V - СОӨЖ
Темпераменттің психологиялық сипаттамасы.
Темперамент. Әрбір адамның жаратылысы бойынша тума бір түрлі мінезі болады. Мысалы, сыртқы дүние әсерлерінен өзінше бір түрлі әсерленуі, яғни ішкі сезімдердің өзінше бір түрлі оянуы сықылды. Міне, осындай тума мінез темперамент деп аталады. Ол төрт түрлі.
Сангвиник темперамнеті – сыртқы әсерлерді жеңіл және тез алуы, бірақ терең ала алмау. Сангвиник адам ұшқыр, ойнақы, еті тірі болады. Бірақ бір әсерден екінші әсерге секіріп түсе беретін, бір әсерге аялдап тұра алмайтын тиянақсыз адам болады. Әрбір істі бастап тұрып, тастап кететін болады.
Холерик темпераменті – сыртқы әсерлерді тез және терең алу. Холерик адам әрбір әсер артынан салпақтай бермейді. Бір алған әсеріне мықты, бекем болады. Көздеген мақсатын қадағаламай, тиянақтамай, жолда шала қалдырмайды, табанды, қайратты болады. Қиын-қыстау мәселені тез шешеді, тез орындайды. Бірақ холерик адамның ашуы шапшаң һәм қатты болады. Сол ашу себебімен көп уақытта ұнамсыз істер істеп тастайды. Тіпті бірбет, қияңқы болады.
Флегматик темпераменті – әсерлерді әлсіз алу немесе ішкі сезімдердің созалаң оянуы. Бірақ түбі берік болады. Флегиматик адам - ауыр мінезді адам, түрлі әсерге көрсеқызар болмайды. Мәселені тез шешеуге асықпайды, іс істегенде саспайды. Шапшаң ашу, қызу мінез болмайды, салқын қанды болады. Басын жарып, көзін шығарып, жан алып, жан беріп істі тез бастап кете алмайды. Бірақ бір бастаса, салпақтап артынан қалмайды.
Меланхолик темпераменті – адамның ішкі сезімдердің биігінде болуы, өзінің ішкі сезімдеріне, жалпы айтқанда, өзінің ішкі дүниесіне берілген. Меланхолик адам аулақты жақсы көреді. Ешкімге сенбейді. Істе қалтылдақ, жасқаншақ болады. Тұрмыста кедергі ұшыраса, оның жүні жығылып, қайраты сөніп, жасып қалады. Меланхолик адамның үміттен уайымы, қуаныштан қайғысы көп болады. Аз ғана кедергі оны қалың уайымға, қайғыға түсіреді. Меланхолик адам өзіне берілген. Өзім деген кісіге құл болғандай жақын болады. Бірақ ана кісіден бұған жақпайтын қарсы мінез шығып қалса, оған қас болып кетеді. Мұндай меланхолик адамның сіркесі су көтермейді. Сондықтан мұндай адам бірбет, қыңыр-қисық болады.
Темпераменттің бұл төрт түрі бір-біріне қатыспай, таза күйінде ғана болады деуге болмайды. Көбінесе бұлар бір-біріне аралас болады. Мысалы бір адамда сангвиник пен холерик темпераменті аралас болады. Бір ададма флегматик мен холерик темпераменті аралас болады. Темперамент тұрмыстың һәм тәрбиенің әсерімен өзгереді. Темпераменттің түрлі болуы біраз жас, ер, әйелдік һәм тұқымнан да болады. Мысалы, көбінесе жас шақта адам сангвиник болады, ерлікте холерик болады, кәрілікте флегматик болады. Көбінесе әйел адам сангвиник болады. Ер холерик болады.
Достарыңызбен бөлісу: |