Сыралғы
–
дәстүр. Олжалы, қанжығасы қандалып келе жатқан
аңшыдан кездескенде сұралатын жол сыралғы деп аталады. Аңшылар
сыралғының сөзін жерге тастамайды.
Табыну
(ғұрып). Адам баласында Алла тағалаға, әулие - әнбиеге,
тағы басқа киелі тылсым күшке сыйыну мен сенудің және оған берілудің
бірнеше жолдары бар. Солардың бірі – табыну. Адамдар осы табыну
арқылы діни ұғымның таным – түсінігін, оның құдіретті күшін дәріптейді.
Оған өзі де, өзгені де сендіреді, тоқтатады. Қазақтар көбінесе Жаратушы
құдіреттен басқа аруаққа табынады. Олардан көмек күтеді, бала тілейді,
ауыру – сырқауына шипа іздейді. Табынудың ақсарбас айту, тасаттық беру,
әулие басына түнеу, мойнына бұршақ салу, құрбандық шалу, қайыр садақа
беру тағы басқа жөн – жосықтары мен ырым – тыйымдары өзгеше
көріністері де бар. Бұл дәстүрді ел ішінен әлі де жиі кездестіруге болады.
Той
– әдет-ғұрып дәстүрі. Дүние жүзінің барлық халықтары той
жасайды. Қазақ халқының мәдени өмірінде той ежелгі заманнан бастап
үлкен орын алған. Мысалы, қыз ұзату, үйлену, шілдехана, сүндет, наурыз
тойлары. Қыз ұзату, үйлену, сүндет тойларына ат шаптыру (бәйге), балуан
күрес, көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар өткізіледі. Тойдың жақсы
дәстүрлері бүгінде сақталған, үйлену тойында жар-жар айтылады, түрлі
ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Тоқым қағар
– қазақтың ескі дәстүрі бойынша, жас жігіт алғаш рет
жолаушы жүргенде берілетін жолаяқ, кәде. Алыс жолға кеткен жігіт аман-
есен келсін, тоқымы жерде қалмасын деген жақсы тілек білдіруге
байланысты берген. Тоқым қағуға арнайы қой немесе қозы сойылады,
болмаса қазы-қарта асылады.
Тұсау кесу
– бала тәрбиесіндегі әдет-ғұрып, ырым. Баланың аяғын
жіппен немесе қойдың піскен майлы ішегімен тұсап, бала-шағалы, аяғы
жеңіл, ақкөңіл адамға кескізеді. Тұсау кесу құрметіне тағам дайындап,
көршілерді жинап, жеңіл-желпі құрмет көрсетіледі. Тұсау кескен адамға
сыйлық беріледі. Тұсауды ала жіппен кесу көне шаман дінінен қалған.
Ілу
(салт дәстүр). Жаңа түскен келінді барған жерінде «үй көрсету»
салтын жасау ілік пен жақынның әр ағайынның міндеті. Мұндайда жас
келін шақырған үйге дәстүр бойынша «ілу» салады. Мұның мағынасы
көйлектік мата, кілемше, киім-кешек, тағымдар апару деген сөз. Бұған
қайын ене басшылық жасайды. Келін үйге сәлем жасап кіргеннен кейін
«ілуге» апарған затын босағаға іліп кетеді. Ілу деген сөздің төркіні міне,
осындайдан шыққан дейді білетін қариялар. Ілуді қайын жұртына барғанда
күйеу де салады.
Шөміш қағу
– ырым. Көктемде сәуір айының бас кезінде көкжиекті
бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Осы кезде ата-
бабаларымыз «күн күркіреді, көк дүрілдеді» деп, үлкен қуанышпен қарсы
алған. Осы алғашқы күн күркіреген кезде киіз үйдің босағасына,
табалдырығына ағаш шөмішті тигізіп:
Айран, сүт көп болсын,
Жақсылық көп болсын,
Жабырқау жоқ болсын.
Ел-жұрт тоқ болсын, – деп тілеу тілеп, көктемнің алғашқы
найзағайлы күркірек жаңбырын қарсы алады. Осыны шөміш қағу деп
атайды.
Шашу
– әдет-ғұрыптың бір түрі. Жаңа түскен келіннің, жаңа туған
нәрестенің тойына барғанда, қуаныштың белгісі ретінде құрт, ірімшік,
кәмпит, өрік-мейіз шашады. Шашуды әдетте жасы үлкен әйелдер, әжелер
шашады да оны жас балалар теріп алады. Халқымыздың ежелгі дәстүрі
бойынша, той жасаған үйге оның жақындары «тойға шашу» деп, тәтті
тағамдар әкеледі.
Шаңырақ көтеру
(салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын
көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт
дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай
деп жазған: «....қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған
баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы
жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде
тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған
малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»).
Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың
шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы
үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу
қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан
әлі айрылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен кішісі, еркек әйелі
онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де
осындай терең сыйластық бар.
Достарыңызбен бөлісу: |