§3. Тергеу әрекетін жүргізу барысында фотографияны қолданудың ерекшеліктері
Тергеу әрекетін жүргізу барысында фототүсірілімдер өте жиі қолданылады. Фототүсірілім объектілеріне: оқиға болған жердің жалпы жағдайы мен оның бөлігі, мәйіт, іздер және басқа да заттай дәлелдемелер жатады.
Тергеу қарауын жүргізу кезінде оқиға болған жерді суретке түсіру.Оқиға болған жердің жағдайын және ол жерден табылған қылмыстық іздер мен басқа да заттай дәлелдемелерді дұрыс әрі толық бекіту тергеу әрекетінде қойылатын негізгі талаптардың біріне жатады.
Оқиға болған жерді суретке түсіру келесідей тәртіпте орындалуы тиіс:
а) оқиға болған жер және оның жекеленген бөлігінің жағдайы жөнінде толық мағлұмат алатындай көрнекі түрде түсірілуі шарт;
ә) оқиға жағдайы барынша толық, әрі дәлме-дәл түсірілуі қажет;
б) қажет болған жағдайда түсірілген объектілердің көлемі жөнінде мәлімет бере алатындай етіліп (метрлік және масштабты) түсірілуі тиіс.
Оқиға болған жерді түсіру келесідей әдіс түрлері арқылы жүзеге асырылады: бағдарлап, шолып, түйінді және детальды түсіру әдістері.