Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу,
Көзінің Көкше көлі шарасындай89, –
деген соны теңеулер, тамаша суреттер ақындық кұдіретін анық танытып жатады.
Көздің шарасына ұқсаған мөлдір, сұлу Көкше көлі бұл жерде жанат ішік жамылғандай болып көрінеді. Жанат ішік әдеміліктің, сұлулықтың нышаны.
I.Жансүгіровтің эпикалық поэмаларындағы лирикалық леп бұлармен ғана шектеліп қалмайды. Ақын өмір тартысының шындығын негізінен объективтік образдар арқылы, солардың іс-әрекеті, характері арқылы беріп отырса да, кейде лирикалық шегініс арқылы сол оқиғаға, сол кейіпкерлердің іс-әрекетіне, қайғы-қасіретіне, қуаныш-сүйінішіне өз көзқарасымен өзінің тебіренісін сездіріп, кейіпкер характері тек өз іс-әрекеттермен ғана емес, ақынның мінездеуі арқылы да мол ашыла. түседі. Мұны біз, әсіресе, «Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесінен айқын байқаймыз. Сағынайдың асына келіп, бәйгесіне ат қосқан Ақан серінің Құлагері өлімінің тарихы эпикалық көлемде жырланады. Бірақ, Ақанның өткен өмірі мен Құлагердің өлімінен кейінгі өміріне (Ақанның өз басына) берілген мінездеме ақынның өз атынан лирикалық үлгіде жырланады. Ақан бейнесі оқушыға бірде оның іс-әрекеті, характері арқылы танылса, енді бірде ақынның өзі оқушыға, оқушы ақынға айналып, Ақанға берілген ақындық мінездемелер арқылы танылады. Бұл лирикаға тән құбылыс. Бірақ мұнсыз поэмада қан да, сәл де болмақ емес.
Ақын поэма жазғанда кейіпкерлерін көрсетумен ғана тынбайды, сол кейіпкер басындағы оқиғаны, ауыртпалық пен қуанышты өзі де сезінеді. Оның бәрі де ақынның өз тағдырымен жалғасып, ұштасып кеткендей болады.
Қазақтың ертедегі эпосынан мұндайды көп кездестіреміз. Тыңдаушы қауым жырдағы оқиғаға елігеді, кейіпкерінің ерлігіне сүйсінеді. Мұнда оқиғаға, кейіпкерге берілетін баға сол оқиға түйінінің шешілуі, кейіпкердің іс-әрекеті, қимылы арқылы беріледі, Ал жоғарыда сөз болған I.Жансүгіров поэмасындағы ақын сезімінің араласып отыруы – жазба әдебиет үлгісіндегі жаңалық.
Алайда, жазба әдебиетке жататын поэмалардың барлығында бірдей ол көріне де бермейді. Мысалы Абай жырлаған «Ескендір», «Масғұт» поэмаларында ол жоқ. Бұл поэмаларда негізгі тірек оқиға, соның шешімі мен ақынның түйген дидактикалық түйінінде жатады. Ал Ілияс Жансүгіров поэмасында Абайдың дидактикасы жоқ.
Ақыл айту – белгілі бір идея ұсыну ғой. Эпикалық көлемде жырланған поэмадағы негізгі оқиға мен кейіпкерлерге ақын тарапынан көрсетілетін ілтипат, сезім орыстың классикалық поэзиясындағы бар үлгі. Әсілінде қандай жанр болса да (әсіресе поэмада) лирикалық элементсіз ол өзінің биік нысанасына жете алмақ емес. Белгілі бір оқиғаға байланысты тартыс түйіні, тартыс үстінде көрінетін кейіпкерлердің характерлерін ақын баяндау түрінде бергенімен, кейіпкерлер реалистік бейнеге айналу үшін тек баяндаулар жете бермейді. Мұндайда кейіпкерлердің жан тебіренісі, жүрек толғанысы көрінуі тиіс. Міне, осы кезде ақын қаласын мейлі, қаламасын мейлі еріксіз түрде кейіпкердің сол жан тебіренісіне өз көзқарасын, қатынасын көрсетпей тұра алмайды. Осы лирикалық толғаныс бүкіл эпикалық планда кең тартылып келе жатқан фонға әр береді, нәр береді. Ілияс Жансүгіровтің поэмасында осы заңдылық пен қажеттілік түйісіп, қиюласып отырады.
I.Жансүгіров – эпикалық жанрдың шарттарын мүмкіндігінше мол меңгерген ақын. Эпикалық шығарманың негізгі бір шарты сюжеттік, композициялық ерекшелігіне байланысты десек, I.Жансүгіров, әсіресе, көркемөнер тақырыбын, халықтың өткен дәуірін бейнелейтін поэмаларында керкем сюжеттің осы сиқырлы сырының түйінін тауып ала білген. «Күйші», «Құлагер» поэмаларында да біз арқауы ыдырамаған берік композициялық құрылыс, өмірлік шынайы көркем сюжетті айқын сезінеміз.
Өмір соқпағы әр қилы, қисық та бұралаң. Осы соқпақты, соқтықпалы өмір жолындағы адамның тағдырын, оның дүниеге көзқарасын, күресін, қайшылығын мүмкіндігінше мол, жан-жақты көрсету үшін поэмаға ең алдымен реалистік сюжет керек. «Күйші» мен «Құлагер» поэмаларынан бостандық аңсаған күйшіні, ата-баба аруағын аяққа бастырмаймын деген өр кеуде, өжет қыз Қарашашты, қалтарысы көп заманда ешнәрседен опа көре алмай бар өмірін алысу, арпалысу, қайғымен өткізген Ақанды, өз ортасының типті өкілі – Батырашты көз алдымызға елестетеміз. Осы кейіпкерлердің іс-әрекеті, тартысы үстінде олардың ұшталған характерлері көрінеді. Поэтикалық шығармада адамның тағдыры сөз болмаса, ал адам тағдыры белгілі бір іс-әрекет, тартыс үстінде көрінбесе, ол сюжетті поэма бола алмайды.
Сюжетті поэмада белгілі бір кейіпкер жүрсе, іс-әрекет, оқиға, тартыс жүрсе, ақын қандай ойды айтамын десе де мол мүмкіндік табады. Ақын бірде өз атынан сөйлеп кетсе, енді бірде кейіпкерлерінің ойы, іс-әрекеті арқылы айтады. Міне мұның бәрі өмір құбылысын кеңірек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жалпы классикалық әдебиеттің өкілдері поэма жазғанда сюжеттен ешқайсысы безген емес. Қазақ поэзиясында да оқушының есінде қалған, өміршең поэмалардың барлығы дерлік сюжетке құрылған. Совет дәуіріндегі жазылған, тарихта белгілі орны бар: С.Мұқановтың «Сұлушаш», Ә.Тәжібаевтың «Абыл», И.Байзақовтың «Құралай сұлу», Ж.Саинның «Күләнда», Қ.Бекқожиннің «Мариям Жагорқызы», X.Ерғалиев, Ғ.Қайырбеков т. б. поэмаларының барлығы да сюжетке құрылған.
Әзірбайжанның көрнекті ақыны Самед Вургун поэмадағы сюжет мәселесіне арнап жазған мақаласында мынадай бір пікірді айтады: «Егер де шығарманы жапырағын кең жайған, бұтақтары салаланған үлкен бір ағашқа теңесек, сол ағаштың өзегі – сюжет. Сюжет – бүтін бір поэтикалық шығарманың бас-аяғы жинақы болып, ақынның образдар тауып, ой сезімін жинақтап беруге мүмкіндік жасайды. Сюжет – ақынның ендей де, тереңдей де ақтарып шыққан халық өмірі, адам өмірі... сюжеттен безген ақын поэманың бүкіл ішкі организмінің тұтастығынан безеді, поэзияда тұтас бір әрекетті бейнелеуге мүмкіндік ала алмай, сөйтіп тереңге сүңгуді бір жола ұмытып, саяз суда жалдауға амалсыз мәжбүр болатыны маған айдан анық»90, – дейді.
Эпикалық шығармада суреттеліп отырған оқиға, құбылыс, іс-әкерет белгілі бір жүйемен беріледі. «Құлагердегі» аттың өлімі жәй аттың өлімі емес, ол өлім кер заманның кесапатын әшкерелейтін түйін. Ақын ол аттың өлімін бейнелеуден бұрын, Сағынайдың асына қазақ даласының түпкір-түкпірінен ел-жұртты жинатып, жүйрік аттарды алып келеді. Одан бәйгеге қосылатын аттарға сын беріледі. Одан кейін ақын аттың шабысын баяндайды. Ақанның өткен тарихына, Құлагердің тарихына, оның өліміне тоқталады, Ақан қайғысы, ел қайғысы сөз болады. Осы сюжеттік-композициялық құрылыста I.Жансүгіров негізгі айтайын деген ойға қатысы жоқ, бөгде құбылысқа ауытқымай, сюжеттік желіні негізінен берік ұстап отырады. «Құлагер» поэмасындағы бәйгеге ат қосқаннан кейінгі күрестің басталуы, күрес процесі бір қарағанда артық эпизод сияқты. Осы бір тұста Ақан да, Құлагер де «ұмыт» қалатындай сезіледі.
Байыбына барсақ, поэманың сюжеттік-композициялық тұтастығына оның еш зияны тиіп тұрмағанын байқаймыз. Поэманың негізгі рухы өнер иесін, күш иесін паш ету болса, ол Ақан жанының тебіренісі арқылы берілетін болса, сол Ақан жанының рухы осы күрес тарауында да жүреді. Мұнда да томырық қара күш иесі өнері, әдісі бар балуаннан сазайын тартады. Бірақ әділетсіз заман әдіс-айласымен жеңген балуанға есе бермейді. Бұл Ақанға да есе тимейтінін айту үшін алдын ала жасалып отырған ишарат деуге де болады. Екіншіден, қазақтың ас беру әдетінде бәйге аттары кеткеннен кейін күрес басталатыны тағы бар. I.Жансүгіров, бір жағынан, осы жәйді ескеріп, халықтың ойын-сауық әдетін рет-ретімен көрсетуге тырысқанға ұқсайды. Алайда, ақын үшін бұл басты шарт емес. Күрес эпизодын шығарманың сюжеттік-композициялық тұтастығын сақтау үшін алған. Бәйгеге қосылатын көп аттарды ұзақ жолға шығарып салғаннан кейін, іле-шала келесі тарауда олардың қайтып келе жатқанын көрсетсе, оқиға тым асығыс, жылдам өтер еді де, оқушыға оның эмоциялық әсері онша күшті болмас еді. Аттар кетті. Жұрт өз көздерімен ұзатып салды. Олардың назары енді күреске ойысты. Жұртпен бірге оқушы назары да осы күреске ауады. Бұл балуандар сайысының процесі де динамикалы түрде күшті өтеді. Әйтсе де бәйгеге қосылған аттар қайтып, осы жолда Құлагердің ауыр қазасын естігелі отырған жұрт та, оқушы да күрес кезінде біраз тыныс табады. Бұл тыныс алдағы қаралы хабарға дайындық ретінде алынып отыр. Сөйтіп, ақын оқушысының көңіл-күйін әдейі біресе босатып, біресе ширатып, тынысын еркін баурап алады. Балуандар сайысының этнографиялық маңызынан көрі ақын үшін поэманың композициялық желісінің ширақ тартылуына қызметі мол.
«Жар да жоқ, жалын да жоқ, жақсы ат та жоқ», өткен күнге әнімен лагнет айтып, жақыннан да, «жақсыдан» да безінген жұмбақ жанды Ақанның осындай халін айта келіп, ақын оның кейпін былай суреттейді:
Достарыңызбен бөлісу: |