Оразалиева Г. Асқар тауымыз еді Естелік / Г. Оразалиева // Орталық Қазақстан. 2005. 17 наурыз; 19 наурыз. Осыдан тура жиырма екі жыл бұрын, анықтай айтсақ, 1983 жыл 13-ші желтоқсан таңында:« академик Бөкетов қайтыс болыпты»



Дата12.03.2018
өлшемі447,01 Kb.
#39178
Оразалиева Г.

Асқар тауымыз еді...: Естелік / Г.Оразалиева // Орталық Қазақстан.- 2005.- 17 наурыз; 19 наурыз.
Осыдан тура жиырма екі жыл бұрын, анықтай айтсақ, 1983 жыл 13-ші желтоқсан таңында:«... академик Бөкетов қайтыс болыпты», деген суық хабар сумаңдап жүріп, ең әуелі туыс-жақынға, жора-жолдасқа, сосын ғылым, өнер, мәдениет саласындағы замаңдас, әріптестеріне, яғни, зиялы ортаға жеткен. Мезгілсіз келген суық хабарға әркім-ақ тіксініп, біреулері: "япырай-ә, әлі жас еді ғой!», - деп жатса, оның адамдығы мен ғұлама ғалымдығын білетіндер: «тағы бір бәйтерек құлады-ау!» десе, Бөкетов басыңдағы шырғалаң мен шытырман оқиғадан хабардар жанашыр достары: «ақыры түбіне жетіп тынды», -деп «аһ» ұрып, ызадан бұлыққандар да болған. Сол сәттің жан күйзелісін жасыра алмаған, жанашыр достың бірі академик Нейла Базанова: «Бөкетов өлген жоқ, оны өлтірді!», -деп айтып та салыпты. Оны естіген ағайын-туған: «Е, әдейі, қасақана жасалған әділетсіздіктер хақыңда басқалар да біледі екен ғой...» деп, ауыр қайғыдан қайысып тұрған қабырғасы катайғандай болған.

Міне, біздің бүгін, әдеттегі қалыптасқан дәстүрді бұзыңқырап, Бөкетовтің туған күнінен емес, өлген, жарық дүниемен қоштасқан сәтінен әңгіме бастауымыздың бар сыры осында.

Бала кезімізде үлкеңдердің: «Е, Алла, ақ өліміңді бере көр!» деп, жаратушыға жалбарынып отырғанын талай көргенбіз. Сөйтсек, мұңда үлкен мән бар екен. Жасарыңды жасап, асарыңды асап, бала шағаның алдында, ақтық сөзіңді армансыз айтып, жиған-тергенің болса бөліп беріп, өмірден өту - «ақ өлім» екен. Жаратушы алдында жазықты болсақ та айтайық, мұңдай «ақ өлім» Бөкетовке бұйырмады. Ақсақал атанбай, қарттықты көрмей, ақтық арманын айта алмай, нағыз кемел шақ, ердің жасы - елудің сегізіңде дүниеден өтті. Қанша жерден: «жазымыштан озмыш жоқ, бәрі тағдырдың ісі...» деп, өзімізді өзіміз жұбатқанмен ерте келген ажал артында әділетсіз әрекет, құйтырқы тіршілік болғанын көбіміз білеміз.

Әрине, «Болар іс болды, өлер адам өлді, бұл әңгіме неге керек, аруақты мазалап...» деп, абыздық жасағысы келетіңдер де табылады. Оларға егер Бөкетов жай «сәрсенбай-бей-сенбайлар» болса: «Сіздікі дұрыс!», -деп қоя салуға болар еді. Өйткені мұндай абыздық ағайын мен ағайынның, ауыл-аймақтың татулығын сақтау үшін кейде қажет. Ал, Бөкетов өмірінің шындығын ашу, шынын айтқанда тарихи тұлғалардың, кейбір мемлекет қайраткерлерінің шын «портретін» бұлжытпай жасау, ең әуелі тарихшыларымызға қажет. Әйтпесе, кейінгі кезде кейбір мемлекет қайраткерлерінің тек жақсы жақтары айтыла береді де, ірі кемшілік, қиянаттары жайында жақ ашылмайды. Соның салдарынан олар кемшілігі жоқ - Кемеңгер, пендешілігі жоқ –Пайғамбарға айналып барады...

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдар басында есімі ел аузына ілігіп, қоғамда өзіндік орнын айқыңдаған әрі ғалым, әрі әдебиетші Евней Арыстанұлы Бөкетовті Қазақстан Ғылым академиясы президенті Қаныш Сәтбаев өзіне шақырып: «Сіз Қарағанды Химия-Металлургия институтына директор болып барсаңыз...» деп, ұсыныс айтқаңда, «ойланайын» деп бұлданбай, бірден келісімін берді. Атағы әлемге әйгілі ғұлама ғалымның өзіне сенім білдіріп, жаңадан ғана ашылып, ұйымдасып жатқан ғылыми-зерттеу институтына жолдама беріп, жол сілтеген сол бір сәтін ол мақтаныш сезіммен әркез еске алатын. Сол институтты табан аудармай он екі жыл басқарып, жаңадан лабораториялар ашып, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын өсіріп шығарды. Алматыдан абыроймен келген Бөкетов Қарағандыда беделді басшы, белді ғалым, ғылым докторы, сосың профессор, академик атанды.

Ал, 1972 жылы республикадағы екінші университет Қарағандыдан ашылғанда, оның тұңғыш ректоры Евней Бөкетов болды. Жас университеттің қалыптасып, дамуына бар абыройы-беделін, ақыл-парасатын аямай-ақ жұмсады. Сол кездегі замаңдастары: «Ебекең Москва, Ленинградқа бір жиынға барса болды бір орыс, бір еврейді ерте қеледі...» -дейтін қалжыңыңда қыжыл да, мысқыл да бар болатын. Ал, шындығында Бөкетовтің: «...үй беремін, жағдайыңды жасаймын, әке-көке», -деп үлкен қалалардан тәжірибесі, білімі молдоцект, профессорларды шақырғаңдағы мақсаты - білімі жоғары, салауаты биік маман-кадрлар даярлау еді.

Ғалым Бөкетов ғылымға косқан жаңалықтары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі атанды. Ал, әдеби мұрасы - Эмиль Золяның бір топ әңгімелерін, Иван Вазовтың «Бұғауда» романын, Владимир Маяковскийдің «Қандала», Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэіиасын, Шекспирдің«Макбет», «Юлий Цезарь» трагедияларын қазак тіліне аударды және өнер, мәдениет хақыңда сын еңбектер жазды. КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болды. Бұл, ердің жасы - елуден асқан Евней Бөкетовтің алған асулары.

Жетпісінші жылдар соңында Ғылым Академиясы президенттігіне, конкурс жарияланып, жаңа басшы тағайындалмақ болды. Оған түсетін кандидаттар ішінде Бөкетов бар екен деген алып-қашты сөз ғалымдар мен оқымыстылар арасында жүріп жатты. Шындығына келсек, нағыз кемел шағына келген Евней Бөкетовтің қабілеті бір республиканың ғылымын басқаруға әбден жететін. Өз мамаңдығы химия-металлургия саласын айтпағанның өзіңде, әдебиет, өнер хақында жазған сыңдарлы сыңдары, терең талдаулары көп ғалымнан оны оқ бойы оздырып тұратын. Осындай «озықтығы» кейбіреулердің қызғанышын тудырып, түн ұйқысын тертке бөлді. Бөкетовті сайлауға қатыстырмаудың түрлі әрекеттері астыртын жүріп жатты. Ақырыңда президенттікке «аузы қисық болса да бай баласы» сайлаңды. Осыдан кейін-ақ, әлгі «бай баласы» болашақта өзіне «конкурент» тұлғаны көрді. Ашық, әділ бәсекеге шығуға қабілет-қарымы жетпейтін болған соң, үрымтал жерде нұрланып соққы беруге, Құлагерді орға жыққан Батыраштардың әрекетіне кешті. Билік пен бишікті қатар ұстаған «Аға» биікте отырғаңда неден қорықсын...

Алғашқы «шабуыл»: 1979 жылы 19 мамырда «Ленинская смена» газетінде академик Бөкетовті, өмір бойы адал еңбекті мақсұт етіп, табиғат берген талантымен елге танылған жаңды Гогольдің атақты комедиясы -«Ревизордың» бас кейіпкері алаяқ, мақтаншақ, іріген-шіріген қоғамның халін көрсететін Хлестаковка теңеген «Рощин» деген псевдониммен макала басылды. Қазіргідей бірін-бірі балағаттап, ханынан қарасына дейін «қарамай» жағып жатса да шыбын шаққалы көрмейтін, арсыз уақыт емес, ол кезде мұндай мақалалар ете-мете сирек жарияланатын, тіптен жарияланбайтын десе де болады. Соңдықтан да ондай мақаланың әсері алапат, күші сойқан болатын.

Сол алапат оқиғаны, сойқан сұмдықты Евней ағаның қалай «қарсы» алып, қалай көтергенін керген аз ғана куәгердің біз де біріміз. Оған себеп болған мынау - біз Алматыдан 1972 жылы оқу бітіріп, жолдамамен Қарағандыға келіп, еңбекке араласқан тұста ауылдан - Түркістаннан әкем келіп: «Зүбайра шырағым, Гүлсім менің жалғыз қызым, мынау куйеуі Ислам, осы балаларды саған табыстағалы, таныстырғалы келдім...»деген-де шатаспаған екен. Сол күннен бастап апамыз Зүбайраның, Евней ағаның шапағатын көп кердік, тәлім-тәрбие алдық.

Апамыз Зүбайра, Евней ағаның жары - белгілі мемлекет қайраткері, Қазақстан Үкіметін он үш жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың немере қарындасы, тіптен қызы десе де болады. Ауылдағы тұрмыс тұралаған тұста ағасына жаны ашыған Нұртас алты-жетідегі Зүбайраны қолына алды. Ол кезде Нұртастың Ташкентте оку бітіріп, жұмысқа араласып, нан таба бастаған кезі. Содан Зүбайра орыс жеңгесі Валентина Васильевнаның тәрбиесінде болып, Нұртастың ез кіңдігінен тараған Ескендір, Александрмен бірге өсті. Жоғары білімді Алматыда, сосын Москвада алып, химия саласыңда алғаш ғылым кандидаты атанған сол кездегі аз қазақ қыздарының бірі. Евней ағаға адал жар, жанашыр дос бола білді. Екеуінің арасындағы қарым-қатынаста махаббаттан да жоғары аса бір саналы қасиет, аса бір сапалы құрмет бар болатын.

Евней аға бір рет те апамыздың атын тіке «Зүбайра» деген емес, үнемі «Зүке»дейтін.

Евней аға Қарағаңдыдағы «би де болды, би түсетін үй» де болды. Арнайы келгені бар, құдайы қонағы бар әйтеуір, аптасына екі-үш қонақ келеді десем өтірігі жоқ. Оны күтісуге, әрине, апамызға көмекке туған сіңілілері Мәнзура, Гүлжан, келіндері, біздер сапта тұрған солдаттай қашанда әзірміз. Әсіресе, денсаулығы жоқ, үнемі диета ұстайтын Евней ағаның үйдегі дәрігері - Зүбайра апамыз. Дәрісін уақытында ішіп, тамағын дәмді етіп беруден бір жаңылған да, жалыққанда емес. Соңдай түсіністік, сыйластықтың арқасында болар, қанша жыл аралас-құралас та болып бір рет те бір-біріне дауыс көтергенін естіген де, көрген де емеспіз. Не керек, екеуі бір-біріне асыл өмірін арнаған адамдар болды.

Негізі Евней аға мен Зүбайра апаның мінезі бір-біріне ұқсайтын. Жанына жетіп келіп, әңгімеңді бірден ағыта жөнеуге жол бермейтін екеуіңде де ерекше бір сес, айбар болды. Бірі - абыройы асқан академик, екіншісі –академиктің әйелі, министрдің қызы. Мұмкін соның буы, пендеде бола беретін тәкаппарлық шығар. Жоқ, біз оны жаратушы берген мінезге саяр едік. Мінез - Сіз бен Бізді бір-бірімізден ерекшелеп, ажыратып тұратын Құдай «творчествосы» мінез -талқылауға, таң қалуға болғанмен, түбегейлі езгертуге көне бермейді. Оңда Сіз ездігіңізден айрылып, Абай айтқан: «Көп айтса кеңді, жұрт айтса болды, әдеті жаман адамның» болып шыға келесіз.

Міне, міне, Евней ағаның басына төнген бар пәле осы Мінезде! Тағы да Абай айтқан «... көптің бір аты -тобыр», жақсы мен жаманды ажырата алмай жұрттың құрақтай құлап, жапырыла жығылып, тәу еткен кісісіне Құдай берген мінез биігінен қырын қарап, көп тобырға ілескісі келмеді, жалпақ шешей болмады. Бұл өзіне өзі сенетін, ішкі тегеуріні мол, адалдықтыту еткен адамның мінезі, кейпі. Бұл «оларға»ұнамады, әрине.

Дода - дүние ортасынан нақ осы мінез өзгелерден даралай алып қашып, «ғұлама ғалым, сауатты аудармашы, талантты сыншы» деген анықтамалар баспа беттерінде жиі айтылып, қоғамдық ортада Евней Бөкетов тұлғасы сомдала түсті. Атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтан кейін екінші болып аракідік есімі аталып та қалатын. Осындай даралық кейбіреулердің қызғанышын тудырмай қоймады. Ақыры сол қызғаныштан туған құйтырқы қимыл-әрекеттер Евней Бөекетов өміріне «қол сала» бастады...

Иә, Евней ағаның сол сәттегі көңіл-күйі, әрекеті біздің дәл бүгінгідей көз алдымызда...

Басқаны білмеймін, Қарағандының зиялы ортасы бір дүрлігіп, фельетон жарияланған газет қолдан-қолға өтіп, гу-гу әңгіме өршіді. Жақын адамдарымыздың жазықсыз жәбірленіп жатқаны біздің де жанымызға батты. Бейне бір Евней аға мен Зүбайра апамыз қара жамылып қалғаңдай сезіліп, Зүбайра апаға телефон соқтым.

- Апа, біз кешке барайық деп едік, не ала барайық, нан, сүтіңіз бар ма? - дедім, түк білмегеңдей. Ол кісілердің үйінің айналасында тамақ дүкені кем-деу болғандықтан айран-сүт, нан дегенді қала орталығынан таситын. Евней ағаға дәрігерлер: «қантыңыз көп» - дегелі бері «дефицит» - сүзбе мен айранды жан-жақтан қаумалап таситынбыз.

- Нан бар, тек ағаңның сүзбесі біткелі түр, - деді Зүбайра апа.

- Сүзбені ертең алмасақ бүгін кешіктік апа, оны ертемен алармын, - дедім. Апамыздың әрбір сөзінен үйдегі көңіл-күйді білгім келіп, қанша жерден сөз суыртпақтасам да ешқандай қайғы-қасіретті сезе алмадым. Даусы әдеттегідей.

Содан кешке үйге келдік. Евней аға жұмыстан келіп, кабинетінде дем алып жатыр екен. Біраздан кейін түрды.

- Ә, батырлар, келдіңдер ме? - деп бір қойды да, - Иә, Еслам, (Евней аға Исламды осылай атайтын) бәрін шулап жатырсыңдар ма? – деді төтесінен. Фельетон жайлы айтып тұрғанын ұғып тұрмыз.

Шулап жатқан ешкім жоқ, - деді Ислам байсалды үнмен. – Олар өздерінің әлсіздігін көрсетіп, ездерін-ездері әжуалап отырған жоқ па?! Кімнің, не үшін жазғызып отырғанын білетін ел біледі ғой, аға! - деді, сөзін сенімді айтып. Сөздің құдіретін қойсайшы, сол-ақ екен көңіл-күйі төмендеу тұрған Евней аға сәл жадырыңқырап:

- Әй, Еслам, Қанапияны (университеттің доценті, Евней ағамен «сіз-біздері» жарасқан және біздің көрші ағамыз Арынғазин) шақыр, карта ойнайық, -деді...

Ол кісілер бір-екі сағат қарта ойнап, артынан шәй ішіліп, әңгіме-дүкен құрып біраз отырдық. Зүбайра апамыздан бастап бәрімізде де Евней ағаның көңілін аулап, жанына түскен жараны жазғымыз келетін ниет басым. Әшейіңде ол кісінің алдында көсіліп сөйлеуге батылымыз жете бермейтін біздер бүгін сәл еркіндеуміз. Оған Евней ағаның өзі ыңғай беріп отыр. Тіптен Ислам кызды-қыздымен татар ағайындар туралы біраз анекдотты тоғытып-тоғытып жіберді. Оған үлкен денесі селкілдеп, зор дауыспен кеңкілдей күлді. Бір кезде күлкісін зорға тиып: «Батыр, осы сен әртіс болғансың-аудеймін, әңгімені жақсы айтасың» деді. Біз бұл анекдоты Ислам аузынан талай естіп жүрсекте, Евней ағаның көңіл-күйінің көтерілгеніне мәз болып, тура алғаш естіп отырғандай дүркірей күлеміз. Кішкене ерқінсіп алған Ислам татар ағайыңдар туралы тағы бір анекдот айтты. Үйдің іші күлкіге көмілді. Бір кезде Зүбайра апамыз: -Әй. Ислам. сен татарларға көп тиісе берме, ола менің нағашым...» деп, жеңіл әзіл айтқанда барып тиылғандай болдық...

Әрине, бұның бәрі Евней ағамыздың көңілін аулаудың амалы еді.

Ал, шынын айтсақ бұрын алып денесін шалқақ ұстап, ширақ жүретін Евней аға бір күңде еңкіш тартып, жүзі пәс түсіп қалды. «Бөрі арықтығын білдірмей», сырт көзге қанша дүрдигенмен әділетсіздіктің уы жаны мен тәнін қатар буып, ызаның ақ бораны, аязы қарып жатқанды. Евней аға бұл пәленің басы екенін, мұның жалғасы барын сезді, бірақ сезе тұрып не істеу керектігін білмеді. Кешірім сұрайын десе ешкімге жасаған қиянаты жоқ, азды-көпті абыройы болса, оны ешкімге ақша беріп сатып алған жоқ, еңбекпен тапқан беделі. Кінәсізден кінәлі болған шарасыздық шаршатты.

Ақырыңда фельетон соңы жаңадан тәй-тәйлап тұрып келе жатқан университет жұмысын қайта-қайта тексеруге ұласты. Алғашқы кезде: «Тексерсе терсере берсін, ішкенім жоқ, жегенім жоқ, не табар дейсің», -деп өз адалдығына сеніп, өзгелердің арамдығына сенбеген. Ақырында тырнақ астынан кір іздеп, тұймей дейді түйедей етіп, Орталық Комитетке хат түсірген тексерушілер теперішінен соң барып қана мұның артыңда анау-мынау емес, сезі етімді, билігі биікте отырған бір адамның барлығына кез жеткізе бастады. Көп болмаса да ол «биікте» Бөкетовтің де достары болатын. Биліктілердің бишігіне айнала қоймаған, жақсыға жаны ашып жүретін азаматтар арқылы бар жағдайға қанық болды.

Сөйтсе, «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» - Бөкетов Қазақ ССР Ғылым Академиясы президенттігіне конкурсқа түспек екен деген қауесеттен басталған. Ол қалай болған деңіз? Оның анық-қанығын бізден гөрі Бөкетовтің өзі айтқаны дұрыс шығар.

Ол жазушы Медеу Сәрсекеевке былайша баяндайды:

«...Әлқисса, Асқар Қонаев президент болып сайланардан төрт-бес ай бұрын мені Үлкен үйдін ғылым және жоғары мектептер бөлімі шақырдыда, анкеталық листок толтыртты. Ондай қағаздың талайын қотарған кісімін, бір нәрсеге керек болғанын білдім, бірақ сыпайылық сақтап ештеңе сұраған жоқпын. Арада бірер ай өткен соң, жұрт қоя ма, біліп қойыпты, түрлі-түрлі қауесет тарап жүрді. Соныңен бастысы Шаһмардан Есенов президенттіктен түседі екен, онын орнына үш адам кандидат бар, бірі - баяғы мен. Жасырып керегі не, кешігіп қалатын кісідей-ақ, мені құттықтаушылар көбейіп кетті. Тіпті, алыстан телефон шалып, Алматыдағы жүз таныстарды айтамын, апта сайын халімді сұрап, денсаулығымды күтуді ыждаһаттап мазаланушылар да жоқ емес. Түнеу күнгі анкетаның да сыры сонда мәлім болды... Хош, одан арғы әңгімені білесің. Саққұлақтардың қауесеті бос сөз екен: Есеновтің орнына -Асқарды сайладық, сөйтіп, Қонаевтар әулетінен екінші адам президент креслосына отырды...

- Демек, сіз туралы қауесетті дұшпандарыңыз әдейі таратқан. Сізді босқа күйдіру үшін жаныңызды жаралап, тектен-теке бопсалау үшін. Тегінде осындай алыпқашты сөз жаман ғой, Ебеке, адамды нақақтан күйдіру...

- Дұрыс айтасың. Бірақ, мен бір нәрседен қателестім. Оны аңғал басым енді біліп жүрмін. Әй, бірақ солай істер ме едім күні бұрын сезгенде де кім білсін? Адам өз болмысынан асып қайда барар дейсің, көлгір сезге әуелден жоқ едім, жаратылыстан өзгеруің қиын екен...

- Мұныңызды түсінбедім, ағасы?

- Шыда, қазір бәріне де түсінесің, - деді Ебекең кенет бас жағындағы тоқ алғышты тырс еткізіп бөлмені жарықтандырып, сағатына қарады да сөзін жалғады. Бірақ шамды қайтадан өшіріп тастады.

- Жаңа үш адам толтырдық дедім ғой. Бұл шындық. Оның да себебі бар екен, қайдан білейін, демократияны қолдан жасау да осындайдан туады екен ғой. Екінші академик күндердің күнінде рұқсат алып, үлкен Қонаевтың қабылдауына барыпты: «Ардақты, Димеке, Сізге үлкен өтінішпен келдім. Мені бөлім Ғылым Академиясы президенттігіне кандидат етіп ұсынып отыр. Бұларыңызға шексіз рахмет, бірақ менің денсаулығым жарамайды. Осы атқарып жүрген жұмысымды өзіме қанағат көремін... Сондықтан менің кандидатурамды алғызып тастаңыз, сол үшін, міне, жазбаша арыз әкеліп отырмын» дейді ғой.

Дінмүхаммед Ахметұлы: «Жоқ, бұныңыз қалай, жол Сіздікі. Тәжірибе, әрі үлкен жасыңызды ескеріп, сізді әдейі ұсынып отырмыз. Есімдеріңізді Москваға айтып қойдық, тегінде соңғы таңдауды біз емес, Үлкен академияның Президиумы жасасын деген оймен»,-дейді ғой. Қаншалықты шын, иә келгірсіген сөз екенін өзі білсін. Бірақ, әлгі академик сөзінен танбайды. «Онда мен, ғапу етіңіз, арызымның екінші данасын Москваға жолдаймын. Менің ойымша, жол - жас, әмбе менен әлдеқайда талантты Асқардікі. Қазірдің өзінде ол Үлкен Академияға мүше-корреспондент, ертең-ақ толық мүше болады!» деп ілтипат білдіреді...

Медеу бауырым-ау, Құдай маған осы ақылды бермеді ғой. Академияға президент боламын деп ешкімге арыз бергенім жоқ, ендеше «Болмаймын, жолды Асқарға бердім!» деп, өтініш жазып хақым қанша деп, тыныш жата бердім ғой. Маған Қонаев әулеті осымды кешірмеді.

Оның үстіне өздеріне ұпай іздеген жұрт: «Москваға барып ізденіпті, Академиядағы достарын үгіттеп, Асқарды сайлатпауға әрекет жасапты» деп, өсек тасыды. Бәріде өздерін Димекеңе адал, біз сияқты ақкөйлектерді арам кісіғып көрсетіп бақты. Ал, егер мен де әлгі әріптесім сияқты, тиісті жерге барып, кандидатурамды арыз жазғызып алғызып тастасам ше құдай ақы, осы күні менен жақсы кісі болмас деймін. Өйткені, Қонаевтар әулетін керемет қадір тұтатын кісі болып көрінемін ғой, амал не?! Соның ақыры мені Хлестаковке теңеген бықсық фельетонға, Саттар Имашевтің жаным сүйген құмар ісімді жағымсыз етіп мазақ қылған «өткір» сынына жолықтым.

Оның үстіне университеттің жұмысын қайта-қайта тексертіп, тырнақ астынан кір іздеген пәлеге ұшырадым. Сонсоң өткен жылдың басында ыза болып отырдым да обкомға босаймын деп арызды бір-ақ айдадым...».

(Медеу Сарсекеев. «Ұстазым туралы үзік сыр» «Орталық Қазақстан» газеті, 1988 жыл, желтоқсан.)

Дәл сол, арыз берген күні Зүбайра апаның тапсырған керек-жарағын алып келген біз, ас үйде Евней аға мен Зүбайра апаның маңызды бір әңгіме айтып отырған үстіне түстік. Евней ағаның көңіл-күйі соншалықты төмен деп те айта алмаймын. Бірақ бір мазасыздық сезіледі. Тек апамыз: «денсаулығыңды ойла» деді де келген бізге шай қүйды. Аз-кем бәріміз үнсіз отырып қалдық. Орынсыздау келіп қалдық па деп ыңғайсызданып отырғанымызды сезді ме, әлде жанашыр жандар ғой деді ме, Евней аға: «Батырлар, өзгеден естігеннен гөрі өзімнен естіңдер, ректорлықтан босатуларын өтініп, обкомға арыз тастап келіп отырмын. Менің «олармен» теке-тіресіп айтысуға уақытым да, денсаулығым да жоқ. Университеттің құрылысымен айналысамын деп ғалым емес құрылысшы болуға айналдым... қарайып барамын...» - деді, соңғы сөйлеміне салмақты салыңқырап. Астарлап айтқан «Олардың кім екенін бәріміз де біліп отырмыз...

Хош, әрі қарай не болды деңіз? Бөкетовтің езі арыз бергеніне обкомда отырғандар: «Ебеке, мұныңыз қалай?..» деп, «сарт мезірет» жасамады да. Қайта олар түйіні қиындап тұрған мәселені Бөкетовтің өзі осылай, оп-оңай шешіп бере салғанына «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, басқа маңызды мәселелерді шегере тұрып, өте тез арада бюро өткізді. Бюро мүшелері: «денсаулығына байланысты, өз өтінішімен...» деген, астарына сан қатпар сырды жасырып безеріп тұрған сөз тіркесін тіркеді де, не айтқан алғысы жоқ, не берген «қарғысы» жоқ, есімі Одаққа, қала берді шет елге белгілі, беделді академикті жұмыстан - Қарағанды мемлекеттік университеті ректорлығынан бір сәтте, бір күнде, басқа жұмыс ұсынбай-ақ босата қойды. Себебі, оларға Бөкетовтен гөрі жоғарғы жақтың көңілін табу маңыздырақ еді. Бірақ, есі бар елде ғылыми жаңалығы арқылы халық шаруашылығын көтеруге қосқан үлесі ұшан-теңіз академик-ғалымын бұлай күресінге лақтырып, бір күнде жұмыссыз қалдырмайды. Қайта ондай ғұламалардың ұшан-теңіз білімін, ғалымдығын сарқа пайдаланып, ел игілігіне жаратады. Өйткені олар мемлекеттік интеллектуалды байлығы!

Негізі, обкомдағыдар жұмыс ұсынбақ болған. Қарағандыдағы ХМИ-дің сол кездегі директоры, Евней ағаның өзі тәрбиелеп өсірген, ғылымға баулыған шәкірті Әбішевті обкомға шақырып, ақылдасқан кезде: «... ол кісінің денсаулығы жарамайды ғой» деп, орнынан атып тұрып ұстазына ұсынудың орнына солқылдақтық танытқан. «Отызтістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген, үш-ақ адамның арасында болған бұл әңгіме біртіндеп-біртіндеп Евней ағаның құлағына да жетті...

Үйдің қасындағы «Ботсадта» Евней ағаның маңайында қалған аз сырлас достары: Жайық Бектуров, Алексей Иванович Перевертун, жаңаарқалық Ақаң, кейде шәкірттері: Сағын, Малышев... кездесіп, қыдыратыны болатын. Мұның өзі жұмыстан босап, уақыты көбейгендегі тапқан әдеті. Ол достарын таппай қалған күні: «Еслам, кеттік қыдыруға» дейтін. Сондай кездерде әңгімесін көп тыңдаған Исламның да айтары көп...

Сондай бір серуеннен Евней аға өте көңілсіз, қүр сүлдерін сүйретіп әзер келді. Келді де «Зүке, дәрімді берші» деді де, екеуі кабинетте ұзақ әңгімелесті. Ол күні «ботсадта» кіммен кездескенін білмейміз, әйтеуір серуенге келген сырласынан жоғарыдағы обкомда болған әңгімені естіген. Зүбайра апа: «Қонаевтардың қысымынан ол да қорыққан шығар, жас қой...» деп, Евней ағаға басу айтып, шәкірті салған жан жарасын жазбақ болғанмен, болған жайды бізге оңашада баяндай отырып: «...жан-жақтан Евнейді өлтіретін болды...» деп жылап қалды.

Ал, шындығында Евней аға да бұрынғы орны - ХМИ-дің директорлығын ұсынар, оған шәкіртім қарсы болмайды деген сенім де, үміт те болды. Бұл шындықты Евней аға өмірден өтіп, қырқын беріп жатқанда, туыс, дос, шәкірттері алдында Зубайра апа өзегін өртеген өкініштің өксігін баса алмай, ешкімнің аты-жөнін атамаса да, тұспалдап тұрып қатты-қатты айтты. Оны естігендер қатарында бүгін көзі тірі Евней ағаның туған інісі Қамзабай аға, шәкірті, академик Зейнолла Молдахметов бар. Сондықтан Бөкетов басындағы шытырман оқиғаның бірін айтып, бірін жасырып қалуға болмайды. Себебі, бұл оқиғаның жүрегіне салған жарасы, санасына түсірген салмағы Қонаевтардың «қоқаңынан» кем болған жоқ. Көп ұзамай ауырып, емханаға түсті...

Бәріміз де пендеміз. Қателесу, шалыс басу жұмыр басты пендеге тән. Мүмкін ол Бөкетовке орнын беріп, жоқ жерден жау тауып алармын деп, Қонаевтар қаһарынан ыққан болар, кім білсін?! Әлде, «биіктен» бұйрық келіп, тырп ете алмай, шақшадай басы шарадай болып, ол да азапқа түскен шығар-ау!

Бул күнде аруаққа айналған ол жанды да кінәләп, жер жебіріне жетуден аулақпыз. Біз тек болған оқиғаны болған күйінде баяндадық. Ал, үкімін шығарар әркімнің алтын кеудесі, өз сана-түйсігі биігінде болмақ...

Қонаевтар қаһарынан ыққан тек Әбішев пе екен?! Талайлар «қырсығы тиіп кетер» деп, жалт бұрылған жоқ па?! Бұрын күн сайын денсаулығын сұрап, жанашыр болып жүргендердің өзі бірден өзгеріп сала бермеді ме?! Тіптен, өлгеннен кейін де көпке дейін әдеби шығармалары еш жерде жарық көрмеді, жарық көрсетпеді. Оның біріне өзіміз куәміз.

Ол кезде мен Қарағандының «Орталық Қазақстан» газетінде тілшімін. Өлетін адам өліп кетті, енді оған қысастық бола қоймас деп, Евней ағаның «Жақыпбектің әңгімесі» деген шағын шығармасын өзіміздің газетке жарияламақ оймен Зүбайра ападан түпнұсқасын сұрап алдым да, сол кездегі редакторыма ұсындым. Ол кісі оқып көрейін деп алды да, жауап болмаған соң, бір күні қайта редакторға кірдім. «Әңгімесі жаман емес, қазір реті келмей түр, Алматыдағы ақын-жазушылардың да дүниесі редакция папкасында үйіліп жатыр... жоғалып қалмас үшін өзіңде тура тұрсын...» деді, қан да, жан да шықпайтын әдемі сылтау-сыпайлықпен. Мен: «Бұл - жергілікті автор, өзіміздің академик...» дей беріп едім, түсін суытып: «Әзір мүмкіндік жоқ!» деді, «кете беруіңізге болады» дегенді бар қимылымен, сөз ырғағымен ұқтырып. Бұл әңгіменің «әңгімесі» осымен бітті.

Ал, 1988 жылдың орта шенінде Семейлік жазушы, Евней ағаның шәкірті Медеу Сарсекеевтің «Ұстазым туралы үзік сыр» деген естелігі келді. Оқып шықтым. Өте шынайы жазылғаны сондай, Евней ағаның тірі тұлғасы көз алдымызға келді. Евней аға тіріліп келгендей қуанып, естелікті ала редакторға келдім. Естелікті баспайды деген еш ойыма да келген жоқ. Себебі, бұл кезде ептеп болса да Бөкетов есімі әр жерде аталып, жазылып, тіптен Нұрсұлтан Назарбаев баяндамасының ішінде жәбірленген қайраткерлер қатарында аталып, ақталғандай болып тұрған. Бұл жолы - «жариялай алмаймыз!» демеді, бірақ, газетке де шықпады. Көп ұзамай ол редакторымыз қызметтен босап, орнына Алматыдан Нұрмахан Оразбеков келді. Бір-екі күннен кейін Медеу Сарсекеевтің естелігін алып, жаңа редакторға кіріп, жай-жапсарды түсіндірдім. «Оқып шығайын» деп алып қалды да, ертеңіне-ақ, «12 не 13 декабрьдегі номерге» деп қол қойып, теруге жіберді. (Ол түпнүсқа қазір біздің қолымызда). Жан-жағына қарап жалтақтамай, «Ақ үймен» ақылдасайын деп мәймеңкелемей өте тез жариялап жәбергеніне дән риза болғанбыз.

Осыдан кейін-ақ Бөкетов туралы естелік айту, жазудың көші басталып кеткен-ді. Бірақ, әлі де Бөкетов туралы бар шындық айтылды, жазылды деп айта алмаймыз. Бір атақты жазушы айтқан екен: «Ұлылар туралы нағыз шындық ол өлген соң елу жылдан кейін ғана айтылады» деп. Ал, Бөкетовтің қайтыс болғанына жиырмажылдан енді ғана асты. Олай болса болашақ шындық айтушыларға біздің бүгінгі әңгімеміздің септігі тиіп қалар мүмкін.

Біздің бұл күнде еске алып, айтар әңгімеміз өте көп. Он жылдан аса аралас-құралас та болған біздер Евней ағаның отбасында қандай, дос-жолдастары кімдер, ағайын-тумаға қатынасы қалай дегеннің бәрін көріп естік. Сондықтан оны бір мақаланың ішінде айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі әңгіме болашақта айтылар, жазылар үлкен әңгіменің басы ғана.

Талантын таныған күн

1983 жылдың қазанында Зүбайра апамыз 60 жасқа келетін болды. Бірде: «Батырлар, екі айдан кейін апаларың 60-қа келеді. Есеке, екеуміз бір қой табуымыз керек...» деп қойған болатын. Енді сол күн жақындаған сайын Евней ағадан маза кетті. Бұрынғыдай қолы ұзын емес, бар-жоғы қатардағы ғылыми қызметкер болып қалған кезі. Содан Ислам екеуінің күбір-сыбыр етіп, бір жақтан қой әкелмек болып жүргендерін сезіп қалған Зүбайра апа, кабинетте отырған олардың қасына барып:

- Евней, өзіңнің денсаулығың жоқ, саған біреуден сұрап, бір жақтан барып қой әкелу қажет пе? Үйдегі ет бәріне де жетеді - деді.

- Зүке, бұл жай туған күн емес –юбилей ғой... –дей беріп еді, апа үстірмелетіп:

- Евней, сен мені жақсы білесің, маған даңғаза тойдың керегіжоқ, -деді.

Әкесі Нұртас (Оңдасынов отбасынан алған тәрбиеден бе, әлде жаратушы берген болмыстан ба, әйтеуір, апамыз қонаққа жақын-жуықтардың үйіне болмаса, басқа жерге бармайтын. Алғаш Евней ағаның әдемі киініп, бір тойға кетіп бара жатқанын көрген біз: «Неге бірге бармайсыз, апа?» дегенімізге: «Я не люблю таких собраний» деп қысқа қайырған. Ал Евней аға қонаққа барғанды, шақырғанды жақсы көретін. Зүбайра апамыздың: «Қонаққа көп барасың, денсаулығыңды ойламайсың...» деп реніш білдіріп жатқанын талай естігенбіз. Аптасына екі-үш қонақ күтеміз десек, бір өтірігі жоқ. Евней ағаның танысы, жора-жолдастары көп болды. Арғысы Москва, Грузия, Украинадан келсе, өзіміздің ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз бірі - әдейі аттың басын тіреп келіп жатса, бірі - Қарқаралы мен Көкшетауға өтіп бара жатып соғып кететін. Бірақ, аға қызметтен кеткен соң, ол қонақтар да біртіндеп-біртіндеп азая берді...

- Евней, көп қонақ шақырып қажеті қанша, өзіміз - Бөкетовтер мен Оңдасыновтар боламыз..., -деді сөзін нығыздай айтып Зүбайра апа.

Содан туған күн - Зүбайра апаның 60 жылдық мерейтойы қазан айында аз ғана ағайын ортасында, үйде аталып өтілді. Аз дегеніміздің өзі жиырма шақты адам болдық. Кешті басынан аяғына дейін Евней ағаның езі басқарып, жүргізіп отырды. Бұрыннан да бұл үйде бір-ақ тамада бар, ол Евней ағаның өзі. Және ол кісінің тамадалығы да өзгеше, әдеттегідей стол басында отырғандарға жағалай сөз беріп, мыжып тұрып алмайды. Керісінше әр қонаққа мінездеме беріп, жақсы жақтарын айтып, ал енді сол үшін алып қояйықпен бітіреді. Бірақ бұл жолы ол дәстүрді бұзып, Зүбайра апаға жылы лебіздерін өздері білдірсін деді ме, әйтеуір, бәрімізге сөз беріп шықты.

Үзіліс кезінде Ислам фортепьяноға қосылып әдемі, сазды ән айтты, оған бәріміз де қосылдық. Евней аға да қосылайын деп біраз әрекеттеніп еді, тарғыл-тарғыл зор дауысы көптен біресе озып кетті, біресе қалып қоя береді. Бізді күлкі қысып барады. Анда-санда балдыздығымды пайдаланып, қалжыңайтып қоятыным барды, соған салып: «Аға, Сізге Үлкен театрдың сахнасы болмаса, бұл жер тарлық етеді, әуре болмай-ақ қойсаңыз...» дегеніме зор күлкісін қолдан зорға тежеп, «қық-қық» деп, жалғыз өзі біраз күліп барып тоқтады. Сөйтті де: «Сен, Гүлсім, «әжептәуір ән еді, пұшық келіп бүлдірді» дегенді айта алмай отырсың-ау»,- деді қалжыңыма қалжың айтып.

Бұдан кейін әнге қосылған жоқ, бірақ бар жан-дүниесі ән салып тұрғаны ұшқындаған жанарынан байқалады. Зүбайра апамыз да бір бақытты шақты басынан өткеруде. Жайшылықта қабағы сұстылау көрінетін апамыздың жүзі жылы, бақытты сәттің сезіміне тербеліп отыр. Екеуі бір-біріне жымия қарап қояды. Шырғалаңы мен ләззатты шақтары астасып жатқан, өзгешелеу тағдыр сыйлаған, артта қалған сол күндерді екеуі де санамен аралап кеткендей.

- Евней, өлең оқышы, - деді, Зүбайра апа бір кезде өтінішті, назды үнмен. Біз елең ете қалдық. Сөзге шебер, білерінің көп екенін бұрын білгенмен өлең оқитын өнерін естігеніміз болмаса, тыңдаудың сәті түспегенді. Евней аға Зүбайра апаға жымия қарап: «Ия» деп бір қойды да: «Мен өлең оқымағалы неше жыл?! Ұмытып қалдым ғой»,-деді де, аз-кем есіне түсіргендей үндемей, өзімен-өзі отырып қалды. Біз іштей оқыса екен деген тілеуде отырмыз. Бір кезде ақырын жымия отырып, Маяковскийдің «Хорошо» поэмасын бастап кетті. Ұрандап, екпіндетіп емес ақырын ғана әр сөздің мәніне үнін үйлестіре, сезімге бай өтіп оқыды. Үнсіз тыңдадық, тоқтаған кезде қол соғып, тағы да оқуына өтініш жасадық. Сол-ақ екен, Зүбайра апа «заказ» бере бастады. Есениннің «Биші бикеш» өлеңін оқуды өтінді. Евней аға оны да бастап кетті.

Ал, кәнекей, ойна, сырнай дегенде

Бытырадай тисін өкшең еденге.

Арнауы бар орамалың желкілдеп,

Желдей ұйтқы, биші бикеш,жеделде!

...Кемпір-шалға пайда болған қызбалық,

Жиналған жұрт барып қалар жұзге анық.

Сенің жібек шашбауыңа қарайды

Құрбыларың іші күйіп, қызғанып....

Шабыт шалқып, сезім серпіле берді... Бұдан кейін «Қайран Русь, ел ерке» өлеңін орысша оқыды, өзі орысшадан қазақшаға аударған «Анна Снегина» поэмасынан үзінді оқып барып тоқтады. Ара-арасында ұмытқан жерлерін ойғатүсіріп, сәл-пәл кідіріп барып, жалғай берді. Қасық, шанышқының тықыры тоқ-тап, бәріміз де сілтідей тұнып, поэзия сиқырына сіңіп барамыз. Бір сәтке бәріміз де өз ойымызбен оңаша қалып, отырған ортаға әрең-әрең оралдық. Риза болғанда еріксіз шығатын: «Молодец!», «Жарайсыз!» деген марапаттау сөздер көмейге келіп кептеліп, тіл ұшына лықсып барып кілт тоқтады. Айтуға батылымыз жетіңкіремей, алақан соға бердік. Зүбайра апа мен Евней аға жастық шақтарына ойша оралған, жүздеріне әдемі бір алау үйірілген. Көңілдің көк кептері сонау-сонау артта қалған күндер биігіне шығып алып, қанаттарын сабалап тұрғандай... Евней ағаның осынша жырды жадына жаңылыспай сақтаған зерделілігіне қайран қалып біз отырмыз!

Міне, Евней ағаны, Арыстанұлы Бөкетовті өз ортасынан биіктетіп, мерейін үстем еткізген осы - зерде мен жады, рухы. Ол жаратушының Адамына сыйға берген осындай артықшылығын басқапардан айрықша пайдалана, өзініңөзгелерден өзгеше болуына жұмсай, жарата білді. Зердесі мен жадын, рухы мен жігерін бар әрекеттің атасы - еңбекпен тұздықтады. Оны осы қасиеттер көп тобырдан айрықшалады, абыройлы, атақты, беделін биік етті. Ретсіз жерде ренжіп, бас-көз жоқ біреуге байбалам салып, стол тоқпақтайтын мінез мүлдем жат болатын ол кісіге. Қызық, соған қарамастан әлде бір күш, әлде бір сиқыр сені өзінің алдында күбіжіктетіп, бірден көсіліп кетуіңе жібермейтін. Әйтеуір, түсініп болмайтын түсінде айбар, өзіңде сес бартын. Қазір ойлап қарасақ, ол құдірет зерде, жад, рух перзенті - алдына жан салмайтын шешендігінде, (және орысша, қазақша бірдей ағады ғой) білгіштігінде, ізденімпаз ғалымдығында екен ғой!

- Батырлар-ей, енді тоқтаңдар, жарар, өзім де шаршап қалдым. Айтылып жүрмеген соң көбі ұмытылып қалыпты...» деп алды да: - Еслам, жаңағы орындаған әндерің шынымен өзіңдікі ме? - деді, таңырқаған жүзбен. Оған ыңғайсызданған Ислам: «Иә» дегеннен аспады. Ол жауапқа қанағаттанбағанмен:

- Басқа да өлеңдері бар, аға. Радиодан «Аққулар» деген әнін жиі бередіғой... -дедім.

- Сенің мұндай талантыңның бар екенін мен бұрын білмедім ғой. Кез-келген адам оқып, диплом алып, тәжірибе жинақтап юрист-заңгер бола алады. Ал ән шығаруды жаратушы саған жазбаса, маған десең он диплом алсаң да шығара алмайсың. Басқамыздан артық көріп, саған талант берген екен батыр, сен оның қадірін білмепсің. Мен кейде ойлаймын, бар қателіктің басы осында ма деп. Ұлы Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан...» деп айтуын айтып кетті. Бірақ біз оның астарын, мәнін жастарға ашып жеткізудің орнына мектептегі жиналыс-мереке сайын тақпақтап айтып, құрғақ лозунгіге айналдырып жібердік. Табиғат шіркін, әрбір адам бойына бір талантын беруін береді, қиыны оны табуда. Бұл жерде ата-ана да, ұстаздар да бала болашағына қырағы қарауы керек. Бұл ойларымды жылда университетті бітірушілер алдында айтып келемін... - деп, біраз ойларын айтып барып тоқтады. Ислам үшін, өнер үшін шын өкініп тұрғаны сөз саптасынан да, айтылу ырғағынан да сезіліп тұр...

Евней аға үлкенге де, кішіге де ретті жерінде әдемі, ұтымды қалжың айта білетін. Бір күні Евней аға:

- Еслам, осы сендер байиын дедіңдер-ау, қонаққа шақыруды қойдыңдар, - деді, өзі «осыныма не дер екен дегендей» бізге жымия қарап.

- Бұлардың біреуі студент, біреуі енді ғана жұмыс істеп жатыр, осыларға тиіскеніңді қоймайсың сен де, -деп, Зүбайра апамыз біздің сәзімізді сөйлеп, арашаға түсіп жатыр.

- Зүке, сен де түсіне қоймайсың, бұларға қалжың айтпай өлеміз бе?! Ана, Гүлжан мен Манзураға балдыздарым ғой деп қалжың айтсаң қайтарым жоқ, орыс болып кеткендер. Не ущемляй единственное мое право, пожалуйста, -деп кеңкілдей күлді.

Рас, қазақилығымызды ұнататын болуы керек осылар түсінеді-ау деп қалжың айтып, әйтеуір Евней аға бізбен әңгімелескенді, үйге жиі келгенімізді ұнататын. Кейде көптеу хабарласпай қалсақ таң атпай, жеті-сегіздерде телефон шалып: «Батырлар, тірісіңдер ме? Менің творог, айраным бітіп қалды» деп тұратын. Оған біз ренжімейміз, қайта Евнейдей ағамыздың қажетіне жарағанымызға қуана-қуана айраны мен творогін алып жететінбіз. Зүбайра апамыз Евней ағаға облыстық поликлиника берген «Паспорт диабетика» деген талон-картасын бізге беріп қойған. Сол күндердің куәсіндей талон-карта бізде әлі сақтаулы.

Евней ағаның қалжыңында да бір шындық бар шығар деп, біздер кешікпей қонаққа шақырдық.

Қонаққа келетін күні, сағат 12-нің кезінде телефон соғып:

- Батырлар, бізден басқа шақырған адамдарың көп пе? - деді Евней аға.

- Жоқ, Қанапия аға мен Дина тәтеміз ғана болады, - дедім. Дина тәте екеуміз асып-сасып, ас әзірлеп жатқанбыз.

- Ә, онда дұрыс, қазір мен сендерге бір қонақ алып барамын, - деді Евней аға. Дауысында «сюрприз» жасағысы келген адамның елпілі бар. Біз оған онша мән бере қойған жоқпыз, - себебі Евней ағаның үйіне қонақтар, белгілі қазақ азаматтары көп келетін, солардың бірі болар дедікте қойдық. Тура шақырған уақыт-сағат бірде Евней аға:

- «Батырлар, мына ағаларынды танисыңдар ма?» - деп орта бойлы, қасы тікірейген бір кісімен келіп тұр. Шынымды айтсам, мен танымадым, ал Ислам болса:

- Неге танымаймыз, танимыз! Жоғары шығыңыздар! - деп қазақтың қонағына көрсететін ықыласымен бәйек болып жатыр.- Ағамыздың әнін айтамыз да, өзін танымағанымыз ұят шығар, - деді Ислам.

- Бұл - қазақтың мықты азаматы. Бойы кішкентай болғанымен ойы, сезімі биік жігіт, - деп Евней аға кеңкілдеп күліп алды да, бұл Ілия Жақанов деген ағаларың! -деп, менің танымай тұрғанымды түрімнен түсініп, маған қарап айтты. Шынында да Евней ағаның Ілиядай ағамызды ертіп келгеніне қуанып қалдық; Рас, өзіміз күнде айтып жүрген «көптеген әндердің «тірі» авторын көрудің әсері әдемі еді.

Содан әңгіменің бұлағы ағытылды. Көбіне сөйлейтін Ілия ағамыз. Ел-жұртты көп аралайтын, белгілі өнер адамдарын көп білетін Ілия ағамыздың әңгімесі өте қызықты. Тасқындап келген ойды тоқтата алмай: «Сөзіңіз аузыңызда!»деп, сөйлеп тұрғанды тосылтып, сосын білері мен шешендігін, орысшасы мен қазақшасын астастырып, сөзді төгіп-төгіп жібергенде, дүйім елді аузына қарататын Евней ағамыз да бүгінгі тізгінді қонағына бергендей. Ілия ағамыз Егіндібулақ, Қарқаралы жақты аралап, ел-жұртпен қауышып, көңілі көтеріңкі күйде екен, әңгіме желісін үзер емес. Әңгімесін әнмен өріп, оның шығу тарихын баяндап отыр. Бір кезде, Ілия шаршады-ау деген сәтте, Евней аға:

- Ал, осында да бір композитор отыр, енді соның әнін тыңдап көрсек қайтеді, -деді. Ілия ағамыз дастарқан басында отырғандарға сұраулы жүзбен қарайды. Евней аға ары қарай:

- Мына Исламның «Аққулар» деген әдемі бір әні бар, өзі радиодан орындалады дейді, мені әлі ести алмай жүрмін. Ілия, сен соны тындашы, -деді.Сол-ақ екен Ілия аға:

- Қоя тұрыңыз, ол қай «Аққулар», мынау ма? - деп, әннің қайырмасын айта жөнелді.

Аққулар, аңсаған шуақты,

Сезім ғой қанатты, арманым сияқты.

Сыр құмар, жыр құмар, барады

жер бетін әнімен тербетіп, әсем аққулар, аққулар...

Жерден жеті қоян тапқандай Дина тәтеміз екеуміз: «осы, осы!» дейміз жарыса. Ислам отыр жымиып.

- Әй, бала, бұл ән-әннің төресі! Сен өз әніңе ие болмай, біреуді ортақ етіп, не бітіріп жүрсің! - деп, табан астынан Ілия аға Исламға дүрсе қоя беріп. Ислам әңгіме төркінін түсінгендей, ұялып төмен қарайды:

- Ебеке-ау, бұл әннің хикаясы бар. Үнемі радиодан айтылар кезде авторы Ислам Байгисиев пен Байқоңыров деп хабарланады. Бір күні ойланып отырдым да, не болса да осы бір әнде шикілік бар дедім. Әннің ырғағы композитор Байқоңыровтың стиліне келіп тұрған жоқ. Ол кісінің әндері, қолтаңбасын ешкімге шатастыруға болмайды, «полька» жанрында жазатын адам ғой. Рас, ол кісінің де жақсы әндері бар, бірақ мына «Аққулар» әнінде Байқоңыровтың жаны да, әуені де жоқ, келмейді. Байгисиевті әркім-әркімнен сұрастырып едім ешкім біле қоймады. Өнердің маңында жоқ секілді. Дәу де болса осы баланың көңілі қалып, ән жазуды тоқтатқан-ау деп түйдім де Рақпан Байқоңыровты өзіме шақырттым. Қазақ радиосында музыка бөлімін басқарамын. «Рақпан, бұл сіздің әніңіз емес, балаға қиянат жасамаңыз, жап-жақсы композитор шыққалы тұрған жас екен, өзімен сөйлесейін десем таба алмай жүргенім... - деп едім, негізі жаман адам емес қой: «Әннің авторы Ислам Байгисиев, менен көмек сұрап келген соң, «аранжировкасын» жасап едім...» демесі бар ма жарықтықтың. Сол сол-ақ екен, «Аққулардан» ол кісінің фамилиясын алып, Ислам Байгисиевтің әні деп хабарлайтын болдық...

- «Аққулар» менің мектепте, оныншы класты бітірер кезде шығарған әнім, аға. Оны бүкіл мектеп, қала берді Шу өңірі мен Жамбыл облысы түгел біледі. Тіптен кейіннен ән бүкіл республикаға тарап кетті. Сосын, жазда оқуға Алматыға келген кезде Композиторлар одағына бардым, сол кісіге жолығып едім: «әні сенікі, аранжировкасы менікі болады, сосын радиоға өткіземін, соған келісесің бе?» деді. «Әні сенікі» деп тұрған соң келістім. Шынымды айтсам, «аранжировка» дегеніңізді ұғып тұрған да жоқпын, ауылда оқыдық, музыкалық сауатымыз жоқ. Осының бәрін институтта сабақ беретін Майданәлі ағама айтып едім, «Сен осы әннен айырылып қалайын деп жұрсің-ау» деді де, қолымнан жетектеп жазушы Дулат Исабековке алып келді. Әуенін тыңдап болған ол: «мынау бір жақсы ән ғой» деді де, көп ұзамай «Лениншіл жасқа» нотасымен шығарды. Біраз уақыттан соң «Аққулар» радиодан орындала бастады, бірақ менің атыма қосылып Байқоңыровтың да фамилиясы аталып жүрді. Түкке түсінбедім, не істерімді білмедім. Осы тұста оқу бітіріп, жолдамамен Қарағандыға кетіп қалдық... Аға, ауылдың баласымыз ғой... - деді Ислам бар аңқаулығы мен аңғалдығын ауылға аударып. Евней аға:

-Жарайды, ақыры дұрыс болып бітіпті ғой. Одан да сол әнді айтыңдаршы енді, - деді шыдамы таусылып.

Бар дүниеміз - залда тұрған қоңыр фортепьяно. Әнші-күйші жолдастарымыз көп, үйде күнде концерт десе де болады. Сол фортепьяномен «Аққуларды» ойнап, Ислам мен Дина тәтей қосылып әнді салды.

Ән біткен кезде Ілия аға:

- Бұл әнді біз радио комитетте қазақтың «Полонезі» деп атаймыз. Жүректі тербер сезімге толы ән.

Күні бойы әнге әсерленіп отырған Евней аға өткендегі Зүбайра апаның туған күнінде айтқан: «Мұндай талантыңды білгенде мен сені юрист емес композитор жасаушы едім» дегенін тағы қайталап, Ілия ағамызға айтты да: «... консерватория бітірмесе де, жақсы әндер шығарып Шәмші де жүр ғой. Бәлі, Біржан, Ақаңдар... ше?! Тек өзің жалқау болмасаң болдыдағы...» -деп, көңілінде жүрген бір өкінішті жөңілдеткендей болып.

Содан кейін Ілия ағамыз жаңадан шығарған «Толағай» әнін орындады, «Балқантаудың баурайында» айтылды, «Әселім», «Даниярдың әні»шырқалды...

Сол күнгі кештің әсері болар, арада жоқ ардақты Евней ағаны сағынғаннан болар, әйтеуір, аулымыз шалғай Қанапия аға, Дина тәтемізбен анда-санда кездесе қалсақ болды, сол күндерді еске алып, жарыса, жамырай әңгімелейміз...

Әдетте сәрсенбі, жексенбі күндері Гүлжан екеуміз келіп, Зүбайра апаға, үй шаруасына қолғабыс тигіземіз. Әйтпесе, Үкімет өзі салып берген екі қабатты үйдің шаруасын игеріп тастау қиын. Сол әдетімізбен біз сәрсенбі күні сәскеде келіп, енді кешке қайтқалы жатқанымызда Евней аға:

- Еслам, сендер асықпаңдар, одан да сен Қанапияны алып кел, әңгімелесейік, - деді. Содан Зүбайра апа дастарқан жайды, біз ас әзірледік. Ас-шай ішіліп, әңгімелесіп, түнгі сағат 10-нан аса үйге қайттық.



Ал, дүйсенбі күнгі таңғы 8-ден 30 минут еткенде Евней ағаның баласындай болып, сол үйдің тіршілігіне біте-қайнасып жүретін «водитель» -Сайлау Исламның жұмысына келіп, ең суық, ең сұмдық хабар: «Евней аға қайтыс болды!» дегенді жеткізді...Басқаны қайдам, біздің отбасы үшін - арқа сүйер асқар тауымыз, желбіреген туымыз құлағандай болды. Ол кездің қайғысын сөзбен айтып жеткізем деу құр әурешілік. Сөйтсек, өмір соңы - өлім екен ғой...

Шығыс халқында: «Әкеңді тірілткің келсе - естелік айт» деген даналық бар. Біз де Евней аға мен Зүбайра апа туралы естелік айтып, оларды осылай тірілткіміз келді. Әрине, біз білер әңгіме бұл ғана емес, ол - көп. Оны бір мақалаға сыйғызу мүмкін де емес. Сондықтан да ғұлама ғалым, аудармашы, сыншы, өнер танушы, азамат Евней Арыстанұлы Бөкетовтің «портретін салатын», болмысын танытар, толықтырар, адамдығын ашар көп-көп естелік-әңгімені алдағы күндерге аманат етеміз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет