40-шы жылдары республиканың музыкалық өмірінде елеулі уақиға болды. Ол 1944 жылы Алматыда мемлекеттік консерваторияның ашылуы еді. Консерваторияға жоғары квалификациялы түрлі мамандықтағы кадрлар даярлау, қазақ, орыс, шетел музыкасы саласында ғылыми-зерттеу, әдістемелік жұмыстарды орындау, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау, өнер мен ағарту саласында мамандардың біліктілігін жоғарылату мінтеттері жүктелді.
Осы кезеңде көркемөнерпаздардың олимпиадалары мен байқауларының ұйымдастырылуы да оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесін жетілдіруге өз үлестерін қосып жатты.
Сонымен, соғыс және соғыстан кейінгі жылдары сыныптан тыс және мектептен тыс іс-әрекеттер осы бағыттағы жұмыстардың негізгі формасы болды. Ал музыкалық тәрбие мазмұндық жағынан бейбітшілік пен достық, бақытты өмір, патриоттық сипатымен ерекшеленді.
50-ші жылдары ел еңсесі көтеріліп, әлеуметтік-экономикалық жағдай біршама жақсарды. Осыған байланысты білім беру саласында елеулі жетістіктер бой көрсетті.
Жеті жылдық және жалпыға бірдей орта білім беру міндетті түрде жүзеге асырылатын болды. Политехникалық білім беруді одан әрі дамыту, оқу-тәрбие жұмысының деңгейін жоғарылату, оқу-материалдық базасын нығайту күн тәртібіне қойылды. Жаңа оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары жарыққа шығарылды. Ең бастысы, оқушылардың жас ерекшелігін ескеру негізінде оқу-тәрбие жұмысын жақсартудың жолдары мен әдістері айқындала бастады.
Бұрынғы Одақ құрамында музыкалық білім беруге байланысты оқулықтар мен әдістемелік құралдарды жарыққа шығаруда КСРО Мәдениет министрлігінің 1957 жылдың тамыз айындағы №509 «Музыка және педагогикалық репертуар шығармалары бойынша оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарын баспадан шығару және тарату ісін жақсарту туралы» бұйрығы шешуші роль атқарды. Сөйтіп, Қазақстанда оқу құралдары мен әдістемелік еңбектер жарық көрді. Мәселен А. Жұбановтың «Қысқаша нота сауаты», 5000 дана болып шыққан С. Кәрімбаевтың «15 ән» еңбектерін және балаларға музыкалық-эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне арналған әдістемелік мақалаларды атауға болады. Сонымен бірге республикада оқу жоспарларын құру, мектеп пен жоғары, орта арнай оқу орындарына арналған қазақ музыкасы бойынша түрлі оқулықтар мен оқу құралдарының басылып шығуы музыкалық білім беруді әдістемелік жағынан қамтамасыз ету ісіне үлкен мән берілгендігін көрсетеді.
1954-1955 оқу жылында қазақ бастауыш мектептеріне арналған «Ән-күй» бағдарламасы жарық көрді. Оның басты мақсаты – оқушыларды коммунистік идеялар рухындағы адамгершілік және интеллектуалдық тәрбиесін жетілдіру. Бағдарлама 1-6 сыныптарда ән сабағын беруді, оқушылардың нота сауаттылығын, хормен қосылып ән салу дағдыларын, музыка тыңдау әрекеттерін қарастырды.
60-шы жылдар. 1962-1963 оқу жылы Қазақ ССР оқу министрлігінің бұйрығына сәйкес халыққа білім беру жүйесінің қайта құрылуына байланысты жалпы білім беретін мектептердің бәрі жаңа оқу жоспары мен бағдарламаларына көше бастады. Сөйтіп, ән-күй сабақтары бастауыш, сегізжылдық қазақ мектептерінің 1-7 сыныптарында 1 сағаттық апталық жүктемемен оқытыла бастады. Осындай өзгерістерге байланысты ән-күй пәнінің бағдарламасы қайта қаралды. Дегенмен, бұрынғы бағдарламаларға айтарлықтай өзгерістер енгізілген жоқ болатын. Бұл жылдары республикада қазақ әндері жинақтары, оқу құралдары белсенді шығарыла бастады. Мектептегі ән-күй пәні болса, сол жалпы одақтық бағдарламаның қазақ мектептеріне бейімделген түрі негізінде оқытылды. Сол жылдары «Ән-күй» пәні «Музыка» пәні болып аталатын болды. Бірақ Г.С. Ригина айтқандай, аты өзгергенімен, пәнінің тұтастығы мен балалардың шығармашылық белсенділігін дамыту бағыттылығы әлі де болса қамтамасыз етіле қойған жоқ еді.
1962 жылы белгілі педагог әрі сазгер, көптеген балалар әндерінің авторы Б.Ғизатовтың қазақ тілінде дайындалған, үш бөлімінен тұратын «Мектептегі ән-музыка сабағының мұғалімдері үшін» атты әдістемелік құралы басылып шықты. Оның «Музыка сауаты» атты бірінші бөлімінде автор нота сауатын меңгерте жөніндегі жұмыс жүйесін қарастырды. Ал «Ән үйрету сабағы» атты екінші бөлімінде бір және екі дауыста ән салу әдістемесі, әнді орындау ережелері, сабақтың үлгілері және мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулар берілген. Үшінші бөлімі Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сияқты күйші-сазгерлердің, көрнекті орыс және қазақ сазгерлерінің шығармашылығын сипаттауға арналған. Осы бөлімде сифониялық оркестр және оның құрылымы, музыкалық терминдер жөнінде мағлұматтар берілген. Б. Ғизатов аталған әдістемелік құралға сәйкес «Музыка» пәні бағдарламасын жасады. Бұл еңбектер өз кезінде мектеп мұғалімдері үшін елеулі көмек болғандығын ескеруіміз керек.
Сонымен, Қазақстан мектептеріндегі музыка пәні мазмұнына бірен-саран қазақ әндері мен күйлері ендіріліп, толықтырылып отырғанымен, мақсат, міндеттері, құрылымы, мазмұны біртектес болды және Ресей бағдарламасы негізінде жүргізіліп келді.
Достарыңызбен бөлісу: |