Тұқымынан өсімдік майы өндірілетін бірқатар екпе дақылдар майлы дақылдарға жатады: күнбағыс, мақсары, майлы зығыр, перилла, ляллеманция, майкене, жер жаңғағы, күнжіт, қыша, рапс, арыш, қышабас. Сонымен қатар өсімдік майлары мақта өсімдігі, талшықты зығыр, кенепшөп сияқты тоқыма дақылдары мен майбұршақ сияқты дәнді бұршақ дақылының тұқымдарынан да өндіріледі, ал кейбір майлы дақылдарды мал азығы ретінде де өсіреді (күнбағыс, рапс, т.б.). Өсімдік майлары тағамға кеңінен қолданылады, сыр, сабын, тері, тігін өнеркәсіптерінде, т.б. пайдаланылады. Тұқымдарынан май өндіргеннен кейінгі қалдығы күнжарасы малды азықтандыруға жарамды. Жекелеген майлы өсімдіктердің (майкене, майлы зығыр) сабақтарынан қағаз, қалың маталар өндіріледі. Өсімдік майлары кебетін (зығыр, перилла, арыш), жартылай кебетін (күнбағыс, майбұршақ, мақсары, күнжіт, рапс, қыша) жөне кеппейтін (жер жаңғағы, майкене) болып ажыратылады. Қазақстанда өндірістік маңызы бар майлы дақылдарға күнбағыс, майлы зығыр, рапс, арыш, қыша, мақсары жене майбұршақ жатады. Олардың егіс көлемі 63 мыңнан (1985 ж.) 483,3 мың/ға (1996 ж.) дейін жетті, алайда тұқымдарының орташа өнімі әлі төмен деңгейде (2,9ц/ға) қалуда.
Күнбағыс. Қазақстанда майлы дақылдардың ішінде егіс көлемі бойынша барынша кең тарағаны (70%) -күнбағыс. 1996 жылы ол 330 мың га жерде өсіріледі, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 160 мың га, Павлодар облысында 88 мың га болды. Оның жартылай кебетін майы табиғи түрінде де, өңделген түрінде де (майонез, маргарин) азық-түлікке кеңінен қолданылады, олиф, сабын, т.б. өнеркөсіп бұйымдарын жасауда пайдаланылады. Күнбағыстың күнжарысы — өте құнды мал азығы. Суыққа төзімділігіне және жоғары өнімділігіне байланысты Солтүстік Қазақстанда бірқатар аудандарда сүрлемдік жүгеріні ойдағыдай алмастырады. Егуге рұқсат етілген күнбағыс сорттарының тұқымдарында 47-54% майболады.