Ескертпелер: 1. Даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдерге арналған түзеу ұйымдарында тәрбиешiлердiң саны тәрбиеленушiлердiң әр тобына 2 штат бiрлiгi есебiнен белгiленедi.
2. Жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ жексенбi және мереке күндерi осы ұйымда қалатын балалар бар арнаулы түзеу ұйымдарында қосымша мынадай лауазымдар белгiленедi:
осындай әрбiр 25 балаға, бiрақ әр ұйымға 0,25 бiрлiктен кем болмайтын тәрбиешi лауазымының 0,25 штат бiрлiгi;
ұйымда кемiнде осындай 25 бала болған кезде аспаз лауазымының 0,5 штат бiрлiгi белгiленедi.
3. Жүрiп-тұру мүшелерi мен сөйлеу қабiлетi бұзылған балаларға арналған арнаулы түзеу ұйымдарында 12-15 балаға 1 штат бiрлiгi есебiнен, кемтарлығы күрделi балаларға арналған балалар саны 6-дан аспайтын топтарға бiр штат бiрлiгi есебiнен логопед мұғалiм және дефектолог мұғалiм лауазымдары белгiленедi.
4. Бiр немесе бiрнеше мектепке дейiнгi топтары бар арнаулы түзеу ұйымдарында әрбiр топқа мынадай лауазымдар белгiленедi:
тәрбиешi - 2 штат бiрлiгi;
естiмейтiн, нашар еститiн, кейiн саңырау болған балаларға, зағип және нашар көретiн, ойлау қабiлетi нашар балаларға арналған топтар үшiн дефектолог мұғалiм 1 штат бiрлiгi.
5. Арнаулы түзеу ұйымдарының көру қабiлетi бұзылған, жүрiп-тұру мүшелерi бұзылған мектепке дейiнгi балалар топтарында 2 штат бiрлiгi есебiнен тәрбиешi көмекшiсiнiң штат лауазымы, сөйлеу қабiлетi өте нашар әрбiр 10 балаға және фонетикалық сөйлеу қатары бұзылған әрбiр 12 балаға логопед-мұғалiм лауазымының штат бiрлiгi белгiленедi. Егер мектепке дейiнгi топтардың жатын бөлмелерi қатар орналасса, әрбiр 2 топқа 2,5 штат бiрлiгi есебiнен тәрбиешiнiң көмекшiсi, 0,5 штат бiрлiгi есебiнен кiр жуу машинисi лауазымының штат бiрлiгi белгiленедi.
6. Арнаулы түзеу ұйымдарында екi немесе одан да көп мектепке дейiнгi топтар болған кезде 0,5 бiрлiктен аспаз және көмекшi жұмысшы лауазымдарының штат бiрлiктерi қосымша белгiленедi.
7. Көру қабiлетi бұзылған балаларға, жүрiп-тұру мүшелерi бұзылған балаларға арнаулы 4-тен 9-ға дейiн топтары бар түзеу ұйымдарында көмекшi жұмысшы лауазымының 1 штат бiрлiгi, ал 9 және одан да көп топтар болған кезде 2 штат бiрлiгi қосымша белгiленедi.
8. Жүрiп-тұру мүшелерi бұзылған балаларға арналған арнаулы түзеу ұйымдарында: осы ұйымдарда саны 100-ге дейiн тәрбиеленушiсi болса 0,5 штат бiрлiгi және саны 100-ден асатын тәрбиеленушi болса - 1 штат бiрлiгi ортопедиялық аппараттарды жөндеу жөнiндегi техник лауазымының штат бiрлiгi белгiленедi.
9. Арнаулы түзеу ұйымдарында көру қабiлетi бұзылған балалардың бедерлi қарiптермен жазылған оқулықтары мен әдеби оқулықтарын пайдаланатын саны 4-5 топ болса, кiтапханашы лауазымының 0,5 штат бiрлiгi белгiленедi.
10. Есту қабiлетi бұзылған балаларға арналған арнаулы түзеу ұйымдарында дыбысты күшейту аппаратына қызмет көрсету жөнiндегi техник лауазымы 3-8 сынып болған кезде 1 штат бiрлiгi, осындай 9-16 сынып болса - 1,5 штат бiрлiгi белгiленедi. Сыныптардың санында дыбысты күшейту аппаратурасы орнатылған мектепке дейiнгi топтар да есепке алынады.
11. Есту қабiлетi бұзылған балаларға арналған арнаулы түзеу ұйымдарында есту кабинетiнiң дефектолог мұғалiмi лауазымының 1 штат бiрлiгi белгiленедi.
12. Тәрбиешiнiң көмекшiсi лауазымы әрбiр жатын корпусына 2 штат бiрлiгi есебiнен енгiзiледi, егер жатын корпусына 100-ден аса тәрбиеленушi орналастырылса, жатын корпустың әрбiр қабатына 2 штат бiрлiгi енгiзiледi.
13. Арнаулы түзеу ұйымында жатын корпусынан тыс орналасқан изолятор болған жағдайда, қосымша тәрбиешiнiң көмекшiсi лауазымының 2 штат бiрлiгi қосымша енгiзiледi.
14. Жуылатын бұйымдардың бiр бөлiгi кiр жуатын орындарға тапсырылатын жағдайда 15-ке дейiн топ саны бар арнаулы түзеу ұйымдарында кiр жуу машиналары операторы лауазымының бiр штат бiрлiгi, ал 15 және одан да аса топтары болса - 2 лауазымдық штат бiрлiгi белгiленедi.
15. Жүрiп-тұру мүшелерi бұзылған балаларға арналған түзеу ұйымдарында әрбiр топқа массаж жасаушы медбике лауазымының 0,5 штат бiрлiгi белгiленедi.
16. 150-ден астам тәрбиеленушiсi бар арнаулы түзеу ұйымдарында психиатр-дәрiгер лауазымының 1 штат бiрлiгi қосымша енгiзiледi.