Кварц ыдыстары.
Алынатын материалдарына және олардың тазалығына байланысты кварц бұйымдарының екі түрін ажыратуға болады:
Беті бұдырлы немесе жадағай мөлдір емес түрі;
Шыны тәрізді мөлдір түрі.
Кварц ыдыстарының ерекшелігі олардың жоғарғы температураға төзімділігі және көптеген химиялық заттарға химиялық инерттілігі. Оларды еш қауіпсіз жалаң жалында қыздыруға, бірден суық суға салып суытуға болады. 1200ºС-ға дейін қыздырғанда пішінін өзгертпейді. Себебі кварц 1600-1700ºС температура аймағында ғана балқиды.
Кварцтан колбалардың барлық түрлерін, пробиркаларды, стақандарды, буландыру үшін қолданылатын тарелкаларды, тигелдерді т.б. дайындауға болады.
Пластикадан және басқа да материалдардан жасалатын ыдыстар.
Полиэтилен, полипропилен, фторопласт және басқа да мөлдір және жартылай мөлдір, химиялық заттардың әсерлеріне төзімді материалдардан жасалатын ыдыстар соңғы кезде кеңінен қолданылуда. Олардан колбалар, пипеткалар, жуғыштар, пробиркалар, цилиндрлер, воронкалар, түтіктер т.б. бұйымдар дайындалады. Сондай-ақ, лабораториялық анализдерге қажетті биологиялық сұйықтардың сынақтарын алу және оларды тасымалдау үшін бір рет қолдануға болатын ыдыстар да дайындалады. Оларды көбінесе үй температурасында пайдалануға болады. Пластмассадан жасалған ыдыстар аз ылғалданады, бірақ кейбір химиялық заттарды өз бойына мықты сіңіреді.
4 -зертханалық жұмыс. Ыдыстарды тазалаудың химиялық әдістері.
Мақсаты: Лабораториялық ыдыстарды тазалаудың әртүрлі әдістерімен таныстырып, тәжірибе жүзінде істеуге үйрету.
Қажетті материалдар: әртүрлі лабораториялық ыдыстар, қажетті химиялық реактивтер, кристаллизаторлар, эксикаторлар және т.б.
Марганец қышқыл калий ертіндісімен жуу. Бұл ертіндінің 4-5 %-ды концентрациясы қолданылады. Ертінді өте күшті тотықтырғыш, әсіресе оны қыздырғанда және аздап күкіртқышқылын қосқанда.
Ертіндіні кір ыдысқа құяды да, оған концентратты күкірт қышқылын қосады (3-5 мл 100 мл ертіндіге). Ертінді 50-600ºС-ға дейін қызады. Егерде ыдыстың қабырғасында қоңыр дақ пайда болса, оны 5 %-ды күкіртті қышқыл натрийдің, темір тотығының, Мордың тұзымен немесе қымыздық қышқылының ертінділерімен сүртіп кетіреді. Артынан ыдысты сумен жуып алады.
Тұз қышқылының қоспасымен және сутегінің тотығымен жуу. Химиялық ыдыстарды жуу үшін өте қолайлы тотықтырғыш Комаровскийдің қоспасы. Оның құрамында бірдей көлемде 6н. тұз қышқылы мен 5-6 %-ды сутегі тотығының ертінділері бар. Ертіндіні аздап қыздырғанда әсері жоғарылайды, шыныға әсері жоқ. Тұз қышқылының орнына сірке қышқылын қолдануға болады. Ертіндімен жуылған ыдысты артынан сумен жуып алады. Ал ертіндіні екінші рет қолдануға болады.
Күкірт қышқылымен және сілті ертінділерімен жуу. Ыдыс суда ерімейтін заттармен ластанғанда егер хром қоспасы болмаса, онда концентратты күкірт қышқылымен немесе концентратты сілті ертіндісімен жууға болады. Ол үшін кір ыдыстың төрттен бір бөлігін сілтінің ертіндісімен толтырып, 5-10 минуттай шайқау керек.
Күкірт қышқылы мен сілтінің концентратты ертінділерімен жұмыс істегенде өте сақтық керек, қышқылды су ағарға құймайды. Оларды күні бұрын дайындалып қойған шыны ыдыстарға құяды және қышқылдар мен сілтілерді бөлек-бөлек ыдыстарға құяды. Жұмыс аяғында жиналған сұйықтарды арнайы шұңқырға төгу керек.
Хром қоспасымен жуу. Лабораторияларда ыдыстарды жуу үшін күшті тотықтырғыш хром қоспасы жиі қолданылады. Хром қоспасын дайындау үшін концентратты күкірт қышқылына 5 % екіхромды қышқыл калийдің кристаллды ұнтағын қосып фарфор тарелкеде ұнтақ толық ерігенше еппен су баннасында қыздырады. Дихромат натрий ертіндісін де қолдануға болады.
Хром қоспасын бірнеше рет қайталап пайдалануға болады. Оның кәдімгі қара-қызғылт түсі қара-жасыл түске айналғанда оны ауыстыру керек. Қоспаны тазаланатын ыдысқа құйып, бірнеше сағатқа қалдырады. Көбінесе түнгі сағаттарда. Кейде ыстық қоспа да пайдаланылады. Артынан қоспаны құйып алып, ыдысты таза сумен және дистілденген сумен бірнеше рет шаяды. Оны жуған судың лакмус қағазына реакциясы бейтарап болғанша қайталайды.
Ластанған ыдыстарды азот тотығының ертіндісі де өте жақсы тазалайды. Оны алу үшін 1,5 мл концентратты азот қышқылын 0,5 мл эталномен араластырады.
Сілтілік калийдің этанол ертіндісі де өте жақсы жуатын сұйық. Оны дайындау үшін 40-50 грамм қатты сілтіні фарфор стақанында 500 мл суға ерітеді. Ертінді суығаннан кейін оған шикізат ретінде 1 литр спирт қосады.
Ферменттермен жұмыс істегеннен кейін лабораториялық ыдыстарды бірдей көлемдегі азот және күкірт қышқылдарының қоспасымен жуған қолайлы. Ыдысты артынан сумен және дистілденген сумен жуып алады.
Пластмассадан жасалған ыдыстарды 2-5 %-ды үшнатрийфосфат ертіндісімен, гидрокарбонат натрийдің әлсіз ертіндісімен немесе хлорлы сутегі қышқылының ертінділерімен жуған дұрыс. Мұндай жағдайда концентратты қышқылдар мен сілтілерді және күшті тотықтарды қолдануға болмайды.
Лабораториялық ыдыстарды қолмен, щеткамен немесе арнайы жуғыш машинамен жуады. Пипеткаларды сифон арқылы жуатын аппарат бар. Олар қол жұмысын жеңілдеткенімен оны толық айырбастай алмайды.
Лабораториялық ыдыстарды кептіру.
Мақсаты: Лабораториялық ыдыстарды кептірудің әртүрлі әдістерімен таныстыру, оның маңызына көңіл аудару.
Қажетті материалдар: әртүрлі лабораториялық ыдыстар, кептіргіш тақталар, эксикаторлар, кептіргіш шкафтар, спирт-эфир және т.б.
Лабораториялық ыдыстарды арнайы таяқшалары бар тақталарда, торларда, қысымдағы ауамен, кептіру шкафтарында 80-100ºС температурада кептіруге болады. Ал жылдам кептіру керек болса спиртпен және эфирмен немесе олардың қоспасымен жуып кептіреді. Лабораториялық өлшегіш ыдыстарды, әсіресе пипеткаларды, бюреткаларды, микродозаторларды кептіру шкафтарында кептірмейді. Сондай-ақ пластмассадан жасалған ыдыстарды 40-50ºС-дан жоғарғы температурада кептіруге болмайды.
Ыдыстарды ағаштан жасалған таяқшаларды пайдаланып кептіру әдісі өте көп тараған әдіс деуге болады. Лабораторияларда раковинаның үстіңгі жағына орналастырылған таяқшасы бар арнайы тақтай ілулі тұрады. Жуылған ыдыстарды сол таяқшаларға іліп, толық кепкенше қалдырады. Ылғалды таяқшаларға шаң, кезкейсоқ ластар жиі жұғатындықтан оларды жиі-жиі сүртіп тазалап отыру қажет. Ыдыстар таяқшалардан ластанбас үшін оларды таяқшаларға кигізер алдында майлық қағазбен орап барып ілуге болады. Ыдыстарды арнайы жасалған торшаларда кептіру өте қолайлы.
Ыдыстарды кептіруге арналған тақталар. Таяшалары бар тақталардың кемшілігі олардағы ыдыстардың таяқшалармен ластану мүмкіншілігі. Сондықтан ыдыстың тазалығы өте қажет аналитикалық лабораторияларда ыдыстарды кептіруге арналған үстелдерді пайдаланған дұрыс. Ол үстінде әртүрлі диаметрлі көп тесіктері бар кәдімгі үстел. Жуылған ыдысты тиісті диаметрдің үстіне төңкеріп орналастырады. Столдың астына ағындысы бар елеген қоюға болады.
Ауамен кептіру. Жуылған ыдысты ауаның ағынымен де кептіруге болады. Егер арнайы ауаның қысымын тудыратын аппарат болмаса, онда кәдімгі ұсталар қолданатын үрлегіш мехті, ауа ағынын тудыратын электр приборларын, резина грушаны қолдануға болады. Қысымдағы ауамен резина түтікше арқылы төңкерілген жуылатын ыдыстың түбінен бастап үрлейді. Түтікшенің 10 см-дей аяқ жағы ыдыстың сыртында қалуы керек.
Спирт-эфирмен кептіру. Ыдыстың сыртын құрғата сүртіп, алдымен ішін этил спиртімен шаяды да, артынан диэтилэфирмен жуады. Эфирдің буын суық ауамен кетіреді.
Эксикаторда кептіру. Жуылған ыдысты ерекше тазалықта ұстау керек болғанда ұсақ шыны ыдыстарды эксикаторда кептіруге болады. Судың буын жақсы сіңіретін силикагелмен толтырылған вакуум-эксикаторларды пайдаланған жақсы. Эксикаторға суды сіңіретін қатты заттарды салады. Күкірт қышқылын салуға болмайды.
Ыстық ауамен кептіру ыдысты жылдам кептіру керек болғанда қолданылады. Кейде ыдысты электр плиткасының үстінде, оттықтың жалынымен кептіреді. Ондай жағдайда сақтық керек. Біркелкі қыздырмаған жағдайда шыны сынып кетуі мүмкін. Ыстық ауамен кептіргенде ыдысты үнемі айналдырып отырады. Өлшегіш ыдыстарды от жалынында қыздыруға болмайды.
Кептіргіш шкафта кептіру де ыдысты жылдам кептіру үшін жақсы. Ыдыстарды олардың ішіндегі су толық ағып болғаннан кейін орналастырады. Кептіру 80-100ºС-да жүргізіледі. Шкафтың тақтасына таза сорғыш қағаз салып қойған дұрыс. Ыдысты төңкеріп қойған жағдайда су буының ұшуы баяулайды, сондықтан ыдысты мүмкіншілігінше жатқызып қою керек. Кептіргіш шкафтан алынған ыдысты бірден қолданбайды, оның сууына уақыт бөледі.
Лабораторияларда жүргізілетін барлық зерттеу жұмыстары әртүрлі конструкциядағы арнайы жұмыс үстелдерінде жүргізіледі. Жұмыс кезінде операторға барлық қолайлы жағдай туғызылуы қажет. Үстел үстінде артық заттар болмауы, олардың үсті, тартпалары таза болуы, жарықтың жеткілікті болуы, барлық реактивтер мен ыдыстардың этикеттері болуы керек. Жұмыс аяқталғаннан кейін үстел таза қалпына келтіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |