«Жүйелі сөз жүйесін табады», «Жүйесіз сөз иесін табады», «Есі кеткен ешкі жияр», «Ешкіменен есін жияр» (қазақша).
«Устиниң йенида қолуңни тарт», «Устазниң йенида тилиңни тарт», «Аптап чиқип ямғур яғқандин қорқ», « Күлүптуруп аччиқлиғандин қорқ» (ұйғырша).
Сонымен бірге, ҚҰММ-дері бойында үндестік, эвфония, аллитерация, ассонанс, эпифора, т.б. құбылыстар ұшырасып отырады. Бұлардың барлығы да ММ-дердің бейнелілігін арттырып, образдылығын, адамға деген әсерін күшейте түседі.
ҚОРЫТЫНДЫ
1. Қандай тарихи дәуiрде болмасын халықтар тiлдерiнiң қоғамдық даму барысындағы атқаратын қызметi өте зор, өйткенi ұлттық мәдени дүниенiң даму деңгейi тiлдiң даму шеңберiмен тығыз байланысты. Ал осы әдеби тiлдiң байлығын, мәдениетiн, оның көркемдiгiн, бейнелiлiгiн артыратын лексикалық категория — бұл ММ-дер.
ММ-дердiң қалыптасуына белгілі бір жағдаяттар негiз болады да, әр халықтың мәдени дәстүрiн, әдет-ғұрпын, мекендеген географиялық ортасын, дiни нанымы мен дүниетанымын, психологиясын көрсетедi. Сондықтан қазақ және ұйғыр халықтарының тарихи, мәдени өмірін салыстыру арқылыолардың қалыптасып, даму жолдарына қысқаша шолу жасалынды. Ұйғыр халқының қалыптасу, даму тарихының бірнеше кезеңдері көрсетіле отырылып, жан-жақты қарастырылды. Әрі әр кезеңде екі тілдегі ММ-дердің қалыптасуы сөз болды.
2. Қазақ-ұйғыр тілдеріндегі ММ-дердің этномәдени сипаты айқындалып, оларға контекстік әрі этнолингвистикалық талдау жасалынды. ҚҰММ-нің мағыналас, тұлғалас түрлері қарастырылып, одан әрі екі тілдегі ММ-дердің мағыналық ұқсастықтары нақты тілдік деректерді талдау арқылы дәйектелінді. Сәйкестiк құбылысының себеп-салдарын, заңдылығын дәлелдейтiн қағида баршылық. Ол — халық даналығының қандай да бір дәуiрде барша халықтар үшiн ортақтастығы.
Осыған байланысты айрықша тоқтала кететін бір мәселе — қазақ және ұйғыр ММ-дерінің ұқсастық деңгейлері. Ұқсастық немесе сәйкестік, барабарлық — әр түрлі. Сәйкестік сөзбе-сөз, толық болуы мүмкін, не болмаса жартылай, толық болуы мүмкін. Сонда ұқсастықты үш деңгейдегі ММ-дердің қазақ және ұйғыр тіліндегі мағынасы да, құрылымы да толық сәйкес келеді. Мұны абсолюттік ұқсастық деп те атайды. Екінші деңгейдегі өзара сәйкестікте, құрылымындағы сыңарларында бір-екі сөз мағыналас екі басқа сөзбен беріледі. Үшінші деңгейдегі ұқсастықпен келген қазақ және ұйғыр ММ-дерінің мағыналары жалпы түрде ғана сәйкес, ал құрылымы әр тілдің өз логикасы бойынша қалыптасып, едәуір ерекшеліктерімен өзгешеленеді.. Демек, мұндай ММ-дердің жалпы мағынасы сақталады да, құрылымындағы өзгерістер молырақ болады.
3. Түркi халықтары, оның iшiнде қазақ және ұйғыр ММ-дерiнiң тақырыптық ұқсастықтары жұмыста академик Ә.Қайдар ізімен «Адам», «Қоғам», «Табиғат» атты микротоптарға бөлініп қарастырылды. Мұндағы тақырыптық топтар әр халықтың өмiр-тiршiлiгiне, дүниетанымы мен рухани болмысына байланысты. Отан, туған жер, ел-жұрт, халық - барша ұлттарға ортақ, мәңгi тақырып. Ол қазақ және ұйғыр ММ-дерiнде де ұқсас бейнеленедi. Бұларда отан мейiрбан анаға, отанның аялы құшағы алтын бесiкке баланады. Сондай-ақ адам болмысына, туған-туысқа, т.б. тақырыптар, олардың қалыптасу уәждері екі тілдегі ММ-дерден мысалдар келтіріле отырылып, зерделенді.
4. Қазақ және ұйғыр ММ-дерiнiң ең көп тараған түрi – бiр тағанды тiркестер. Жай сөйлем ретiнде қалыптасқан мұндай ММ-дер халықтың тiршiлiк тәжірибесiнiң, рухани өмiрiнiң айнасы iспеттi, өйткенi қарапайым жай сөйлемнiң қысқа да нұсқа нақылдық тіркеске айналуы халық даналығының кемелденуiмен, халық тiлiнiң сипаттық дамуы және күрделiнуiмен салыстыруға болады. Мұндай ММ-дер қалыптасқаннан кейiнгi олардың тұлғалық дамуы барысында күрделiлiктiң жаңа деңгейi — ММ-дердiң iшкi ұйқасқа құрылу үрдiсi басталады.
ММ-дердiң осылайша даму бағыты осымен тоқтап қалмайды. Ендiгi жерде қос тағанды ММ-дер қалыптаса бастайды. Бұл деңгейде, бiр тағанды тiркестердегi iшкi ұйқастан басқа, мақал жолдарының аяғында келетiн өлең сөзге тән ұйқас пайда болады.
Құрылымдық үрдiстiң дамуы тағы да жалғаса түсiп, көп тағанды ММ-дер қалыптасады. Әрине, көп тағандылардың дамуы қос тағандыларға байланысты болмауы да мүмкiн, олар айрым ақын, жыраулар, шешендер шығармаларынан ММ-дер қорына ауысқан болуы мүмкiн. Қалай болғанда да, көп тағанды ММ-дер өте сирек кездеседi. Сонымен қоса бұл тарауда қос тағанды ММ-дердің құрамы, яғни олардың бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті бөлшектен тұратындығы арнайы сөз етілді.
5. Кей жағдайда ҚҰММ-дері бірде ықшамдалу, бірде күрделену процесін басынан кешіріп отырады. ММ-дердің мұндай түрде қалыптасуының узуалды және окказионалды қолданысы қазақ және ұйғыр тілінде тілінде көрініс тапқан.
6. ММ-дердiң көркемдiк, поэтикалық заңдылықтарының түрлерi көп. Олар: аллитерация, ассонанс, анафора, эпифора, тағы басқалар.
Қазақ ММ-дерi мен ұйғыр ММ-дерiнiң ерекшелiктерiнiң бiрi осындағы аллитерация және ассонанс құбылыстарының мысалдарында айқын көрiнедi. Бұл дыбыстық қайталау тәсiлi қазақ ММ-дерiнде де көп кездеседi. Ұйғыр ММ-дерiнде дыбыстық қайталау әуездiлiгi онша дамымаған. Қос тағанды, үш тағанды, көп тағанды ҚҰММ-дер бойынан кездесетін поэтикалық заңдылықтар осы тарауда нақты мысалдармен дәлелденді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе – Алматы: Арыс баспасы, 2003 – 305 б.
Аблез Әмәт. Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изаһлиқ луғити – Қәшқәр: Қәшқәр уйғур нәшрияти, 2001 – 430 б.
Қайдар Ә. Халық даналығы – Алматы: Тоғанай, 2004 –558 б.
Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасының дамуының этимологиялық негіздері. Алматы: 1998, -69 б.
Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты – Алматы: 1997, – 272 б.
Қасым Б. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері – Алматы: 2002 – 312 б.
Пермяков Г.Л. О смысловой структуре и соответствии классификации пословичных изречений // Паремиологический сборник – М.: 1978, –
Абдурахман Әбәй. топлам баш муһәррир. Уйғур хәлқ еғиз әдәбияти қамуси –Үрімжі: Шинжаң хәлқ нәшрияти, 2000, 7-том – 400 б.
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған еңбектер:
Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерінің ұқсастық деңгейлері // Тілтаным. 2005, № 4. – 6-11 бб.
Уйғур вә қазақ мақал тәмсиллиридики әрәп вә парис сөзлири // «Уйгуроведение в казахстане: традиция и инновация». Материалы международной конференции. Алматы – 2005. С. 200-204.
Гүлді өсімдіктерге байланысты ұйғыр мақал-мәтелдері // «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Алматы – 2006, – 705-708 бб.
Тілдерара балама мақал-мәтелдердің тұлғалық дамуы туралы // Тілтаным. 2006, № 4. – 130-135 бб.
Қазақ және ұйғыр мақал мәтелдерінің мағыналық өзгешеліктеріне қатысты кейбір пікірлер // Хабаршы. 2006, № 6. – 68-72 бб.
Түркий тиллиқ хәлқләр вә башқа хәлқләр мақал тәмсиллиридики тәпәккур охшашлиқи // Шинжаң тарих мәдәнийити. 2006, № 40. – 72-74 бб.
Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерінің көркемдік табиғаты // ҚазҰУ-дың Хабаршысы. Филология сериясы – Алматы: 2006, № 96. – 56-58 бб.
Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі тұлғасы ұқсас, мағынасы бөлек мақал- мәтелдер // «Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкейтесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалыық конференция материалдары. Семей. 2007. ББ. 63-64.
Қазақ және ұйғыр тіліндегі кейбір мақал мәтелдерінің мифологиялық астары // ҚазҰУ-дың Хабаршысы. Филология сериясы – Алматы: 2007, № 1. – 27-29 бб.
Достарыңызбен бөлісу: |