1.4 «Композициялық-сөйлеу формалары. Әңгімелеудің өзге мәтін түрлерімен арақатынасы» деп аталатын бөлімшеде КСФ-лардың түрлері мен олардың ара жігі, көркем шығармадағы қолданысы туралы талданды.
«Суреттеу – бейнелеудің кеңістіктегі дамуы болса, әңгімелеу – мезгілдік дамуы, ал, ойталқы – логикалық дамуы... Шығарманың композициялық құрылымы осы айтылған сөйлеу формаларының түрліше байланысып қиысқан өрмегінен тұрады. Бір-біріне байланыса, кіріге отырып, сөйлеу формалары көркем шығарманың одан да ірі композициялық құрылымдарына бірігеді [8]. Әңгімелеу, суреттеу, ойталқы нақты шығармада бірнеше сөйлемнен құрылған тұтас мәтіннің үзінділерін құрайды.
КСФ-лар мынадай белгілерге ие болып келеді: олар айрықша мағыналық категория болып табылады; идеалдық мағынаға ие және материалды таңбалардан тыс өмір сүре алмайды. Мәтіннің материалды таңбалық сипаты оның сыртқы қабығы болып саналады; КСФ – бұл тілдің емес, ойлаудың логикалық формасы. Бұл қандай да бір берілген мазмұнның, шындық өмір туралы берілген ақпараттың формасы, ал оны біз тілдік таңбалар арқылы тани аламыз; КСФ – қалыптасқан типтік формалық сипатқа ие. Нақты сөйлеуден тыс барлығына бірдей, жалпыланған, тілдік тұрғыдан сұрыпталған жүйе, сөйлеу композициясының біртектес қалыптасқан формасы болып табылады. Күнделікті сөйлеу барысындағы сөздеріміз осындай КСФ-лардың идеялық формаларының нақты көрінісі болып есептеледі.
КСФ – ойлау үдерісінің құрылымын, типін және ойлау бөлшектерін өзара және бір-бірімен байланыстырудың тәсілдері мен жолдарын бейнелейтін форма болып табылады. Ойлауды құрайтын маңызды бөлшектерге уақыт пен кеңістік және себеп-салдар жатады. Материяның формасы және оның жасалуы әр түрлі болғаны сияқты оның ұйымдасуының да түрлі жолдары бар. Алайда оларды екі құрылымға бөліп қарастыру қалыптасқан: уақыт құрылымы және кеңістік құрылымы, экстенсивті және интенсивті құрылымдар. Экстенсивті құрылым кеңістікте өмір сүрсе, интенсивті құрылым уақытқа байланысты өмір сүреді. Экстенсивті құрылымға бірыңғай заттарды байланыстырудың қалыптасқан түрлері тән болса, интенсивті құрылымға себеп-салдарлық сипат тән. Осыған сүйене келіп құрылымдық байланыстың екі түрін ажыратуға болады: «әңгімелеу» (интенсивті құрылым) және «суреттеу» (экстенсивті құрылым).
Егер де оқиғаның, іс-әрекеттің уақыт ішіндегі өрбуі тұрғысынан интенсивті құрылымды әңгімелеуге тән құрылым десек, ойталқыға логикалық құрылым тән болып келеді. Кеңістік – қатарлас нәрселердің орналасу тәртібін көрсетсе, уақыт – қатарлас нәрселердің бірін-бірі ауыстыруын, себеп-салдар – бірінен екіншісінің пайда болуына әкелетін құбылыстардың байланысын көрсетеді. КСФ-ның бұл типтік түрлерінің модификациясы әрқалай. Құрылымы жағынан олар «классикалық» үлгіде немесе күрделі, аралас, өзгермелі құрылымды болып келуі мүмкін. Алайда, мәтіннің қандай да бір модификациясы (қалып алуы, формалануы) сөйлеушінің субъективтік ұстанымына тығыз байланысты болады. КСФ – табиғатынан екі жақты құрылым. Ол – ойлаудың бір түрі, яғни сөйлеу әрекетін жүзеге асырады, әрі сөйлеу әрекетінің бір түрі, яғни қатысым түріне жатады. «Описательные ССЦ предназначены для характеристики явлений природы, предметов, лиц и т.д. путем перечисления их признаков. В зависимости от предмета, который характеризуется, они делятся на пейзажные, на ССЦ портретной характеристики и др... В повествовательных ССЦ дается представление о развитии описываемых событий, об их последовательности. На первый план выдвигается порядок протекания действия. В каждом ССЦ типа рассуждения четко вычленяются три части: а) тезис, б) доказательство (аргументация) и в) вывод» [9, 71 б.]. Берілген анықтаманың өзінен КСФ-ға тән құрылымдық, мағыналық ерекшеліктер мен композициялық ұқсастықтарды анық байқаймыз.
КСФ-лар мәтіннің контекстік-вариативтік бөлшектерін құрайды. Бұлар – мәтін құрылымының негізін құраушы тұрақты элементтер. Сондықтан көркем мәтіннің мазмұны да КСФ-лардың кезектесіп, араласып келіп, өзара тұлғалық, мағыналық байланысуы арқылы беріледі. Көркем мәтіннің біртұтастығы осы сөйлеу формаларының ұласымы нәтижесінде ұғынылады. Кейбір көлемі шағын шығармалар тек бір сөйлеу формасы арқылы құрылуы әбден мүмкін, не болмаса мәтіннің негізгі баяндау қабаты бір сөйлеу формасы арқылы ұйымдасады. Мәселен, М.Әуезовтің «Қыр суреттері» әңгімесі негізінен суреттеу арқылы баяндалса, Р.Сейсенбаевтың «Үкім» әңгімесінде негізгі баяндау тәсілі ретінде әңгімелеу қолданылады. Сол сияқты Ш. Айтматовтың «Кассандро таңбасы» шығармасында ойталқы мәтіні басым екені байқалады. КСФ-лардың әр мәтіндегі басымдылығы авторлық стильдік мақсаттағы қолданысын танытады.
Көркем шығармада әңгімелеу, суреттеу, ойталқы мәтіндері аралас жұмсалады. Көркем шығармада әңгімелеу мәтіні көп жағдайда суреттеумен қатар жұмсалады. Сонымен қатар ойталқы мәтіні мен суреттеу және әңгімелеу мүшелерінің бір мәтін ішінде араласып келуі де көркем шығармада кездесіп отырады. Жүргізілген талдаулар әр мәтіннің өзіндік артықшылықтары мен баяндаудағы тиімділігін түсінуге мүмкіндік береді. Ал олардың көркем шығармадағы қолданысы туралы мынадай тұжырым жасауға болады: көркем шығармада суреттеу мәтіндері қоршаған ортадағы заттарды, кейіпкердің бейнесін, портретін, мінезі, құбылыстың сырт пішінін, табиғатты, мекенді суреттеу үшін; әңгімелеу мәтіндері оқиғаға негіз болған белгілі бір уақыт шеңберінде бірінен кейін бірі жүзеге асқан әрекетті бірізді бейнелеп көрсету үшін; ойталқы мәтіні авторлық ой-толғанысты, кейіпкердің іс-әрекетіне қатысты авторлық көзқарасты білдіруде, адамгершілікті дерексіз категориялық мәселелер туралы баяндауда жұмсалады.
Екінші тарау «Әңгімелеу мәтінінің көркем шығармадағы ұйымдасу ерекшелігі» деп аталып, мұнда әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық сипаты, тақырыптық-мағыналық түрлері мен композициясы және стилистикалық ұйымдасу ерекшелігі көркем прозалық мәтіндер негізінде талданды.
2.1 «Әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық ерекшелігі» бөлімшесінде әңгімелеу мәтіндерінің лексика-грамматикалық сипаты мен құрылымы сөз болды. Қазақ ұғымындағы «Сөз жібек жіп, жыр кесте» сөзінің метафораланған баламасы мәтін деуге болады. Кесте тігу өнері мен мәтін құрау өнерінің жасалу тетіктері де бір-біріне өте жақын. Мәтіннің жасалуы оның бөлшектерінің өзара байланысы мен қатынасынан, байланысу тәсілінен көрінеді. Синтаксистік байланыс дегеніміз – сөйлеу бірліктерінің өзара қатынасы болып табылады. Ол жекелеген сөйлемдердің арасындағы байланыс түрлері мен тәсіліне және құралдарына қарай ажыратылады. Жекелеген сөйлемдердің синтаксистік байланысы параллельдік және тізбектік болады. Параллельдік байланыс дегеніміз қатар тұрған көршілес сөйлемдердің бірдей, ұқсас синтаксистік құрылымдарға ие болып келуі (Әзімбай да кешкі салқын түсе, үлкен үйдің көлеңкесінен тұрды. Жіңішке қайың құрық сыпталып, жонылып болған-ды (М.Әуезов). Тізбектік байланыс сөйлемдердің синтаксистік тоғысуынан көрінеді (Жылтыр қара мұртының астынан қып-қызыл еріндері күле түсіп, аппақ тістерін ақситып, Мәнікенің қасына ерді. Оны Ысқақ ауылына қарай жаяу ертті де, үй ішінде өткен кеңесті тыңдаумен болды (М.Әуезов). Тізбектік байланыста сөйлемдер құрамына қарай әртектес, параллельдік байланыста біртектес болып келеді. Егер тізбектік байланыстың формуласы А→В, В→С болса, параллельдік байланысқа мынадай формала тән болып келеді: А→ В, С→ Д (В.В.Одинцов). Синтаксистік байланыс бастауыш-толықтауыштық (Үйге кірген Асан ақсақал екен. Оны Мәніке бірден таныды), бастауыш-анықтауыштық Оның артынан біздің Далабай төтенше үйден шықты. Оның да босап шыққанын сезіп, мен қасына да бармадым (Ғ.Мүсірепов). баяндауыш-бастауыштық Кенжекей маздатып от жақты. Жалпылдақ отын лезде тұтады... Қызыл ұшқыны сіркіреп, сытыр-сытыр жанып кетті (Ә.Нұрпейісов). анықтауыш-анықтауыштық Қала тұрғындарының көбінің жеке меншігінде қайығы бар... Солардың біреуінің қайығын сұрап ап, шофер әкелген тамақ пен оқ дәріні, мылтықтарды артып, Мәлік пен Нұрлан көлдің арғы қамысты қабағына есіп барды... т.б. тәсілдер арқылы тұтас мәтін құруға қатысады. Мәтін құрамындағы сөйлемдердің мұндай байланысы арасында белгілі бір синтаксистік қатынастар орын алады. Синтаксистік қатынас деп жеке дара сөйлемдер, КСБ-лар арасындағы семантикалық-синтаксистік қатынастар айтылады. Әңгімелеу мәтіндеріне қарама-қарсы қою, шартты, анықтап-нақтылау, себеп-салдарлық, жалпыдан жекеге ассоциациялық логика-семантикалық қатынас түрлері тән болып келеді.
Әңгімелеу мәтіндерінде тізбектік байланыстың тікелей және жанама (қашық) байланыс түрлері қолданылады. Тікелей байланыс (контактілі) дегеніміз жақын әрі қатар тұрған сөйлемдердің тізбектік байланысы. Бұған жоғарыдағы мысалдар дәлел болады. Қашық байланыс (дистанттық) дегеніміз өзара алыс тұрған сөйлемдердің тізбектік байланысы. Әңгімелеу мәтіні бірліктерін байланыстырушы синтаксистік құралдар сан алуан болып келеді. Оларға фонетикалық құралдар (интонация, ырғақ т.б.); лексикалық құралдар; грамматикалық құралдар; синтаксистік-стилистикалық құралдар жатады. Әңгімелеу мәтіндерінің бірліктерін мағыналық-құрылымдық және композициялық тұтастыққа біріктіруде ең жиі қолданылатыны есімдік сөздер болып табылады. Соның ішінде жіктеу, сілтеу, жалпылауыш мәнді, өздік есімдіктері белсенді түрде жұмсалады. Әңгімелеудегі есімдіктер мен үстеу сөздер оқиғаның уақытқа қатысты дамуын бейнелеуге қатысып отырады: Кей кезде, әсіресе соңғы уақыттарда, алғашқы он кісі бір-бір кіріп шыққан соң тағы тың адамдарын да жіберетін болған. Бұлар бес-алтыдан да келеді. Кейде тіпті елеусіз болсын деп, өгіз мінгізіп, жалғыз-жарым кедей-кепшікті де жібереді. Келгендердің бәрі де ұғындырған тәртіп бойынша сауда қыла келеді. Әр күн әр ләкпеден әр алуан ұсақ-түйек алады. Бірақ бір қадақ сабын, яки бір кез шыт қана алатын болса да, саспай көп қыдырып, көп саудаласып жүретін қазақ әдетінің осы кездерде пайдасы тиген (М.Әуезов).
Осы сияқты «осы кезде», «осы уақытта», «сол заматта», «бұл уақытта» т.б. есімдік + үстеу сөздері арқылы жасалған тіркестер шартты синтаксистік қатынас жасауға қатысады. Шарттылық мән іс-әрекеттің, оқиғаның уақытқа қатысынан көрінеді. Әңгімелеудегі оқиға желісінің дамуына, кейіпкердің іс-әрекетін, қимылын баяндауда етістік ең жиі қолданылатын лексика-грамматикалық категория болып табылады. Әңгімелеу мәтіндерінде оқиғаның өтуін бірізділікпен сипаттау үшін етістіктің -ды/-ді, -ты/-ті жедел өткен шақ тұлғалары жиі қолданылып, бірінен соң бірі болған әрекетті жеткізуге бейім болып келеді: Құдайберген құлаған жоқ. Траптың көлденең ағашына арқасы соғылды да тұрып қалды. Ивлев оңдап тағы бір салды. Құдайберген сасар емес. Өз тілінде әлдене деді де, көзі қанталап Андрейдің кеудесін сол қолымен бүріп, оң қолын түйіп, бастан салып қалды. Балғадай жұдырық Ивлевті мұрттай ұшырды. Құдайберген тіл қатпастан траппен жоғары өрлеп кетті. Жұрт күліп жатыр. Біреуі Андрейдің басына шелектеп су құйып жіберді (Р.Сейсенбаев). Жедел өткен шақ өтіп жатқан оқиғаны деталь арқылы нақтылап суреттеу мақсатында көркем шығармада стилистикалық мақсатта жиі қолданылады: Бетін сипап орнынан тұрды. Төбет келіп аяғына оратылды. Аянышты қыңсылады (Р.Сейсенбаев). Ал есімшенің -ған/-ген, -қан/-кен тұлғалары шығармада баяндалып отырған оқиға уақытынан бұрын болған оқиғаны жеткізуде басымырақ қолданылады. Мысалы: Оның әкесі Тілеміс, Есенейдің сұлтан-правитель кезінде тілмашы екен. Бұл қызметті Тілеміс байлықпен немесе бектікпен алмаған, өз басының өнерімен алған. Оның әкесі Сапақ, қазақша «Стоп» орысша Пресногорьковка аталатын казак-орыс станицасына жалшы боп шошқасын бағады екен (С.Мұқанов).
Әңгімелеу мәтіндерінің жасалуына жалғаулық шылаулар, қыстырма конструкциялар, синтаксистік параллельді құрылымдар, сөздердің орын тәртібі негіз болады. Жалғаулық шылаулар алдыңғы сөйлемде айтылған пікірге, оқиғаға қарсы мән тудыру мақсатында жұмсалады. Қыстырма сөздер, айқындауыш мүшелер сияқты мәтін оқиғасына, кейіпкер іс-әрекетіне қатысты субъективтік қарама-қарсы, ыңғайлас, толықтырушы көзқарасты, ойды, бағалауды көрсету үшін қолданылады. Анафора, эпифора, дамыту, қайталау т.б. және троп түрлері де сөйлемдерді, КСБ-ларды синтаксистік жағынан байланыстырып, оларға белгілі бір стилистикалық мағына, реңк үстеп тұрады. Бұл жолы Яков жылады. Егіліп, шын жылады. Көнбіс Көбеген үшін. Бақытсыз Сақыпжамал үшін. Оқ астында қанға батып өлген бейтаныс әйел - өзінің туған анасы үшін. Тіпті, өмірін аурумен, азаппен өткізген сөйлеуік қара кемпір үшін. Түптен келгенде өзі үшін. Кісі қолына қарап, біржола жетім қалғаны үшін (М.Мағауин). – «жылады» етістігі мен «үшін» шылауының қайталанып келуі мәтін мазмұнының себеп-салдарлық мәнін өзектендіріп тұр. Қайталанып келген етістік пен шылаудың сонымен бірге кейіпкердің ұзақ, қатты қайғырып, түңіліп және таусыла жылаған бейнесін беруге стилистикалық құрал ретінде жұмсалған. Септеулік шылаудың сөйлемнің соңында келуі де оның маңыздылығын арттырып, себеп-салдарлық мағынаға ерекше мән беріп тұр. Әйел екеуміз аз ғана ұрсысып қалдық. Әйел тісінің арасынан бірдеңе деп маған ұрсады, мен де ақырын ғана оған ұрсамын. Әйел жанына батқандықтан және еркектен ұялғандықтан ұрсатын шығар деймін, мен әйелдің өзін аяғандықтан ұрсам (Ғ.Мүсірепов). Етістік сөз қайталанып келу арқылы бірнеше рет жүзеге асқан әрекетті нақтылауға және мұнда да себеп-салдарлық мағынаны ашуға көмекші қызмет атқарып тұр. Троп түрлерінің байланыстырушы құрал ретінде жұмсалуы көркем шығармаға тән болғанмен, әңгімелеу мәтіндерінде ол сирек кездесетін құбылыс (суреттеу мәтіндерімен салыстырғанда). Троп түрлерінің қолданылуы шығарманың тұтас стилистикалық композициясы мен стиліне, жанрына да байланысты болады. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің символдық мәнде баяндалатын ана тақырыбындағы циклдік шығармаларында және тағы да басқа кейбір шағын көлемді шығармаларының баяндау тілінде троп түрлері жиі ұшырасып отырады. Тіпті әңгімелеу мәтіндерінде де кездеседі. Мысалы: Тоқпақтай тиетін тоқпақ жілік, «күрзідей» тиетін ортан жілік, шоқпардай тиетін асықты жіліктер жарқ-жұрқ етіп, әр жерден өре тұра келді. Бәрінің көздегені келген батырдың шекесі сияқты (Ғ.Мүсірепов). Мұнда кейіпкерді суреттеуде синекдоха ұтымды қолданылған. Троптың әңгімелеудегі қолданысы шығарма «мінезіне» тән «асқақтық», «көтеріңкі» көңіл-күй мен эмоцияны жасауға қатысқан. Жартастың қасында дүлдүлге қарап Мұңайтпас та әлі тұр. Әсем айғырға қатты қызығып, мініп бір бел шауып барып қайтар ма едім дейді. Дүлдүлдің қасында өз ағаларының аттары бір топырыш сияқтанып қалған. Әсем айғырға бүйірі бұрғандай, астындағы тарлан көк бие де мінез көрсете қалды (Ғ.Мүсірепов). Алдыңғы сөйлемдегі метафораның кейінгі сөйлемдерде эпитетті тіркеске айналып қайталануы әңгімелеуге өзек болған оқиғаға қатысты көркем бейнені беруге қызмет етіп тұр. Кенжекей маздатып от жақты. Жалпылдақ отын лезде тұтады... Қызыл ұшқыны сіркіреп, сытыр-сытыр жанып кетті (Ә.Нұрпейісов). Екі айтылым-сөйлемді байланыстыруға дәнекер болып тұрған сөздердің кейінгі сөйлемде эпитетті зат есімге айналуы оның сын-сипатын бейнелеуге қатысып тұр. Әңгімелеу мәтіндерінде түбірлес сөздердің қайталанып келіп, байланыстырушы қызмет атқаруы да жиі кездесетін құбылыс болып табылады.
2.2 «Әңгімелеу мәтінінің тақырыптық-мағыналық түрлері» деп аталатын бөлімшеде әңгімелеу мәтіндерінің мағыналық-тақырыптық түрлерін топтастыруға талпыныс жасалды.
Әңгімелеу мәтінінің тақырыптық түрлерін топтастыру бұған дейін орыс ғалымы Г.А.Золотованың еңбектерінде айтылған болатын. Ол мәтіннің тақырыптық түрлерін ондағы берілген ақпараттың сипатына қарай анықтап, әңгімелеу мәтініне тән мағыналық топқа акционалды және статикалы-динамикалы ақпаратты ремалық бөлікті мәтіндерді жатқызады. М.П.Брандес әңгімелеу мәтінінің оқиға туралы әңгімелеу, көңіл-күйді әңгімелеу, қалыптасқан жағдайды әңгімелеу, қысқаша ақпаратты әңгімелеу түрлерін көрсетті. Қазақ тіл білімінде М.Ахметова суреттеу мәтіндерінің кейіпкерді суреттеуге және кейіпкердің қоршаған ортасын суреттеуге арналған статикалық, динамикалық суреттеу түрлерін ажыратып берді.
Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық-мағыналық түрлерін жақтық және оқиғалы мәнді әңгімелеу мәтіндері деп топтастырып қарадық. Көркем шығарма табиғатына тән негізгі екі нысан кейіпкер және сюжет болып табылады. Көркем шығармадағы әңгімелеу мазмұны да осыларға байланысты өріліп отырады. Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндерінің басты ерекшелігі – мәтіннің басты тақырыбы кейіпкерге, кейіпкердің нақты жағдайға байланысты іс-әрекеті сөз болуында. Белгілі бір қалыптасқан жағдайға сай іс-әрекетін әңгімелеу арқылы кейіпкердің мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін ашу көзделеді: Шатқал арасына жеткенде аттан түсті. Аттың ауыздығын алып, айылын босатты. Ерді алуға жүрексінді. Шілік арасын кезіп жүріп, биік, жалғыз қара ағаш түбінен көз тапты. Таңдайы кеуіп қаталап тұр еді: етпеттей жата кетті. Су жып-жылы екен, жүрегі айныды. Басын жоғары қарай бір сілкіп тастап, суға қайта еңкейді. Сонда байқады: судың іші толған шіркей. Орнынан тұрып, ұзақ түкірінді. Жүрегі айнып, лоқсып-лоқсып алды. Қалың шілікті көлеңкесіне ендеп кіріп, шапанын астына төсеп жата кетті. (Р.Сейсенбаев). Мұндағы мәтіннің динамикалық ұйымдасуы ремалық бөліктегі етістіктерден, олардың бірыңғай шақтық тұлғаларынан көрінеді. Мұнда іс-әрекеттің уақыт-мерзімге қатыстылығы негізінен етістік тұлғалары арқылы ашылған.
Мәтінде етістік сөздер және оның бірыңғай өткен шақтық тұлғалары синтаксистік байланыстырушы құрал ретінде жұмсалған. Сонымен қатар, мәтіндегі теманың жасырын түрде беріліп, ремалық бөліктің бірыңғай кейіпкердің әрекетіне құрылуы автордың көркемдік мақсатынан туындаған стилистикалық амал ретінде көрінеді. Мәтін құрамындағы параллельділік те бірінен соң бірі бірдей ырғақпен, бір қалыпты, біртоға орындалған қимыл-әрекетті баяндау арқылы кейіпкердің көңіл-күйін жеткізуге көмектесіп тұр.
Әңгімелеу мәтіндерін ұйымдастыруға ұйытқы болатын есімдіктердің синтаксистік байланыстырушылық қызметі мен рөлі ерекше болып келеді. Кез келген мәтінде екінші сөйлем, болмаса, үшінші немесе төртінші сөйлемдер алдыңғы сөйлеммен есімдік сөздер арқылы байланысып жатады. Есімдіктер жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндерінде кейіпкерді меңзеп, оның іс-әрекетін әр қырынан дамытып отырады. Жақтық мәнді әңгімелеу мәтінінде жалғаулық шылаулардың, сан есімдердің де қызметі айрықша болып келеді.
Оқиғаның, кейіпкердің оқиға уақытына объективтік, субъективтік қатыстылығы олардың тема/ремалық бөліктерінен байқалады. Әңгімелеу мәтіндерін тақырыбы мен мазмұнына қарай жақтық мәнді және оқиғалы мәнді деп бөлудің өзі шартты. Себебі оқиға екі жағдайда да болады. Бірақ басты ерекшелігі – осы оқиғаға кейіпкер қаншалықты қатыстырылады және оған автор қаншалықты мән береді. Бұл көркем мәтінді тақырыптық-мағыналық түрлерге топтастыруда назарға алынатын басты ұстаным болып табылады. Осы шарттылыққа қарай бұл мәтін түрлерін субъективті және объективті деп те атауға болады. Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндеріндегі субъективтілік кейіпкердің іс-әрекетіне, соған қатысты баяндалатын оқиға-жағдайға тәуелді болса, оқиғалы әңгімелеу мәтіндеріндегі объективтілік объективтік уақытқа тәуелді болады. Мысалы: Қазақ, қырғыз, өзбек, тағы басқа халықтарды қара жұмысқа алу, 1916 жылғы көтеріліс және оны патша жазалаушыларының аяусыз қырып-жоюы үйреншікті өмір ырғағын бұзып, Түркістан халықтарының әл-ақуалын тіпті нашарлатқан еді. Бұл тұста кейбір аудандарда бұрынғы мал басының үштен бірі ғана қалып, мал шаруашылығы ерекше күйзеліске енді. Оның үстіне 1917 жылдың қысы қатты, жазы қуаң болды. Осынау кезеңде миллиондаған халық көз телмірткен Россия астығын Ақтөбеден Дутов, Кавказдан ағылшын интервенттері бөгеді де, Жетісу ақ бандылары Сібір астығына тосқауыл жасады. Осының нәтижесінде 1918 жылдың августында Ташкентте ауыр жағдай орнады (Ж.Арыстанов).
Көркем шығармаға тән әңгімелеу мәтінінің баяндалу мәнеріне шығарманың жанры да өз ықпалын тигізеді. Мұндағы уақыт пен оқиға параллель бірге жүріп отыратындығы байқалады.
2.3 «Әңгімелеу мәтінінің композициялық құрылымы» және оның тыңдаушыға әсері зерттеушілердің назарына ертеден ілігіп келеді. Мәтіннің композициялық бөліктері А.Байтұрсынұлының зерттеулерінде мазмұн мүшелері ретінде анықталады «Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Мазмұнның үш мүшесі болады: 1. Аңдату. 2. Мазмұндау. 3. Қорыту. ...Аңдату мүшесі шығармаларда керегіне қарай болады. Мазмұндауында ой тиегін ағытқан сияқты айтайын деген пікірдің бәрі айтылады. Мазмұндау – шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры, онсыз шығарманың мазмұны болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда айтылған пікірдің қорытылып, маңызы шығарылады. Қорыту мүше де мазмұн біткеннің бәрінде бола бермейді, бұ да керегіне қарай болатын мүше» [1, 13 б.]. Ғалымның осы тұжырымдарын негізге ала отырып, композициялық-сөйлеу формаларын құраушы құрылымдық бірліктер әр КСФ-тың мақсат-міндеті мен қызметіне қарай түрліше ұйымдасатынын көруге болады. Әңгімелеу мәтінінде сөйлеушінің мақсаты оқиға туралы әңгімелеу болатындықтан онда суреттеу нысанының қасиет-сапасынан гөрі оқиғаны бейнелейтін қимыл мен іс-әрекет басты орында тұрады. Ал қимылдың басталатын уақыты болады, бір қимыл екінші қимылға түрткі, себеп болады. Сонымен бірге, қимылды жүзеге асырушы кейіпкер, оның жүзеге асатын орны, дамуы, нәтижесі болатындығы белгілі. Әңгімелеу мәтіндерінің басты мазмұндық және құрылымдық сипатын да осылар құрайды.
Мәтіннің қай түрінде болсын оның алғашқы бөлігі баяндалатын тақырып туралы жалпы мәліметті ұстап тұрады да, кейінгі бөліктердің мазмұндық ұйымдасуына түрткі болып, бағыт-бағдар беріп тұрады. Аңдату бөлігінің автор және оқырман үшін де басты қызметі осында – бағыт-бағдар беруінде: Құдайберген аттан түсіп, түн қараңғылығында қос тізесін құшақтап отырып қалды. Жирен иесінің иығын түрткілейді. Батыр ендігі тірлікте жапа-жалғыз сопиып қалғанын түсінді. Жалғыз... қалды... (Р.Сейсенбаев). Мысалда аңдату бөлігі кейінгі мазмұндау бөлігі үшін қызмет етіп тұр. Кейіпкердің нақты оқиға жағдайындағы жай-күйі 1-сөйлеммен түйінделген. Мұнда сөйлем көркемдік жағынан да ұтымды шыққанын анық көруге болады. Тізесін құшақтап отырып қалған кейіпкердің әрекеті кейінгі сөйлемдерді түсіндіріп, толықтырып, мағынасы мен әсерлілігін күшейтіп тұр. Оған кейіпкердің нақты оқиға жағдайындағы әрекеті негіз болған. Әңгімелеу мәтіндерінің аңдату бөлігі мен мазмұндау бөлігі бір-бірімен анықтау, себеп-салдарлық, және қарама-қарсы қою қатынастарында ұйымдасады. Мәтін түрін анықтауда мазмұндау бөліктері шешуші рөл атқарады. Әңгімелеудің аңдату бөлігі жалпы тақырыпты ұстап тұрмайды, кейінгі мазмұндау бөлігінде баяндалатын оқиға жағдайындағы табиғатты, мекенді, оқиғаның, әрекеттің басталу мезгілін, сипатын меңзеп тұрады: Бұлақтың қыр жақ бетіне тіккен бүлдіршіндей ақ отаудың түрулі іргесінен құлын құйрық майда леп соқты. Төрехан иығындағы түйе жүн шекпенді сырып тастап бешпентшең қалды. Сонан соң, кәрлен кесені бәкене сары солдатқа дөңгелетіп жіберді (А.Сүлейменов). Биік құздың жапсарында жабыса тігілген жалғыз қазақ үй, дәл үстінен түспесең көзге оңайлықпен іліне қоймайды. Құдайберген үйдің күншығыс жақ бетінен шықты. Үй алдында қараңдаған төбет жақындап қалған аттылыны көріп, абалап үре түрегеліп еді, жүгірген жоқ абалауын да лезде қойды (Р.Сейсенбаев). Осы кезде сырттан дабыр-дүбір естіліп қалды. Қарағұл маған, мен Қарағұлға қарадым (С.Сматаев). Әңгімелеу мәтініне тән аңдату бөлігінің мынадай мағыналық түрлерін көрсетуге болады: 1) қимыл мәнді аңдату; 2) мезгіл мәнді аңдату; 3) мекен мәнді аңдату.
Достарыңызбен бөлісу: |