Қонақкәде айту
. Үй иесі қонағына «Қонақ кәде айта отырыңыз», -
деп қолқа салатын болған. Ол - өлең айтыңыз, күй тартыңыз, өнер
көрсетіңіз, деген тілек, қонақтың өнерін, қабілетін сынау, көңілді отыру.
Сол себепті қазақтар баласын жастайынан ән айту, күй тарту тәрізді өнерге
баулыған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай.
Қорықтық құю
. Ол – емдік ғұрып. Ауырған адамның төбесінің
үстіне (басына тигізбей) май құйылған табаны әкеліп, екінші бір ыдыста
қорытылған сұйық (ыстық) қорғасынды оның үстіне құйып кеп жібереді.
Сонда «шар» етіп кішкене қорғасын сұйығы бір бейне қалпына түседі.
Емші соған қарап ауруға «Сіз иттен немесе адамнан, жыланнан
қорыққансыз» дегендей болжам айтып, ауруды жазылатынына сендіреді.
Құрбан шалу
(ғұрып). «Мұсылман елінің ең басты әрі қасиетті тойы
әрі мейрамы-Құрбан айтында Мұхаммедтің әр үмбеті дін құрметіне,
әруақтарға бағыштап (арнап) мал сойып, құрбандық шалады. Алғаш құрбан
шалу Алла бұйрығы бойынша Ибраһим Пайғамбар тұсында болған. Алла
оған сүйікті ұлы Сымайылды құрбандыққа шалуға бұйырған. Мұны әке де,
бала да құп алады. Алла тағала әкелі-балалы екеуінің шын берілген және
адалдығы үшін рахым жасап, жұмақтан көк қошқар түсіріп, ол
құрбандыққа шалынады.
Құрбан шалу ғұрпы сол заманнан бастап сақталып келеді. Бұл да
мұсылмандықтың басты бір парызы. Әрбір пенде өзінің Алла тағалаға
рухани да, дүниелік те жақындығын, яғни қалтқысыз адалдығын көрсету
үшін белгілі бір уақытта аты аталып шалынатын мал «құрбандық малы»
делінеді. Құрбанға жарайтын малдар: қой, ешкі, сиыр және түйе.Бұлардан
басқа хайуандардан құрбан болмайды. Қой, ешкі сияқты ұсақ малды бір
адам, сиыр, түйені жеті адам бірігіп құрбанға шалуына болады. Ауру,
ақсақ, соқыр, жаралы,қотыр малды құрбан шалуға жарайды. Құрбанға
шалынатын малға бата беріледі. «Құрбан қабыл болсын» юеу керек.
Құрбандық еті көпшілікке беріледі. Құран оқылады, тілек, бата беріледі.
Түнде құрбан шалынбайды.
Құттық
(дәстүр). Келін түсірген үй құда-құдағиларын аттандырған
соң ауылдың оң жақта отырған бойжеткендері келіп «құтты болсын»айтып
арнайы дәм әкеліп, сый жасайды. Сосын қыздарға лайық тағым, кесе-аяқ,
көрпе-жастық, сақина,сырға сияқты әшекейлі заттарды сұрайды. Бұл
дәстүр ел ішінде «құттық» деп аталады. Ол «құтты болсын», «құт әкелсін»
деген ізгі ойдан туған қазақи ырым, жоралғы. «Құттық» алатындар әдейі
алыстан да келеді. Оларға мал, бағалы бұйымдар мен киімдер беріледі.
Әрине, бұл дәулетті мырза адамдардың ғана қолынан келетін іс. Сонымен
бірге бұл қазақтың салт-дәстүрге бай жомарттық, мырзалық қасиеттерінің
тағы бір айқын дәлелі екенін көрсетеді.
Қыз ұзату
(салт, той). «Ұлын-ұяға, қызын-қияға қондыру»-ата-
ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату-үлкен той, думан әрі
қызық. Бұл күні ата-ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны-қыз өсіреді
және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны-әрине қимастық көңілі.
Қызды алуға құда (тақ санымен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді.
Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік
және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік
баруы керек. Мұнда ойын-сауық, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар
жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады. Ұзатылатын қызды
дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу
жырын», жастар «Жар- жар», «Ау-жар», «Аушадияр» айтылады. Сонда
құда аттандырар кәдесі беріледі.
Құда тартар
(салт). Жол-жоралары, салт-дәстүрлері, түрлі
ырымдары мен кәде түрлері өте көп. Солардың ішінде қыз алуға келген
құдаларға жасалатын құрмет те аз емес. Сол сияқты олар тартатын күлкілі
азап одан да көп. Олар «құдаларын құдайындай сыйлай» отырып, «құда
тартар» атты кәделі дәстүрден аттап өтпейді. Бұл ойын-күлкіге, сайыққа,
сынға құралған салт. Мұнда құда тартар кәдесін сұрай келген әйелдер
бастаған топ құдаларға лап қояды да, оларды көкпар тартқандай тарта
жөнеледі. Әрине, бұған қарулы жігіттер мен жас әйелдер араласады. Олар
құдаларды теріс қарап өгізге мінгізеді, «кірлеп кетіптіғой» деп өзенге де
апарып сүңгітеді, аяғын жоғары қаратып үйдің шаңырағына да асып қояды.
Не керек жұрт күлетін қиын да, кейде ерсі қимылдарға барады. Бұған
құдалар ашуланбайды. Қолынан келсе олар да құдағи жағына күш көрсетіп,
оларды қоса құшақтай кетеді. Мұның өзі жұрттың көңілін көтеретін ойын-
сауыққа ұласып кетеді. Қазақтың құдалық, неке дістүрін өткен ғасырда
П.Маковетцкий, Н.Гродеков, Л.Баллюзек, А.Левшин сияқты орыс
зиялылары кең зерттеп, тамсана жазған.
Достарыңызбен бөлісу: |