Периодонт қабынуының бұл түрінде көпшілік жағдайда тісі сырқат адамдар дәрігерге қабынудың уыттану сатысында келеді және қабыну үрдісі көбінесе мышьяк қышқылының және күшті антисептиктер әсерінен (фенол, формалин) дамиды.
Сондықтан, бірінші қабылдауда тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын ашып, өліеттенген сауыт және түбір ұлпасын алып тастайды. Ал күшті антисептиктер әсерінен периодонтта тітіркенуі үрдісі байқалса, ертеректе қалдырылған білікті немесе анжыны алып тастайды. Түбір өзегін мұқият антисептиктер ерітіндісімен (натрий гипохлоридінің 3-5%, сутегінің асқын тотығының 3%, фурациллиннің 1:5000 қатынастағы ертінділері) және ферменттермен (трипсин, химотрипсин, химопсин, лидаза) жуып, кептіреді. Мышьяк қышқылы уытты әсер еткен жағдайда түбір өзегінде 1-2 күнге мышьяктың антидоты болып саналатын дәрілермен (унитиолдың 5% ерітіндісі, иодинолдың 1% ерітіндісі, Люголь ерітіндісі) мақта білік қалдырып, уақытша пломбы қояды. Ал көп түбірлі тістерде калий иодидінің 10% ерітіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізеді. Периодонттың жедел қабынуы жоғары концентрациялы антисептиктер әсерінен дамыған жағдайларда түбір өзегінде қалампыр майымен, эвгенолмен, ауырусыздандырушы, қабынуға қарсы дәрілермен білік қалдырып,уақытша пломбы қояды.
Егер осы жүргізілген емдеу шараларынан кейін де ауыру сезімі күшейе бастаса, уақытша пломбыны алу керектігі жөнінде кеңес беріледі.
Көпшілік жағдайда екінші қабылдауда ауыру сезімі болмағандықтан, түбір өзегін ұсақ аспаптармен және антисептиктермен өңдегеннен кейін қатаятын пломбылық материалмен түбірұшы тесігі деңгейіне дейін пломбылайды.
Ал егерде бірінші қабылдауда жүргізілген емдеу шаралары периодонттағы уыттану үрдісін тежей алмаса, екінші қабылдауда физиотерапиялық әдістерді қолданады.
Бұл кезде натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен гальванизациялау, иодтың 5% спиртті ерітіндісімен (үлкен азу тістерде), калий йодидінің қаныққан ерітіндісімен (алдыңғы топтағы тістер мен кіші азу тістерде) электрофорездеу әдістерін жүргізген тиімді. Осыдан кейін тіс қуысында зарарсыздандырылған мақта анжы қалдырып, уақытша пломбы қояды. Егер тіс ауырмаған болса, 1-2 сөткеден кейін үшінші қабылдауда түбір өзегін пломбылайды және тұрақты пломбы қояды.