Тексеруді сурдопедагог және психолог өткізуі тиіс. Психолог баланың эмоционалды – ерік сферасының қалыптасқан деңгейімен, операциядан кейінгі естіп сөйлеу тілін қабылдауды дамыту жұмысын өткізуге кедергі келтіретін психологиялық қиындықтарды анықтайды. Сондай – ақ баланың зиятының даму деңгейін тексереді, ата – анасына психологиялық көмек көрсетіп, КИ нәтижесін адекватты күтуге дайындайды. Психолог болмаған жағдайда арнайы педагогикалық әдістерді қолдану арқылы сурдопедагог өткізуге де болады, бірақ күрделі психологиялық қиындықтар байқалған жағдайда бірден психологқа көрінуі қажет. Тексерудің нәтижесін қорытындылай келе және басқа да тексерулерге (аудиометрия, психологтың қорытындысы) сүйене отырып, сурдопедагог өзінің тексерулерінің нәтижесін, естіп қабылдауын дамытуға жағымды және жағымсыз факторларын және КИ қолдану перспективасын бағалауын қорытынды қағазға түгелдей жазады. Біз жоғарыда айтып кеткендей КИ жасалатын балаларды кейіннен естімей қалған және ерте естімей қалған балалар деп бөліп қарастырғанбыз. Осы топтарға жататын пациенттерге байланысты психология – педагогикалық тексерудің міндеттерінде айырмашылықтар болады. Осы жерде біз екі топты: сөйлеу тілі шыққаннан кейін естімей қалған мектеп жасына дейінгі балаларды және ерте естімей қалған мектеп жасына дейінгі балаларды қарастырамыз.