4.4. Әрқилы жас шағындағы балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері
Кіші мектеп жасы (6-10 жас). Алты жаста баланы өміріндегі үлкен өзгерістер күтіп алады. Мектеп жасындағы оқу-үйретім оның іс-әрекетіндегі, басқа адамдармен араласып, қатынас жасауындағы ірі ауысымдармен байланысты. Бұл кезеңдегі оның жетекші іс-әрекеті – оқу-үйренім. Осыған орай баланың тіршілік қалпы өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады, төңірегіндегі адамдармен қатынасы да жаңа сипат ала бастайды.
Биологиялық тұрғыдан кіші жастағы балалар екінші толығу кезеңіне енеді: бой өсуі бәсеңсеп, салмағы едәуір арта түседі, тән сүйектенуі байқалады, дегенмен, бұл үдеріс осымен тоқтамайды. Бұлшық еттер жүйесі жедел дамуда болады. Қол білезігінің нәзік бұлшық еттерінің дамуымен майда қимылдар жасау қабілеттері көтеріліп, бала шапшаң жазу дағдыларын меңгере бастайды. Бұлшық ет күш-қуаты артады. Бала ағзасының барша ұлпалары даму қалпына түседі.
Кіші оқу-үйренім жасында жүйке жүйесі жетіліп, бас миы үлкен жарым шарларының қызметі жедел дамиды, ми қабығының талдау және біріктіру қызметтері күшейе түседі. Бұл жаста бала миының салмағы ересектер миының салмағына жетіп, орташа 1400 г дейін ауырлайды. Бала психикасы да жылдам дамуға кезігеді. Қозу және тежелу үдерістерінің ара қатынасы күшейе түседі, бірақ бұған дейінгідей қозу үдерісі басымдау келіп, кіші мектеп жасындағы бала өз қызбалығына тоқтау бере алмай қалады. Сезім мүшелерінің қызмет дәлдігі көтеріледі. Мектепке дейінгі жаспен салыстырғанда бұл жаста түр-түс байқау 45 ұлғаяды, буын-бұлшық ет сезімдері 50 жақсарады, көру 80 асады (А.Н. Леонтьев).
Кіші шәкірттің танымдық іс-әрекеті оқу-үйренім үдерісінде өтіп жатады. Қарым-қатынас, сөйлесу аймағының кеңеюі де аса жоғары маңызға ие. Шәкірттердің жеделдескен дамуы мен қалыптасуы не дамуы қажет сан қилы, әрі сан жетпес жаңа сапалардың көптігі педагогтардан бүкіл оқу-үйретім, тәрбие іс-әрекеттерінің қарқынын, бағдарын мақсатқа тәуелді түзуді талап етеді.
Кіші жастағы балалардың қабылдауы тұрақсыздығы және шашыраңқылығымен ерекшеленеді, дегенмен, солай бола тұра, бұл қасиет өте өткір де сезімтал, жас балғынның “бақылау құмарлығы” басым. Мектеп есігін енді ашқан бала 9 бен 6, жұмсақ “ь” және жуан “ъ” белгілерді “р” әрібімен шатастырады, алайда өзі үшін жаңалық болған төңірегіндегі өмірге қызықсына назар аударып, онда болып жатқан құбылыстарды жай сезімімен қабылдау дәрежесіне жетеді. Талдау, қабылдау барысындағы жүктеме қабілетінің әлсіздігінен болатын олқылықтар жарқын көріністі көңіл-күй қабылдауымен толықтығын табады. Сезіммен қабылдауды арқау ете отырып, тәжірибелі мұғалімдер өз шәкірттерін біртіндеп мақсатты таңдауға және көруге үйретеді, бақылағыштығын дамытады. Мектептің алғашқы сатысын бала мақсат бағдарлы ерекше іс-әрекет болған қабылдауды күрделендіре әрі тереңдете меңгеріп, оның талдау, жіктеу дәрежесін көтереді. Бала қабылдауы ұйымдасқан сипат алады.
Кіші жастағы балалардың зейіні ырықсыз, тұрақтылығы кем, көлемі шектелген. Осыдан бастауыш мектеп баласының оқу-үйретімі, тәрбиесі зейін мәдениетін баулуға бағытталады. Мектеп өмірі баладан ырықты зейінге үздіксіз жаттығып, оны мақсатқа орай шоғырландыру үшін ерік күшін қоса білуге үйренуді талап етеді. Ырықты зейін көптеген басқа қызметтермен, әсіресе, оқу-үйренім сеп-түрткілермен, ынта-ықыласымен, оқу-үйренімнің іс-әрекетінің табысына деген жауапкершілік сезімімен бірге дамиды. Бастауыш мектеп шәкірттерінің ойлау қабілеттері көңіл-күй бейнелі қалыптан дерексіз-қисынды (абстракт-логикалы) қалыпқа бағыттала дамиды. К.Д.Ушинский педагогтар назарын баланың ойлау қабілеттерінің ерекшеліктеріне аудару мақсатымен: “сәби формамен, түр-түспен, дыбыстармен, жалпы түйсіну арқылы ойлайды”,- деп ескертеді. Алғашқы саты мектебінің міндеті- баланың ойлау әрекетін жаңа сапалық деңгейге жеткізу, зердесін себеп-салдарлы байланыстарды түсіну дәрежесіне көтеру. Мектеп жасына бала тәуір дамыған қабылдау және еске қарағанда салыстырмалы әлсіз дамыған ойлау қабілетімен енеді. Ал бұл қабілеттің дамып, жоғары зерделікке көтерілуі тікелей мектеп тәрбиесіне байланысты. Отбасы не қоршаған орта тәрбиесінің зерделік дамуды толықтай қамтамасыз етуге әлі жетпейді. Бұл орайда мектеп мұғалімінің ықпалы орасан мәнді. Зерттеулер көрсеткендей, оқу-үйретім, тәрбие үдерісінің әрқилы ұйымдасуынан, оның мазмұны мен әдістемесін, танымдық іс-әрекеттерді ұйымдастырудан кіші мектеп жасындағы баланың ойлау мүмкіндіктері сан түрлі сипат алады.
Балалардың ойлауы олардың сөйлеуімен өзара байланыста дамиды. Бүгінгі төртінші сынып шәкіртінің сөздік қоры шамамен 3500-4000 сөзді қамтиды. Мектеп ықпалы баланың сөздік қорын байытудан ғана көрінбей, оның аса маңызды келген ауызша және жазба ой өрнектеу ептіліктерін меңгеруінен байқалады.
Адамның танымдық іс-әрекетінің дамуында естің (жадтың) маңызы үлкен. Бастауыш мектеп тәрбиеленушісінің табиғи мүмкіндіктері өте ауқымды: оның миы есіткенін сөзбе-сөз есте қалдыруға қабілетті, егер мектеп жасына дейінгі бала 15 сөйлемнің 3-5-ін ғана жадында сақтай алса, кіші мектеп жасындағы 6-8 сөйлемді қиналмай есінде қалдыра алады. Оның жады көбіне көрнекі, қызықты, нақты да жарқын материалды қалтқысыз жадта сақтайды. Алайда, бұл жастағы шәкірттер өз жадын орынды пайдалана алмайды, оны тәлім міндеттеріне бағындыруға қиналады. Осыдан мұғалімдер жадта қалдыруға қажет өзіндік бақылау ептіліктерін, өзіндік тексеру дағдыларын, оқу-үйренім еңбегін саналы ұйымдастыруға үйретуде біршама қиыншылықтарға кезігеді.
Кішкентай шәкірттің тұлғалық кемелі ересектермен (мұғалімдермен) қатар-құрбыларымен (сыныптастарымен) түзілетін жаңа қатынастар, жаңа іс-әрекет пен пікір алысу, толып жатқан ұжымдық жүйелерге (жалпы мектептік, сыныптық) ену аясында қалыптасады. Онда әлеуметтік сезім бірліктері дамып, қоғамдық әрекет-қылық, мінез-құлық дағдылары (ұжымшылдық, өз қылықтарына жауапкершілік, жолдастық, достық, өзара жәрдем т.с.с.) қалыптасады. Кіші мектеп жасы адамгершілік-инабаттық сапалардың, тұлғалық ұнамды бітістердің қалыптасуына қолайлы мүмкіндіктерге ие. Баланың бұл жастағы икемшілдігі мен иланғыштығы, сенгіштігі, еліктегіштігі, мұғалімге тән үлкен бедел мен абырой болашақ тұлғаның жоғары іззеттігі мен инабаттығының орнығуына аса тиімді алғы шарттар жасайды. Адамгершілікті әрекет-қылықтың негіздері дәл осы кіші мектеп жасында қаланып, тұлғаның әлеуметтену үдерісіне зор ықпалын тигізеді.
Бастауыш мектеп өз тәрбиеленушілерін ақылмен ұйымдастырылған, олардың әлі жететін, тұлғаның әлеуметтік сапаларының қалыптасуында маңызы өте жоғары өндірістік еңбекке араластыруы әбден қажет. Балалардың орындайтын жұмыстары өзіндік қызмет, ересектер мен жоғары сыныптағы аға, әпкелеріне жәрдем сипатында өтеді. Балалардың өз ынталылығы, өзіндік қызмет қабілеті мен бәсекелестігінің жарқын көрінісін беретін ойын мен еңбек ұштастығы жақсы нәтижелерге жетелейді. Кіші мектеп шәкіртінің жарқын да тосын құбылыстарға ұмтылысы, сиқыр мен қатерге толы ғажайып дүниені тануға деген ниеті, шегінен тасыған әрекет тынымсыздығы - осының бәрі де еңбеккерлікке, қозғалысты мәдениетке, ұжымдық қызмет дағдылары мен жан-жақты белсенділік дамытушы, пайда мен рахатқа бөлеуші саналы ойында қанағат табуы тиіс.
Орта мектеп жасы (10-11 ден 15 жасқа дейін) - балалықтан бозбалалыққа өту шағы. Бұл жас шағы екінші саты мектепте (5-9 сыныптар) оқу-үйретім кезеңімен сәйкес келіп, жалпы тіршілік мүмкіндіктерінің көтерілуі мен барша ағзаның тереңдей қайта түзілуімен сипатталады. Баланың жан дүниесі жартылай сәби, жартылай ересек психологиясымен ерекшеленеді: өз дамуында ол балалықтан “ажыраған”, бірақ ересектерге “қосыла” алмаған күйге түседі. Бұл кезең жасөспірімнің өзіне де, оның төңірегіндегілерге де көп қиыншылық туындатады.
Бұл жаста баланың барша ағзасы толастап өседі де дамиды. Бойы тез өседі (ер балалар жылына 6-10 см, ал қыз балалар 6-8 см қосады). Дене қаңқасы сүйектенеді, сүйектері шымырланып, қатаяды. Бұлшық еттерінің қуаты арта түседі. Ағзаның ішкі мүшелерінің дамуында теңсіздік байқалады: қан тамырларының өсуі жүрек өсімінен кешеуілдеп, жүрек әрекетінің ырғағы бұзылыс тауып, жиі соғады. Бозбаланың өкпе дамуы бәсеңсиді, дегенмен, оның тіршілік күші (ауа сиымдылығы) 3400 куб сантиметрге көтеріледі. Балалардың тән-дене дамуындағы теңсіздік олардың әрекет қылығына ықпал жасайды: қажетсіз көп дене қимылдарына әуес, қозғалысы ұйтқымалы, үйлесімі кем.
Жасөспірімдік шаққа тән ерекшелік - ағзаның жыныстық пісіп жетілуі. Қыздарда ол 11 жаста, балаларда - кейінірек, 12-13 жаста басталады. Жыныстық жетілуден ағза тіршілігіне ескерерліктей өзгерістер енеді, ішкі тепе-теңдік бұзылыс тауып, жаңа күйзелістерге душар етеді.
Жасөспірімдік шақта жүйке жүйесі дамуын жалғастырады. Бұл жастағы бала миының салмағы мен көлемінің ересектер миынан айырмашылығы жоқтың қасы. Сана маңызы артады, бас миы қабығының инстинкттері мен сезімдерді бақылау күші жақсарады. Алайда, қозу үдерістерінің қызметі тежелу үдерістерінен басымдау, осыдан жасөспірімге қызбалық тән келеді.
Бозбала қабылдауы кіші шәкірт қабылдауымен салыстырғанда біршама бағытты, жоспарлы әрі ұйымдасқан. Кейде бұл қасиет нәзіктігі және тереңдігімен байқалса, ал енді бір мезетте үстірттігімен сезіледі. Баланың бақылау нысанына деген қатынасы өз алдына ерекше. Қоршаған ортадан байқағанын оқу-үйретім материалымен байланыстыра алмау - орта мектеп жасындағы шәкіртке тән елеулі құбылыс.
Орта мектеп жасындағының зейініне байланысты бітіс - оның күшті таңдамалылығы, қызықты сабақтар мен көңілге қонымды істер бозбаланы өте еліктіреді, осыдан ол қандай да материал не құбылыспен ұзақ уақыт шұғылдануы мүмкін. Бірақ жеңіл қызбалығы, тосын жарқын затқа зейін аударғыштығы назарын бір заттан екінші затқа ырықсыз ауыстыра беруіне себепші болады. Жас өспірімнің бұл қасиетін сабақ уақытында шаршаған шақта пайдалана, оқу-үйретім үдерісін ұйымдастырған тиімді келеді.
Бозбалалық жаста ой іс-әрекетінде елеулі өзгерістер көрініс береді. Ойлау қызметі жүйелілік, бірізділік, кемелді сипат алады. Дерексіз ой толғастыру қабілеті жақсарады. Нақты-бейнелі ойлау мен абстракт ойлау арасындағы қатынас өзгеріп, кейінгі қасиет дами түседі. Бала ойының сынау бітісі күшейіп, енді ол мұғалім не оқулық беделіне көзсіз бағына бермейді, өз пікірін алға тартып, пікір таластырумен қарсылық білдіруге бейім тұрады. Бұл шақ жасөспірімнің шығармашыл ойының дамуына өте қолайлы. Осы икемшіл (сензитив) кезең мүмкіндіктерін жіберіп алмау үшін шәкірттерге проблемді міндеттерді шешуге, салыстыруға маңызды болғанды бөліп алуға, ұқсастық пен айырмашылықты ажырата табуға, себеп-салдарлы тәуелділіктерді тануға арналған тапсырмаларды беру қажет.
Ой-өріс дамуы бозбаланың сөйлеу қабілетімен тығыз байланыста өтеді. Енді ол өз айтарын дұрыс анықтамаларға келтіріп, қисынды негізге келіп, дәлелді тұжырымдармен өрнектеуге тырысады. Сөйлемдері күрделеніп, сөз саптауы көркем әрі құлаққа жағымды сипат алады.
Жасөспірімдік кезеңде тұлғаның адамгершілік және әлеуметтік қалыптасуы жеделдеседі. Алайда баланың өз әрекет қылығында ұстанымға алған инабаттық мұраттары, құндылық танып бағалау жүйесі, іззеттілік принциптері әлі жеткілікті дәрежеде бекімеген, жолдастарының ықпалы не өмір қайшылықтары оларды жеңіп, ауыстырып жіберуі тіпті мүмкін.
Бозбаланың іззеттілік және әлеуметтік қылықтарының орнығуында сезімдер маңызы ерекше. Олар ырықты ойластырылған әрі қуатты келеді (кіші жастағылардың сезімі бейберекетті (импульсив). Өз сезімдерін бұл жастағы балалар бұрқасынды танытып, кейде өз сезіміне иелік ете алмай да қалады, әсіресе, ашуға булыққанда. Педагогтар мен психологтардың көбі бозбалалық шақты ауыр дағдарыс кезеңі ретінде бағалайды. Осыдан бала қыңыр, менмен, бар білгені ішінде, тұйық күйге түседі. Бұл жасты зерттеушілер тіпті “апаттар шағы” деп те атайды. Сондықтанда жасөспірімдердің рухани дүниесіне, сезім көріністеріне аса мұқияттылық пен әдептілік сақтай қатынас жасаған орынды. Жасөспірім жан дүниесіне байланысты аса күрделі мәселе - баланың наным-сенімдері, адамгершілік ниеттері мен ұғымдарының оның әрекеттері, қылықтары және мінез бітістеріне сәйкес болмай қалуы: ниеті түзу бола тұрып, істеген ісі адам шошынарлық.
Бозбаланың адамгершілік мұраттары мен наным-сенімдері әрқилы жағдаяттар ықпалында қалыптасып, көп түрлілігімен көрінеді. Ұнамды бағыттағы сапалармен бірқатар көптеген қателікті, жетілмеген, тіпті тұлға бойына жат қасиеттер орын алуы мүмкін. Ер балалар күшті де батыл, ержүрек адамдарға еліктеп, соларға табынады. Кейде батырлық-батылдық шек өлшемдерін айыра алмай, ержүректігі жауыздыққа, тәуелсіздігі-сатқындыққа, өзіне деген құрмет - өзгеге озбырлыққа өткенін байқамай қалады. Қыз балалардың да жалған мұраттар шырмауына түсіп жататыны бар. Дәстүрлі,қыз балаға тән ұнамды құндылықтар қоғамға жат, әлеуметтік сиымсыз сапалармен алмастырылады. Осыдан жасөспірім қыз жөзекшелікті, жалғандылықты, жатып ішерлікті кінәламай, тіпті қылмыстылармен таныстығын дәріптейтіндері де кездеседі.
Бозбалалық кезең соңына таман шәкірттер алдында кәсіп таңдау мәселесі пайда болады. Жасөспірімдердің көбі адал, ақ ниетті еңбек мәнін дұрыс түсініп, болашаққа жасаған қадамын жауапкершілікпен бастауға ынталы. Дегенмен, соңғы жылдардағы зерттеулер айғақтағандай, үстіміздегі нарықтық заман, онымен бірге кейінгі уақыттарда мектеп беделінің түсуі балалар дамуындағы дағдарысты (инфантилизмді), немқұрайлылық пен әлеуметтік болымсыздықты өршітіп жіберді. Болашақ өмірін заттасқан өнім саласындағы еңбекпен ұштастырушылар ғана емес, тіпті жалпы еңбектенуге құлықсыздар көбейіп бара жатыр. Адал еңбеккер бұл күнде мұратты үлгі болудан қалды.
Орта жас шәкірттерімен тәрбие жұмыстарын алып бару- өте маңызды да, күрделі де міндеттердің біріне айналып барады. Педагогтар қазіргі таңдағы жасөспірімдердің дамуы мен әрекет-қылығы ерекшеліктеріне аса мән беріп, нақты өмірдің күрделенген әрі қайшылығы мол жағдайларына өзін бала орнына қойып, оларды тереңдей түсінгені жөн. Бұл қазірде күннен-күнге үдеп жатқан бозбалалардың мұғалімнен алшақтауын, мектеп пен қоғамнан безуін азда болса, кемітудің бірден бір дұрыс жолы. Орта мектеп шәкірті дәләл-дәйекке құлақ асады, ақылмен келтірілген негіздемелерді мойындайды. Мектеп өмірін демократияландыру, қалаулы шұғылдану, ұжымның еркін таңдаулы істері: қызығу пәндерін үйрену, игеру - осының бәрі жасөспірімнің өз бойы мен ойын тіктеп көрсетуіне, өзі қалаған пікірлерді қорғауға, қатар құрбылары және ересектермен тіл табысып, өзара түсінісуге қолайлы шарттар түзеді, түптеп келгенде, адамгершілік және әлеуметтік сапалардың қалыптасуына ұнамды тұғыр қалайды.
Жоғары мектеп жасы (15-18 жас). Бұл жаста негізінен адамның тән-дене қалыптасуы аяқталады: өсуі мен қаңқаның сүйектенуі тоқтайды, бұлшық еттердің күш-қуаты артады, балалар үлкен қозғалыс жүктемелерін көтере алады. Қан басымы тұрақталады, ішкі секреция бездері ретімен қызмет атқарады. Жоғары мектеп жасында жыныстық жетілудің алғашқы кезеңі аяқталады. Жоғары қозуға себепші қалқанша безінің алғашқыда күшті іс-әрекеті енді босаңсиды. Бас миы және оның ең маңызды бөлігі-үлкен жарым шарлар қабығы өзінің даму әрекетін жалғастыра түседі. Ағзаның жалпы пісіп жетілуі өз жалғасын табады.
Жігіттік шақ- бұл дүниетаным, наным-сенім, мінез-құлық, тіршілікте өз орнын табу сияқты сапа-қасиеттердің дамып, орнығу кезеңі. Жігіттік кезең- өзіндік кемелдену, өзіндік сананың бұрқасынды жетілуі, болашаққа саналы көз жіберіп, іздену, үміт ету, армандау мезеті.
“Жастық шаққа нәр беруші жүрек жалынында адам мінезі қатаяды. Сондықтан да, бұл отты сөндіруге, одан қорқудың да, оған қоғамға жат құбылыс деп қараудың да, оның еркін жалын атуына шек қоюдың да қажеті жоқ, есесіне, осы кезеңде жас жанға еніп жатқан материалдың сапалы болуына назар аударған жөн”,- деп жазған еді К.Д. Ушинский.
Жоғары сынып шәкірттерінің бұл кезеңде оқу-үйренім пәндеріне деген таңдамалылығы арта түседі. Өмірлік табыс кепілі болар білімдерге болған құштарлық - бүгінгі жоғары сыныптағыларға тән қасиет. Осы қасиет психикалық үдерістердің дамуы мен қызметін айқындайды. Қабылдау-мақсаттылығымен, зейін-ырықтылығымен және орнықтылығымен, ес- қисындылығымен сипатталады. Жоғары сынып шәкірттерінің ойлау қабілеті жоғары деңгейлі қорытуы және дерексізденуімен ерекшеленіп, біртіндеп теориялық және сындарлы бағытта өрбиді.
Жігіттік шақ - барша ақыл ес іс-әрекеттерінің әбден жетілу кезеңі. Балалар табиғат құбылыстары мен қоғамдық өмір мәнін түсінуге ұмтылыс жасап, олар арасындағы өзара байланыстар мен тәуелділіктерді ашуға бейімділік білдіреді. Осыдан оларда болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарас, пікір білдіруге, өзіндік бағам жасауға деген ынта, ықылас артады. Өз еңбегі, ой толғанысымен пайымдалған өзіндік көзқарас бұрыннан қалыптасқан пікірлерге сәйкес келмеуі де мүмкін. Бұл жастағы ой дербестігі жетекші сипат алып, тұлғаның өзіндік бекуіне күшті жәрдемін тигізеді. Ересектер, мұғалімдер ойланып, толғанып жатпастан, баланың қарадүрсін, бір жақты, әлі пісіп жетілмеген тұжырымдарына әдепсіздікпен тойтарыс беріп, жанжалды және түсініспестік жағдайларға себепші болады.
Егер жасөспірімдік шақта ер балалар көбіне қара күшті бағалайтын болса, ал жоғары сыныптарда олар ақыл-ес сапаларын құрмет тұтады. Оларға, әсіресе, ой шапшаңдығы, тапқырлық, мәселені тереңдей сезу, шешілімі қажет материал мазмұнына жылдам ене білу- ұнайды. Сыныптағы бедел өткір ойлы, көзге түсер деректер астарындағы себептерді таба білетін, көрегендігі бар, батыл болжамдар түзе алатын балаларға беріледі. Бұл жастағылар адамға кешенді баға беруге бейімделеді. Осыдан олар ақыл-ойы, тән-дене дамуына сәйкес келген, сымбатты, әдепті адамдармен қатынас жасауға құштар. Мұндай үлгі, өнегеге ұмтылудан балалардың өзіндік тәрбие үдерісі дамып, қатаяды, тұрақталады және мақсатты бағдар алады.
Жоғары сынып шәкірттерінің адамгершілік және әлеуметтік сапаларының дамуы жеделдеседі. Бұған себепкер инабаттылық кемелденудің сезімтал кезеңі ғана емес, жаңа жағдайлардың өз әсерін тигізуі, мысалы, іс-әрекет сипатының өзгеруі, қоғам мен ұжымдағы орны, қарым-қатынас жеделдігі. Іззет, абырой ұғымдары айқындалып, әдет-ғұрып нанымдары бекиді. Кісілік сезімі тереңдеп, нығая түседі. Өз даралығын көрсетуге ұмтылыс пайда болып, кей балаларда бұл қасиет шектен тыс өріс алуы мүмкін, өзіне назар аудару, өзіндік болмысын өзінше бекіту бағытында қандай да амал-тәсілден пайдаланғысы келеді. Өлшем-шек сезімдері кеміп, дер мезеттегі құмарлық әуестікке беріліп, кейде қоғамға жат қылықтарға да бой ұрады. Мұндай жағдайда ересектердің шыдамды ықпалы мен мүдделі жәрдемі әбден қажет.
Кемелді жастық шақта этикалық мәселелерге қызығу күшейеді. Алғашқы махаббат жас адамдар өміріне үлкен толғаныс ендіріп қоймастан, көптеген күрделі сұрақтарға жауап іздестіруге мәжбүрлейді. Бұл жаста адам “мәңгі” мәселелер шырмауына түсіп, өмір, бақыт, борыш, тұлға еркіндігі мәнін ашып алуға ұмтылады. Осы тұста жастардың дінге деген қызығушылығының көтерілетініне ерекше назар аударған жөн.
Жоғары сынып шәкірттерінің әрекет-қылық сеп-түрлілері саналы сипат алады. Тұлғаның ұжымдағы беделі, ұжым мүшелері арасындағы қарым-қатынас, байланыс және тілдесу, пікір алысу сипаты жоғары маңыз алады. Ұжым сапаларын ретке келтіріп, түзейді, нақты ұжымда татымды болған бітістерді қалыптастырады. Ұжым ұнамды да, ұнамсыз да сапа-қасиеттердің теңдей пайда болуына бірдей себепші болуы мүмкін. Кейінгі жылдары көптеген жоғары сынып шәкірттерін өз бағдарламаларымен қызықтырар жастардың ресми емес ұйымдарының ықпалы күшейе түсті. Жастардың болмысқа қатынасы артты, мұғалімдер мен ересектерді бағалау өлшемдері мен талаптар деңгейі көтерілді.
Кәсіп таңдау табалдырығында тұрған жоғары жастағы бозбалалардың өмір, тіршілік жоспарлары, құндылықты бағыт-бағдарлары, қызығулары мен ниеттері өте жіктемелі, дегенмен, басты мәселе-әрбір жастың өмірде өзіне сай орнын тауып, қызықты кәсіп иелеп, жоғары жалақыға ерісіп, бақытты отбасын құруға деген - үміт талпыныстары баршаға ортақ. Соңғы жылдары “табысты кәсіп” құндылығына өзгеріс енді, ал жаңа экономикалық жағдайлар бұл құндылық мәселесін әбден асқындырып жіберді. Жақсы кәсіп енді өз мүмкіндіктерін іске асырып, жоғары жалақыға жетудің құралына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |