқа қораны дәрілеу үшін 1,5% хлорофос, 0,2% бензофосфат 200-400 мл м2 мөлшерінде қолданылады. Дәріленген қораларға мал енгізу үшін оларды 3-4 сағат желдетіп, оттықтарын тазалап, ыстық сумен жуу қажет. Мал қораларына дезакаризациялау жұмыстары, көктемде, малға ересек кенелер жабыспас бұрын жүргізіледі.
Жануарлар денесіне жабысқан кенелерді жою

Малды кенелерге қарсы акарицид дәрілерімен, олар малға жабыспас бұрын дәрілеген дұрыс. Ол үшін, неғұрлым әсері ұзаққа созылатын дәрілерді таңдап алу пайдалы. Бірақ, әр акарацидтік дәрілердің балаңкене, нимфа және имаго сатыларына тигізетін әсері әр қилы екенін ескеру керек.

Акарицидтерден мал уланып қалуы да мүмкін. Акарицидтердің әсеріне төл және арық мал, сондай-ақ ұзақ айдаудан келген мал өте сезімтал. Күннің ыстығы да дәрінің организмге тез сіңуіне әсерін тигізеді. Сондықтан 3 айға дейінгі төлге, тууына 1 ай қалған буаз малға кенеге қарсы дәрі қолдануға болмайды. Уланудан сақтандыру үшін малды күннің салқын кезінде дәрілеген абзал. Әрбір дәрінің әсерлі заттарының мөлшері, оның паспортында көрсетілуі керек. Онсыз дәріні қолдануға болмайды. Акарацид дәрілер улы болғандықтан, оларды арнайы орындарда сақтап, оларды сақтау мерзімі және қолданылу мөлшерін мұқият қадағалап отырады. Мал ауруларымен қатар адам ауруларын тасымалдайтын кенелерге қарсы күрес жүргізгенде, кене денеге жабыспас үшін арнайы комбинезон киу, малмен жұмыс істігеннен кейін денені қарап шығу және т.б. сақтық шараларын қолдану қажет.

Малға жабысқан кенелерді жою үшін акарицид дәрілерді бүрку арқылы немесе тоғыту арқылы дәрілеу жұмысы жүргізіледі. Ірі қара мен қойды шомылдыру үшін арнаулы, жүзіп өтетін тоғытпа жасалады. Тоғытпа кірпіштен, тастан, темір бетоннан жасалатын күрделі құрылыс. Қой тоғытатын тоғытпаны ферма маңына салады. Тоғытпа маңында құдық болуы тиіс, оған мал тоғытылған сұйықтықты ағызып, біртіндеп жерге сіңіреді. Малды тоғыту үшін акарацид ерітінділері мен эмульсиялары қолданылады.

Ірі қараны бүрку әдісімен дәрілеу үшін 0,2% бензофосфат, 0,5 /о циодрин, 0,15% дурсбан эмульсияларын әрбір 7 күн сайын, әр жануарға 1-3 л мөлшерде қолдануға болады. Жеке малдарға аэрозольді дерматозол баллонын әр малға 60-80 г есебімен қолданады.

Қойды арнайы тоғытпада шомылдырады. Ол үшін 0,2% бензофосфат, 0,05% неоцидол, 0,1 % дурсбан акарацидтермен әрбір 9-10 күн сайын шомылдырады. Суық маусымда ірі қарада Нуаlоmmа туысына жататын кенелер кездеседі. Оларға қарсы севин дустын пайдалануға болады. Малды дустпен емдеу сыртқы аула ішінде жүргізіледі. Оны арнаулы дайындықтан өткен және арнаулы киімі, көз әйнегі, қолғабы және тыныс алатын аспабы бар адамдар ғана жүргізеді. Дусты әуелі сеуіп, сонан соң оны кенесі бар жерге ысқылау керек. Әрбір ірі малға 300-400 ғ дуст жұмсалады



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет