Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет51/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

* * *
Табиғатты жырлау дүние жүзілік әдебиетте ертеден бар дәстүр. Туған жердің шұрайы, оған деген ақынның сезімі, махаббаты әр кезде-ақ тамаша жырлар туғызған.
Қазақ совет әдебиетінің ірге тасын қаласқан Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров үшеуі де табиғат туралы ерте кезден-ақ жаза бастаған. Ақындық талабы жаңа ояна бастаған, әулеметтік мәселелерді әлі шығармаларына арқау етіп ала қоймаған Бейімбет, Сәкен, Ілияс жаз туралы алғашқы жазған өлеңдерінде көбіне қазақ аулының сырт сипатын, малдың жүріс-тұрысын, қыз-бозбалалардың ойынын көруден әрі ұзап кете алмайды.
«Жазғы кеш» деген өлеңінде Бейімбет Арқа кешінің бір сипатын суреттеп бейнелейді, бірақ ақын мұнарланып, шұбарланған бұлт, шығыстан ескен майда жел, шағаламен толқыған көлдің беті, сұңқылдаған аққу, қаздың, әнші құстардың дауысын сөз еткенмен, оларды қысқа қайырып, оған сол жазғы кештегі ауыл тіршілігін де қоса суреттейді. Бірақ Бейімбет жазғы кешті, ауыл тіршілігін тек қызықтаушы тұрғысынан келіп, сиыр саууға шыққан келіншектерді көргені болмаса, негізінен еңбек етуші адамның көзқарасы айқындалмайды.
Сәкеннің «Жазғы түнде», Ілиястың «Ынтықтар» атты өлеңдерінде де осындай жай байқалады. Сәкен де, Ілияс та әуелі жазғы кештің, түннің бейнесін суреттеп, бір-біріне ынтық ғашықтардың ауыл сыртында кездесуін, жүрек лүпілдерін, құмарлық, іңкәрлігін сөз етеді. Табиғатты бозбала жас жігіттің көзқарасы тұрғысынан жырлайды.
Жыл мезгіліне ақындар бертін келе ғана әлеуметтік астар беретін болды. Тіпті 1915 жылғы жазған «Жазғы қалып» деген өлеңінде Бейімбет табиғат құбылысын ел тіршілігімен байланыстырады. Ал, «Жаз келді», «Қысқы түнде» өлеңдерінде Бейімбет жыл мезгіліне шаруа көзімен қарайды. Күн жылып, жылғалардан су ағып, жаздың келгеніне қыста қысылған шаруаларға жайлы мезгіл туды деп ол қуанады. Ал, қыстың қақаған аязын, үскірік боранын жырлағанда, кедейдің үйі тесік, тұрмысы нашар, халі ауыр екенін айтып отырады.
Дәл осындай көзқарас Сәкеннің «Боран» атты өлеңінде де бар. Ілияс Жансүгіровтің ертеректе жазған «Боранында» да жыл мезгіліне, табиғаттың долы күшіне еңбекші кедейдің көзқарасымен қарайтынын көреміз. Шартылдаған үскірік аязда ақын Таймас қойшыны көреді. Сонымен бірге «қойыңды әрірек жай» деп бұйырып, қарғап-сілеп тұрған жылы ішік, түлкі тымақты Дүйсек байды да көзі шалып қалады.
Табиғат туралы шығармаларынан ақынның таптық санасының ептеп ояна бастағаны байқалады. Жазушының Таймасқа жаны ашиды, Дүйсек байды «қарғадай қармен бірге қарқылдап тұр» деп сөз арасында іліп кетіп те отырады. Бірақ, не ақында, не оның кейіпкерінде әлі қанаушылыққа қарсы талпыныс күрес жоқ. Іштей күйініштен аса алмайды. Бұл өз алдына мәселе.
Ал табиғат, табиғаттың түрлі дүлей күштері туралы жырлап отырған ақын оларды жалаң алмай, адам, ел өмірімен байланыстыра суреттейді. Қазақтың ауыз әдебиетінде ұшыраса бермейтін бұл дәстүр Бейімбет, Сәкен, Ілияс творчестволарына қайдан енді?
Ауыз әдебиетіндегі табиғат туралы өлеңдер көбіне табиғаттың сыр-сипатын, болмаса фольклорлық геройлардың оны сағынғандығын айтатын өлеңдер еді. Ал, табиғат сұлулығын нақтылы жырлайтын дәстүр негізінен Ыбырай, Абай поэзиясынан басталған. Ыбырай «Жаз», «Өзен», Абай «Жазғы шілдеде», «Жазғытұрым», «Желтоқсан», «Қыс» т. б. өлеңдерін жазды. Бұл өлеңдердің ауыз әдебиетінен ерекшелігі: жалпылай айтпай, нақтылай айтылуында. Жазды жырласа жаздың сипаты, жаздыгүнгі халық өмірі мен олардың тіршілігі сөз болады. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин «Жаз» деген өлеңінде күннің жылынып, қар еріп, жер көгеріп, қаз бен үйректің келіп, жаңбыр жауып, жұпар иісті жел соғып, мұнарланған сағым, тау мен қырда жүгірген құлан, киіктер бір сөре әңгіме етіледі. «Бір малы шаруаның екеу болып» қыстаудан елдің көшкенін, аяғын алшақ басқан түйе, ойнаған құлын-тай, маңыраған қой, мөңіреген сиырлар, ойнап-күлген жастарды суреттейді.
Ал, Абайдың «Жазында» – көшпелі қазақ ауылының сыр-сипаты, тіршілігі сипатталады. Көлге ұшып қонған қаз, үйрек, шыбындап тұрған жылқы, әзілдесіп үй тігуші жастар, шешесінің етегінен тартып қыңқылдаған жас балалар, ауыл сыртында топтанып, кеңес құрып, қымыз ішкен ақсақалдарды Абай түгел суреттеп өтеді. Бұл көшіп-қонып жатқан елдің айқын бейнесі.
«Ыбырай мен Абайдың жаз мезгілін бейнелеген өлеңдерінде табиғаттың сұлу суретін жалаң қызықтамай, ел тіршілігімен байланыстыра жырлауын және тақырып аумағынан шықпауын олардың жетістігі деп санаймыз. Ал, тереңдей үңілсек, Ыбырай Алтынсариннің өлеңі жалпылау да, Абай салған картина нақтылы екенін байқаймыз. Ыбырай мен Абай екеуі де бұл өлеңдерінде жазғы мезгілдегі ауыл тіршілігін суреттей отырып, әр алуан топтар арасындағы қайшылық, қарсылықтарды аз көреді»62, елемейді. Демократ ақын Абай өзінің осы бір кемістігін түсінгендей табиғат туралы жазған кейінгі шығармаларында сол қайшылықтың бетін аша түседі. Бұған ақынның «Қыс», «Қараша, жел тоқсан мен сол бір екі ай» атты өлеңдері айғақ. Күз көрінісін сипаттаған өлеңінде Абай бір ауылдың екі шетіндегі бай үйі мен кедей үйінің барлық тіршілігіндегі бітімсіз қайшылықтар үлкен шыншылдықпен ашыла түскенін айта келіп Мұхтар Әуезов:
«Ақын нақтылы, анық шындық халдерді көп теріп, шығармасын өте жанды, мол әрекеттерге толтыра жазады. Және ешбір көрініс-қимылда болмыстан тыс көмескілік, тұманды тұспалшылдық жоқ. Осылайша үлкен өмір көрінісін аз өлеңінің ішіне тығыздап сыйғыза білген ақын негізінде реалистік пейзаж береді. Табиғаттың белгілі көрінісіне, мезгіліне адамның әрекетін мол араластыра біледі. Аз адам емес, ауылда тіршілік еткен кәрі жастың, бай мен малайдың, қолы бос бозбаланың – бәрін де тізіп өтеді... Тұтас бітімді, келісті келген өлеңнің тілінде үлкен байлықпен катар, тапқырлық, дәлшілдік мол. Мал баққан, көшпелі тірлік еткен елдің жайлауындағы жаңа қонысқа көшіп қонып жатқан кезін, қимыл-әрекетін, әбігер қарбаласын өлеңнің әр бөлімі айқын аңғартады. Сондай мазмұны мен біркелкі келген, анық реалистік шеберлікте толған өлеңнің барлық құрылысындағы, мағынасындағы бір кемшілік және де айқын байқалады. Ақын көшпелі тіршілікті сынап, мінеп жазып отырған жоқ. Көбінше оның көркін, сырт көріністерін тамашалай түсіп, сүйсіне жырлап отыр»63, – деп жазды.
Табиғатты құрғақ қызықтамай, ел тіршілігімен қабыстыра жырлау, бұқарашылдық идеяны тарату дәстүрін қазақ әдебиетінде Абай қалыптастырып кетсе, Бейімбет, Сәкен, Ілияс ол дәстүрді тұтасымен қабылдап, жоғарыда аталған өлеңдерін олардың бұқарашылдық бағытта жазғанын көреміз. Сол кездердегі символистік бағытты ұстанған Мағжан сияқты ақындар қыстыгүнгі даланы құр өлікке теңеп, тірлік, тіршілік нышананы көре алмай, өзіне-өзі қаза тілеп, өлім шақыратын идея Бейімбет, Сәкен, Ілиястарға жат, көзқарастарына қайшы келетін.
Табиғат туралы, оның жыл мезгілдері, әсіресе, қысты суреттегенде Абайдың орыс ақындарынан көп нәрсені үйренгені жұртқа аян. Біржағы Абай арқылы, екінші жағынан орыс әдебиетінен тікелей оқып, үйрену арқылы совет жазушылары (әсіресе Сәкен) жыл мезгілін жырлағанда бұрынғы дәстүрдің сүрлеуімен кетпей, жаңалық ізденушілігі сезіледі.
«Жаңа жыл» атты өлеңінде ол қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі үйрек, қаздарды да айтады. Қар еріп, судың сылдырап аққанын да қайталайды. Алайда, Сәкеннің бұл өлеңіндегі өзгешелігі, жазды сағынған сұлудың образы арқылы беруі еді. Жыл мезгілі, табиғаттың түрлі күштері мен сипаттарын жанды бейнелей отырып, оған ел, халық тіршілігін қоса жырлау лириканың мәдениетті сатысына көтерілу, ілгері басуын дәлелдейді. Сәкен «Жазғытұры», «Сұлу терек» лирикаларында табиғатты жанды бейнеде жырлап, түйінді ой айтады.
Осындай ізденушілік алғашқыда бұрынғы дәстүрлі ізбен өлең жазған Ілияс Жансүгіров творчествосынан да байқалады. Ілияс жылдың әр мезгілдерін ғана жазып қоймай, әр мезгілдің белгілі бір кезеңдеріне («Ақшам») немесе аспандағы бұлтты, жаңбырды, ағынды өзенді де нақтылы жырлай бастайды. Жазғы күннің батар алдындағы бір сәтті кезеңді Ілияс «Ақшам» деген өлеңінде өте шебер суреттейді. Өлеңді оқып шыққанда сонау көкше аспандағы ақша бұлттан бастап, күн батып бара жатқан, ақшам уақыттың бейнесі көз алдымызға әсем бір суреттей елестейді. Ілияс бұл жерде ақын ғана емес, ол суретші, живописец болып кетеді. Осы табиғаттың бір көрінісіне арналған полотнодан біз ешбір қоспасыз, солғын бояусыз реалистік суретті көреміз. Полотноның жоғарғы жағынан қайта қарайықшы, аспанның өзі бір шумақ өлеңмен-ақ суреттеліп тұр. Аспан көк емес, қоңырқайлау тартқан, сондықтан да ақын «көкше» деп атайды, бұлт та ақ емес, ақша бұлт, өйткені күн батып барады, батар күнмен жарысқысы келмеген жел де байырқау, жер болса, ол да сұлық түскен, әйтпесе күнсіз, күннің нұрысыз жерде сән бар ма? Ал күннің батқан жері «қызыл алтын шұғылаға» малынып, арайланып тұр. Бұл кезде тау күн шапағын түсіріп тұрғандағыдай емес, ақшашты ана сияқты, енді оның жартастары да басқа бір бейнеге ауысқан. Түннен шошынғандай, тұманнан «дулыға» киіп алған, қарағайлары қалтырап, бұтақтарының дірілдеп тұрғаны сезіледі. Одан төменірек «есінеп» тұрған қыр көрінеді. Осы кезде күн де батты. Тіпті жаңа ғана көз алдымызда тұрған бейнелердің өзі де жоқ болып кетеді. Ақшам кезінің осы бір кульминациялық биігін ақын:

Көз жұмғанда көкше көк,


Көсіліп жер тырайды64


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет