Бір тағанды ММ-дер. Әуел баста ММ-дер халық аузынан қарапайым сөз түрінде таралса, келе-келе ұйқастырыла, қиыстырыла өлең сөзбен берілетін болды. Себебі заманның дамып, өзгеруіне байланысты ММ құрылымы да жетіле түседі. Кей жағдайда көпшілік құлағына жағымды да әсерлі естілуі үшін өлең түрінде қалыптасып дамыды. Сондықтан қара сөз ретінде өмірге келіп, бірте-бірте поэтикалық жанр түрінде үздіксіз толыға түсті.
Қара сөз түрінде пайда болған ММ-дер екі халықта да көптеп кездеседі.
Алма ағашынан алысқа құламайды (қазақша)
Пеләктин хәмәс жирақ чүшмәйду (ұйғырша)
Саяқ жүрген таяқ жер (қазақша)
Саяқ жүргән таяқ йер(ұйғырша)
Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, бәрі бір жолдан тұратын ММ-дер. Яғни олардың барлығы қарапайым сөз түрінде қалыптасып қоймай, мағынасы да лексикалық құрамы да бір-бірінің көшірмесі іспетті. Демек, олар абсолютті ұқсастыққа ие.
Туыстас тілдерара балама ММ-дердің әр тіл ерекшелігіне байланысты тұлғалық, құрылымдық айырмашылықтары да аз емес және әр түрлі. Ең көп кездесетін өзгешелік ММ-дердің лексикасына ғана байланысты болып келеді: мақал құрамындағы кейбір сөздер мағыналас басқа сөздермен алмастырылады.
Ат тұяғын тай басар (қазақша)
Ат айиғини тай басар (ұйғырша)
Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк (қазақша)
Бир хотунниң һйилиси қириқ әрниң һйилисидин артуқ (ұйғырша)
Жаман дос көлеңке (қазақша)
Йаман дост сайигә охшаш (ұйғырша)
Бұл жерде салыстырыла берілген ММ-дерде тұяқ — айиғи, есекке жүк тіркесінің орнына әрниң һйилисидин артуқ тіркесі қолданылған. Қалғандарында көлеңке — сайигә сөзімен алмастырылған. Соңғы мақалда қазақша нұсқасында түсіріліп айтылатын «ұқсас» сөзі ұйғыршасында толық берілген. Сөйтіп, қара сөз түрінде қалыптасқан ММ-дердің мәні өзара бірдей болып келеді де, әр тілдік белгілеріне байланысты кейбір айырмашылықты олардың құрамындағы элементтерден ғана көреміз.