Секірген бір киікті қасқыр көрді, –
деген жолдар Құлагерді (киікті) тамақтағысы келген қанды ауыз «қасқыр», әпербақан, баққұмар Батыраштың жіберген қарақшысы. Дәл осы шумақта сол қарақшы біресе мерген, біресе қасқыр болып, Құлагер біресе маралға, біресе киікке айналып тұр. Мұндай мысалдар «Күйші» поэмасында да жиі кездеседі.
Көркем әдебиетте кейіпкерді нақтылы түрде бейнелеуде болсын, жалпылай алып атауда болсын олардың жағымды, жағымсыз бейнелері жазушының өз тіліндегі (кейіпкер тілі емес) эпитет, метафора, теңеулер арқылы да көрініп отырады. Бұл лирикалық поэзияда бүтіндей лирикалық геройдың атынан айтылса, эпикалық шығармада көбіне ақын атынан айтылып отырады. Сөйтіп, эпостық шығармада ақын оқиғаға, кейіпкерлеріне деген өзіндік көзқарас, қатынастарын бейтарап қалдырмай, айқын сездіреді. Ілияс Жансүгіров поэзиясындағы метафоралардың дені сол халықтық негізде болып келеді де, ел билеген, еңбекші халықтың еңбегін қанаған, би-болыстар, шынжырбалақ шұбар төстер, еңбегі жанбаған еңбекші адамдар, төрт түлік мал, хайуанаттар, аң, құс, жәндіктерге байланысты алады. Бірақ жағымды кейіпкерлер халық тіршілігінде жақсылығымен, жағымсыз кейіпкер сол хайуанаттар мен жәндіктердің халық тіршілігінде пайдасыз, зиянды жайларына байланысып отырады. Мысалы, теңсіздік заманның әділетсіз ел билеген жуандарын Ілияс көбіне:
Әр жақтың қошқарлары, марқалары...
...Әр елдің бұқалары, өгіздері
Қызыл сөз, саба құрсақ семіздері, –
деп бейнелейді. Мұндағы қошқар мен марқа мықты мағынасында қолданылғанмен сөздің астарында мысқыл, ирония жатыр. Ал бұқа мен өгіз жалпы қазақ әдебиетіндегі бейнелеу тілінде адамға қатысты жағымды түрде көп қолданыла бермейді. Ілияс мұнымен ғана шектелмей:
Бауырласты, жақынды
Иттер қалжа қылғанда,
Достарыңызбен бөлісу: |