МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері



бет2/6
Дата05.11.2016
өлшемі1,25 Mb.
#808
1   2   3   4   5   6

Сұрақтар
1. Тілдік терминдердің «Әдеби тілге» қатысы бар ма?

2 .Жалпы халықтық тілдің анықтамасы бар ма?

3. Ауызекі сөйлеу тілі мен ауыз әдебиетінің тілі деген не? Айырмашылықтары?

4. Субстрат деген терминнің анықтамасы?

5. Әдеби тіл болу үшін оның қандай белгілерін білесіз?

1.2 «Әдеби тілдің» және отандық тілші ғұламалардың пікірі
Әдеби тіл деген термин тұп-тура «жазба тіл» (лат. Littera-буква, письмо; мн.ч. Iitterae-буквы, письменность ). Дәл осындай баламаны басқа тілдерде ұшыратамыз: нем. Schriftsprache-письменный язык, чеш. Spisovny jazyk-письменный язык. Әдеби тіл расында да жазбалық қасиетке ие болады. Және оның негізгі белгісі болып табылады. Сол сияқты «жазба тіл» мен «әдеби тіл» де бірдей емес. Біріншіден, әрбір жазба тілдік қасиет әдеби сөз болып табылмайды. Екіншіден, әдеби тіл тек қана жазбалықтан тұрмайды, оның ауызша да формасы болатыны белгілі, әдеби тіл екі формада өмір сүреді.

Қазақ әдебиетінде Абайға дейінгі поэзия өкілдерін «әдебиет» дегенге жатқызбайды. М.Жұмабаев: «Осы күні біздің оқушыларымыз қазақ әдебиеті десе, Абайдан бергі әдебиетті ғана ойлайды, қазақ ақындары десе, Абайдан бергі ақындарды ғана көреді. Әдебиетті білсе де, ақындарды білмейді» - деп айтқаны осындайдан келіп туған ой еді. Бұл деген, «әдебиет» дегенге тек қана жазба әдебиет тұрғысынан қарау байқалады. «Әдеби тіл» деген терминді дәл осы мағынасында «жазбалығына» қарап қолдану расында да дұрыс болмайтынын өмір өзі дәлелдеді. Оның үстіне, әдеби тіл тек қана жазба әдебиетті қамтымайды, ауызша дамыған әдебиетті де қамтиды. Әдебиет деген сөздің түп-төркіні «литера» (әріп), (жазу) ұғымында болса, онда «жазба» терминінің бойында ауызша айтылу арқылы таңбаға түсіру деген мағына астарласып жатады. Демек, «жазба» қандай жағдайда қолданылады, ауызша хабарды хат арқылы жеткізу дегенмен бәрібір сай келеді. Ауызша хабар хатқа «жазба» арқылы түседі. Бұл арада, «жазба» деген ұғымның өз алдына «ауызша» деген ұғымнан алшақ кете алмайтыны байқалады. «Жазба» себеп болмаса «ауызша жеткен дүние» «жазба» бола алмас еді. Олай болса, «әдебиет» деген ұғымды «ауызша» және «жазбаша» жеткен жадығаттарға қолдану тиімді болатыны қазақ әдебиетінде дәлелденді. Қараңыз: Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері, 1989, 6-7 б; Т.Қордабаев. 1991, 97-98 б; С.Құрманғалиева, 1995,74- 75 б; Р.Сыздықова. 1995, 8 б; Сөз құдіреті. 1997, 210 б; М.Балақаев, М.Томанов, Е.Жанпейісов, Б.Манасбаев. 1974, 10-11 б; С.Аманжолов. 11-14 б; Е.Жанпейісов. 1968, 12 б. т.б.

Түркі елі әлімсақтан бері ауызша дамыған естімелі дағды арқылы жеткен құндылықтарын зерттеуде. М.Қашқаридің «Олар түрік тілдерін әлімсақтан жақсы біледі» - деген сөзі бүгін де құндылығын жойған жоқ. Әлімсақ (әлім//әліп+сақ) екі түбірден құралған сақтардың көнеден жеткен руникалық жазбасының таңбасы. Былайша айтқанда әріп. С.Мұқанов: «Қыпшақтардың рулық таңбасы, жоғарыдан төмен қарай тартқан қос сызық. Оның аты «әліп». Нұржан Наушабаевтың - «руым Қыпшақ болғанда таңбам «әліп» деуі содан. Осы қай «әліп»? Араб алфавитінде «а» орнына қолданылатын бас әріп «алиф» аталады. Біз оны қазақшалап «әліп» дейміз» - деп жазды (Халық мұасы. 1974, 32 б. Расында, Қыпшақ руы Арабтар келмес бұрын өмір сүрген. С.Аманжолов Аристовтың (Қыпшақтар Қаңылылардан шыққан) оған дәлелі қаңлылардың таңбасы тігінен тартылған бір сызық: /, ал, қыпшақтардікі екі сызық: // соны тіліне тиек қылады дейді. Аманжолов бір және екі сызық өз алдына дербес қызмет ете алатынын айтады (Вопросы диалектологии и истории казахского языка. 1959, 73 с.). Демек, сақтардың бірінші руникалық таңбасы (әліп) болды деуге толық негіз бар. Олай болса, әліпбиі бар елдің «жазуы» бар. «Жазу» бар жерде «әдебиет» бар. Бұдан шығатын қорытынды «әдеби тіл» деген терминдегі «әдеби», «әдебиет» қазақ ұғымы үшін таңсық бола алмайды.

Қазақ әдебиетінде әдеби тіл туралы мәселені Ахмет Байтұрсынов көтерді. Авторы жоқ шығарманы халық әдебиеті деп, ауыз әдебиетін анайы әдебиет, жазба әдебиетті сыпайы әдебиет деп танушылар бар дей отырып, қалай болса да бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүреді деді «Жазу әдебиеті» («Әдебиет танытқыш») (1926). «Қазақтың тұтынған тілімен жазбай шығарушылар: «Китаби тіл», «Әдеби тіл» деп ноғай тілімен, яки сарт тілімен жазған. Қазақтың тілінде басылған бұрынғы шығармаларды алып қарасақ, қазақ тілі болмай, қазақ пен ноғай тілінің араласқан қойыртпағы болып шығады» дей келіп, А. Байтұрсынов жазба әдебиетті екіге бөледі: 1. Діндар дәуір; 2. Ділмар дәуір. А. Байтұрсынұлы әдебиеттің басын «діндәр дәуірден» басталады деп дұрыс жазғанымен артынан «басқа жұрттардың әдебиетінен (араб, парсы-автор) туған дәуір» деп көрсетеді де діндәр дәуір әдебиетін қатты сынға алады (Байтұрсынов, А., 1989, 232, 262 б.]. Дегенмен, А. Байтұрсыновтың халық әдебиеті деген термині Абайға дейінгі поэзия өкілдеріне қолданылып, берітінде ХХ ғасырға дейін айтылып келді.

Ал Х. Досмұхамедұлы халық әдебиетіне емшілік халық әдебиетін жатқызып, шамандық дәуірде пайда болған …мұсылман дінінің әсерімен өзгеріске түскен, …қазақтың жазба әдебиеті ХIХ ғасырдың бірінші жартысынан басталады дейді (Аламан. 1991, 25, 33 б.]. Х. Досмұхамедұлы ХIV ғасырлардағы (Орта түркі жазба мұраларын) хандар жарлықтарын, ХVIII ғасыр қазақтың көне әдеби жазба нұсқаларын білмеді деуге болмайды, орыс, еуропалық зерттеушілерінің ХIХ ғасырға дейін қазақта жазба деген атымен болмаған деген сөздің ауанымен айтылғаны байқалады. Олар тіпті берітінге дейін түркі халқына ортақ «Орхон-Енесей көне түркі жазба ескерткішін» жасырып келгені де шындық.

Бұл арада, Славян алфавитінің IХ-Х ғасырда глаголица мен кириллица екі азбукадан тұратынын оны ағайынды жігіттер Кирилл мен Мефоди жасағанын бұлғарлық (македондықтар) олар византия жерінде Солуни (қазір Солоники) туған. 862 жылы моравтық князь Ростиславтың шақыруымен келгенін айтуға тиістіміз (Кодухов. 1979, 172 с.). Мұрат Аджи бұл тарихи шындықтың бұрмаланғанын ағайынды жігіттер Қыпшақ даласында, Ұлы Бұлғар қағанатында, Фанагория деген астана қаласында дүниеге келгендігін, орыс тілін білмегенін, олардың кириллица емес глаголицаны жасағанын, түрік-қыпшақтар көнеден руникалық жазбаны пайдаланғанын, бұл жазу Еуропалық грек және латын литерінен анағұрлым басқа болғандығын айтады. Ағайынды жігіттер өз жазбаларына еуропалық түр ғана енгізіп, руникалық жазбаны литерге ауыстырды деп жазғанын тілге тиек қыламыз (Қараңыз: 1994, 28-29 б.). Тіпті, олардың алғашқы келісім шарттары (договорлары) 907, 944 жылдары пайда болды (Б.А.Ларин. Лекции по русскому литературному языку (Х-середина ХVIII в. М., 1975, 172-173 с.).

«Орхон-Енесей жазба ескерткіші» (жазба тас) бітікші (хат жазушы), (бедізші-тасқа қашап жазушы адам болған) 718-719 жылы Иоллығ-тегін жаздырған Тоныкөк, Білгеқаған, Күлтегін тарихта өзіндік орындары бар тарихи тұлғалар болатын (Л.Гумилев. Көне түріктер. –А., 1994, 335 б; Ежелгі дәуір әдебиеті. 1991, 5-38 б; Ғ.Айдаров. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. 1986, 5-171 б.). I Петрдің тұсынан бері белгілі болса да, ешкім зерттеп, сырын ашпаған (Ғ.Айдаров. 1995, 5 б.). Себебін, түріктер (қазақтар) орыс, еуропа мәдениетінен асып кетеді деген империялық көзқарастан әрі аса алмағандығымен түсіндіреміз.

Қазақ әдеби тілін алғаш зерттеген Қ. Жұбанов: «Қазақ тілінде еш бір диалекті жоқ деуге болады. Осы күні ғана болар-болмас жарқыншақ барын сезіп жүрміз» диалекті сөздер көп болса қазақ жеріндегі ұшсыз, қиырсыз шалқыған кең даланы алып жатып тұрып, қалайша мұндай тіл тұтастығын жасай алды деген сұрау таңдандырады деп жазса, С. Аманжолов қазақ әдеби тілін жан-жақты қарастыра келіп: «солтүстік-шығыс диалектісінің негізінде қазақ әдеби тілі қалыптасты» - деп жазды. С. Аманжолов Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев шығармаларына да көңіл бөлген. Бұл арада М. Әуезовтің мына пікірі: Абайдың тек қана Шығыс Қазақстан тілімен жазды деу біздіңше жеткіліксіз, дәлелсіз дегені көңіл аудартады (М.Әуезов. 19 том. 1985, 251 б.). А.Байтұрсыновтың жасаған терминдері заман ағымына байланысты өзгеріске ұшырады: халық әдебиеті (халық тық поэзия) «Қазақ ССР тарихы»; (профессионал әдебиет) өкілдері (Р. Сыздықова), анайы әдебиет (ауыз әдебиеті, фольклор). Бұл мәселе төңірегінде Т. Қордабаев түрлі пікірлер бар сыпайы әдебиет (жазба әдеби тіл) өткен ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларын әдебиет қатарында қарастырғанмен, бұл әдебиетті әркім әр түрлі атап жүрді дейді (Р. Сыздықованың еңбегін қараңыз: 14 б.). А. Байтұрсынов пен Х. Досмұхаметұлы діндар әдебиетке байланысты келгенде екі түрлі пікірде болды. Мысалы, А. Байтұрсынов діндар дәуір ауыз әдебиет түріне түр қосып жарытпады дейді.

С. Садуақасов қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Ол қазақ әдебиетінің ауызша кезеңін ХIХ ғасырдың екінші жартысына дейін, жаңа жазба әдебиеті ХIХ ғасырдың екінші жартысынан басталады деп жазды. С.Садуақасов: «Жазба әдебиеттің негізін салушы «Мәшһүр» деген атаққа ие болған Жүсіп Көпеев, кейінірек Абай Құнанбаев болды» - дейді өзінің мақаласында («Халық кеңесі» газеті, №42, 2 наурыз. 1993). Х. Досмұхамедұлының пікірімен орайлас болды. Әдеби тіл туралы жалпы көркем әдебиет жайында қазақ әдебиетінің даму барысында әр уақытта айтыс-тартыс болып, сын пікірлер баспасөз бетінде жарияланып тұрды. Мысалы, белгілі қоғам қайраткері Жалау Мыңбаев пен Міржақып Дулат (Мадияр) «Ауыл тілі» газеті, 1926 жыл, 27 июліндегі мен 4 августегі санында (сол уақыттың жазбасы түземедік-автор) біріне-бірі жазған мақалалары қазақ тілінің мұңына арналды («Қазақ әдебиеті» газеті, №31, июль 1989 жыл).

«Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы Қ.Кемеңгеров пен С. Мұқанов, Ә.Байділдин арасында «Көркем әдебиет туралы» айтыс болып, қорытынды пікірді М. Әуезов пен Ж. Аймауытов (Екеу) деген бүркеншік атпен мақала жазды [69, 2-3]. 1927 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында Әмина Мәмбет келінінің «Көркем әдебиет туралы» мақаласы жарияланып, Ахмет Байтұрсыновтың әдебиеттегі рөлі барынша ашылды («Абай» журналы. №5. 1993, 82-87 б.). Сол сияқты «Көркем әдебиеттің тілі жайында» М. Әуезов пен тіл маманы профессор М.Балақаевпен пікір таласы жарияланды ((«Абай» журналы. №4. 1996, 2-12 б); (М.Әуезов. 19 том. 1985, 272-289 б.). Бұл пікір талас туралы Ғ.Мүсірепов «Қазақстандағы әдебиет сынының жайы мен міндеттері туралы» - деген мақаласында өз ойын ортаға салды (Ғ.Мүсірепов. 1975, 297-325 б.). Жалпы бұл мақалалар көркем әдебиеттің тілін (әдеби тілді) дамытып қана қоймай, жаңа сапаға көтеруде көп рөл атқарды.

Б. Шалабаевтың: «Көркем шығарманың тілі өз дәуірінің әдеби тілін зерттеудің бір көзі, материалдық базасы болады» (Көркем әдебиет стилистикасы. 1999, 15 б) – деген сөзі құндылығын жойған жоқ.
Сұрақтар:
1 Ауызша дамыған әдеби тілмен жазба тілдің айырмашылығы неде?

2 «Шағатай тілі» мен «Кітаби тілдің» айырмашылықтары бар ма?

3 Діндар әдебиет деген терминді қолданған ғалым кім?

4 А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхаметұлының пікірлер қандай мәселені көтереді?

5 Диалектінің әдеби тілге қатысы бар ма? Жалпы диалекті бар ма
1. 3 Ауыз әдебиеті мен фольклордың әдеби тілге қатысы
Ауыз әдебиеті және фольклор турасында белгілі тиянақты пікір жоқтығы сияқты, тіл мамандарында да әдеби тіл мәселесіне келгенде ауыз әдебиетінің тілі және фольклор тілі деген мәселе төңірегінде белгілі бір тұжырым жоқ. Ә. Қоңыратбаев: «...(folk-халық, lore-білім, даналық) фольклордың сипатына «халық ауыз әдебиеті» дегеннен гөрі «халықтық поэзия» деген терминнің көп жақын екендігін айтады. «Халық ауыз әдебиеті » ол фольклордан жіктеліп шыққан, бірақ әлі де болса дәстүрлі байланысын үзбеген жеке бір арна болып қалмақ» - дейді (Қазақ фольклорының тарихы. 1991, 8-21 б.). Т.Қордабаев фольклор тілін жазба тілге, баспасөзге негізделетін «әдеби тіл» деген терминмен атамаулары әбден орынды деп фольклор тілін әдеби тіл емес демейді. Халықтың ауызекі тілін әдеби тіл ретінде қарастырады (Қазақ тілі білімнің қалыптасу, даму жолдары. 1975, 152-153 б.); Фольклор мен ауыз әдебиетінің белгілері туралы мына еңбектерде айтылған (Қараңыз: Б.Абылқасымов. «Фольклор», «Ауыз әдебиеті» ұғымдары туралы. Фольклор шындығы. 1990, 169-178 б.); (А.Н.Веселовский. Историческая поэтика. //Синкретизм древнейшей поэзии и начала дифференциации поэтических родов. Л.1940. 200 с.). Б.Г.Нуржанов: «Исторически первыми формами литературы принято считать эпос и фольклор. Обе эти формы являются исключительно устными формами литературы…» - деді (Культурология (курс лекций). 1994, 57 с.).

Фольклор тағы бір белгісі туралы С.Қасқабасов қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысы Қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысы // («Жұлдыз» журналы, №11. 1992, 181-198 б); Б. Ыбырайым (Бүгінгі прозаның бағзыдағы басаулары // «Заман Қазақстан» газеті, 1996, №35 (157) 15 б.); (Ауызша әңгіме, әңгімешілер (қалай пайда болып, қайда кеткені туралы) // «Заман Қазақстан» 1998, №30 (252) 8 б.); С. Медеубекұлы фольклор және ауыз әдебиеті ұғымдары жөніндегі пікір талас (М. Дүйсенов. «Қазақ әдебиеті», 1971, 2-шілде) араға жиырма жыл салып (Б. Әбілқасымов, «Фольклор», «ауыз әдебиеті» ұғымдары туралы. Кіт.: Фольклор шындығы. 1990 жыл. 169-178 беттер) (С.Медеубекұлы. Әдеби аталымдар анықталып болған жоқ // «Қазақ әдебиеті» газеті. №30 шілде, 1996. 4 б.) т.б.



М.Жұмабаевтың: «Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендеген емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті» -деген сөзі алдыңғы пікірді толықтырады дейміз (Шығар., 1989, 340 б.). Мещерскиийдің редакциясымен жазылған еңбекте: «В какой-то мере диалекты отражаются также и в устном народном творчестве (фольклоре)» (Русская диалектология. 1972, 8 с.) - деп фольклор тілі жергілікті ерекшелігімен айқындалып қана қоймай, оның бойында қазірігі заман говоры мен архаикалық белгілірімен шектелген аймақта танылады дейді. А.А.Реформатский ру – тайпалардың тілін зерттей келіп, Ф. Энгельс Көне Гректердің рулық құрылысын тағдырына мән беріп, гректердің тайпаларының басқаша тағдырына көңіл бөледі. Шағын аймақта орналасқан гректердің диалектілері анағұрлым тығыз байланысып, соның салдарынан белгілі бір тайпаның диалектісі үстем болып Грек прозасының тілі болды деген сөзін басшылыққа алады. Реформатскиий ірі тілдік қосылыстар дамыған халықтардың мүддесімен сай келіп, тайпалардың тағдырымен тығыз байланыста болып, мемлекет құруы да мүмкін дегенді айтты (Введение в языкознание. 1960, 396-398 с.). Осы орайда, М.Тынышбаев ру-тайпа таңбасын зерттеп қана қоймай, Едіге батыр ұрпақтарын таратуы өте құнды дерек, сол сияқты ру-тайпа таңбасының қазақтардың көне жазуымен тығыз байланысы барын да жазды (История казахского еарода. 1993, 152 с.).

С.Аманжолов ру-тайпа мәселесін диалектологияны зерттегенде бірге қарастырды. О. Сүлейменов зерттеуінде де ұшырасады.К. Маркс пен Ф. Энгельс ру-тайпалардың жер бөлінісіндегі рөлімен, диалектілік тілдің аймақтық дамуын, туыстыс тілдер мен туыстас тайпалардан іздестіреді (Сочинение, 21 том. М., 1961,92-93 с.). А.И. Ефимов «Тарихи дәуірде фольклор мен жазба әдеби тілдің ара-қатынасы бірдей болмағандығын айтады. Егер де көне орыс әдебиеті негізінен фольклорға негізделсе, кейінгі кезде фольклордың ықпалы азайғанын байқауға болады. Бұдан келіп, фольклор тілі мен жазба тілдің арасы ажырай бастады деп жазады (История русского литературного языка. 1961, 29 с.). Ал И.А. Оссовецкий: «Язык фольклора тесно связан базой общенародный язык и оказывают друг на друга сильнейшее влияние» - дейді (Об изучении языка русского фольклора // «Вопросы языкознания» №3, 1952. 98-99 с.). Демек, ауыз әдебиеті бір жағдайларда халықтың бірігуіне қызмет етті. Сол сияқты қазақ әдеби тілінің негізін қалауға ықпал етті. Тілшілер Буслаев пен Потебня да әдеби тілдің негізгі көзі ретінде фольклор мен ауыз әдебиетін ерекше атады. Көне гректар күні-бүгінге дейін ауыз әдебиетінің тілін зерттеу үстінде. Мысалы, Н.А.Кун былай: «Несколько поколений поэмы Гомера передавались из уст в уста. Только в VI в. до н.э. они были записаны в Афинах и превратились в литературные пройзведение» - деді (Легенды и мифы древней Греции. 1986, 5 с.). Бұл орайда қазақ әдебиетінде де ілгерлеу барын барын байқауға болады, мысалы Ә.Қоңыратбаевтың «Индия және қазақ мифологиясындағы ұқсастық» деген еңбегін атап өтуге болады. Осындай іске идеал керек болды дейді А.Пыпин - бұл идеалды ұмыт бола бастаған көнеден іздедік, одан біз қарапайымдылық пен даналықты алар едік, арғы тегімізді, өзіміздің кім екенімізді таныр едік деген сөзі бүгін де өз құндылығын жойған жоқ дегені отандық зерттеуші ғалымдарға айтылғандай болып тұрады (История русской литературы). Жалпы, осы тектес пікірлер: М.К. Азадовский халық шығармашылығымен шіркеу мен өкімет күрес жүргізгенмен ол-көне жазба тілге еніп отырды, сондықтан да халық тұрмысының барлық қатпарында қатты да мықты ұстанып келді дегені (История русской фольклористики. 1958. 42 с.); В.П.Аникин «Письменная форма сопряжена с закреплением творчеством акта - тем самым он сказывается предохраненным от варьирования в последющей работе других творцов, сели даже они продолжают предыдущее творчества» - деген пікірі (Теория фольклорной традиции и ее значение для исторического исследования былин. 1980, 15 с.) мына еңбектегі ойды «О кезде фольклорды қағазқа қалай жазу керектігін көрсететін әдістеме болмағанын, фольклорға деген көзқарастың да басқаша болғанын» түйіндейді (Принципы текстологического изучения фольклора. 1966, 7 с). Ұлттық ертегілер белгілі бір этапта, ұлтаралық сюжеттің (уәжін) даму эволюциясына қатысады (Русскии фольклор Сибири. 1981, 39 с.). И.Толстой Гередоттан тілдік, стилистикалық ертегінің дәстүрін іздеп табуға, содан кейін барып сақталып қалған антикалық ертегілер әлеміне кіруге алдына мақсат қойған. Фольклор тіліне байланысты ғылыми еңбектердің бірнешеуін топтап көрсетеміз: В.Н. Морохин (Методика собирания фольклора. 1990, 6 с.; Фрэзре Джеймс Джордж: Библияны фольклормен салыстыра зерттеген (Фольклор в ветхом завете. 1989, 15 с.); В.Я. Пропп: Фольклордың жазба тілге түсуінің өзі әдебиет демек оны зерттеуге үміт бар деген сөз (Фольклор и действительность. 1976, 31-38 с.); Тілдің мифке ықпалы даусыз екендігі: А.Потебня. Теоретическая поэтика. 1990, 304-312 с.; Б.Н.Путилов. (Метотодология сравнительно исторического изучения фольклора. 1976, 45 с.; И.И.Толстой: Грек әдебиетіндегі ертегілер тілі (Статьи о фольклоре. 1966, 29, 34, 183, 184 с.; Г.Богач: (Пушкин и Молдаванский фольклор. 1967; Б.Н.Головин: (Введение в языкознание. 1977, 281 с.). т.б. қаралып, зерттелді.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты 1984 жылы өткізген «Қазақ әдеби тілі тарихының проблемаларына» арналған конференция әдеби тіл төңірегіндегі кейбір мәселелерді жан-жақты қарастырды. 1) Әдеби тіл дегеніміз не, оның ғылыми анықтамасын, сипатын қалай түсінеміз? 2) Әдеби тіл болу үшін жазу дәстүрі міндетті ме, әлде жазусыз да қалыптаса ма? 3) Қазақ әдеби тілінің тарихы қай дәуірден басталады және ол қандай кезеңдерді басып өтті? 4) Әдеби тіліміздің қалыптасуына жалпыхалықтық тілден басқа қандай негіздер болды, ол қандай арналардан нәр алып дамып, толығып, кемелденіп отырды? 5) Ұлттық дәуірге дейінгі әдеби тілге «кітаби тілдің», фольклор тілінің, сөйлеу тілінің қатысы қандай? 6) Дарынды интеллект, көрнекті ақын, жазушы, мәдениет қайраткерінің әдеби тілге бағыты, бағдар берудегі, не оны дамытудағы ролін қалай бағалау керек? т.б. Міне осының бәрі конференцияның күн тәртібіне қойылып, қатысушылар кеңінен пікір алысты (Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері. 1989, 14-15 б.). Осы аты аталған еңбектің «Кіріспесін» жазғандар Б. Әбілқасымов пен Е.Жұбанов; «Ауызекі деректер көзі» бөліміндегі бірінші тараудың (Ақын-жыраулар дәстүріндегі «Сөздер») авторы Қ. Өмірәлиев; осы бөлімдегі «Фольклор тілінің әдеби сипаты» дейтін екінші тараудың алғашқы тақырыбын («Ауызекі поэзия тілінің жанрлық және құрылымдық ерекшеліктері») Е.Жұбанов, екінші тақырыпты («Ауызекі әдеби тілдің аймақтық белгілері») Е.Жұбанов пен М.Малбақов бірлесе орындаған т.б. Академик I. Кеңесбаев қазақ әдеби тілі туралы өз ойын ортаға салса (Әдеби мұра және оны зерттеу. 1961, 129, 280-288 б); Е. Жұбанов «Фольклор» - деген сөздің қазақшасы-халық әдебиеті болса, «әдебиет» - деген сөздің мәні «асыл сөз» дегенді білдіреді – деген ойы да айтылды. «Ауыз әдебиетінің тілі «әдеби» ме?» деген мақаласында («Ана тілі» газеті, 1990; Садық Тұрал. Қорқыт Атаның айналасында бас қостық («Заман Қазақстан» газеті, №9232. 1998, 13 б; А.Тұрышев. Әдеби тілдің арнасы («Қазақстан мектебі» журнал. 1998, №9. 58-60 б.). т.б. көптеген еңбектерді атап өтуге болады.

Әдеби тіл туралы мәселе әр уақытта айтылып та, жазылып та жүрді. Мысалы, түркі тілдері диалектологиясының мәселелеріне арналған VII аймақтық конференциясында әдеби тіл туралы мәселе қаралды, әсіресе ауыз әдебиетінің тілі де назардан тыс қалмады. Әдеби тілді жан - жақты зерттеген профессор Б. Балақаевтің еңбегін айрықша атап өткен ләзім, ғұлама ғалымның мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалары ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері мен қазіргі әдеби тілідің даму барысы, көркем әдебиеттің тіліне арналған. Сол кезеңде, қазақ әдеби тілінің тарихы мәселесіне көптеген тілші ғалымдар да ат салысты: М. Балақаев: Әр сөдің орны басқа; Т.Қордабаев: Қазақ әдеби тілі тарихына қатысты бірер сөз; Қ.Өмірәлиев. М. Мырзахметов: Қазақ филологиясының актуалды проблемалары; М.Томанов: Ерте кемелденген қазақ әдеби тілінің тарихи құрылымдық сипаты туралы; Ә.Ибатов: Тереңнен тартқан тамырлар; С.Исаев: Қазақ әдеби тілінің тарихы қай кезеңнен басталады?; Р.Сыздықова: Ортақ әліпби туралы ойласақ... – деген мақалалар бүгінгі күні тарихи құндылыққа айналды.
Сұрақтар
1. Ауыз әдебиетінің тілі деген не?

2. Фольклордың тілі деген не? Екеуінің айрымашылқтары бар ма?

3. Орыс (еуропа) зерттеушілерінің пікірі қандай?

4. Отандық ғалымдар Қ.Жұбанов, Ә. Қордабаев, Б.Абылқасымов т.б. ауыз әдебиеті мен фольклор айырмашылығы туралы айтқан ойларының әдеби тілге қатысы бар ма?

5. И.Толстойдың ұстанған пікірі қандай?

1.4 Көне дәуір, орта ғасыр ескерткіштері және Мәшһүр-Жүсіп
Қазақтар түркі қағанатының құрамында ұзақ жылдар жүріп, білінбей бөлініп өз алдына дербес отау тіккені белгілі. М. Қашқари түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдеді - деп жазды. Тәңір «Орхон-Енесей жазба ескерткіштерінде» (VII), М. Қашқари «Диуани луғат ит-туркте» (IХ) жаратушы ие ретінде танылған. «Орхон-Енесей» ескерткішінде қазақ этнонимі кездеспейді, ал, тоғыз оғыз бектер халқы, табғаш, тибет, авар, үрім, қырғыздар, үш құрықандар, татар, қытай татбылары, тардуш, түргеш, алты чуб, соғдалар, қарлық, тоңра, құтаң, үйсін ру-тайпа аттары жиі кездеседі. Сөз түрік халқының атынан айтылып отырады. Осы халықпен соғысып, түрік халқының бүтіндігі үшін күрес жүріп отырады. Ескерткіштегі түрік атынан сөйлеп отырған батырлар түрік құрамында жүрген түріктен өзге қазақылануға бет алған (қазақтың) бөлінгенге дейінгі мұрагері ме дерсің. Оқиға түрік атымен айтылғанмен үнемі соның құрамындағы тағы бір III жақтан айтылғанын анық байқауға болады. Бұндай жайтты М. Қашқаридан да байқауға болады. Ол: «Сол себепті түрік тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдеді» дегенде өзі түрік болса, түрік тілін былайда білуге тиісті ғой, түрік тілін тағы да үйренудің не қажеті бар. Демек, М. Қашқари қазақ бөлінбеген тұстағы түрік есімді (қазақ) болған деген түйін жасауға болады. Қазақ өз атымен аталған атын бір күнде алмаған болар. Қазақ атауына бірте-бірте ауысу кезеңінде сол халықтың атымен аталған тіл де білінбей халықпен бөлінді. Қазақ халқы өздері қалай қазақ атанғанын білмей де қалды. М. Қашқари түрік құрамындағы қазақылануға бет алған тұстағы түріктік қазақыланған өз бабамыз. Бұған басқа түрік жұртының таласы болмаса керек. М. Қашқари түрік құрамындағы тайпалардың кейбірінің түрік тілімен ғана сөйлесе, кейбірі ықшамдалған түрікшенің бір түрімен сөйлейтінін жазды. Мысалы, соғда, кәнжәк, хақания түрікшесі, ұйғырлар өз ішінде басқа тәсілмен сөйлесті (Түбі бір түркі тілі. 1993, 9-11 б.).

Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр: «Әндіжан тұрғындарының бәрі түркілер. Қалада да, базарда да түрікше сөйлемейтін адам ұшыраспайды. Халақтың ауызекі сөзі әдеби тілінен айырғысыз» - деп жазды (Бабырнама. 1993, 21 б.). Әбілғазы Баһадурхан: «…түркі тілінде месневи, қасид, газел, рубаят тәрізді өлең шығара алу» (түркі тілі) енді бірде «Бұл тарихты жақсылы-жаманды баршасы білсін деп түрки* тілімен жаздым. …шағатай түркісінен, парсы, араб тілдерінен бір сөз қоспаймын» - дейді де, *Түркі (түрки) - ХVIХ ғ.ғ. Орта Азия мен Қазақстанда қолданылған түрік әдеби тілі – деп анықтайды (Түрік шежіресі. 1992, 30-205 б. ). С. Исаев Әбілғазының «түркі», «түрки» деген терминін одан әрі аша түсіп: «Осы шағатай немесе көне өзбек деген терминдерді кейінгі зерттеушілер енгізді, ал дұрыстығында ол шығармалардаң авторлары өздері жазып отырған «түркі» немесе «түрки» тілі деп атап отырғандақтарын айта кету керек» - дейді. М. Қашқари жазған ықшамдалған түрікшеден келіп шағатай тілі келіп туған. Шағатай тілінің негізі түрки тілі болып табылады. Ш. Айтматов пен М. Шаханов сөз қылған арғы ата-бабаларымыз ойма жазуды ойлап тауып, түркі халқының мәдениеті мен өнерін өрістетіп, тілін дамытты (Құз басындағы аңшының зары (Ғасыр айрығындағы сырласу) 1997, 265 б.) дегеніне қарағанда түркі халқының ортақ жазу таңбасы ойма жазу болғаны да анық.

Орта Азиялық түрік әдеби тілі ХХ ғасырдың басына дейін жалғасып келді. Бергі әдебиетте кездесетін морфологиялық тұлғалар соның айғағы. Профессор С. Исаев: «…қазақ әдеби тілі тарихында қос тілдік құбылыс пайда болды. Оның бірі – сөйлеу тілі негізінде қалыптасып, негізінен поэзия мен шешешдік сөздерде өмір сүріп келген, кейін ХIХ ғасырда жаңа сападағы жазба әдебиет тіліне негіз болған әдеби тіл еді. Екіншісі – орта ғасырлық түркі жазба әдеби тілінің дәстүрін сақтай отырып, қазақ топырағында әрі қарай дамыған, әр түрлі жазбалардан көрініп отырған дәстүрлі жазба тіл болды» - деді (Қазақ әдеби тілінің тарихы. 1989, 93-94 б.).

М-Ж. Көпеев Орта Азия түркі әдеби тілі мен қазақ топырағындағы жаңа сападағы өрбіген жазба әдебиетін қатар меңгерген. Абай туралы Қ. Жұбанов: «Бірі - …көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті . Екінішісі - …ескі Орта Азия үлгісі - шағатай әдебиеті. …шағатай қаумасынан Абайдың бір аттаса-ақ шығайын деп тұрғанын көру қиын емес» - деген сөзі М-Ж. Көпеевке де тиеселі ме ойлаймыз (Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1999, 256, 257 б). Р. Сыздықова Абай тілін (Абай шығармаларының тілі. 1968, 284 б); С. Хасанова Ыбырай тіліндегі шағатайлық үлгілерді талдап көрсетті (Кітаби тіл үлгілерінің Ы.Алтынсариннен кейінгі кезеңдегі көрінісі// «Қазақ әдебиеті» журналы, №9-10. 1997, 50-55 б). Демек, кітаби жазба тіл үлгісінің кейбір элементтері ХХ ғасырдың орта шеніне дейін қолданылып, бірте-бірте бірен - саран «шағатайлық» тұлғалар ғана сақталып қалды – деген сөздің де орайы бар сияқты (Е.Жанпейісов. Қазақ прозасының тілі. 1968).

Бірінен - бірі жас айырмашылықтары бола тұра олар өмір сүрген қоғамның әлеуметтік саяси хал-ахуалы өзгеріссіз болды. «Былайша айтқанда заманы бірдің, бөркі бір». Сонымен, М-Ж. Көпеев және Ыбырай мен Абай өмір сүрген заман бір болды. Бұл үшеуі де Орыс империясының отарлау, қанау жүйесін көріп өсті. М-Ж. Көпеев орысша білімді болды. Ол - Омбы, Томбы, Сібір жағын көп аралады. Сол сияқты, Орта Азия, шығыс үлгісіндегі білімді де көп алды. Көбіне түрік, мұсылманшылдық идеяны қолдады. Абай мен Ыбырай қазақ елін қараңғылықтан шығарудың жолы орыс білімі деп ұқты. Қалыптасқан жүйе солай ойлауға мәжбүр етті.

М-Ж. Көпеев Ресей құрамындағы (мұсылмандар) әсіресе, татарлар, Ташкент, Бұқара, Түркістан жалпы Орта Азия мұсылмандарына, зиялыларына иек артты. М-Ж. Көпеев сопылық өмір кешті, діни көзқарасы оны орыс империясының саясатынан алшақтатты. Ішкі Ресей мұсылмандарымен байланысы М-Ж. Көпеевтің рухани жан дүниесін оятты. Ресей шаруаларының жай-күйін көріп, қазақтардың қамын ойлайын деп жүрген олар жоқтығын түсінді. Оның үстіне Омбы, Томскі қаларында болып, саяси жер аударылғандармен кездесуі М-Ж. Көпеевтің жан дүниесін оятты. Өзіне ұстаз тұтқан Қожа Ахмет Яссауии қағидаларын үлгі етті. Мұсылман дінін терең меңгеруі оның орыс империясының жүргізіп отырған саясатына деген көзқарасын өзгертті.



ХIХ ғасырдың 60-шы жылдарының орта кезінде Қазақстанның Россияға еріксіз қосылуы (мәжбүр еткен) аяқталды. Ұзақ жылғы ұлт-азаттық күрес, аяусыз қанау, басып-жаншу қазақтарды әбден титықтатты. Ресей құрамына кіру қазақтар үшін уақытша тыныштық болды, соғыстан есін жинай бастады. Ел ішіндегі зиялылар, ел басылары енді басқаша тәсіл қолдана бастады, олар жақсын-жақпасын Ресей өкіметіне қызмет етуге, жағынып билік басында қалуға ұмтылды. Ресей империясы кезекті зымиян істерін көп кешіктірмей жүзеге асыра бастады. Түрікше, арабша, парсыша оқыған зиялы қазақ азаматтары қармаққа алынды. Қазақ жеріне енген Орыс оқуы (Ильминский) арнайы тапсырмамен тез арада орыс әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін жасап үлгерді. М. Мырзахметов: «…задача – сближение туземцев с русскими государством и русским народом, велось при посредстве русской транскрипции в основание которой был положен русский алфавит без всяких изменении» - деген орыс империясының бет-пердесін ашатын мәлімет келтіреді («Қазақ әдебиеті» газеті, №16 (2142). 1990, 7 б.). 1731 жылы Орта жүздің Россияға қосылуы, Орынбор өлкесіндегі патшалық билікті нығайтып алуға жол ашты. 1822 жылы М. Сеперанскиий жасаған «Сибирь қазақтары туралы Уставы»деген шықты. 50-70 үй бір ауыл, 10-12 ауыл бір болыс, 15-20 болыс бір округ болды. Ауылды үш жылға сайланған старшина, болысты-болыс, окрукті болыс басқарушылары сайлайтын аға сұлтан (сұлтан хандық дәуірден қалды-автор) Аға сұлтанның заседателі мен билері мен старшиналары болды. Іс қағаздар тек қана орыс тілінде ғана жүрді. Мұны жазып отырғанымыз «(1857-1859 жыл аралығында) Ыбырай Орынбор шекаралық комиссиясы тағайындаған қыпшақтардың ұзын руының әскери старшыны атасы Балғожа Жаңбыршыұлына тілмаштық қызмет атқарады» (Ыбырай Алтынсарин тағылымы. 1991, 35 б.).

1822 жылғы аға сұлтандық Абайдың әкесі Құананбай дәуіріне де сай келді. 1867-1868 жылғы реформаларға байланысты сұлтан-әкімдер, губернаторлық басқару, округтар мен болыстар құрылды. Ел басқарудық тәсілін түбірінен қайта құрды. Болыстар әкімшілік ауылдарға бөлініп, оларды сайланған ауыл старшиналары басқарды. Реформа билер сайлауын енгізді. «Сайланған» адамдар әдетте бай болды. Абай осы реформаға ілініп «Абай өмірінде екі рет назначениемен болыс болған. Бірақ бұл екі жолында да өз еліне болыс болмай, Шыңғыстың көрші болысы Қоңыркөкшеге болған. Бұл елге алғашқы болған жылы 1880 жыл екіншісі 1893 жыл болса керек» (М.Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. 1997, 148 б.). Патшалық Ресей өкіметіне қызмет етті. Ыбырай, Абай орыс білімімен ерте сусындады. Ата-тегі орыс шиновниктерімен аралас-құралас болғандарын бала кезінен көріп өсті. Өздері де орыс шинелін киген миссионерлермен қарым-қатынаста болды. Осының бәрі түптеп келгенде орыс империясының қулығына құрық бойламайтынын байқатты. Орыс империясының құрған қақпанына бұлар да келіп түсті. Бұл деген М-Ж. Көпеевті ақтап, Ыбырай мен Абайға көлеңке түсіргендік емес. М-Ж. Көпеевтің бұл екеуінен айырмасы әкесі болыс, старшына болған жоқ. Өздерінің күн көрісі өздеріне жететін ауқатты отбасында туды. 5 жасынан білімге ден қойып, 15 жасынан ел аралап, алыс сапарларға білім іздеп аттанған. М-Ж. Көпеев дүниені білімге айырбастаған кісі болды. Қожа Ахмет Яссауии, Ахмет Игүнекии, Сүлеймен Бақырғани, Рабғузи, Құтып, Хорезми, Хұсам Кәтіп, Сейф Сарай көне түркі, ислам, Алтын Орда әдебиетіне көп көңіл бөлді. М-Ж. Көпеев орыс әдебиетін өте жақсы білген, орысша сауатты жаза да, сөйлей де алғандығын басында айттық. М-Ж. Көпеев Орта ғасыр әдебиетіне мейлінше берілген. Сопылық өмір тұрмысы, тек қана білім, ілім деген қағида М-Ж. Көпеевті қызықтырды. М-Ж.Көпеев сопылық философия шеңберінде қала алмай ислам рухындағы әдебиетке жақын болды. Оның ислам дініне тым жақын болуы әсіресе орысшылдықтан сақтады. Сопылық философия өкілдері Шығыс дәстүріне ден қойды. Көне орыс әдебиеті Қожа Ахмет Яссауиге, Ахмет Игүнекиге (ислам әдебиет өкілдеріне) жетпеді. Олар Шығыс философиясы жағынан биікте тұрды. Рус княздары түрік елінің мәдениетіне, әдет-ғұрпына, біліміне қызыға қарады. Түрік елімен жақындасуға бейім тұрды. Сөйтіп, түрік әдебиетінде кәпірлер деген атпен қалды. М-Ж. Көпеевтің табиғаты ислам дәуіріндегі әдебиетті қалап алды. М-Ж. Көпеев өзі өмір сүрген дәуірде ХIХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың бірінші жартысында қандай әдеби тіл болса сол тілді лексикалық қорында қолданды. Өзі замандас ақын-жазушылар сияқты шығармаларында қазақ басынан өткізген тіл қабаттарының бар элементін пайдаланды. Бұл заңдылық еді. Сол шеңберде өмір сүрген М-Ж. Көпеев сол кездегі жазуды қолданды. Ол ауызекі сөйлеу тілінің (екі кісінің бірі-бірімен сөйлесуінен) басқаша түрі (ақын-жыраулар ) (профессионал әдебиет өкілдері) деп атайтын дағдылы естімелі жады өкілдерінің жырлауы арқылы тікелей ой мен ауызда өңделген, кейінен өздері сияқты: ақын-жырау, әнші, жыршы, сал-сері, би-шешендердің дағдылы естімелі жады арқылы жырлану дәстүрінде сақталып жеткен тілді меңгеріп, жаңа сападағы жазба әдеби тілінде қолданса, екінші жағынан жарыса келген орта ғасырлық түркі тілімен, қазақ топырағында пайда болған әр түрлі жазба дәстүрі бар тілдердің (субстраттың негізінде) алдыңғы жаңа сападағы әдеби тілмен тоғысуы нәтижесінде білінбей пайда болған суперстратпен жазды. С. Садуақасов М-Ж. Көпеевке мынандай баға берді: «Оның өлеңдері тұңғыш рет жазба түрде жарық көріп, қазақ әдебиетінің тарихында халықшылдық пен атайтын жаңа бір ағымның арнасын ашып берді». М-Ж. Көпеев бір дәуірді Абаймен бастап, екіншісін кеңес дәуірімен аяқтады.
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет