Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет7/22
Дата31.12.2019
өлшемі1,96 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   22

2.2 Егіншілік

Егіншілікпен Қазақстанда ерте кездерден бері айналысады. Әсіресе, егнішілік Сырдарияның төменгі және жоғарғы ағысында, Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда және Жетісуда дамыды. Бұл аймақтарда егіншілік моңғол шапқыншылығына дейінгі уақытта дами бастады. Татар-моңғол шапқыншылықтарынан кейін егіншілік әлсірей бастайды. ХҮ-ХҮІ ғасырларда Қазақ хандығының құрылуы кезінде егіншілік ошақтары әлі де сақталады. Батыс және Орталық Қазақстанда малдарынан айырылған малшылар суармалы егіншілікпен айналысты.

ХҮІІІ ғасырдың ортасына қарай біріккен топтардың егіншілікпен айналысуы басталады, әсіресе бұл процесс Жетісуда жүреді. Одан әрі дамуын егіншілік ХІХ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанның Ресейге қосылуының толығымен біткенінде алады. Егіншіліктің дамуына жақсы ықпал еткен Ресейдің ішкі губернияларынан келген қоныстанушылар болды.

Егін суарудың түрлері. Қазақтар дәстүрлі суармалы егін шаруашылығымен айналысқан. Оның ішінен шаруалар суалма /лиманное/ егін шаруашылығының түрін ерекше көрсеткен. Егін салуға табиғи сумен толығатын, қар ерігенде және қолдан жасалған жерлер қолданылды. Солтүстік, Солтүстік-Шығыс, Солтүстік-Батыс Қазақстанға қарағанда суалма егін суару түрімен Сырдария, Іле, Шу, өзендері мен салалары, Алтай, Жоңғар Алатауы, Тянь-Шянь тауларынан ағатын сулар маңын мекендейтін қазақтар айналысады. Олар жиналған су кепкен кезде егін салған. Кей кезде төмен, ой жерді жан-жағынан қоршап, оған арық арқылы су жіберіп қолдан жасаған. Су кеткен кезде егін салу басталып, оны қазақтар қолтабан деп атады. Кей кезде бір көлді алып, оны платина арқылы екіге бөліп, бір жағына егін еккен, ал екінші жағы су қалпында қалдырып қояды. Егін еккен жағынан егінді жинап алған соң, екінші жағындағы суды қайта жіберген.

Келесі егін алқабын суару түрі – ол керіздік. Бұл әдісті Қаратау етегінде, Түркістанның қасында, Бесарық өзенінің жағасында қолданған. Су өздігінен бармайтын жерлерге үлкен үшаяқ /тринога/ сияқты атпа /черпак/ қолданылды. Оның ортасында орналасқан үлкен қалақ сияқты ыдыс, су қоймасынан су алып, арықтың басына құйды. Бұл әдіспен күніне аз ғана жер суарылған және қиын келген. Бірақ бұл әдістің нәтижесінде су бармайтын жерлер игерілді.

Егін суарудың тағы бір түрі – шығыр арқылы суару, шығырлы суаруда мықты үй жануарлары қолданылады: өгіздер, аттар, түйелер және кей кезде есектер. Шығыр – үлкен, шеңбер түрінде келген суды іліп алып жоғары көтеретін шашып, таситын доңғалақ тәрізді құралғы. Үлкен келген доңғалақ суды астауға, ал астаудан арыққа, одан егін алқабына жібереді. Бір шығыр суды керек деңгейіне жеткізе алмаса, оған қосымша тағы бір доңғалақ қойған. Оны «астын-үстін» деп атайды. Тағы да қажет болғанда үшінші шығыр қояды, оны «астан-кестен» деп атайды. Шығыр қымбат тұрды: біреуі – 100 рубль, орташасы – 80 рубль. Сондықтан құрылғы сирек кездеседі. Шығырдың құрылғыларын 5-6 жылдан кейін ауыстырып отырған.

Шығыр тек Оңтүстікте ғана емес Орталық және Батыс Қазақстанның шөлейт аймақтарындағы Сарысу, Тоқырауын, Жем, Елек т.б өзен бойындағы егіншілерде қолданған.

Ауылшаруашылық жұмыстарының еңбек құралдары. Егінші қазақтардың негізгі еңбек құралы – жерағаш болған. Оны Маңғыстауда «шоқайағаш», Орталық Қазақстанда «имекағаш», Жетісуда «тісағаш», Шығыс Қазақстанда «қолтіс» деп атаған. Жерағаштың сабы, негізі ағаштан жасалса, тістері темірден келген.

ХІХ ғасырдың аяғына қарай көпшілік қазақтар егін шаруашылығында ағаш доңғалақты сабандарды қолдана бастайды. Осы ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында соқа, темірсоқа кең қолданысқа түседі.

Жыртылған жер уату үшін қазақтар «мала» қолданған. Ол тақтайша түрінде келген, оған диханшылардың бірі ауырлық үшін мініп, құмды уатқан.

Егінді ору үшін қазақтар орақ пайдаланды, ол тегіс, жұқа және өткір келген. Қоныстанушылармен бірге фабрикалық орыс орақтары келді. Сонымен қатар ең қажетті құрал кетпен болды. Оның көмегімен жер жыртып, арық қазған. Кей аудандарда күректер, айырлар, ашалар қолданылды.

Егістік дақылдары. Егін шаруашылығымен айналысатын қазақтар бидай, тары, арпа, сулы, күріш, жүгері өсірген. Кең таралмаған техникалық мәдениеттің егістік өкілдері мақта Шымкент облысы мен Перовскінің маңында және темекі Алматы маңайында өсірілді. Сонымен қатар егінші қазақтар қауын, қарбыз, асқабақ, пияз, сәбіз өсірді. Орыс және украин қоныстанушылармен араласқан қазақтар картоппен қияр өсірді.

Оңтүстік Қазақстанның кей байлары жүзім өсірумен, бау-бақшалықпен айналысты, сонымен бірге шие, өрік, қараөрік өсірді. Бидайдың «ақбидай және қызылбидай» деген түрлері болса, тарының ақ тары, қызыл тары, сары тары, ақбикеш, шоқай деген түрлері және қарбыздың әңгілік, көкше, басымалды, торлама деген түрлері өсіріледі.


2.3 Аңшылық

Қазақстанда аңшылықпен көне дәуірден бастап айналысқан. Қола дәуіріне дейін аңшылық шаруашылық өмірде ең басты орын алған. Оған әр түрлі үңгірлерде табылған археологиялық және палеозоологиялық зертеулердің нәтижесі дәлел болып отыр. Үңгірлерден табылған суреттерде көптеген жануарлардың, әр түрлі қарулар мен аңшылық түрлері бейнеленген.

Кейінгі ғасырларда аңшылық өзінің басты рөлін жоғалтып, қосалқы шаруашылықтың түріне айнала бастады. Мүйіздер мен жануарлардың сүйектерінен жасалған заттар көптеген тұрақтардан табылды. ҮІІ-ІХ ғасырларға жататын Ертіс бойындағы Бобров тұрағында арыстанды өлтіруші ат үстіндегі суреті бар белбеу табылды.

Аң аулау үшін аңшы иттер, жырқыш құстар, артынан қару қолданыла бастады.

Мылтық шыққанға дейін аңшылардың аң аулауға қолданатын тәсілі қапысын тауып ұстау: көне заманның осындай бір әдісі – аран. Аран – Аңдарды ұстау үшін тау арасынан ені тар қоршау жасап, олардың жан-жағына аң кіргеннен кейін шегініп шыға алмайтындай өткір істік қадалар орнатады. Мұнан кейін аңдар, жануарлар кейін шегіне бере әлгі істікке түйреліп, қозғала алмай тұрып қалады. Осы кезде аңшылар оларды оңай соғып алады. Тасқа қашалып жазылған осындай аңшылықтан қалған таңба-суреттердің көне замандардан бізге жеткені аз емес.

Аңдарды аулаудың тағы бір әдісі - қыс кезінде қамыстың басын қырқып, мұз бетінде сояуын қалдыру. Мұндай әдіске қоян арандағыш келетін сияқты. Қазақтың «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деуі содан. Бұл әдіс қазірге дейін қолданылады.

Тағы бір көне әдіс аңдар жүретін жерлерге тор, ау, қақпан құру. Мәселен, балық аулау үшін оның жүретін жолына ау құрылады. Сонымен қатар балықты сүзіп аулау әдісі де бар. Ол үшін аудың бір шетіне, яғни төменгі жағына тас, темір немесе сол сияқты ауыр нәрселер байланады да, екі жақ қанатын қайықпен ілгері сүйрейді. Аудың қанаттарына қақтыққан балықтар ошарылып барып, оның орта тұсындағы «абақ» дейтін тарлау қуысына кіреді. Оған кіру оңай да, шығу мүлде мүмкін емес. Қазіргі абақтыға тонналаған балық сияды. Аумен ұстаған балықтарды уақытша қамайтын қамыс қоршауды «сүзек» дейді.

Аңшы иттермен аң аулау. Қазақтың аңшылық өнерінде көне заманнан күні бүгінге дейін ең көп қолданылатын әдісі – ит жүгірту. Қазақ ұғымында: «ит жеті ырыстың біреуі». «Итті тепкен ырысты тебеді», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал», яғни тамақтандыр т.б. айтылады. Итті бұлай қадірлеу мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі елде қажет. Өйткені ит – адамның үйде де, түзде де сенімді серігі. Сондықтан «итті иесімен қинасын» деген.

Иттің еркегі – төбет немесе арлан, ұрғашысы – қаншық, бірге туғаны – ұялас, кішкенесін – күшік дейді. Қазақтар асырайтын иттер тұқым жағынан «дүрейгей», «тазы» болып екіге бөлінеді: дүрегейі үй күзетеді, тазысы аңға қосатын жүйріктер. Дүрегейдің еркегін «барақ» дейді. Олардың кейбірі қасқырға қотаннан қой бермейтін, алыса кетсе, жеңетін мықты болады. Сондықтан тарихта «Барақ» есімді хандар да, батырлар болған.

Тазы иттермен аң аулау жақсы нәтиже беретін аңшылықтың бір түрі. Талай ғасырлық селекцияның нәтижесінде тазылар аңдарды күшті анду, жақсы көру мен шатаспау қасиеттері ие болған. Ортаазиялық тазының шығуының екі жолы бар: біріншісі ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда Орталық Азиядан Қазақстанға арабтардың келуінің нәтижесінде араб тазысымен себелесу арқылы және екіншісі жергілікті иттерден шығуы нәтижесінде. Аталмыш ғасырда Я.Полферованың ойынша, ортаазиялық тазылар қырымдық тазылармен араласуының нәтижесінде пайда болған. Тазылардың денелері сидам, арық, жеңіл, жүйрік әрі өжет келеді. Олар қуса жетеді де, қашса құтылады. Тазы иттер көбіне қарусыз қоян, түлкі, қарсақ және т.б. ұсақ аңдарды аулауға қолданылды. Олармен жыл мезгілін талғамай аң аулауға болады. Ертеде тазылар жақсы бағаланған, Бөкей Ордасында нағыз қанды бір тазы ит үшін 50 рубль ақша берсе, А.А.Слудскойдың мәліметтері бойынша Қаратал өңірінде бір тазының құны 47 жылқыға дейін жеткен.

Аңшылар тазыларды кішкентай күшік кезінен иемденуге тырысқан. Өйткені дұрыс үйретіп өсірудің нәтижесінде олар мықты аңшыларға айналған. Тазылар қарсақтардың ініне абайлап келе білген, солайша оларды аңдып отырып ұстаған. Итті үйрету төрт кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде оларды қойылған есімдеріне, мойнындағы қарғыға үйреткен. Алты-жеті айлық кезінде қожайынына бағынуға үйретеді. Оң айлық кезінде жүгіруге, аңдарды ұстауға, үйренген иттермен бірге аулауға жаттықтырады. Ақырғы кезеңде екеу-үшеулеп тәжірибе өтеді, яғни бір топ болып аңдарды аулай бастайды.



Жыртқыш құстармен аңшылық. Аңшылықтың ең таралған және ең ыңғайлы түрі – жыртқыш құстармен аң аулау болды. Орталық Азияда және Қазақстанда аңшылыққа көбінесе бүркіттерді, сұңқарларды /ястреб, сокол/ қолданды. Аңшылыққа әр аңды аулау үшін құстардың арнайы түрлерін алған. Мысалы, қасқырға, түлкіге, қарсақтарға, тау ешкілеріне бүркітпен барса, қаздарға және т.б. құстарға қарақұспен барса, қалған кіші аңдарға сұңқармен барды. Қарақұс, ястреб, сұңқарлармен аңшылық байлардың уақыт алу ермектері болған. Ал кедейлер бүркітті асырап, аң аулап, өздерінің отбасыларын асыраған. Жақсы үйретілген жыртқыш құстар қымбат тұрды: мықты бүркіттер 5-6 түйе, сұңқар – 1-2 түйе, ястреб – оданда арзандау.

Жыртқыш құстарды кішкентай кезінде ұялардан алған немесе аулаған. Ұсталған құстың басына томаға кигізіп, шошынудан сақтаған. Құстарды үйрету 4 кезеңнен тұрды: ұстап, баулу, үйрету және тәжірибелеу. Құстарды үйрету оңай шаруа болған жоқ. Оны арнайы жаттықтыратын құсбегілер болды. Ұсталған құстарды киіз үйлерде ұстаған. Оларды халық екі түрге бөлген: ақпейіл және қыңғы. Ақпейіл құстар жаттығуға тез үйреніп, қолды болып кеткен, ал екінші топтың құстары шыдамды және ұзақ жұмысты қажет етті. Денелеріндегі артық майдан арылту үшін оларды ақ жем мен бөртпемен тамақтандырған. Артынан ұзын және шолақ бауларды пайдалану арқылы үйрете бастаған. Алдымен құсты атын естігенде дыбыс беруге, аңшының шығарған дауысына құлақ салуды және оның қолына келіп қонуға үйретеді. Жаттықтыру кезінде өлген немес қолдан тігілген жануарлар макеті қолданылады.

Қыран құстардың көпшілігі алғаш ұмтылғанда жемін ілмесе, оны қайтып қумайды. Қаршыға деген құс болса, керісінше, қашан ілгенше тепеңдеп қуа береді. Қаршыға да қазақ саятшыларының көп ұстайтын құсы. Кейбіреулер «жігіт сұлу көрінбес қаршыға алмай» деген ақылға сүйеніп, оны сән үшін де ұстайтын болған. Қырғи – тым ұсақ құс. Алатыны да бөдене, торғай сияқты өте кішкентай құстар. Бөдене қалың шөптің арасында бұғып отырады, не жорғалап жүреді. Сондықтан қырғиды көбінесе пішеншілер ұстап, шөбі шабылған жердегі бөденелерге салады. Өйткені күзге қарай бөденелер семіз болады. Оны көбінесе ер балалар ермек етеді.

Бүркіт, әрине, аң атаулының адалына да, арамына да түсе береді. Ал, ұсақ аңдардан қоян, киік, елік сияқты адалдарына, қарсақ, борсық сияқты арамдарға түсе беретіні болады. Мысалы, қаршыға, лашын, ителгі сияқтылар, киік, елік сияқты аңдарға түсу үшін, оларға осы аңдардың мүйіздерінің арасынан жем беріп, үйретеді. Соған үйреніп қалған құстар дала аңдарына да ұмтылып, мүйіздерінің арасына қонады да, жем іздеп шұқылайды. Одан жасқанған аң жүгіре алмай қалады. Сол сәтте аңшы барып қолына түсіреді.

Қарумен аңшылық. Қазақстанда қару аң аулау кең өріс алмады. Өйткені, біріншіден қарудың таралымының аздығынан, екіншіден мұндай қаруларды ұстауға рұқсат берілмегендіктен. Қаруларды ұсталар жасаған және ортаазиялық қолөнершілерден сатып алып отырған.

Қазақстанда кең таралған қара мылтық, мысық құлақ мылтық кең таралды. Бұл мылтықпен ату үшін көп керек болған. Аңшы ат үстінен түсіп, мылтықты иығына мықтап қойып, тұтатып, артынан бірақ көздеген. Атылатын порох Бұхарадан, мырыш Ресейден әкелінген. Аңшының міндетті құралы кісе болған. Оған арнайы дорба тіркелген, онда артық мылтық бөліктері жатқан.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қоныстанушылардың келуімен бірге қосауыз және т.б. мылтықтың түрлері келеді. Мергендер аңға көздегенде жақсылап, екінші қабат атпайтындай етіп атады, өйткені оларға бұл құралдар қымбатқа түскен.

Қарумен аңшылық жалғыз да, топпен де жүрді. Топпен аң аулау кең таралмаған және тек тұяқтыларға барғанда қолданылған. Аңдарды көбінесе аран әдісімен, тығырққа тіреу арқылы ұстаған. Арқарлар мен тау ешкілеріне абайлап барған. Оларды 500-600 қадам жерден атпаса, олар қашып кетіп отырған.

Қарудан басқа қақпанмен, аулармен, ілмектермен аң аулау түрлері болған. Қақпанды ірі аңдарға қойса, ау мен ілмекпен ұсақ аңдарды аулаған. Қақпанмен аулау үшін аңдардың көп жүретін орнының, өмір сүретін мекенін білу керек болды. Әр аңға арнайы жасалған қақпандар болды, оларды ұсталар жасады, немесе көпестерден сатып алып отырды. Қақпандарды суалатын орындарға барар жолда, т.б. жерлерде орнатып, бетін жасыл шөппен немесе т.б. заттармен жауып қойып отырған.

Әр түрлі әдістер арқылы жылына көп мөлшерде аңдар ауланып отырды. Аңдардың терілерін сату арқылы қазақтар қызу садаға түсіп отырды. ХҮІІІ ғасырда қазақтар жыл сайын Орынбор мен Троицкке 30-дан 40 мыңға дейін түлкі терілерін, 40-50 мың қарсақтың терілерін сатуға әкеліп отырған. 1890 жылдан 1900 жылға дейін Жетісуда 21 088 қасқырдың, 49 767 түлкінің, 23 426 борсықтың, 810 аюдың терілерін дайындады. Бұл тек жазба деректер, шынында жазылмайтын басқа сауда жұмыстары жүрді.


2.4 Балық аулау кәсібі

Балық аулау кәсібімен Қазақстанда тек кедей отбасылар айналысты, өйткені қазақтар балықты тағамға қолданған жоқ. Орыс халқының көбеюімен және сауда қатынастарының дамуының нәтижесінде балыққа деген сұраныс өседі. Сондықтан балық аулау кәсібі мал шаруашылығымен, егіншілікпен қатар айналысатын шаруашылық түріне айнала бастады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Орал өзенінде, Каспий теңізінің жағалауында, Көкшетау уезіндегі Шалқар, Имантау, Шучье көлдерінде интенсивті балық аулау жүрді. Балық аулау кәсібі шығыс қазақстандықтардың негізгі шаруашылығына айналды /Зайсан көлі, Қара Ертіс/. Балхаш көлінде және оған құятын өзендерінде, Алакөл көлінде, Арал теңізінде, Сырдария мен Шу өзендерінің төменгі ағысында балық көп мөлшерде ауланды.

Дәстүрлі балық аулайтын құралдар қармақ, шаңышқы, сақ болды. Сақты Шығыс Қазақстанда шемішеу деп атайды, қыс уақытында ілмеге байланған ілгіштерді қолданды. Ең кең таралған сақ болды, оның жасалуына ескі аудың кішкене бөлігі қолданылды, ертеде оның орнына инелік арқылы тоқылатын аттың қылын, жіптен тоқылған аумен ауыстырған.

Сақты жасау үшін дөңгелек ағашқа ау тағып, ұзындығы 1,5-2 метр болатын таяққа байлаған. Әлеуметтанушылардың есебінше Қара Ертісте бір түнде 200 шортан ауланса, Сырдарияда одан көп балық ұсталған. Сондықтан болар Сырдарияны «даладағы ең балықты өзен»,- деп атайды.

Сақпен қыс кезіндеде балық аулауға болды. Ол үшін көлден /көп жағдайда/ арасы 7-8 метр болатын екі тесік жасайды. Олар астау арқылы байланысқан. Майлыққа сақты салып қойса, екінші тесіктен ұсталған балықты шығарған. Бұл тесіктерді жел соқпайтын ық жерлерге салған, немесе қамыс т.б. арқылы қоршап қойған. Балықшы от жағып жылынып, сақты мұз басудан сақтап отырған. Жалпы бұл құрылғы «құра» деп аталған және ол көлдің барлық жерінде болған. Бір құраның екінші құрадан арақашықтығы 10-15 сажендей болды.

Балық аулау құралдарының ішінде ерекшелетін құрал – қаза болды. Қаза жасалуында көп уақыт алды. Қаза «үйшік» деп аталатын негізгі бөліктен, және «ауыз» деп аталатын қосалқы бөліктен тұрды. Аузы арқылы кірген балық қайта шыға алмайды. Оны көбінесе балық көп жүзетін жерлерге қойып, бірер сағаттан кейін ұсталған балығын алып отырған. Қазіргі кезде қаза көп қолданылмайды, тек Орталық, Солтүстік Қазақстанның кей жерлерінде ғана пайдаланылуда.

Солтүстік және Шығыс Қазақстанда көбінесе бентір, ментір қолдынылды. Арал маңында оны «нерете», «қабандан» деп атады. Балықтың көп бөлігі жылыммен немесе аумен ауланды. Кей жерлерде орыс кәсіпкерлері қазақтарға ауды жалға бергені үшін ұсталған балықтың жартысын алып отырған.

Ауланған балықты қыстың күндері қатырып қойса, жаз айларында тұздаған. Артынан түйелер арқылы орыс ауылдары мен қалаларына апарып, бидайға, ұнға, картопқа айырбастаған.

ХІХ ғасырдың аяғында балық аулау кәсібі жедел қарқынмен дамиды. Әсіресе, Сырдария мен Арал маңында бұл іспен айналысатын 3 мың адамның саны 10 мыңға дейін жетеді. Сырдария уезінің статистикалық комитетінің басшысы былай жазған: «Балық қазақтардың басты күн-көріс көзіне айналды.

Балық аулау кәсібінің дамуы темір жолдардың салуына соққы берді. 1906 жылы Қамышты-Баш станциясынан 99 559 пұт балық әкетілсе, 1907 жылы оның салмағы 301 168 пұтқа жетті. 1905 жылы құрылған Арал қаласы - балық ұстау мен жөнелтудің негізгі орталығына айналды.
3 Қолөнер

Біз төмендегі «Қолөнер» бөлімінде негізінен белгілі ғалым, этнограф Х. Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» атты еңбегіне сүйендік.

Қазақ қолөнерінің өсу жолы, өзіне тән даму тарихы бар. Ол тарих сонау көне замандардан басталады. Оған Қазақстан жерінде бұрын-соңды жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталған ежелгі мәдениеттің үлгілері дәлел бола алады. Мұның өзі қазақ өнерінің республика жерінде мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн, қарлұқ және тағы басқа көне түркі тайпаларының мәдениетімен төркіндестігінің айғағы.

Қазақ халқы – кең-байтақ республика жеріндегі ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы. Бұл үрдіске әр кезеңде Қазақстан жеріне жан-жақтан келген көшпелі тайпалар мен халықтардың, сондай-ақ, Оңтүстік-Сібір, Орта Азия мен орыс халқының да мәдениеті әсер етті. Сайып келгенде, жергілікті көне мәдениет сырттан келген мәдениет элементтерінің сан толқынын бойына сіңіріп, үнемі жақсару, жаңғыру үстінде болды. Осындай толассыз дамудың нәтижесінде ХІХ ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері өз дамуында айтарлықтай жоғары деңгейге көтеріледі.

Революцияға дейіңгі қолөнердің дамуына қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, көшпелі өмір, біртіндеп отырықшылыққа көшу процесі, бұрын үстем болып келген тұйық шарушылықтың ыдырай бастауы, көрші елдермен, әсіресе Ресеймен, сауда қатынасының шаруашылық және мәдени байланыстың арта түсуі, тағы да басқа көптеген ішкі-сыртқы факторлардың айтарлықтай ықпал жасады. Ол кездегі қазақ ауылдарының көпшілігінің қаламен байланысы болмады. Сондықтан, олардың өзіне қажетті үй бұйымдарының басым көпшілігін қалалардан сатып аларлықтай мүмкіндігі болмағандықтан, негізінен, халық шеберлерінің қолына қарады. Қазақ қолөнер шеберлері, көбінесе, кедейлер әулетінен шықты. Олардың белгілі бір қолөнер түріне мамандана кәсіп етуі шеберлердің негізгі күн-көріс көзіне айналатын. Соның өзінде қолөнер шеберлерінің өнерлі қолөнер шеберлерінің өнерлі еңбегі, тіпті ғажап туындыларының өзі де жете бағаланбады. Сондықтан, қолөнерді кәсіп етуші шебер жандардың өзі жоқшылық зардабынан қол үзе алмады.

Қазақ қолөнер шеберлерінің күнделікті еңбегінің тым ауырлығының бір себебі – олардың басым көпшілігінде жабдықталған арнайы шеберханалардың болмауы. Әсіресе, ершілер, зергерлер, етікшілер, тағы да басқа ұсақ-түйек бұйымдар жасайтын шеберлер, көбінесе, қысы-жазы өзінің тұрғын үйінде немесе жасатушының мекен-жайында жатып істеді. Мұндай шеберлердің бұйым жасайтын шикізаты да, құрал-саймандары да көш-қонға қолайлы шағын, сыйымды болды. Сондықтан, олар жаздыгүні елмен бірге жайлауға көшіп, өзінің шағын киіз үйінде істей берді. Ал енді, киіз үй сүйегін жасайтын үйшілер мен арба-шана, жерағаш сияқты көлемді құралдар мен бұйымдар істейтін шеберлер, темір ұсталары, тас өндеушілер, көбінесе, қысқы мекенінен кете алмай жатақта қалады. Сондықтан, бұлардың кейбіреулерінде, әсіресе ұсталарда, арнайы қарапайым дүкендер болды. Ал, тастан там салып, құлпытас және басқа бұйымдар қашайтын шеберлер мен үйшілердің, арбашылардың жұмыс орны қыстаудағы қора бұрышында, шошалада немесе арнайы жасалатын лапас астында орналасты. Мұндай шеберлердің жазда жайлауға көшуіне, бір жағынан, көліксіздік, кедейлік мүмкіндік бермесе, екіншіден, олардың негізгі кәсібінің өзі көш-қонға тым қолайсыздық туғызады. Айталық, ауыр тастарды былай қойғанда, киіз үй сүйегі мен арба-шана, тағы да басқа шаруашылық саймандарын жасайтын шикізаттарды, оларды өңдейтін құрал-саймндарды көш-қонның кезінде өзімен бірге ала жүруге мүмкіндік болмады.

Революцияға дейінгі жарық көрген көптеген этнографиялық жазба мұра ішінде тікелей қазақтың қолөнеріне, әсіресе, тек қана ер адамдар айналысатын шеберлік болмысына арналған жұмыстар мүлдем болған жоқ. Әр уақытта, әр түрлі жағдайларға байланысты Қазақстанда болып, жалпы қазақ халықының тұрмысы мен мәдениеті туралы жазған авторлар өз еңбектерінде жергілікті шеберлер жасаған бұйымдар туралы жалпылама мағлұматтар берумен ғана шектеледі. Бұл жазбаларда, әсіресе, ел арасында өте жиі кездесетін киіз басу, тоқымашылық, сырмақ сыру, ою-өрнек сияқты әйелдер өнеріне байланысты жайларды баяндауға көп көңіл бөлінді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уәлиханов, Мұса Шорманов, Мұхамет-Салық Бабажанов, Құдабай Қостанаев сияқты қазақ авторлары халық өмірін этнографиялық тұрғыда қарастырып, бірқыдыру еңбектер жазды. Оларда қазақ қолөнеріне байланысты біраз деректер берілді.

ХІХ ғасырдың соңында Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі қолөнер кәсіптерінің жалпы капиталистік қатынастардың дамуына қажетсіз түрлерін мүлдем жою керектігін уағыздаушылар да /С.А.Давыдова/ болды. Мұндай рекацияшыл пікірді атақты орыс ғалымы К.М.Обручев кезінде орынды сынға алды. Ол жергілікті қолөнер кәсібінің маңызын Ресей капитализмінің пайдасына қарай емес, оның өнімнің, ең алдымен, жергілікті халықтың өз қажетіне сайлығымен байланысты қарастырудың керектігін дәлелдеді.

СССР Ғылым академиясының жиырмасыншы жылдарының соңында Қазақстан жеріне ұйымдастырған экспедицияларының этнографиялық деректер жинаудағы ролі айтарлықтай болды. Бұл ретте біздің зерттеп отырған мәселеге қатысы бар жұмыстар қатарына ең алдымен С.И.Руденконың Ойыл, Сағыз өзендерінің бойын және Қазақстанның солтүстік-батыс өңірін мекендейтін қазақтар тұрмысы және С.М.Дудин мен Е.Шнейдердің қазақ ою-өрнектері туралы жазған еңбектері жатады. Бұл еңбектерде, негізінен, киізден жасалатын үй бұйымдары мен кілем, алаша тоқуда қолданылатын оюлар болмысы сөз болады.

Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын, өткені мен бүгінгісін жүйелі түрде этнографиялық тұрғыда зерттеу Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамында этнографиялық бөлімнің қалыптасуына байланысты жүргізілді. Қазақстанның әр өңірінде мекендейтін қазақ жұртшылығының материалдық мәдениетін, шаруашылық мәселелерін, жалпы мәдениеті мен тұрмысын зерттеу негізіде И.В.Захаров, В.В.Востров, Р.Д.Ходжиева сияқты этнографтардың бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрді. Бұл жұмыстар қазақ қолөнеріне толық арналмағанымен, олардың әрқайсысынан қолөнерге байланысты нақтылы деректер табуға болады. 1950 жылдардың соңында Қазақстанның солтүстік облыстарында мекендейтін қазақ жұртшылығының революцияға дейінгі кәсібін этнографиялық тұрғыда зерттеуге Э.А.Масановтың кандидаттық диссертациясы арналған еді. Бірақ, бұл қолжазба жеке кітап болып шыққан жоқ, тек оның кейбір бөлімдері бойынша бірнеше жеке мақалалар жарық көрді.

Қазақ халқының киіз үйі туралы академик Ә.Х.Марғұланның көлемі шағын еңбегі мен М.С.Мұқановтың альбом-кітабы, сондай-ақ, қазақ өнері мен қолөнері туралы Н.Нұрмұхамедовтың еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектердің жарық қай-қайсысын болмасын кезінде оқушы қауым жақсы қабылдады, олардың әр-қайсысы өнер тарихын зертеуге айтарлықтай үлес қосты.

Қазақ этнографиясындағы зерттелмеген мәселе – қолөнердің аймақтық өзгешеліктері, яғни Қазақстанның әр аймақтарындағы қолөнердің өзіне тән ерекшеліктері. Қазіргі этнографияда қолөнердің элементтерін бүкіл Қазақстанға ортақтандыру етек алған.



Хү-хүіі ғасырлардың этносаяси тарихы.
Хіх ғасырдағы қазақстан. этносаяси тарихы.
Этносаяси тарихы.
Сабын қайнату.
Тұрақты және жылжымалы баспана түрлері.
Күпі көрпе — ішіне түтілген түйе жүнін салып, шүберекпен қаптап, сыр-мақталған жылы жамылғы. ыдыс-аяқ.
Бақташылық жырлары
Сыр бойындағы күйшілік өнер.

Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   22


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет